Қазақстан медицинаны қаржыландыру жағынан Африка елдерінің деңгейінен оза қойған жоқ. Бұл туралы Vласть басылымы ұйымдастырған қоғамдық пікірталас барысында сарапшы Серік Тәңірбергенов мәлімдеді. Отандық медицинаны қаржыландыру мәселелеріне арналған жиынға сақтандыру қорының өкілдері мен денсаулық саласындағы белгілі сарапшы-экономистер қатысты.

С.Тәңірбергеновтің айтуынша, сақтандыруды енгізуге медицина саласына бөлінетін қаржының тапшылығы түрткі болып отыр. «Сақтандыру әлемнің көптеген елдерінде қолданысқа енгізілген. Себебі соңғы кезде әлемдегі демографиялық ахуал өзгерді, жаңа технологиялар қарыштап дамып келеді, қарттар мен балалардың үлесі артып, созылмалы сырқаттармен ауыратындар саны көбейіп барады. Яғни қай елде болсын денсаулық жүйесіне жұмсалатын қаржы өсіп отыр деген сөз. Мысалы, 2016 жылы Қазақстанда денсаулық сақтауға бөлінген жалпы қаржы ІЖӨ-нің 3,4 пайызын құрады. Бұл Африка елдерінің деңгейімен бірдей», – дейді маман.

Дамыған мемлекеттерді айтпағанда, экономикалық деңгейі біздікімен шамалас елдердің өзі ішкі жалпы өнімнің 8,7 пайызын денсаулық жүйесіне беріп отырады екен. Біздің елде 2016 жылы ұлт саулығын сақтауға бөлінген қаржы көлемі 1,6 трлн теңгені құраған болса, 2017 жылы ол 1 трлн теңгеге де жетпей қалған. Салдарынан денсаулық сақтау жүйесіне жұмсалатын жалпы шығынның 40 пайызға жуығы азаматтардың қалтасынан шығып отыр. Министрліктің мәліметіне сүйенсек, кепілдендірілген тегін медициналық көмекке 451 миллиард теңгеге жуық (38 пайыз) қаражат жетіспейді. Атап айтқанда, стационарлық көмекке 61 млрд теңге, консультативтік-диагностика қызметіне 51 млрд теңге, амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 41,9 млрд теңге, онкология қызметіне 37 млрд теңге жетпейді. Салдарынан емханаларда ұзын-сонар кезек пайда болады. Әсіресе салалық дәрігерлердің тапшылығынан кезек күтіп шаршаған жұрт ауруы жанына батқанда жекеменшік сектордың көмегіне жүгінуге мәжбүр.

Жиынға қатысушылар кезек пен дәрігер тапшылығы мәселесінің де саланы қосымша қаржыландыру көздерін іздеуге итермелейтін факторларға жататынын атап өтті. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрайымы Елена Бахмутованың айтуынша, қор келер жылдан бастап кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің операторы қызметін атқармақ. «Бұрын кепілдендірілген тегін көмекке бөлінетін қаржы әртүрлі деңгейдегі бюджеттерден бөлінетін болса, келер жылдан бастап ол республикалық бюджетте шоғырланады. Бірақ басты артықшылық неде? Бұрын бюджеттен бөлінген қаржы мемлекеттік тапсырыс алған денсаулық нысандарына бөліп берілетін. Жалпы, қаржыны реттеу жүйесі бөлінген ресурсты таратып беруге негізделді. Тарифтің өзі дұрыс есептелген жоқ.

Салдарынан аймақтар арасында тепе-теңдік бұзылды. Медициналық көмектің бір ғана түрінің өзі әртүрлі тарифтер бойынша қаржыландырылды. Өйткені қаржы әр өңірдің бюджетіне қарай бөлінді. Ал әр аймақтың мүмкіндігі әртүрлі. Қазір біздің алдымызда тұрған үлкен мәселенің бірі осы. Сақтандыру қорының мақсаты – тарифке қатысты ұсыныстар әзірлеп, денсаулық сақтау министрлігіне ұсыну. Біз тым болмаса сол тарифтердің барлық жерде біркелкі болуын қамтамасыз еткіміз келеді. Екінші – медициналық көмектің қолжетімділігі мәселесі. Өкінішке қарай, бізде іс жүзінде медициналық көмек қолжетімді емес. Бұл да бір ұшы қаржыландыру деңгейіне келіп тірелетін мәселе», – дейді қор басшысы.

Дегенмен денсаулық саласындағы мәселелерді бір ғана қаржыландыру мәселесімен шешеміз десек қателесеміз. Ұлт саулығын жақсарту үшін әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс. «Ортақ жауапкершілік мәдениетін қалыптастырмай, жағдайды өзгерту қиын» дейді мамандар.

«Мемлекет басшысы бір сөзінде «адам денсаулығы 10-15 пайыз жағдайда ғана дәрігерлерге тәуелді, қалғаны оның өзіне байланысты» деген болатын. Шынында, өзіміз ұмтылып отырған озық елдер қатарына қосылу үшін мықты адами капитал қажет. Біз медициналық қызметтерді жиналған қаржыға қарай сатып алатын боламыз. Кепілдендірілген тегін медициналық көмекке бөлінетін қаржы 2018 жылы екі есеге дерлік қысқарып отыр. Яғни мемлекет медицинаны толық қаржыландыра алмайды. Іс жүзінде тегін делінген жүйенің көбіне азаматтардың қалтасын қағатынын аурухана жағалағандар жақсы біледі», – дейді Е.Бахмутова.

Қазір үкімет әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мерзімін екі жылға шегеру мәселесін қарастырып жатыр. Бұл не деген сөз? Яғни 2018-2019 жылдары да денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы ұлғаймайды деген сөз. Сондықтан қор бюджеттен бөлінген қаржыны дұрыс жұмсау мәселесіне ден қоймақ. «Медициналық көмекті жоспарлау процесін түбегейлі қайта қарау қажет. Қор алдағы уақытта медициналық көмекті халықтың сұранысына, тұтыну деңгейіне қарай жоспарламақ. Атап айтқанда, өлім-жітімнің басты себепкері болып отырған сырқаттарға, аурудың құрылымына, халықтың жасы мен жыныстық ерекшеліктеріне мән беретін боламыз», – деп түсіндірді Серік Тәңірбергенов.

Қарапайым ғана мысал: Қазақстанда ауруханаға жату көрсеткіші жыл сайын артып отыр. 2016 жылы бұл көрсеткіш 500 мыңға артып, 2,8 млн-ға дейін жеткен. Оның 70 пайызы ауруы асқынып, ішкі ағза жұмысы бұзылуына байланысты жеткізілгендер. Оған жыл сайын тіркелетін 7 млн жедел жәрдем шақыртуын қосыңыз.  Ал өлім-жітім құрылымына үңілетін болсақ, бізде қайғылы жағдайларға душар ететін сырқаттардың «үздік» бестігі бар. Олар: жүрек-қан тамыры аурулары, тыныс жолдарының аурулары, онкология, жарақаттар мен ас қорыту жүйесінің сырқаттары. «Отандастарымыздың өліміне себепші болатын осы сырқаттардың төртеуі созылмалы аурулар. Дер кезінде анықтаса, емдеуге болатын дерттер. Негізі, адам өмірін қиятындай сырқаттар емес. Өкінішке қарай, дәрігерге уақтылы қаралмай, ауруын асқындыру салдарынан азаматтарымыз жарық дүниемен қош айтысып жатады», – дейді сарапшы.

Енді не істемек керек? Бұл сұрақтың жауабы жоғарыда айтылған профилактика мәселесіне келіп тіреледі.

«Әрбір адам өз денсаулығына деген қарым-қатынасын өзгертуі тиіс. Тіпті дені сау азаматтың өзі жылына кем дегенде бір рет дәрігерге қаралып, аурудың алдын алу шараларына көңіл бөлгені жөн. Мемлекет тарапынан кепілдік берілген тегін медициналық көмек шеңберінде тексеруден тегін өтуге болады. Мысалы, флюорография, қан және несеп талдауларын тапсырып, қандағы холестерин мен қант мөлшерін, көз іші қысымын тексерту қажет. Егер қандай да бір ақау табылып жатса, осы кепілдендірілген көмек шеңберінде тегін ем-дом қабылдауға болады. Өйткені көптеген созылмалы сырқаттар аталған пакет шеңберінде тегін емделеді. Мұны бір адам істесе білінбес. Ал елдің бәрін жұмылдырсақ, ұлт денсаулығының жақсарары сөзсіз», – деп қорытты С.Тәңірбергенов.

Шынар Әлжанова

1 ПІКІР

  1. Медициналық сақтандыру ол біздің елге келген жаңа леб. Әрине, шет елдерге қарасақ ол жүйелі түрде жұмыс істейтің система. Ал бізге енді еніп жатқан бұл салық түрін орнықтыру үшін көп еңбек пен күш керек. Жалпы бастама жақсы. Ерте ме, кеш пе біз оған келуші едік. Сондықтан өз басым медициналық салық түрін қолдаймын.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз