Қазақ және қырғыз үкіметтері бүгін Астанада келіссөз өткізіп, оның қорытындысы бойынша екіжақты экономикалық әріптестік мәселелері бойынша жол картасына қол қойды. Бұл туралы Қазақстан үкіметінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада көрші ел делегациясымен келіссөз Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қарашаның 30-ы күні Минскіде Қырғызстанның жаңа президенті Сооронбай Жээнбековпен кездескеннен кейін үкіметке берген тапсырмасы бойынша өткені айтылған.

Ақпаратқа сәйкес, жол картасында шекаралық, көлік, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау, кедендік және салық салалары тәрізді екіжақты әріптестіктің өзекті мәселелерін кешенді түрде шешуді көздейтін 50 шара қамтылады. Құжатқа жедел сипаттағы 16 шара, сонымен бірге 5 қысқа мерзімді және 29 жүйелі шара енгізілген.

«Бұл шаралар қырғыз тауарларының Еуразиялық экономикалық одақ нарығына шығуын қамтамасыз ету мақсатында қырғыз экономикасын ЕАЭО нормалары мен талаптарына ары қарай бейімдеуге бағытталған», — деген Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мәмин.

Ресми ақпаратта жол картасына қол қойылғаннан кейін Қазақстан мен Қырғызстан ЕАЭО-ның сыртқы шекарасында кеден, салық, ветеринарлық, фитосанитарлық және санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды бірлесіп қамтамасыз ету, сонымен бірге Еуразиялық экономикалық комиссия өкілдерінің қатысуымен қазақ-қырғыз шекарасы арқылы экспорттық-импорттық және транзиттік жүк тасымалын қамтамасыз ету бойынша жаңадан белгіленген міндеттерді атқаратыны айтылған.

«Қырғызстан жағы жоғарыда аталған салалар бойынша бақылауды толығымен ЕАЭО талаптарына сай жүзеге асыру жөнінде міндеттеме алды» деп хабарлайды Қазақстан үкіметінің баспасөз қызметі.

Сонымен бірге ресми ақпаратта жол картасына қол қойғаннан кейін тараптар желтоқсанның 3-і сағат 00:00-ден бастап Қазақстанның шекара қызметі Қырғызстанмен шекарадағы барлық бақылау-өткізу бекеттерінде күшейтілген шекаралық бақылауды доғарып, күнделікті шекара күзеті тәртібіне ауысатыны туралы уағдаласқаны айтылған.

Қазақстан Қырғызстанмен шекарадағы бақылауды қазанның 10-ынан бастап күшейтілген режимге көшіргеннен кейін көрші елден Қазақстан аумағына өту қиындап, шекаралық бекеттерде бірнеше шақырымға созылған ұзын-сонар кезек пайда болған.

ВИДЕО: Қазақ-қырғыз шекарасындағы шырғалаң (11 қазан):

​Астана шекарада тексерудің күшейтілгенін контрабандамен күрес шарасы деп түсіндірген. Бішкек Қазақстан жағы шекарада «қолдан кедергі жасап отыр» деп мәлімдеген. Кей сарапшылар Астананың мұндай шараға баруына сол кездегі Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың «Қырғызстанның ішкі ісіне араласып отыр» деп Қазақстан басшылығын сынаған мәлімдемесімен байланыстырған. Атамбаев шекарада қалыптасқан жағдайды «блокада» деп атап, «ерте ме, кеш пе, ол бәрібір реттеледі» деп мәлімдеген болатын.

50 күндік «блокада» (30 қарашадағы видео):

Дереккөз Aзаттық Радиосы

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз