1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №59 (15829) 30 шілде, сейсенбі 2013
\"Жас Алаштың\" құқықтық беті. Дайындайтын Дәнеш Ұзақ
30 шілде 2013
“Шарымбай” шатқалындағы шатақ

ТӨРТ ОҚ ТИГЕН ҰЛЫМДЫ “ӨЗIН-ӨЗI АТЫП ӨЛТIРДI” ДЕГIСI КЕЛЕ МЕ?

ҚР iшкi iстер министрi Қ.Қасымовтың,
ҚР бас прокуроры А.Дауылбаевтың назарына
2012 жылдың желтоқсан айының соңында қандықол қарақшының қолынан ұлым Елдос Нұрқабаев опат болды. “Балаң өлдi” деген қаралы хабарды 2 қаңтар күнi естiдiм. Естiдiм де, есiмнен тандым...
Ұлым Елдос Алматы облысының Райымбек ауданындағы Қақпақ ауылының тұрғыны, малшы Башпан Шынәдiловке көмекшi болып жүрген. Үлкен Қақпақ жайлауындағы “Шарымбай” шатқалында мал бағатын.
Б.Шынәдiлов 1 қаңтар күнi үйге келiп: “Малға барамын, балаңа менен не берiп жiбересiң?” – дедi. Елдосым жалғыз өзi мал соңында салпақтап шаршаған шығар деп, соғымның етiнен сыбаға орап, Башпанға бiр шөлмек арақ салып бердiм. Башпан кеттi сар желдiртiп. Ойымызда ештеңе жоқ, күнделiктi күйбең тiрлiкке араласып кеттiк. Ертеңiне қаралы хабар жететiнiн қайдан бiлейiк...
Қаралы хабар жеткен күнi Ра­йымбек ауданының iшкi iстер қызметкерлерi “Шарымбайға” жете алмай, орманшының үйiне қоныпты. Белуардан қар басқан сақылдаған сары аязда бiз де тырп ете алмадық. Сол түндi көз iлмей өткiздiк те, ертесiнде сағат он шамасында бiз де жолға шықтық. Көлiгiмiз қарға малтығып жүре алмаған соң жарты жолдан қалдырып, “Шарымбай” шат­қалына дейiн атпен күн бесiнге ауғанда әзер жеттiк. Қасымызда полицейлер бар.
Ұлым Елдос үйге кiре құлапты. Төрт жерiнен оқ тиген. Шағын калибрлi сайлы мылтықтың оғы. Мал қораның алдында шитi мылтығы (шағын калибрлi винтовка) жатыр, қораның төңiрегi сағал-сағал қан. Ең алдымен ойға келгенi – мал ұрлаушылар. Мал түгел екен. Төңiректе бөтен iз жоқ. Iшкi iстер қызметкерлерi есiк алдынан 12 калибрлi мылтықтың оғын тауып алды. “Мылтық қайда?” деп Башпан Шынәдiловтi қысқанда, ол тоғайдың iшiне жасырып қойған мылтықты алып келдi. Ол ҰҚК полков­нигiнiң атына тiркелген мылтық болып шықты. Сонда бұл қалай болғаны, әлдекiмдер үшiн суық қару қолдан-қолға өткiзе беретiн ойыншық болғаны ма?! Баламды атып өлтiрген винтовка кiмдiкi сонда?
Елдостың денесiн сойған сот-медициналық сарапшылар оған төрт оқ тигенiн дәлелдедi. Ағзасынан спирт табылған жоқ. Ендеше, айдың-күннiң аманында бұл қайдан келген қаза? “Шарымбай” шатқалына бөтен адамдардың келуi мүмкiн емес. Бiрiншiден, шатқал ауылдан тым алыс. Екiншiден, қыстың көзi қырауда жету өте қиын.
Қазiргi кезде қылмыстық iс Қайрат Өзбеков деген тергеушiнiң суыр­масында шаң басып жатыр. Балам оққа ұшқалы сегiз ай өттi, сең қозғалар емес. Iстi әдейi тоқтатып отыр ма деген күдiгiм бар. Өйткенi қылмыстың ашылмауына мүдделi адамдар бар. Бұған дейiн де дәл осы шатқалда екi оралманды бiреулер атып өлтiрген. Бұл қылмыс та ашылған жоқ. Сонда бұл қалай, Қақпақ ауылында адамның торғай құрлы құны болмағаны ма?!
Ұлымның қазасына қатысты аудандық, облыстық прокуратураға арыз жолдағанмын. Одан еш жауап болмады. Тергеушiлер Елдостың қазасына қатысты iстi “өзiн-өзi атып өлтiрдi” дегенге сүйреп апарғысы келетiндей. Осылайша қылмыстық iстi жауып тастамақ. Адам өзiн-өзi төрт рет атуы мүмкiн бе? Әрине, мүмкiн емес! 2005 жылдың қара күзiнде қоғам қайраткерi Заманбек Нұрқадiловтi атып кеткенде “өзiн-өзi үш рет атты” деп аруақты қорлап едi. Жұрт ащы мысқылдаған сонда полицейлердiң бұл әрекетiн. Ендi менiң ұлымды “өзiн-өзi төрт рет атты” деп қай бетiмен айтады?!
Басты күдiктi Б.Шынәдiлов болуға тиiс едi. Ол мереке күндерi (29, 30, 31 желтоқсанда) ауылда болған. Ал оған дейiн қайда болды, не iстедi? Бәлкiм, менiң баламды атып өлтiрген соң, үш күн бойы ауылда сайран салып жүрген шығар. Көз алдау үшiн...  
Жұрттың айтуынша, Б.Шынәдiлов аудандық полиция бастығының, ҰҚК-нiң аудандық бөлiмшесi қызметкерiнiң малын бағып отырған көрiнедi. Iстiң ашылмауына осы жайт себеп болуы мүмкiн. Әйтпесе, тергеушiнiң қылмыстық iспен бiздi және жалдаған адвокатымызды таныстырмай әрi iстi сотқа жолдамай тығып ұстауын басқа немен түсiндiруге болады?
Ендiгi үмiтiм iшкi iстер министрi мен бас прокурорда. Қ.Қасымов түпкiр аудандағы тергеушiлерiнiң немен айналысып жүргенiн бiлмеуi мүмкiн. А.Дауылбаев та бұл былықтан хабарсыз шығар, бәлкiм. Ендеше, “Шарымбай” шатқалындағы шатақты iстiң ақ-қарасын ажыратып, ар соты алдында ақталатын тұс осы.
 
Қайырғали Нұрқабаев,
Қақпақ ауылы,
Райымбек ауданы,
Алматы облысы. 
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті