Үкімет қабылдаған «Денсаулық» бағдарламасында (2016-2019 жылдарға арналған) жасөспірімдер мен жастар арасындағы суицид оқиғаларын төмендету міндеті қойылды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін нендей жұмыстар атқарылып жатыр? Әлемдік тәжірибе қандай?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ)  мәліметі бойынша, жыл сайын әлемде 800 000 адам өз-өзіне қол жұмсайды. Бұл дерт, әсіресе, ең әлсіз әлеуметтік топқа жататын 15 пен 29 жас аралығындағы жастарға ауыз салуда. Зерттеулерге қарағанда, суицид статистикасындағы осы өкінішті жайт жасөспірімдер бойындағы психологиялық ауытқулар мен түрлі жағымсыз әдеттермен тікелей байланысты.

Бүгінгі таңда суицид дамыған елдер мен  дамушы елдер үшін де өзекті мәселеге айналды. ДДСҰ болжамдарына қарағанда,  егер өз-өзіне қолсалушылықтың алдын алу шаралары қолданылмаса, онда таяу онжылдықта суицид қоғамдағы ең негізгі проблемаға айналуы әбден мүмкін. Қазақ қоғамы бұған қаншалықты дайын? Біз өзге мемлекеттердің тәжірибелерін қаншалықты зерделеудеміз?

Зерттеулерге қарағанда, психикалық ауытқулар (әсіресе тоқырау және ішімдік пайдалануға байланысты бұзылыстар) Еуропа мен Солтүстік Америкада өзіне-өзі қол жұмсаудың негізгі факторларына жатады. Ал Азия мемлекеттері тұрғындарының бойында қызуқандылық маңызды рөлді ойнайды. Жалпы алғанда, өзін-өзі өлтірудің астарында психологиялық, әлеуметтік, биологиялық, мәдени және ортаға байланысты түрлі факторлар жатыр. Сарапшылар суицидтің негізгі себептеріне психикалық бұзылыстар, тоқырау, жеке тұлға мәселесі, ішімдікке тәуелділік немесе шизофрения, тереңдеген физиологиялық ауруларды (рак, ЖҚТБ, жарымжандық және т.б.) жатқызады. 2013 жылдың мамыр айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 66-шы сессиясында адамдардың өзіне-өзі қол жұмсауының алдын алуға тарихта ең бірінші рет ерекше назар аударылып, «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) психикалық денсаулық сақтау саласындағы әрекеттерінің жоспары» қабылданды. Құжатта мемлекеттерде өзін-өзі өлтіру жиілігін 10 пайызға төмендету және әлем елдерінің 80 пайызында суицид деңгейін төмендетуге әсер ететін кем дегенде екі бағдарламаның болуын қамтамасыз ету мақсаты қойылған. Сарапшылардың пікірінше, бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу ең алдымен елдің мемлекеттік әлеуметтік саясаты мен денсаулық сақтау салаларының басым бағыттарының біріне айналуы тиіс. Сонымен қатар қол жұмсауға тәуекелділігі жоғары деп көрсетілген топтар, оның ішінде балалар мен жасөспірімдерге баса назар аудара отырып,  суицидтің алдын алудың кешенді ұлттық стратегиясын жасау қажет.

Суицидтің алдын алуға бағытталған стратегиялар мынадай мәселелерді қамтуы тиіс:  психикалық ауытқуды анықтау мен оны ары қарай емдеу әдістерін жетілдіру. Денсаулық сақтау қызметі жұмысының тиімділігін арттыру және суицидтік мінез-құлқы бар тұлғаға жан-жақты қолдау көрсету мен оңалтуды қамтамасыз ету. Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің өзін-өзі өлтірудің алдын алу мен психологиялық ауруларға, сонымен қатар мұндағы «жабық тақырыптарды» талқылауға қатысын толық түсінуіне жағдай жасау. Халық арасында психикалық аурулар мен оларды ерте кезеңінде анықтау бойынша үгіт-насихат жұмыстарын күшейту. Өзіне-өзі қол жұмсау құралдарын анықтау мен оған қолжетімділікті шектеу (атылатын қару, улы заттар). Бұқаралық ақпарат құралдарының суицид тақырыбын дұрыс көтеруіне қолдау көрсету және қоғамның психикалық ауытқуы бар адамдарға деген оң көзқарасын қалыптастыру, олардың кемшілігін бетіне басуды (стигманы) және тақырыпты талқылауға деген тыйымды төмендетуге көмектесу. Өзін-өзі өлтірудің алдын алу, суицидтің себептері туралы мәліметтер жинауда әрекеттестік жасау. Шетел тәжірибесінде өзіне-өзі қол жұмсаудың профилактикасы мен санын азайтуға байланысты түрлі бағдарламалар сәтті жүзеге асырылып келеді. Мәселен, дамыған мемлекеттерде өзіне-өзі қол жұмсау мәселесін мемлекеттік деңгейде шешуге ұмтылады. Финляндия, Норвегия, Швеция, Австралия және Жаңа Зеландияда өзіне-өзі қол жұмсау санын қысқартуға бағытталған кешенді ұлттық стратегиялар қабылданған.  Бұл бағдарламалар Нидерландия, Ұлыбритания, Эстония, Франция, Канада мен АҚШ-та табысты жүзеге асырылуда. Көптеген мемлекеттердің жастар бағдарламалары барлық жасөспірімдерді қамтиды.

Германияның алдын алу тәжірибесі өте қызықты: Coolness training неміс бағдарламасы өзінің әлеуметтік ортасынан аластатылған және құқық бұзушылыққа жақын, әлеуметтік маргинал болу тәуекелділігі жоғары жастарға арналған. Жаттығулар әлеуметтік біліктілікті (мысалы, жанжалды реттеу әдістеріне үйрету) жақсартуға, зорлықты болдырмауға және басқа адамдар зорлығының алдын алу әрекетін игеруге көмектеседі.

Time Out! Getting Life Back on Track деген фин бағдарламасы тиімді, мақсатты және жан-жақты қолдаудың жарқын мысалы бола алады. Мәселен, бағдарлама бойынша жасөспірім балалардың әлеуметтік немесе медициналық көмек мекемелерінде жұмыс істейтін жеке кеңесшісі болады, онымен бірге бала болашаққа жоспары, күнделікті өмірлік жағдайлары, психикалық денсаулығына, психоактивті заттарды қолдануға байланысты мәселелері және жалпы аман-саулығын талқылайды, осылайша бағдарламаға қатысушыларға көмек көрсетіледі. Сонымен қатар кеңесші балаға басқа да әлеуметтік және медициналық қызметтер қажет болса, жүгінуіне жол ашады.

SEYLE «Еуропадағы жастардың денсаулығын сақтау мен мүмкіндіктерін кеңейту» бағдарламасы мектеп базасында жүргізіледі. Ол Еуропаның 11 мемлекетінде сынақтан өткен. Бағдарламаның негізгі мақсаты – мектепте оқитын жасөспірімдердің психикалық саулығының деңгейін жоғарылату. Әрбір мемлекетте бақылау ретінде іріктеліп алынған үш белсенді араласудан және бір минимум араласудан тұратын топтармен зерттеу жүргізілген. Белсенді араласу шараларына «күзетшілерді» (бұл жерде ата-ана, туыс, мұғалім т.б. болуы мүмкін) оқыту, психикалық денсаулық туралы ақпараттық-насихаттық бағдарламалар және тәуекелділігі жоғары топтардағы жасөспірімдерді кәсіби зерттеу жатады. Азғана араласу болған топтағы жастарға қарағанда психикалық саулық туралы ақпараттық-насихат жұмыстарына қатысқандар келесі 12 айдың ішінде суицид туралы ой мен ниеттің және өзіне қол жұмсауға ұмтылыстың да төмен көрсеткішін көрсеткен.

Данияда пилоттық жобалар мектептер мен басқа да білім беру мекемелерінде жүргізілді. Жобаларға мұғалімдер, жастар мәселесімен айналысатын мамандар,  мейірбикелер, әлеуметтік сала, дін қызметкерлері  қатыса алады. Мәселен,  «Жасөспіріммен қалай сөйлесу керек?» бағдарламасы фрустация жағдайындағы адамдарға көмек көрсету және сұхбат жасау туралы негізгі ақпараттарды қамтиды және ата-аналарға өз балаларымен тығыз қарым-қатынасты қалай сақтау керектігін үйретеді. Осылайша қолға алынған жобалар, бағдарламалар тиімділігін көрсетті, нәтижесінде өз-өзіне қол салу оқиғалары төмендеді. Дегенмен де көптеген мемлекеттерде өзін-өзі өлтірудің алдын алуға жеткілікті дәрежеде көңіл бөліне бермейді. Оның себебі – суицидтің қоғам үшін тек әлеуметтік-психологиялық мәселе ғана емес, экономикалық жағдайға және елдегі саяси ахуалға да айтарлықтай әсер ететіні туралы ақпарат аз, мұндай ақпараттың ашық айтылуына тыйым салынған. Сондықтан басқа мемлекеттер де суицидтің алдын алу бағытында  ауқымды жобаларды қабылдап, жүзеге асыруға күш салуы керек. Өз-өзіне қол жұмсауды болдырмауда денсаулық сақтау саласынан тыс әрекеттер де қолға алынуы тиіс. Яғни денсаулық саласымен бірге басқа да секторлар – білім беру, жұмыспен қамту, құқық қорғау ұйымдары, дін, саясат және БАҚ-ты жұмылдыратын инновациялық, кешенді, көпсекторлы тәсіл қолданылуы керек.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Балалар қорының мәліметтері бойынша, Қазақстан соңғы 10 жылда жасөспірімдер мен жастар арасындағы суицид көрсеткіші бойынша көш басында келе жатса да, елімізде суицидті болдырмау бойынша жұмыстарда бірізділік жоқ және ұлттық стратегиямыз да қабылданбаған. Дегенмен суицид мәселесін көтеретін кейбір психологиялық орталықтар мен қоғамдық ұйымдардың жұмыс істейтінін  жоққа шығаруға болмайды. Алайда бұл жұмыстар белгілі бір қалаларда ғана жүзеге асырылып, аймақтарды, оның ішінде  елді мекендерді қамтымайтындығын және белгілі бір қысқа мерзімді жоба аясында ғана жүзеге асатындығын айта кету керек. Сол себепті бұл бағыттағы жұмыстардың тиімділігі байқалмайды. Бұған суицид рейтингісінде Қазақстанның нашар елдер қатарынан орын алғаны мысал бола алады. Осыған орай, суицид санын төмендетіп және суицидтік ұмтылысты болдырмау үшін ел ішінде сектораралық, ведомстволар мен азаматтық қоғамның өзара әрекеттестігімен ауқымды, жүйелі, кешенді жұмыстар атқарылуы керек. Жобалар билік институтының қолдауымен, қоғамдық ұйымдардың атсалысуымен, қоғаммен бірлесе жүргізілуі тиіс. Болашағы бар жобаларды бүкіл ел ауқымында жүйелі түрде жүзеге асырылатын бағдарламаларға айналдыру керек. Мұндай бағдарламалардың негізгі бөлігіне алдын алу шаралары мен оқушылардың психикалық ауытқуларын уақытында анықтау жатуы тиіс. Ортадан алшақтаған балаларға білікті көмек көрсете білетін кәсіби мамандар мен арнайы қызметтің болуы өте маңызды. Сонымен қатар ата-ана мен педагогтарға да балалардың суицидке баруының алдын алатын жедел шараларды ұйымдастыруды үйрету де өзекті.

Осы жағдайда Қазақстанда қолға алынып жатқан шаралар жайлы айтқан жөн. 2012-2013 жылдар аралығында БҰҰ ЮНИСЕФ Балалар қоры Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп,  елдегі суицид және суицидтік ұмтылыстың таралуы, оның терең себептері мен қатерлі факторлары туралы ауқымды зерттеу жүргізген болатын. Зерттеулер жабығу немесе үрей сияқты психикалық мәселелер жасөспірімдердің суицидтік мінез-құлқымен тікелей байланысты екендігін анықтады. Нәтижесінде суицидтік ұмтылыстардың алдын алуда шұғыл шараларды қолдануға мүмкіндік беретін әдістеме жасалынды. Бұл әдістеменің Қызылорда мен Маңғыстау облыстарында табысты сынақтан өткенін айта кету керек. Жасалынған жұмыстардың нәтижесі 2017 жылдың 6 сәуірінде Қызылорда қаласында өткен «Денсаулық және жастардың өмірлік дағдылары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда таныстырылған болатын.

Пилоттық жоба әдістеменің айтарлықтай тиімді екендігін анықтады, сонымен қатар суицид мәселесін шешуде кешенді тәсілді қолдану тұрғысында әлі де жетілдіретін тұстары бар екендігі байқалды. Мәселен, жасөспірімдердің суицидтік мінез-құлқы олардың физикалық және ментальдық денсаулығын нығайту мен қалыптастыру бойынша жұмыстардың жоқтығының салдары екендігіне көз жеткізілді. Сондықтан суицидті болдырмаудың тиімді шаралары ең алдымен кейбір факторларды жойып немесе азайтуға ғана емес, жасөспірімдердің денсаулығына көңіл бөлетін, өмір дағдыларын қалыптастыратын кешенді бағдарламаның жасалынып, жүзеге асырылуына бағытталуы керек және оның негізінде жан-жақты, ұзақ мерзімді елдің ұлттық стратегиясын қабылдау керек.

Осыған орай, жасөспірімдер арасында суицидті болдырмау жобасы денсаулық пен өмірлік дағдыларды қалыптастыру жұмыстарымен толықтырылды. Нәтижесінде «Денсаулық пен өмірлік дағдыларды қалыптастыру, кәмелетке толмағандардың арасында суицидті болдырмау» бағдарламасы жасалынды. Осы бағдарлама Қызылорда, Ақтөбе, Атырау және Ақмола облыстарының аумағында жүзеге асырыла бастады. Еліміздің басқа аймақтары да бұған қосылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Айсұлу Молдабекова,

әлеуметтанушы

Bilim Foundation қоғамдық қоры

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз