Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:04, 03 Мамыр 2024

Қазақстан халықаралық баспасөз еркіндігі рейтингінде 8 сатыға төмендеген

п
Фото: из открытых источников

«Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымы жыл сайынғы баспасөз бостандығы рейтингін жариялады. Онда Қазақстан баспасөз еркіндігі бойынша 180 елдің ішінде 142 орын алып, былтырғыдан 8 сатыға төмендеген.

Қазақстан аталған көрсеткіште былтыр 134 орында болған. Ал, ұйым биылғы сипаттамасында интернетке бақылау күшейгенін алға тартады.

Интернеттегі жаңалықтардың сапасы жақсарғанымен, репрессия жаңаша бағыт алды. Тәуелсіз БАҚ-тың өз ойын жеткізе алатын жалғыз кеңістігі Интернетке бақылау күшейе түсті, деп жазады.

«Шекарасыз тілшілер» ұйымы елдегі баспасөз индексін: саясат, экономика, құқық, әлеумет және қауіпсіздік бойынша бес санатпен бағалайды. Сонымен, ұйым мәліметінше:

Медианың халі

Ұйым 1997 жылдан бергі репрессиялық реформалардың салдарынан күйреген БАҚ қазіргі таңда қазақстан билігінің үгіт-насихат құралына айналғанын айтады. Елде Vlast.kz, «Уральская неделя», «Respublika.kz» және «ҚазТАГ» баспасөз агенттігін қоса алғанда, санаулы ғана тәуелсіз басылымдар қалды. Бірақ кәсіби журналистер YouTube, Telegram және Instagram-да Protenge, Za Nami Uzhe Vyekhali және Guiperborei (Гиперборея) сияқты үкіметті қолдайтын ақпарат құралдарының әңгімесіне қайшы келетін балама жобаларды бастады.

Саяси көрсеткіш (148 орын)

Билік 2022 жылдың қаңтарындағы үкіметке қарсы бұрын-соңды болмаған наразылықтар сияқты ірі оқиғаларды БАҚ-та жариялауды болдырмау үшін қамауға алу, шабуылдау, телекоммуникацияларды өшіру, интернетті өшіру сияқты қолда бар барлық әдістерді пайдаланады. Ақпаратқа қол жеткізу шектелген, үкіметтік брифингтерде журналистердің сұрақтары цензураға ұшыраған. Үгіт насихатын тарату үшін үкімет жеке БАҚ-қа ақша төлейді. Үкімет мемлекеттік және мемлекет бақылауындағы БАҚ-тың бас редакторларының тағайындалуын бақылайды. Ақпарат министрлігінің өзі БАҚ-ты реттеуші қызметін атқарады.

Заң шығару (148 орын)

Конституция цензураға тыйым салса да, ол әлі де бар. Жала жабу қылмысқа жатпайды, бірақ «көре тұра жалған ақпарат тарату» қылмыс болып есептеледі. Дереккөздердің құпиялылығының құқығы қарапайым сот шешімімен жойылуы мүмкін. БАҚ туралы заңның жүргізіліп жатқан реформасы үкіметтің бұқаралық ақпарат құралдарына бақылауын одан әрі күшейтуі мүмкін. Сыртқы істер министрлігі кез келген БАҚ-ты немесе журналистерді «ұлттық қауіпсіздік» негізінде аккредиттеуден ерікті түрде бас тарта алады.

Экономикалық көрсеткіш (137 орын)

Бұқаралық ақпарат құралдарына мемлекеттік қолдау көрсету олардың үкімет жұмыстарын насихаттауға бағытталады. Мемлекеттік субсидиялардан айырылған тәуелсіз БАҚ толығымен жарнамаға сүйенеді және өздерінің жарнама бағаларын төмендетуге мүмкіндігі бар үкіметті қолдайтын БАҚ-пен бәсекелеседі.

Әлеуметтік-мәдени көрсеткіш (123 орын)

Қоғамда журналистикаға күдікпен қарайды. Керісінше, азаматтар блогерлерге немесе әлеуметтік желілердегі анонимді жазбаларға тез сенеді. Журналистердің қандай да бір мәселені шешуі ұнамсыз болса, олар әдетте жемқорлықпен айыпталады. Журналистердің жұмысына кедергілер көбінесе заңды білмеуден болады. Үкімет пен жеке компаниялардың қауіпсіздік агенттері тілшілерге қарсы күш қолданудан тартынбайды.

Қауіпсіздік (125 орын)

Кейбір БАҚ кибершабуылдарға ұшырайды, ал журналистер өз жұмысына, әсіресе әлеуметтік желілерде жиі қауіп-қатер мен мақсатты шабуылдардың құрбаны болады. Аймақтық деңгейде қауіп-қатер көбінесе мақалаларда келтірілген адамдардан келеді. Үкіметтен тәуелсіз журналистерді қамауға алу қаупі бар. Олардың кейбіреулері электронды тыңшылықтың нысанасы болып табылады, мұны Pegasus жобасы анықтады.

Айта кетейік, баспасөз бостандығы рейтингін жасаушылар көп жыл бойы тізімдегі алғашқы алты орынның бестігінде Солтүстік Европа елдері орналасқанын айтады. Ал, 180 елдің тізімінің соңында Ауғанстан, Сирия және Эритрея тұр. 

АҚШ 55, Қытай 172, Үндістан 159, Германия 10, Ұлыбритания 23 орында.

«Шекарасыз репортерлар» ұйымы 36 елдегі баспасөз бостандығы жағдайын «өте қиын», ал тағы 60 елде «күрделі» деп сипаттайды. Рейтинг авторлары тек әлемнің сегіз еліндегі жағдайды «жақсы» деп бағалаған.

Фото: pixabay