Келер жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек жаңа форматқа көшетіні белгілі. Бұл ретте Жамбыл облысында да әлеуметтік көмектің жаңа сипатына көшу үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ «Өзің диуанасың, кімге пір боласың» демекші, өңірдегі бақандай төрт ауданның жұмыспен қамту орталықтары орналасқан ғимараттар халықты қабылдау талаптарына мүлде сай келмейді. Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков бұл мәселе тамыз айында облыс әкімдігінің аппараттық кеңесінде қаралып, тиісті тапсырмалар берілгеніне қарамастан, дайындық жұмыстарында бірқатар кемшіліктер болып жатқанын айтты.

— Талас ауданында жұмыспен қамту орталықтарына халықты қабылдауға қолайлы ғимарат бөлу мәселесі өз шешімін таппай отыр. Сонымен қатар Байзақ, Шу, Қордай аудандарындағы жұмыспен қамту орталықтарының орналасқан ғимараттары халықты қабылдау талаптарына толық сай келмейді. Бөлмелері тар, халықтың күту залы, операциялық залдары жоқ, — дейді ол.

Шу ауданының әкімдігі осы жылға «Өрлеу» бағдарламасы аясында тағайындалатын шартты ақшалай көмекке бөлінген қаражатты игеруге тиісті шара қолданған жоқ. Аудан бойынша 18 миллион теңгенің игерілмей қалу қаупі туындағанын ескеріп, оның 12 миллион теңгесін сұраныс болған өзге аудандарға бөліп беруге тура келді. Соған қарамастан, қалған 6 миллион теңгенің игерілмей қалу қаупі бар.

— Министрлік пен басқарманың өткізген оқытуларына қарамастан, жұмыспен қамту орталықтарының мамандарының басым бөлігі әлеуметтік жәрдемақылар жүйесіндегі өткізіліп жатқан өзгерістерді жетік білмейді, — дейді Жорабек Баубеков.

Ол келер жылы өңірде ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 116 пайызға, ал кедейлік шегі 40-50 пайызға дейін өседі деп жобаланып отырғанын да айтты.

Аудандардың жұмыспен қамту орталықтарының, ауылдық округтердің ақпараттық каналдары мен олардың материалдық-техникалық жабдықталуында да кемшіліктер шаш-етектен екен. Мәселен, бірнеше ауылдық округтерде сатып алынған компьютерлер және көп функционалды құрылғылар техникалық сипаттамаға сай келмейді. Көпшілік аудандардың ауылдық округтерінде компьютерлердің операциялық жүйелерінің лицензиялары мен кепілдік талондары жоқ. Талас, Рысқұлов, Мойынқұм, Сарысу, Жамбыл, Шу аудандарында тиісті компьютерлік техникамен мүлдем қамтылмаған ауыл әкімдіктері бар. Ал Қордай ауданының Көптерек ауылдық округіне екі компьютер техникасына қаражат қаралғанына қарамастан, бірақ бір ғана компьютер алынған. Кемшіліктерді тізбектесек, осылай жалғаса береді.

Жорабек Баубеков биыл облыс бойынша шартты ақшалай көмекке 423,6 миллион теңге бөлінгенін айтты. Одан жыл басынан бері 10 ай ішінде өңірдегі 2578 отбасындағы 14253 адамға көмек көрсетіліпті. Көмек алған отбасылардан жұмыс жасындағы 2656 азамат әлеуметтік қолдаудың белсенді түрлеріне тартылып, оның ішінде 1209 адам тұрақты жұмысқа орналасып, екі қолға бір күрек тапқан.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы «Әлеуметтік көмек» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде практикалық жұмыс бойынша оқытыпты. Оқыту қорытындылары бойынша қызметкерлер тест тапсырған. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидалары бойынша тестілеудің нәтижесінде Байзақ, Жамбыл, Мойынқұм, Талас, Шу аудандарының және Тараз қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің және жұмыспен қамту орталықтарынан келген кейбір мамандар «аузың қайсы десе, мұрнын көрсетіп», тестегі берілген сұрақтардың 50 пайызына да жауап бере алмаған.

Міне, келер жылдан бастап жаңа форматқа көшетін атаулы әлеуметтік көмекке Жамбылдағы дайындық осындай. Қазіргі жағдайға қарап, Әулиеатада әлеуметтік көмек алушылардың әуресі көбейетінін аңғару қиын емес сияқты.

Нұрболат ӘЛДИБЕК,
Жамбыл облысы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз