Қазақстан Тәуелсіздігінің 26 жылдығы мен Қазақстан және Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығына орай Анкарада халықаралық ғылыми конференция өтті. Анкарадағы алқалы жиынға Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркияның 11-ші президенті Абдулла Гүл, Президент Режеп Тайып Ердоғанның бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Ұлы Бірлік партиясының төрағасы Мұстафа Дестиджи, Түркия мәжілісіндегі Қазақстан-Түркия Достық тобының төрағасы, депутат Халык Ипек, Түркия мәжілісінің бұрынғы төрағасы Хикмет Четин, бұрынғы Мәдениет министрі Намык Кемал Зейбек, Түрік кеңесінің бұрынғы бас хатшысы Халил Акынджы қатысты.

Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы жиында сөйлеген құттықтау сөзінде екі елдің өзара ынтымақтастығына тоқталды және «Қазақстан мен Түркияның тығыз қарым-қатынасы тек екіжақты байланыстың күшеюіне ғана емес, бүкіл аймақтың қауіпсіздігіне қызмет етеді», — деп ерекше атап өтті.

Бұл рәсімде Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл:

— Түркі елдерінің ішінде Қазақстанның орны айрықша. Нұрсұлтан Назарбаевтың ең үлкен еңбегі – Ресей мен Қытай сияқты алпауыт елдермен көрші бола тұра, өз шекарасын шегендеуі. Бұл – зор табыс. Сонымен қатар, Тәуелсіз Қазақстанның болашақта жиі алдынан шығар мәселенің бірі – ядролық қаруы еді. Ядролық қару мәселесінде де Қазақстан одан өз еркімен бас тартып, дұрыс шешім қабылдады. Қазақстанда үлкен этникалық топтар бар, соларға құрмет көрсете отырып, өзінің дәстүрін жас буын санасына сіңіре білді, – деді.

Сонымен бірге, «Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды. Қазақстанның әлемдік деңгейдегі үдерістерге бейбітшілік ұстанымымен үлес қосуы өз тыныштығына жол ашты. 2009 жылы Түрік кеңесінің құрылуы да – Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі. Түрік кеңесінің сол басқосуында мен Назарбаевты «Түркі әлемінің ақсақалы» деп атадым» деді.

Мерекелік шараға қатысқан Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның бас кеңесшісі Ялчын Топчу Президент сәлемін жеткізе отырып, екі елдің маңызды рухани байланыстарына тоқталды.

— Түркия Президенті Режеп Тайып Эрдоғанның атынан сіздерді құттықтай отырып, бұл қарым-қатынастар ары қарай дами беретініне сенемін. Біз бір ортақ мақсатта келе жатқан бауырлас, қандас елміз. Түркістанда жатқан Қожа Ахмет Ясауи – ортақ құндылығымыз. Біздің ата-бабамыз – бір, тарихымыз – бір, тіліміз – бір. Қазақстан мен Түркия екі мықты ел ретінде танымал, – деді Ялчын Топчу.

Салтанатты жиында Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы Хикмет Четин, Намык Кемал Зейбек, Халык Ипек, Халил Акынджы, Али Акбаш, Якуп Өмероғлу, Күршат Зорлу тәрізді бірқатар танымал тұлғаларға «Қазақстан дипломатиялық қызметіне 25 жыл» естелік медальдарын тапсырды.

Салтанатты жиында Түркияда жарық көрген, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы дала ұлағаттары», М.Қасымбековтің «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян», Н.Оңжановтың «Бітімгер – Сирия шешімі», сондай-ақ Жансейіт Түймебаевтың «Жаңа көзқарас, жаңа өлшем, жаңа деңгей» кітаптарының тұсауы кесілді.

Роза Рақымқызы,
Анкара.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз