Иран мен Ирак шекарасына жақын аймақта жойқын жер сілкінісі болып, кем дегенде 100-ден астам адам қаза тапты, жүздеген адам жараланды деп хабарлайды ирандық ақпарат құралдары. Зілзала дүмпуі Түркиядан Кувейтке дейінгі аумақта сезілген.

Қуаты 7.3 магнитудаға жеткен жер сілкінісі 12 қараша күні түнге қарай болды. Ресми орындар 61 адам қаза тауып, 300 адам жараланғанын растады. Бірақ Иранның мемлекеттік ақпарат құралдары зілзаладан кем дегенде 129 адам қаза тауып, 1 мың адам жараланғанын хабарлап жатыр. Табиғат апатынан біраз елді мекенде электр желілері зақымданған.

АҚШ-тың Геологиялық қызметі жер сілкінісінің ошағы Ирактың солтүстік-шығысындағы Халабджа қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 32 километр қашықтықта, жердің 33,9 километр тереңдігінде тіркелгенін хабарлады.

Тегеран университетінің сейсмологиялық орталығы зілзала жергілікті уақыт бойынша сағат 21:48-де болғанын мәлімдеді.

Иранның ресми IRNA агенттігінің ресми орындарға сілтеме жасап, жоқ дегенде 61 адам қаза тауып, 300 адам жараланғанын, бірақ құрбандар саны бұдан да өсуі мүмкін екенін хабарлады.

Иран ақпарат құралдары құрбандар санына шекараның Ирак жағындағы адам шығынын қосып отырғаны, я қоспағаны әзірге белгісіз. Агенттіктер Иракта, оның ішінде Күрдістан аймағында жер сілкінісінен бірнеше адам қаза тауып, ондаған адам жараланғанын хабарлап жатыр. Бірақ бұған қатысты ресми мәлімет әлі шыға қойған жоқ.

Шенеуніктер зілзаладан Иранның шекараға жақын Касре-Ширин қаласы қатты зардап шеккенін айтады. Құтқарушылардың хабарлауынша, электр желілерінің зақымдануынан құтқару жұмыстары қиындап жатыр.

Аймақ басшылықтары зілзаладан қираған жерлере тікұшақтар мен ізшіл иттер жеткізілгенін, бірақ олар құтқару жұмыстарын 13 қарашаның таңында ғана бастай алатынын айтады.

Иранның батысындағы Керманшах провинциясы губернаторының орынбасары Можтаба Никкердар мемлекеттік телеарнаға 30 елді мекенде адам шығыны болғанын, бірақ нақты қанша адам құрбан болғанын анықтау біраз уақыт алатынын хабарлады.

«Қирандылар астында қалып қойған адамдар бар. Қаза тапқандар мен жараланғандар саны сондайлық көп болмас деп үміттенеміз, бірақ олардың саны артады» деді Никкердар.

Әрқилы ақпараттарға қарағанда, құрбандардың көпшілігі Керманшах провинциясының тұрғындары.

Жартылай ресми ILNA агенттігі жер сілкінісінің залалы 14 провинцияға тигенін хабарлады.

Дереккөз Aзаттық Радиосы

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз