Бір танысым хабарласып, мұңын айтты. «Банктен кредит алғам, жақында жұмыстан шығып қалып, төлей алмай қалдым. Төрт ай болды «қашып» жүрмін. Басында телефон алмайтынмын, кейін нөмірімді ауыстырып тастадым. Кредит алған кезде үш нөмір сұраған, енді сол таныстарыма хабарласып, мазалап жатыр екен. Олар хабарласып, ренішін білдіріп жатыр. Жұмыс та табылмай кетті. Бас қатты», дейді.

Соңғы кезде мұндайды жиі естимін. Сіздер де естіген шығарсыздар. Тіпті өз басымыздан да өткен болуы мүмкін. Мүмкін таныстарымыз тап болған шығар.

Мұндайда не істеу керек? Банктен қашқан дұрыс па? Бұдан зардап шегетін кім?

Кредит алдыңыз, төлеп жүрдіңіз, аяқ асты жұмыссыз қалдыңыз немесе басқа себеп болып, төлей алмай қалдыңыз. Банктен қашпаңыз. Қоңырау соқса телефон алып, мән-жайды түсіндіріңіз. Егер жақын күндері төлей алмайтын болсаңыз, жұмыссыз қалғаныңызды дәлелдейдін құжат [жұмыстан шыққаныңыз туралы бұйрық, жұмыссыз екеніңіз туралы анықтама], денсаулығыңызға байланысты жұмысқа жарамсыз болып, төлей алмайтын болсаңыз, ол туралы анықтаманы қосып, банк бөлімшесіне барып, банк басшысының атына өтініш жазған жөн. Көп жағдайда мұндай арыз, өтінішті банктің бас кеңсесінде немесе облыс орталықтарындағы негізгі филиалдарда қабылдайды. Банк шарт аясында Сізге жеңілдік беру, бермеу туралы қарастырады. Әрине, төлем қабілеті болса да, кредитті қайтарғысы келмейтін адамдар бар, әрі ондайлармен банктер жиі ұшырасады. Сондықтан нақты құжаттар болмаса сізге оң шешім шығаруы қиындау. Бастысы алдамаңыз. Қашпаңыз. Өйткені қайда қашсаңыз да сіздің қарызыңыз ешқайда қашпайды, өздігінен жабылып кетпейді. Ең дұрысы банкпен келісімге келіп, төлем қабілетіңіздің аздығын дәлелдей отырып, төлемді азайтуға, уақытша тоқтатуға мүмкіндік алу. Алайда, мүмкіндігінше жеңілдік, үзіліс алмауға тырысыңыз. Кейде несие қайтару уақыты ұзарғанымен, қосылатын процент көбеюі мүмкін. Мұны банкке барған кезде анықтау керек.

Адам жүйкесі қажыған кезде психолог маманмен кеңесіп, жан-дүниесін жеңілдетіп алады. Қаржылық жағынан қиындық туса мұнда да маманмен кеңескеніңіз дұрыс.

Ең бірінші заңгермен кеңесіп, шарт аясында қандай жеңілдік алуға болады, шартта ол қарастырылған ба, біліп алғаныңыз жөн.

Екінші, банкке барып, шарт аясында сіздегі күрделі жағдайды қалай реттеуге болады, мұны да біліп алыңыз.

Сосын тағы да қаржы маманына жүгініңіз. Ол банктен тыс адам болғаны жөн.

Ең бастысы банктен қашпаңыз. Банк миллиондаған клиентпен жұмыс істейді. Банкте кез-келген ұйымдағыдай жүйке, сезім болмайды. Банкте заң, клиент, шарт, қарыз, табыс болады. Қашу тек өзіңізге зиян. Әрі банкке ауызша жауап берумен шектелмеңіз. Ауызша, телефонмен берген жауабыңыз, айтқан себебіңіз есепке алынбауы да мүмкін. Сондықтан бірден күрделі жағдай туындаса банкке барып, жазбаша арыз қалдырыңыз. Әрі қарызды қайтарып, мәселені шешудің де жолын қарастыра бергеніңіз жөн.

Сіз банкке бармай, «қашып жүрсеңіз» не болады? Банк сіз берген нөмір бойынша таныстарыңызға, туыстарыңызға, үйіңізге егер болса жұмыс берушіңізге қоңырау шалады. Хат жазып,  шарт бойынша міндеттемеңізді орындау керегін ескертеді. Бұл үрдіс жылға дейін созылуы мүмкін. Егер жалақы алатын болсаңыз жалақы картаңыздың 50% бұғат қойып, қарызын мәжбүрлі түрде өндіріп ала бастайды.

Егер ол болмаса банк өзі сотқа шағымданады немесе сіздің қарыңызыңды коллекторлық агенттікке өткізіп береді. Енді сізді сотқа шақырады немесе коллекторлық агенттік іздейді. Қоңырау шалады, хат жазады. Сотта не үшін төлемегеніңізді дәлелдеуіңіз керек. Сол кезде банкке жазған жазбаша өтініштеріңіз есепке алынады. Сіздің қашпағаныңызды, банкке брып, төлем қабілетіңіз уақытша төмендегенін дәлелдегіңіз келгені сізге нәтижелі. Нәтижелі болғанда қарызыңызды кешіре салмайды. Мысалы: мүлкіңізге тиым салмауы мүмкін. Басқа да «жеңілдіктер» болуы мүмкін. Егер қашып жүрген болсаңыз мүлкіңізге тиым салу сияқты жаза тағайындауы мүмкін. Сот көп жағдайда қарызды қайтару туралы шешім шығарады. Енді сіздің ісіңіз сот орындаушысына өтеді. Егер сотқа дейін коллекторлық агенттікке берілсе, онда коллекторлық агенттік басшысының атына арыз жазып, қарызыңызды қайтару бойынша қандай жеңіл жолдары барын анықтап, сұраңыз. Егер коллекторлық агенттік қарызды қайтара алмаса, онда іс тағы да сотқа жолданады. Бәріміз адамбыз. Қарызды адам еріккенен алмайды. Бірақ, ерігіп алатындар да болады. Егер қажеттікпен алып, қиын жағдайға тап болсаңыз, оны қарыз берушімен реттеуге тырысыңыз. Банктен қашпаңыз, банкке барыңыз.

Запись Банктен қашпаңыз впервые появилась Жеті күн.

Дереккөз 7kun.kz ақпараттық агенттігі

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз