Астанадағы қоқыс өңдейтін зауыттардың бірі. (Фото kapital.kz сайтынан алынған)

Әлемнің дамыған елдерінде қалдықтарды өңдеу – тұнып тұрған табыс көзі. Әйтсе де, Атырауда бұл сала қарқын алып тұрған жоқ. Былтыр облыста 111 мың тонна қоқыс шығарылып, оның 40 мың тоннаға жуығы қайта өңделіпті. Бұл жөнінде өңірдегі мұнай-газ компаниялары ұйымдастырған «Қалдықтарды басқару» форумында айтылды.

Өңделген қалдықтың бәрі бірдей екінші қайтара қолданылып жатыр деп айту қиын. Облыста одан құрылыс материалдарын, қатты қағаздарды, тіпті әжетхана қағазын жасап шығаратын жеке мекемелер саусақпен санарлық. Бұл – ресторан бизнесі емес, шы,ыны тез арада өтеле қоюы неғайбыл жоба. Оның үстіне әкімшілік кедергілер де кездесіп, бастаған ісін тастап кеткен кәсіпкерлер бар екен. Көзіміз жеткені, Атырауда қалдықтар, негізінен, престеліп, сығылады да, Ресейге немесе елдің басқа өңірлеріне шикізат күйінде жол тартады.

Мәселеге тереңдеген сайын қоқыс-қалдықтың айналасында беті ашылмаған жайдың көп екені көзге түседі. «KazWaste» компаниясының атқарушы директоры Вера Мустафинаның айтуынша, қалдықты өңдеу жөніндегі тендерге өте арзан баға ұсынатын кәсіпкерлер де қатысады. Істің кіріс-шығысын жақсы білетін көзі қарақты адамдар мұндай бағаның абсурд екенін жақсы түсінеді. Бірақ нарықта беделі, қолында ресурсы жоқ сол мекемелер түптеп келгенде тендерден ұтып жатады. Оларды қалдықты кәдеге жаратып көптің игілігіне пайдаланады деп айту қиын, дұрысы, үшінші біреуге тапсырып тынатын болар.

Алпауыт компаниялардың өкілдері форумда өндіріс қалдықтарын жойып немесе әрі қарай өңдейтін орындарға тапсырып отыратындарын айтты. Шетелдік компаниялар қалдықты сұрыптап жинау тәртібін жақсы түсінеді. Өкініштісі, Қазақстанда әзірге мұндай мүмкіндік жоқ. Атырау қаласында былтырдан бері «Эко-Пластик» және «Альтаир-Групп» ЖШС-лары пластик ыдыстарды бөлек жинай бастады. Олар әзірге 95 жерге контейнер қойған, жыл соңына дейін екі жүзге тарта орынды қамтымақ. Пластик бөтелкелер жиналған жәшіктердің тормен қоршалуы тегін емес. Бұрын-соңғы мұндайды көрмеген кейбір тұрғындар ішіндегі ыдыстарды, кейде контейнерімен қоса, алып кететін болғасын осындай шаралар қолданыла бастаған. Болашақта бұған көзіміз де, өзіміз де үйреніп, біртіндеп қағаз, металл, тамақ қалдықтарын бөлек жинайтын күнге де жететін болармыз. Ал құрамында қорғасыны бар люминесцентті электр лампаларын жоятын орын бүтін Қазақстанда жоқ болып шықты. Бірақ бұл жұмыспен «Оператор РОП» компаниясы айналыспақ, ол үшін 40 арнайы контейнерге тапсырыс беріп те қойыпты.

Біз қоқыс-қалдыққа мұрнымызды шүйіріп отырғанда, басқа өңірлерден істің көзін тапқан белсенділері оны Атыраудан жинап, тасып әкетіп жатыр. Мәселен, жақында ғана облыс мектептерінің оқушылары «ЭкоБолашақ» жобасы аясында «Agripp Business Group» компаниясына қағаз қалдықтарын тапсырды. Тонналап жиналған макулатура Астанаға жол тартты. Қалдықты кәдеге жаратып жатқан ұйымға алғыстан басқа не айтасың. Тегін шикізат көзі болсақ – өз кінәмізден.

Мұнайлы астананың тұрмыстық қалдықтарын «Арнайыавтобаза» мекемесі қала сыртына тасиды. Жыл сайын шығарылатын қалдық көлемінің ұлғаюына байланысты жаңа полигонға қажеттілік туып тұр. Жобаға сәйкес, ол алдағы уақытта ережеге сай ел-жұрттың мекенінен алыстау, Махамбет ауданы аумағында салынуы тиіс.

Құралай ҚУАТОВА,
Атырау облысы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз