1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №59 (15829) 30 шілде, сейсенбі 2013
\"Жас Алаштың\" құқықтық беті. Дайындайтын Дәнеш Ұзақ
30 шілде 2013
Бүгiнгiнiң “дембелi” бизнесмен бе?

Әскер дегенде ойымызға бiрден оралатыны – кәмлеттiк жас­қа ендi толған, бала мұрты жаңа шыққан бозбаланың бiр жылдық өмiрiн азапқа айналдыратын әлiмжеттiк. Мұны да көпшiлiк “кеңес дәуiрiнен қалған дәстүр, бiр кездегi “штрафбаттың” мұрасы” деп жатады. Ендi бiреулер, керiсiнше, кеңестiк армиядағы әлiмжеттiк бүгiнгi әскердегi жүгенсiздiктiң жанында айнала­йын екенiн айтады. Соңғылардың пiкiрiмен келiспеске болмас. Халық аузында “дедовщина” аталатын әлiмжеттiктiң бұл түрi бүгiнде бiршама өзiндiк ерек­шелiктерге ие. Ертеде сарбаздардың бұрынырақ келгендерi кейiнгi­лерге еден жуғызып, көше сыпыртып, әрi кетсе, ретi келген жерде “ит қып үргiзiп, мысық қып мияулату” сынды дөрекi әзiлдер­мен шектелсе, бүгiнгiнiң “дембелi” құтты бiр бизнесмен дерсiз. Сапқа жаңадан қосылған жас жауынгерлердi олар алғашқы күнi-ақ өзара бөлiсiп алады. Оларды “балашка” дейдi. “Балашкалар” өз кезегiнде “батяларының” (аға сарбаздардың – авт.) асты-үстiне түсiп, кетер-кеткенше иiлiп төсек, жайылып жастық болумен қатар, мерзiмдi қызметi аяқталып бiткенше қомақты қаражат берiп, “лайықты” шығарып салуға мiндеттi. Мұндай жауапты “тапсырманы” орындамаған сарбаз өзiнен кейiнгiлерге “әке” болу құқығынан айырылады. Әскерде “абыройлы” болу үшiн әр жауынгер тыным таппай ақша табудың, сөйтiп, өзiн “қамқорлығына” алған аға сарбаздың көңiлiнен шығудың қамын қарастырады.

Соңғы бiрнеше жылдар мұғдарында ақпарат құралдарынан балалары әскерде қаза болған ата-аналардың “Ұлымыз әскерге кеткеннен бастап ақша, ұялы телефон бiрлiктерiн сұратты” деген сияқты жанайқайын жиi естiп, көрiп жүрмiз. Осы жерде ұялы байланыс бiрлiктерi сарбаздардың бiрден-бiр есеп айырысу құралы екенiн айта кеткен жөн. Достарынан, ағайын-бауырларынан “смс” хат арқылы алдыртқан ол бiрлiктердi жауынгерлер өткен-кеткенге арзан бағаға сатып, ақшаға айналдырады. Ал ақша – “әскерде де ақша”. Жауынгердiң күнделiктi қызметте мүлт кетiп, аяғын шалыс басқан әр қателiгi әскери жарғыға сай тәртiптiк жазамен емес, ынсапсыз командирлердiң қалта телефондарына бiрлiк салумен жабылатыны азаматтық борышын өтеген әр жiгiтке аян. Сарбаздар арасында “Бiрлiк” болмай – тiрлiк болмайды” деген зiлдi әзiлдiң тууы да бекер емес.
Әскердегi әшкерелеудi қажет ететiн келеңсiздiктер тек бiр әлiмжеттiкпен шектелмейтiнiн, қоғамның жегi құрты жемқорлықтың да мұнда “қанатын кеңге жайғанын” бағамдап отырған боларсыз. Қорғаныс саласы қарапайым ғана әскери қызметке орналасу, лауазымдық сатымен өсу, шен алып, шекпен киюдiң коррупциялық схемаға негiзделген өзiндiк жөн-жоралғыларына ие. Және оның бәрi сiз бен бiз баламызды сенiп тапсырған, нағыз отаншыл азамат етiп тәрбиелейдi деп үмiт күткен сардарлардың үлесiне тиетiнi қынжылтады. Сарбаздардың киер киiм, iшер асынан үнем жасап iстi болған шендiлер туралы жиi естiп жатамыз. Қару-жарақ пен әскери техника сатып алуға қатысты басы дауға қалғандары тағы бар. Жемқорлықтың әскерилер арасында күннен-күнге қалыпты жағдайға айналып бара жатқаны кiмдi де болса алаңдатпай қоймас. Бүгiнде қарапайым келiсiм-шарт негiзiндегi әскери қызметке орналасу үшiн алынатын параның орташа құнына дейiн әр әскери бөлiмде бекiтiлiп қойылған. Бұған әскери құқыққорғау органдарының көз жұма қарауы жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтың ауылына жол сiлтейдi.
Бұл салада бiрдеңенi бiледi-ау дейтiндер әскерiмiздiң осы керi кеткенi кеткен дейдi. Оны заман өзгерiп, уақыттың жаңа талаптар қойғанына қарамастан, қарулы күштердiң кешегi санамен, кеңестiк қалыппен қалып қойғанымен түсiндiредi. Нарықтық қаты­нас­тардың қыр-сырына үңiлу, соған сай әрекет ету, бағыныштыларға тиiстi жағдай туғызу деген түсiнiк бұл салада әлi қалыптаспаған. Қарапайым сарбаздарды айтпағанда, армиядағы жетекшi күш – офицерлер мен сержанттар әлеуметтiк әдiлдiк, құқықтық кепiлдемелерден мақұрым қалуда. Қызметiне шын берiлген, отан алдында ары таза сандаған жiгiттер үйсiз-күйсiз сандалып жүр. Әскер – басшының тұлғалық қасиеттерi күнделiктi қызметте шешушi рөл атқаратын сала. Бұйрық орындалуы тиiс. Басшылар тарапынан қате бұйрық берiлген күннiң өзiнде оны орындағаннан кейiн ғана шағымдануға болатыны жарғыда тайға таңба басқандай көрсетiлiп қойылған. Болар iс болған соң шағымдандың не, “әмiрiңе құлдық” деп заңсыз бұйрыққа мойынсұндың не?!
Санасын тұрмыс билеген, “үйренсем, үйретсем, жанашырлық танытсам” деп емес, “iшсем, жесем, ретi келсе екi жеп, биге шықсам” деген қағидалармен күн кешкен оқалылар үшiн отан, мiндет, абырой деген ұғымдардан гөрi, ақша, атақ, лауазым сынды құндылықтар қымбатырақ. Басқаны көздерi көрмейдi, құлақтары естiмейдi. Бағыныштылардың мәселесiне бас қатырмайды. Содан болар, шендi шекпендiден, әлдi, азулыдан зәбiр көрген жа­уынгерлер мұңын шағар, зарын тыңдар жан таппай шырқырауда. Болашақ қолбасшылық құрамды қалыптастыруы тиiс, ұлттық офицерлiк корпусты құруы қажет жас сардарлардың өз-өздерiне қол жұмсаған абыройсыз өлiмi туралы қаралы хабарлар естiгенде, бұл – анау айтқан тұрмыстық қиындықтардан туындаған шарасыздықтан гөрi, ер еңсесiн езген кертартпа жүйеге деген үнсiз қарсылық белгiсi емес пе деген ойға қаласыз.
 
Ақтiлек Жомартұлы,
журналист.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті