КЕМБРИДЖ – Жақында өткен бір конференцияда сауда саясаты жөніндегі белгілі америкалық сарапшымен қатар отырдым. Біз алдымен президент Дональд Трамп «Америка жұмысшыларына тауқымет келтіріп отыр» деп айыптап, шарттарын өзгертуге тырысып жатқан Солтүстік Америка Еркін сауда келісімін (НАФТА) сөз еттік. «НАФТА мұндай ірі құжат деп ешқашан ойламаппын», — деді экономист әріптесім.

Таңқалдым. Осыдан ширек ғасыр бұрын бұл келісім қабылданғанда оны қатты қолдағандардың бірі осы кісі болатын. Сауда саласының экономистерімен бірге ол бұл келісімді Америка қоғамына түсіндірумен айналысқан. «НАФТА-ны қолдаған себебім – ол болашақ сауда келісімдеріне жол сала ма деп үміттендім», — дейді әріптесім.

Екі апта өткен соң Еуропада бір кешкі асқа шақырылдым. Кеште еуроаймақ елінің бұрынғы қаржы министрі негізгі спикер болды. Қазір саясаттан кеткен экс-министрдің ойынша, Еуропаның саяси элитасы біраз қателік жіберген. «Популистерді орындай алмайтын уәде береді деп айыптаймыз, бірақ біз сол сынды өзімізге қарай бағыттауымыз керек», — деді ол.

Сол кеште мен мемлекеттің егемендікті, демократияны және шектен асқан жаһандануды қатар алып жүре алмайтынын, яғни трилемманың болатынын айттым. Біз осы үшеудің екеуін таңдауымыз керек. Экс-министр ерекше ықыласпен сөзге араласты: «Қалай болғанда да, популистер – шыншыл адамдар. Олар таңдаған жолдары туралы анық айтады «біз тым жаһандануды қаламаймыз, Еуропада ортақ нарық болғанын құптамаймыз, бізге ұлт-мемлекет керек» дейді. Ал біз халыққа осы үш тортты бір мезетте береміз дедік. Халыққа өзіміз орындай алмайтын уәде бердік».

Негізгі толқындағы саясаткерлер мен технократтар шыншылырақ болса, бұл бізді АҚШ-тағы Трамп, Франциядағы Марин Ле Пен сияқты нативист демагогтардың бас көтеруінен құтқарар ма еді, оны болжау қиын. Бір анығы – бұрын шыншыл болмағанның зардабын қазір тартып отырмыз. Соның кесірінен орташыл саяси қозғалыстардан айырылдық. Оның үстіне, өздерін билік елеусіз қалдырды деп санайтын қарапайым халықпен арадағы алшақтықты жақындату элита үшін қиын шаруаға айналды.

Көп елдердің элиталары «жұмысшы табы мен кедей тұрғындар неге Трамп сияқты кісілерге дауыс береді?» деп бас қатырады. Оларға Хиллари Клинтон жариялаған экономикалық бағдарламаның шапағаты көп тиетін еді. Бұл көзге ұрып тұрған парадоксты түсіндіру үшін олар бұл сайлаушылардың білімсіздігін, иррационалдығын және нәсілшілдігін алға тартады.

Дегенмен, рационалдық пен өз қамын ойлау принциптеріне толық сәйкес келетін тағы бір түсіндірме бар. Негізгі толқын саясаткерлер халық алдындағы беделін жоғалтқан соң сайлаушылардың олардың уәделеріне сенбеуі – заңдылық. Сайлаушылар истеблишментке қарсы саясаткерлерге көбірек бүйрек бұрады, себебі олар қазіргі саясатты басқа арнаға бұруға ынталы.

Экономистердің тілімен айтсақ, орташыл саясаткерлер ассиметриялық ақпарат мәселесін бастан кешіп отыр. Олар өздерін «реформистпіз» деп атайды, ал шын мәнінде жаһанданудан көрген табысын халыққа «сатып», олардың мұң-мұқтажына пысқырып та қарамаған мұның алдындағы саясаткерлерден еш айырмашылығы жоқ адамдарға сайлаушылар неліктен сенуі керек?

Клинтонның жағдайында оның Демократиялық партияның глобалистік топтарымен жақындығы және қаржы секторымен тығыз байланыста болуы мәселені одан сайын ушықтырды. Оның сайлау кампаниясы әділ сауда келісімдерін жасасуға уәде берді және Транс-Тынық мұхиттық әріптестік (ТРР) келісімін қолдаудан бас тартты. Бірақ оның ойлағаны шынымен осы ма еді? АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы болған кезінде оның ТРР келісімін керісінше барынша қолдаған еді ғой.

Мұндайды экономистер «жұптасқан теңдік» деп атайды. Дәстүрлі және реформашыл саясаткерлер бір-біріне ұқсас көрінеді, сондықтан электорат та оларға бірдей жауап қайтарады. Олар сайлауда популистер мен демагогтардан жеңіліп қалады, себебі популистердің «жүйені сілкіп аламыз» деген уәделері әлдеқайда сенімді көрінеді. Бұл мәселені ассимметриялық ақпарат деп қарасақ, онда оны шешудің жолы да анықталады. Реформашыл саясаткерлер сайлаушыларға өздерінің «шынайы тұрпатын» көрсетіп «сигнал» жіберсе, онда әлгі жұптасқан теңдік бұзылады.

Бұл жағдайда «сигналдың» ерекше мәні бар. Мұнда олар дәстүрлі саясаткерлер ешқашан бармайтын әдіске барып, шектен тыс әрекет жасайды. Бірақ бұл әрекет реформашыл саясаткерді популистке айналдыратындай болмауы тиіс. Мәселен, Хиллари Клинтон сияқты саясаткер «егер сайлансам, Уолл-стриттен бір тиын да алмаймын, ешқандай сауда келісіміне қол қоймаймын» деп шынайы уәде беруі керек.

Яғни, демагогтардың идеяларын ұрлап алғысы келген орташыл саясаткерлер осындай тар соқпақпен жүруі керек. Мұндай соқпақты салу қаншалық қиын болса, онда бұл саясаткердің проблемасы да соншалық ауқымды деген сөз. Ол үшін мұнда қартаң саясаткерлердің глобалистік, нарықтық фундаменталистік ұстанымдарымен шатылмаған жаңа, жас адамдар керек болады.

Сонымен бірге, олар ұлттық мүдделерді қорғау үшін сайланғалы жатқандарын ашық айтуы керек. Демек, мұндай жағдайда саяси истеблишменттің «қастерлі қағидаларының көбіне» қарсы шығуға тура келеді. Мұның ішінде әсіресе қаржы институттарына берілген еркіндік, үнемдеу саясатына қатысты біржақты ұстаным, үкіметтің экономикадағы рөліне қатысты сыңаржақ пікір, капиталдың әлем бойынша емін-еркін таралуы, халықаралық сауданы «фетиштендіру» қағидалары бар.

Ал дәстүрлі саясатқа үйренген құлаққа бұл риторика тым ерсі әрі шектен шыққандай көрінуі мүмкін. Сайлаушыларды демагог популистерден «қайтарып алу» үшін бұдан да зорын істеуге туралы келеді. Бұл саясаткерлер ұлттық бірегейліктің нативистік емес, инклюзивті түрін ұсынуы керек, дегенмен олардың саясаты либерал-демократиялық нормалардың шеңберінде қалуы тиіс. Қалғанының бәрін бәске тігу қажет болады.

Автор туралы: Дэни Родрик — Гарвард университеті Джон Кеннеди Басқару мектебінің Халықаралық саяси экономика профессоры және «Экономикалық ережелер: күңгірт саясаттың жақсы және жаман жақтары» кітабының авторы.

Copyright: Project Syndicate, 2017. www.project-syndicate.org

Запись Популист демагогтармен қалай күресеміз? впервые появилась Жеті күн.

Дереккөз 7kun.kz ақпараттық агенттігі

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз