1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №47 (15817) 18 маусым, сейсенбі 2013
\"Жас Алаштың\" құқықтық беті. Дайындайтын Дәнеш Ұзақ
18 маусым 2013
Қанiшер “құқық қорғаушы”

ЖАЛҒЫЗ ҰЛЫМДЫ ҚАСАҚАНА АТЫП ӨЛТIРГЕН ПОЛИЦИЯ ПОДПОЛКОВНИГIНЕ ЕҢ АУЫР ЖАЗА БЕРУДI СҰРАЙМЫН

ҚР Iшкiiстер министрiҚ.Қасымовтың,
ҚР бас прокуроры А.Дауылбаевтың,
ҚР Жоғарғы сотының төрағасы
Б.Бекназаровтың назарына
Бiршама жасты алқымдап, балаларым ер жетiп, қызығын ендi көрiп отыр­ған шағымда барлық қуанышым мен өткен өмiрiмдi полиция қызметкерлерi бiр сәтте күл-талқан еттi. Ешкiмге жаманшылық тiлемейтiн, бiтiмi жуас жалғыз ұлым Ұлан жаратушы Алланың ажалынан емес, қаныпезер­лердiң қолынан қаза тапқаны маған, анасына, туған-туыстарына, сүйiктi жарына, артында жетiм қал­ған қос ұлдары-құлыншақтарына орны толмас қайғы-қасiрет әкелдi...
 
Оқиға былай болған: ұлым Ұлан Берiкханов пен досы Саян Сыма­йыловты Шынғожа ауылдық округi­нiң учаскелiк полиция өкiлi Серiк­жан Сыдықов Астанадан алдап шақыртып алған. Ұлан мен Саянды Аягөз аудандық iшкi iстер бөлiмi бастығының орынбасары, полиция подполковнигi Алтынбек Жұмабековпен таныстырып, арада делдал бол­ған. Екеуара сөз барысында Жұмабеков “меншiгiм­де қойым көп, тоқтыларым да бар, сатамын” деген. Өзара келiскен соң Жұмабеков Ұлан­ға “есеп айырысу үшiн ақ­шаңды даярла” деп сендiр­ген. Осы сөзден кейiн Ұлан Астанадағы фирма жетек­шiсiне хабарласып, ақша аударуын өтiнедi. Сол күнi Ұланның атына 4 650 000 (төрт миллион алты жүз елу мың) теңге Аягөз қаласындағы “Темiр Банк” филиалына түсiп, ұлым барлық соманы теңгемен алған.
Полиция қызметкерi Жұмабековке ақша түскенiн Ұлан мен Саян екеуi хабарлаған және малды көруге қашан шығатындарын анықтамақшы болып, мал саудасына Саян екеуi бiрге бармақшы болған. Алайда Жұмабеков Саянның баруына қарсы болады да, 28 мамыр, жұ­мыс күнi таңсәрi­ден кетпекшi болып келiседi. Келiсiмдi күнi ертемен Жұмабеков өзiне бекiтiлген қызметтiк “Нива” автокөлiгiне Ұланды отырғызып, полиция аға лейтенанты Серiкжан Жұмашевтiң үйiне барады. Жұмабековтiң бұйрығымен сол үйде сейфте сақтаулы тұрған Жұмабековтiң аңшы мылтығымен бiрге Жұмашев өзiнiң де мылтығын оқ-дәрiсiмен алып шығады. Содан бұлар “Нивамен” Шұбартауға бет алады. Баршатас ауылына жеткенде сол жердегi посел­келiк полиция бөлiмшесiнiң бастығы, полиция капитаны Дулат Жангелдиндi жұмыс орнынан күн­дiзгi сағат он шамасында алып кеткен. Алдын ала ақылдасса керек, Жангелдин жеңiл киiнiп, жол азығы және арақ-шарап салынған жәшiктi Жұмабеков мiнiп барған машинаға тиеген. Осының бәрi посел­келiк полиция бөлiмiндегi сыртта орналасқан бейнекамераға түс­кен. Ұлан көлiктен түспеген, ал Жұмабеков “мал алып жүруге рұқсат қағаз әзiрлетемiн” деп iшке кiрген. Полиция бөлiм­шесi iшiнде оның кiммен сөйлескенi, ненi сөз еткенi беймә­лiм.
Ондағы шаруаларын бiтiрген түр көрсеткен Жұмабеков, Жангелдин және Жұмашев менiң ұлым Ұланды алып, төртеуi одан әрi жолға шығады. Алғашқы бiзге берген түсiнiк­терi бойынша Жұмашев пен Жангелдин “бiз Жұмабеков пен Ұланды ауыл шетiне шығарып салып, қалып қойдық” деген. Ал Жұмабеков: “Мал алуға барған Ұлан мал сатып алудан бас тартып, қайтпақшы болған соң, мен оны Қарағандыға кетiп бара жатқан бiр КамАЗ жүк көлiгiне отырғызып жiбердiм”, – дедi. “Қандай нөмiр­лi көлiк, қандай ерекшелiк­терi болды?” – деп сұрағанымызда, “оған көңiл бөлмедiм” деп қысқа жауап қайырды.
Полиция қызметкерлерi Баршатас ауылындағы жанар-жағармай бекетiнен 20 литр бензиндi канистрге құйып алады. “Малды Мал­гелдi ауылынан аламыз” деп алғашында менiң ұлымды сендiрген тәрiздi. Ұланның ойында ешқандай арам ой, күдiк болмағандықтан ерiп кете берген. Полиция қызмет­керлерi қастық қылады деп кiм ойлаған. Баршатастан 50-60 шақырым ұзап шыққан соң негiзгi сара жолдан бұрыс кетiп, “Шат” деген жерге келген. Сол жерде аялдап дем алады, апарған арақ-шараптарын iшiп, тамақтанады. Арақтан босаған бiр шөлмектi алшақтау жерге нысана етiп қойып, Жұмабеков Ұланға бiр мылтық ұстатады да, “бiрiншi сен көздеп ат” дейдi. Осының алдында Жұмабеков өзiмен бiрге барған екi қызметкерiне “мынада көп ақша бар, мен оны қазiр атып өлтiремiн” деп құлақтарына сыбырлаған. Ұлан тiзерлеп отырып, шөлмектi нысанаға ала берген сәтте артында тұрған Жұмабеков Ұланды ту сыртынан атып жiбередi. Басына оқ дарымай, иығына оқ тиген Ұлан артына шал­қалап қарай бергенде Жұмабеков екiншi рет құ­лақ-шеке тұсынан атып, мерт қылады.
Содан қаскөйлер қылмысын жасырмақшы болып, көлiктен палатка әкелiп, мәйiттi орап, ескi құдық басында қалған үлкен науаға салады да, өздерiмен ала келген канистрдегi 20 литр бен­зин­дi үстiне құйып, өртеген. Ша­ла өртенген мәйiттi мүлде жоқ ету үшiн көлiктен қосымша бензин құйып алып, тағы өртеген. Мәйiт толық жанбағандықтан, күймей қалған дене қалдығын көлiк орындықтарының қаптамасына салып, жол үстiнен алшақтау жердегi ескi қорым-зират iшiне апарып, таспен бастырып тастаған.
Ұланның жол сөмкесi iшiндегi ақшаны Жұмабеков алып, Жангелдинге 300 000 (үш жүз мың) теңге, Жұмашевқа 200 000 (екi жүз мың) теңгенi санап берiп, “болған жағдай туралы ешкiмге тiс жармаңдар, бiлдiрiп қойсаңдар, тұқымдарыңмен құртамын” деп қоқан-лоққы жасаған.
Қылмыстың iзiн жасыру мақсатында атылған оқтың гильзаларын өздерiмен ала келiп, дәретханаға тастаған. Қан тиген киiмде­рiн, ка­нистрдi Аягөз қала­сына тақай бергенде лақтырып жiберген. Жұмабеков қолын қандап келген соң түк болмағандай, Аягөзде оқушылардың ҰБТ-сын қадағалауға қатысқан.
Ұлымның жол сөмкесiнен алынған 4 650 000 теңгенiң жартысы қайда жұмсалғаны әлi анықталмады. Осыған қарағанда, қылмыскерлер сол соманы келешекте өздерiн ақтап шығару мақсатына жұмсауы мүмкiн деген күдiгiм бар.
Осы жантүршiгерлiк оқиғадан кейiн Жұмабеков ештеңе болмағандай, жұмыс кабинетiнде бiздi сабырға шақырып, “қайткен күн­де де Ұланды тауып беремiн, оған ешқандай алаң болмаңыздар” деп сендiрдi. Оның осы қылмысқа қатысы бар екенi анықталмай тұрғанда, Өскемен қаласына барып қайтқан, онда кiмге жолығып, не шешкенi бiзге бел­гi­сiз. Бәлкiм, өзiн қорғау үшiн әлдекiмдермен келiсiп келдi ме деген де ой туады.
Алғашқы күндерi полиция қыз­меткерлерi тарапынан жүргi­зiлген iздестiру жұмыстары көңiлiмiзге күдiк туғызғандықтан, туған-туыстардың, жолдас-жоралардың, жөн бiледi деген азаматтардың қатысуымен бiрнеше күн өзiмiз iздеу салып, ақырында Жұмабековтiң берген түсiнiкте­рiнiң шындыққа жанаспайтынын анықтадық.
Қылмыс ашылған күннен бастап кейбiр газеттер мен телеарналар “араққа сылқия тойып ал­ған полиция қызметкерлерi абайсызда адам ажалына себепкер болды” деген ақпарат таратуда. Арақ iшiп жасаған қылмыстың өзi қылмыс­кердiң жазасын ауырлатады. Сондықтан, iстiң мән-жа­йын анық бiлмейтiн кейбiр ақпарат құралдары жұртты адастырмаса екен деп тiлеймiн.
Бұл қылмысты алдын ала ке­лiскен, ұйымдасқан топ жасаған. Оған көптеген дәлелдемелер жоғарыда келтiрiлдi. Қылмыстың сце­нарийiн өзiнiң меншiгiнде ақсақ қойы болмаған полиция подпол­ков­нигi Жұмабеков құр­ған. Оның өздерi атып өлтiрген адамда көп сомада ақша бар екенiн бiлгенi, жанына ерiп бармақшы болған досы Саянды тас­тап кетуi, қарулануы, канистрмен бензин даярлағаны – осыған дәлел. Осындай қа­ныпезерлiкке барған адам осыншама уақыт заң органдарында қызмет етiп, қалайша подполковник шенiне жеткен?! Қолын қандағаны аздай, Жұмабековтiң “анамның аруағы атсын, бала-шағамның қызығын көрмей кетейiн” деп ант-су iшкенiн қайтерсiз.
Бiз, Қазақстанның қарапайым азаматтары, өзiмiздiң iшкi тыныштығымызды қорғайды деп полиция қызметкерлерiне сенiм артып жүрмiз. Сенген полицей­ле­рiмiздiң өзi құлқын үшiн адам өлтiрiп жатса, басқа кiмге сенемiз?! Кiмнен пана сұраймыз?! Осыдан соң полицияның беделi туралы сөз етудiң өзi артық емес пе? Ұланымның артында еңiреп қалған қос құлынының келешекте полиция қызмет­керлерi туралы ой-пiкiрi қандай болады? Басқа жұрт не ойлайды? “Бiр құма­лақ бiр қарын майды шiрiтедi” де­мекшi, Жұмабеков секiлдi қаныпе­зерлердiң кесiрiнен бүкiл бiр жүйе жаман атаққа қалды.
Қоғамда дүрбелең туғызған бұл iстi құзырлы органдар созбақтатпаса екен. “Қарға қарғаның көзiн шұқымайды” дейтiн сөз бар жұрт арасында. Жұмабеков пен оның жанындағылар әдiл жазасын алады дегенге де күмәнiм бар.
Ұланның туған-туыстары, жақындары, жора-жолдастары осы iстiң әдiл шешiлуiне атсалысуға әзiр. Егер iшкi iстер органына қайтан сенiм қалыптастырамыз десе, қылмыскердiң бұрынғы полиция қызметкерi екенiне қарамастан, тергеу әдiл жүргiзiлiп, Жұмабеков пен оның сыбайластары ең қатаң жазаға тартылуы тиiс. Оның осы қылмысты жасағаннан кейiнгi психологиялық көңiл-күйiнiң өзi адам ойын сан-саққа жетелейдi. Ештеңе болмағандай салқын сөйлесуiне, жүрiс-тұрысына қарағанда, Жұ­ма­­бековтiң қылмысы бұл ғана емес-ау деген ой келедi. Өйткенi Жұмабеков Шұбартауда қызмет еткен кезiнде де осындай қанды оқиғалар болған...
 
Назархан Берiкханов.
Аягөз қаласы,
Шығыс Қазақстан облысы.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті