«Жағымпазды жақындатқан билеуші – бақытсыз».

                                                                         (Пьер де Ронсар)

1 желтоқсан – Тұңғыш президент күні. Қазіргі заман қазақ күнтізбесіндегі осы күнді мен ерекше бір сезіммен күтемін. Көңіл күйім кәдімгідей қобалжып, «бұл күндері «шаш ал десе, бас алатын» біздің шолақ белсенділер тағы да не бүлдіріп қояр екен?» деген сауал мазалап, берекемді кетіреді. Міне, сол күнді де бастан өткердік. Сонымен, не болды өзі?

Экономика мен әлеуметтік саясатта креативтен жұрдай, бастық десе бәйекшіл билік мұндай шараларды өткізуде де жаңашылдық таныта алмады: сананы сарсытқан сол сарын, шаршатқан штамптар, берекетінен гөрі берекесіздігі басым бастамалар. Бір адамды жер-көкке сыйғызбай мақтай береді, мақтай береді. Осының бәріне көз де, құлақ та үйренді, сондықтан «осынау айтулы дата бар екен» деп, саналы түрде атап жатқан қалың жұрт жоқ: бәрі тек БАҚ-қа арналған есепті іс-шараларда ғана. Мемлекеттік мерекенің мәні мен мағынасы «мәңгіре» бастаған сияқты. Тіпті бізде бюджет қаржысына той өткізбесе, ішкен асы бойына тарамайтын шенеуніктердің тұтас бір табы пайда болды ғой. Оның үстіне ішкені ірің, жегені желім жұрттың жадау жайы, қаяулы көңіл күйі мен жиілеп кеткен саяси мерекелер бір-біріне қабыса бермейді. Керісінше, шаршап-шалдығып жүрген ағайынның ызасын келтіреді.

Сөз жоқ, Қазақстан секілді мемлекеттің постсоветтік кезеңінде елге басшылық етіп, осы жылдарғы барлық оқиғаға, ең маңызды шешімдерге тікелей жауапты боп саналатын Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін ешкім де жоққа шығара алмайды. Жер тұтастығының сақталып қалуына, экономиканың түпкілікті құлдырамай, әлеуметтік сала өшіп қалмай, қоғам тұрақтылығын сақтап қалуға қосқан үлесі зор. Оны ашық айту керек. Бірақ осы жылдар ішінде жеңістермен бірге жеңілістер де болды емес пе?! Экономиканың ілгері басқан аяғының кейін кетуі, алтын ауылдың азып-тозуы, халыққа тиесілі қазба байлықтар мен бақуатты да беделді банктердің (кешегі халық шаруашылығының ең сүбелі салаларының!) олигархтардың қолына өтіп кетіп, жан-жақты жайлаған жемқорлық, әр қазаққа әлімжеттік жасаған әділетсіздік, соттардың «кім көп берсе, соның жағына шығатын» «коммерциялық фирмаларға» айналуы, саяси бостандықтардың тәрк етілуі де болды емес пе?

Және де Қазақстан қол жеткізген жетістіктер тек қана бір адамның еңбегі емес болар. Осы жылдар бойына президенттің қасында жүріп, серіктес, әріптес болған басқа да көрнекті тұлғалар болды емес пе? Олардың аттары неге аталмайды бүгінде?

Несін айтайын, осы күндері тағы да жеке басқа табынушылықтың тамаша үлгілерін көрдік. Естідік, оқыдық. Үш күн қатарынан бүкіл мемлекеттік БАҚ алаңынан мемлекет басшысы түспеді. Ол туралы фильмдерді телеарналар жер астынан жеті қоян тапқандай, бір-бірімен жарыса көрсетіп жатты. Жалпы айтқанда, осылайша қолда бар бюрократиялық мүмкіндікті пайдалана отырып белден басып, күні-түні бір адамды дәріптеу – ескі, совет заманының саяси сарқыншағы: кезекті бас хатшы қайтыс болғанда да олар осылайша, басқа бағдарламаларды ысырап тастап, тәулік бойына «Аққулар көлі» балетін көрсетіп қоятын. Сондықтан да биліктің мақтау жөніндегі саяси менеджерлері де заман талабына сай жаңғырып, жаңаша формалар мен тәсілдерді қолға алуларына болады ғой.

Назарбаев – өзіндік ерекшеліктері бар колоритті тұлға. Сондықтан да оны  өркениетті түрде, адами және қоғами қасиеттерін нанымды да сенімді түрде ашып беріп, тарихи контекстпен таластырмай, керісінше, тіл табыстырып, еңбегін атауға болады ғой. Артық қыламын деп, тыртық қылмай…  Табынуға да талант керек емес пе?! Әгәрәкім, осы жылдары қоғамда орын алған кемшіліктер туралы да философиялық әрі объективті тұрғыда әңгіме қозғалып жатса, нұр үстіне нұр болар еді, ондай жүрекжарды әңгімеге ел де иланар еді.

Алматыда «үкіметтік трасса» деп саналатын бір көше қып-қызыл большевик комиссар Фурмановтың атында еді. «Халық айтса, қалт айтпайды», бірде-бір коммунистік атау қалмаған оңтүстік астанада тек қана осы Фурмановтың мұртын балта шаппай, бюсті қаланың қақ ортасында қасқайып тұр еді. Жұрт «осы көшеге президенттің аты беріледі» деп кесіп айтатын. Айтқандай-ақ болды да!

Өз басым бұл шешімнің қабылдануы соншалықты күтпеген жағдай деп ойлаймын. Күні кеше бір депутаттардың көше емес, тұтас бір қала – «Астананың атын Нұрекеңе берейік» деп, өре түрегелгеннен кейін еш нәрсеге таңғалмайтын болдық қой.

Мәселе басқада: бұл күнде сый-құрмет пен марапаттың бәріне ие президент Алматыдағы осы көшеге соншалықты зәру боп қалды деп ойламаймын. Бір басына жететін абырой-атақ бар.

Сондықтан осынау шешімді қабылдауға мұрындық болған топ – сол өз маңайында жүріп, мемлекет басшысын мақтап отырып өз ұпайларын түгендеп алғысы келетін жылпос жандайшаптар деп санаймын.

«Қазақстан жылдан-жылға қарыштап дамып барады» деп президенттің аузына сөз салып қоятын да солар! Президенттің өзі солай айтып жатса, онда қисынға салсақ, оның қол астындағылар да өкіртіп жұмыс істеп жатқаны ғой. Оларға да керегі сол емес пе? Жұмысы жақсы болса, өз аузымен мақтап отырған мемлекет басшысы оларды отставкаға да жібере қоймас. Көрдіңіз бе, жеке басқа табынудың қызығын басқа адамдар көріп жатыр.

Жағымпаздық бүгінде өмір салтына ғана айналып қоймай, шенділердің өзін сақтап қалу инстинктінің шешуші шартына айналды. Қазір білімділер мен іскерлердің емес, жарамсақтықтың теориясы мен практикасын сұмдық меңгерген дәл осы жаңа кастаның тасы өрге домалап, шыбығы шырпылмай, қылауына қыл түспей тұр.

Осы күндері «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының да тұсауы кесіліп, тиісті форум өтті. Оған президенттің өзі қатысты.

Әрине, кез келген ел өзінің үздік ұл-қыздарын ұлықтап, дәріптеп, төрге шығарып, өзгелерге үлгі-өнеге ұсынуы тиіс. Болмасаң да, ұқсап бақ. Қолдауға тұрарлық іс. Бірақ осындай жағдайда біз Қазақстанда қалыптасқан қасаң да қатаң ахуалды ескеруіміз керек: бізде кез келген халықтық, жалпыұлттық жоба, нәтижесінде… таза шенеуніктік, үкіметтік, «нұротандық» боп шыға келеді. Ал ол тізімнен сіздің елге ашық та принципшіл азаматтық позициясымен танылған, сөйтіп, шынымен ел ілтипаты мен қолдауына ие болған танымал тұлғаларды табуыңыз неғайбыл. Ондай жартыкеш жоба толыққанды болып, көпшіліктің көңілінен шығады деп айта алмаймын.

Бізге басқа 100 жаңа есім керек сияқты, яғни 100 жаңа, халық сайлауы тезінен өткен министр мен әкім билік басына келмей, қазіргі қатып-семіп қалған жүйені өзгерту деген сөз – далбаса!

Жә, тізімдер түзіле берер (қоғам мен билік түзелсе болды ғой). Маған салса жыл сайын жобаны жаңарта берсін, жамандығы болмас, жастарымыз танылып қалар не болса да.

Мен осы форумдағы президенттің кейбір сөзі туралы толғағым келіп тұр.

«Мені өмірде не таңғалдыратынын айтқым келеді. Мәселен, кәрістер  Жер шарындағы ең еңбекқор халық. Таңғы жеті-сегізден барлық кәріс жұмыс орнында отырады. Кешке таман бұл кәрістерді кеңседен табасың. Бес жасар кәріс баласы сөмкесін иығына асып алады да, өмір бойы жұмыс істейді. Кореяда көшеде теңселіп, қыдырып жүрген балаларды көрмейсің. Онда қылмыс жоқ, адамдардың бәрі жұмыс істейді», – деп мақтады өзге жұртты Қазақ елінің басшысы. Президент жапондар мен еврейлердің де мықты қасиеттерін паш етіп, мерейін үстем етіп, абыройын бір көтеріп тастады. Сөз жоқ, қазақ ұлт ретінде басқа халықтардан үйренуі керек-ақ. Бұның еш әбестігі жоқ. Бірақ (және бұл менің жеке ойым) алдына жиналған өрімдей жастарға мемлекет басшысы, ең алдымен, қазақтың ұлт ретінде ұтымды да ұлағатты қасиеттерін, сол өскелең ұрпақтың еңсесін бір көтеріп тастайтындай, ертеңгі күні солардың әрқайсысы «мен – қазақпын!» деп басқа ұлттың алдында мақтанышпен жар салып, еңсесін биік ұстайтындай жалынды сөз айтуы керек еді. Басқа ұлттарды мақтайтын өз басшылары бар емес пе?

Ол жақта «адамдардың бәрі де жұмыс істейді» дейді президент. Бірақ ол елдердегі жұмыс орнымен қамтамасыз ету жөніндегі оң ахуал кәріс-жапон-еврей үкіметтерінің оңтайлы экономикалық саясаты мен шағын және орта бизнеске тиісті жағдай жасалуының арқасында қалыптасып отыр емес пе? Ол жақта біздегідей ауыл мен Астана арасын «алтын көпір» боп жалғап жатқан сыбайлас әрі «сыйлас» (сондықтан да қимас!) жемқорлық жоқтың қасы. Өз халқына тиісті жұмыс орнын жасап бере алмаған үкімет кезекті сайлауда ел сенімінен айырылып отставкаға кетеді, сондықтан да ол жақтағы шенділер «саған қандай көмек керек?» деп әрбір кәсіпкер мен  азаматтың соңынан жүгіріп, оларға жағдай жасауға тырысады. Өйткені оның әрқайсысы – сайлаудағы электораттың бір өкілі.

Айналайын үкімет жұмыс тауып берсе, біздің қазақ екі қолы бос жүрмей, неге жарғақ құлағы жастыққа тимей, рахаттана жұмыс істеп, маңдай терін төкпейді?! Сондықтан да осы жолы президент әңгімені өзі тағайындап отырған министрлер мен әкімдерден бастауы керек еді деп ойлаймын.

«Көбісі бай адамдарды жақтырмайды. «Мен де ол сияқты бай боламын» деп еліктеудің орнына оларды жек көреді. Таланттарды қудалайды. Себебі олар талантымен көзге түсті, басқалардың ортасында ерекшеленді», – деп алды президент.

Меніңше, бір нәрсенің басын ашып алу керек. Егер де адам өзінің адал еңбегі мен терезесі тең, бәріне бірдей мүмкіндік беретін бәсекелік ортада байып жатса, оны жұрт жек көріп қайтсін?

Біздегі байлар кім? Өңшең заңсыз байыған шенділер – министр, әкім, депутат, сот, прокурор. Әрқайсысының отбасы мүшесі – таптырмас талант, құлпырған компания басшысы. Бәріне бірдей таудай талап та, бармақтай бақ та беріп қойған.

Және де сол байлығы негізінен не бюджеттік тендер мен мемлекеттік сатып алудан, не халыққа тиесілі шикізатты сатудан тапқан ақшадан құралған: жаңа тауар, өнім жасап жатқандары санаулы. Бір сөзбен айтқанда, халықтың аузынан жырып жеуге бойы үйренген, былық пен байлыққа белшесінен батқан – биліктегілер. Ауыл-аймақтағы ағайын осының бәрін білмейді емес – біледі. Асүйде отырып алып, осы жебірлердің бәрін бір ағаш атқа мінгізіп алып, сыбап-сыбап алады. Және де күндердің күнінде олардың жегені желкесінен шығатынын да біледі.

«Данышпандарды өлтіре салады. Мысалы, Коперникті өртеп жіберді, ал Леонардо да Винчи қудаланды. Сондықтан талантты және данышпан адамдарға жетістікке жету өте қиын», — деді мемлекет басшысы.

Абайды да сабаған қазақты айтуға болатын еді. Бірақ осынау сөздердің тағы бір астары бар сияқты. Оның қосымша, саяси сипаты бар. Форумға жиналған жастардың көкірегі ояу, көзі ашық болғаны аян. Олар осы жылдар ішінде қазақтың қаншама асыл азаматы билікке сын айтамын деп, оппозицияға шығамын деп тар жол, тайғақ кешкенін біледі. Оларды да «өлтіре салды», түрмеге жапты, ұрды-соқты, өз еліне сыйғызбай, шетел асырды.

Бейсаяси тұрғыдан айтар болсақ, әрине, форумға жиналған жастар біздің елді шынайы талант серкелер мен жоғарғы жақта көкесі бар еркелердің арасы жер мен көктей екенін біліп жатыр. Өкінішке қарай, меритократия принципі туралы билік жыл сайын жарапазандап жатса да, бизнес пен мемлекеттік қызметтегі карьера жасау механизмдері сол баяғы тамыр-таныстық, протекционизмнен аса алмай жатыр.

Сөз соңында президент Қазақстан да өзінің «фишкасын» табуы керек екенін айтты. Оның пікірінше, қазақстандықтардың «фишкасы» білім мен ғылымға ұмтылыста болуы керек.

Алайда мектеп мұғалімдері мен ғылым жолын қуған жастардың мардымсыз жалақысы сақталып, мемлекет осы салалардан гөрі жеке банктер мен ЭКСПО секілді күмәнді пиар-жобаларға миллиардтаған доллар жұмсап, қол үшін беріп жатқан қазіргі кезеңде дәл осы бағыт біздің «фишкаға» айналатынына сенгім келсе де-ақ, сене алмаймын…

Әміржан Қосанов,

тәуелсіз саясаткер, қоғам қайраткері,

«Жас Алаш» газетінің тұрақты авторы

2 ПІКІРЛЕР

  1. Дурыс пiкiр!!! Бiлiм саласындагы жонсiз жылап кетiп жаткан миллиардтарды айтсайшы. Оган кiм жауап бередi екен?

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз