Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен солтүстік аймақтарға көшіп барушыларды әлеуметтік нысандары жоқ шағын ауылдарға қоныстандыруға тыйым салынды. Бұл жайында Петропавл қаласындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінде өткен жиында облыс әкімі Құмар Ақсақалов мәлімдеді.

Әкімнің сөзінше, биылғы жылдың 10 айы ішінде Солтүстік Қазақстан облысынан 4 мыңға жуық адам көшіп кеткен. Ол бұл жайт жұмыс орындарының жоқтығы, жалақының төмендігі және атқарушы билік өкілдерінің тұрғындарға барынша жағдай жасай алмайтынын көрсетіп отырғанын айтады.

— Біз аудандарды аралағанда тұрғындармен кездестік. Жұмыс берушілердің еңбекақы төлемейтінін, жұртты ойламайтынын, жұмыс жағдайын жасамайтынан көрдік. Мұның барлығы жергілікті атқарушы органдардың бақылау жасамағанынан болып жатыр. Кейбір жұмыс берушілер адамдарды сол аймақтардан, үйлерінен шығарып жіберу үшін барлық жағдай жасап қойған. Мұны басқаша айтуға болмайды, — деді әкім Құмар Ақсақалов.

Отырыста Тимирязев және Уәлиханов аудандарының оңтүстік өңірлерден азаматтарды көшіріп әкелуге берілген квоталар бойынша жоспарларды орындай алмағаны айтылды. Аталған екі аудан биыл 15 отбасыны қабылдауы тиіс болған. Бірақ, Тимирязев ауданына 4 отбасы, Уәлиханов ауданына 6 отбасы ғана көшіп келген.

Биыл Қазақстанның оңтүстік аймақтарынан СҚО-ға 186 отбасы (880 адам) көшіп келген. Олардың 184-іне квота берілген. 880 адам Оңтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл, Алматы, Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан қоныс аударған.

2018 жылы облысқа тағы 767 отбасы көшіріледі деп жоспарланған. Олардың 77-сі оралман отбасы болса, 690 отбасы оңтүстік аймақтардан қоныс аудармақ. Келесі жылы СҚО-ға көшіп келетін адамның жалпы саны үш жарым мыңды құрайды. 

Дереккөз Aзаттық Радиосы

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз