Қазақ-қырғыз арасындағы 100 миллион долларлық гуманитарлық көмек дауына ақыры нүкте қойылды. Көрші елдің Қазақстан тарапынан жіберілген ол жәрдемнен ресми түрде бас тартқаны белгілі болды.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақовтың айтуынша, қырғызстандық әріптестері өткен аптада 100 миллион доллар техникалық көмек бөлу туралы Қазақстанмен жасалған келісімнің күшін жойғаны туралы ресми хабар жіберген.

«Біз өткен аптада қырғыз сыртқы істер министрлігінен келісімнің күші жойылғаны туралы ресми хабар алдық. Бұл мәселе алдағы уақытта халықаралық құқық нормаларына сәйкес шешімін табатын болады» дейді Әнуар Жайнақов.

Қазақстан Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) қосылуы бойынша іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында қырғыз еліне көмек ретінде 100 миллион доллар көлемінде гуманитарлық жәрдем көрсету туралы шешім шығарған. Бұл қаржыны көрші мемлекет аумағында кеден бекеттерін салып, қызмет көрсету және тексеру инфрақұрылымын жақсарту мақсатында жұмсалуы тиіс болатын. Сонымен қатар, Қырғызстанның санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық жүйелерін ЕАЭО талаптарына сәйкестендіру туралы келісім де болған.

Алайда күтпеген жерден екі ел арасында дипломатиялық жанжал туындап аталмыш келісім бұзылды. Оған Қырғызстанда жақында ғана өткен президент сайлауы қарсаңында елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан билігіне қарата айтылған сыны себеп болып отыр.

Бүркіт НҰРАСЫЛ
Астана

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз