Қарағандыда сейсенбіде «діни алауыздықты қоздыру» бойынша қылмыстық іс сотта қарала бастады. Бұл іс бойынша екі адам — Қарағандының 28 жастағы тұрғыны Михаил Ткачев пен Петропавлдың 66 жастағы тұрғыны Уәли Әлиасқаров сотталып жатыр. Оларға әлдебір «тыйым салынған» әдебиетті оқыды деген айып тағылған. Бірақ туыстары жарты жылдан астам уақыт қамауда отырған олардың заңға қайшы не істегенін дұрыс түсінбейтінін айтады. Екі сотталушының да білімі жоғары. Әлиасқаров бұрын көп жыл прокуратурада қызмет істеген.

Бүгінгі сот отырысына сотталушылардың туыстары мен әріптестері келді. Олар журналистермен сөйлесуге қарсы болмады және БАҚ өкілдерінің сот залына кіргізілгенін қалады.

— Олар кітап оқыған, бірақ енді ол кітаптар «тыйым салынған» деп отыр. Негізінде, айыптың барлығы кітапқа қана сүйеніп тағылып отыр. Бірақ Қазақстанда бұл кітаптарға тыйым салынбаған. Ол кітаптар әлемді тану, жалпы қалай өмір сүретініміз туралы, барлық адады сүю туралы болған. Олар діни емес, ғылыми-танымдық кітаптар. Оған дәлел бар. Ол кітаптар көбіне эзотерика саласына қатысты және медициналық кітап деп атауға да болады. Онда адам қаны, оның түрлі ойлар әсерінен қалай өзгеретіні жайлы жазылған, — деді Михаил Ткачевтің әйелі Вера Ткачева.

Сотталушылардың туыстары өздеріне Ткачев пен Әлиасқаровтың заңға қайшы нақты не істегенін түсіндірмегенін айтады.

Сотталушылардың адвокаты оларды процеске дайындалуы үшін қамаудан үйқамаққа шығаруды сұрады. Прокурор ол өтініштің «жөнсіз» екенін айтады. Екі сотталушының да адвокаттары бұған дейін судья мен прокурорға сенбейтінін айтып, қарсылық білдірген. Прокурор мұны «процесті әдейі созу» әрекеті деп атады.

Дереккөз Aзаттық Радиосы

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз