− Айбек, сізді бүгінде қандай ойлар мазалайды?
− Күйші болғандықтан, күй өнерінің ертеңі мен бүгініне алаңдайтыным анық. Себебі күй айтыстың немесе дәстүрлі өнердің басқа да түрлерінің дәріптелу деңгейіне әлі көтерілген жоқ. Мені осы нәрсе қынжылтады. Дегенмен күйдің ғұмыры ұзақ болатынына сенемін.

− Сіз жайлы ақпараттар өте аз. Жарнаманы сүймейтін көрінесіз…
− Расымен де, өзімді жарнамалауды ұнатпаймын. Өнерде Роза Қуанышқызының жақсылығын көп көрдім. Бірде отандық арнадағы бір бағдарламада Роза апайға: «Роза Рымбаева неге әншіге емес, күйшіге көмектесіп жүр?» – деген мағынада сұрақ қойылды. Сонда Роза апай: «Таланттарға демеу жасап, көмек қолын созу керек. Талантсыздар өздері-ақ шығады», – деп жауап берген болатын.

− Роза Қуанышқызымен таныстығыңыз жайлы айтып өтсеңіз.
− Роза Қуанышқызымен 2011 жылдан бастап үш жылдай бірге жұмыс істедім. Ол кісі өнердегі анам іспеттес. Мені қолымнан жетелеп үлкен сахнаға, киелі төрге алып шыққан – сол кісі. Концертке «ән мен күй кеші» деп ат қойып, еліміздің әр қаласын, түкпір-түкпірдегі ауыл-аймақтың бәрін аралап, гастрольдік сапарға шықтық.

− Сізді Алматыға өнер жетелеп келді ғой?
− Астанадағы музыкалық академияны тәмамдаған соң, Семейге кетіп бара жатып көңілім қатты құлазыды. Бірнеше халықаралық, республикалық фестиваль, байқаулардың жүлдегері бола тұра, Астанада қала алмағаныма налыдым. Сонда анам: «Айбек, Абай атаң да Семейде жүріп-ақ әлемді мойындатты ғой», – дейтін. Семейде бірер ай болып, сосын Алматыға аттандым. Кетіп бара жатқанда: «Алматыда сендей мың Айбек бар»,–дегендер болды. «Мың біріншісі болсам да, барайын, көрейін» деп тәуекелге бел будым. Барғаннан кейін тура сегіз ай жұмыссыз жүрдім, еш өзгеріс болмады. Бірде өнер дүлдүлдері бас қосатын үлкен отырысқа шақырту алдым. Барған бетте Роза Қуанышқызын көріп, өз көзіме өзім сенбедім. Амандастым, Семейден екенімді айтып таныстым. Ол кісі, әрине, мән берген жоқ. Дұрыс қой, күніне мың адамды көреді, қайсыбірін таниды?! Содан сол жерде күй орындадым. А.Жайымовтың «Шаттанамын» деген күйі мен өзімнің «Мәңгілік» атты күйімді орындадым. Роза апай: «Әй, бала, бері кел», – деп шақырып, күйлерімнің ұнағанын айтты, музыкалық білімімнің бар-жоғын да сұрады. Нөмірі жазылған қағаз ұсынды. Он бес күндей өң мен түстің арасында жүрдім, хабарласуға батпадым. Екі-үш ай өткен соң сөйлесіп: «Роза апай, шын өнерлі болсам, шамаңыз келсе, осында алып қалыңыз. Болмаса ертең-ақ Семейге кетейін», – дедім. Себебі бір жылға жуық уақыт өтті. Мен босқа жүрмін. Ол кісі: «Ешқайда да кетпейсің. Сен үлкен сахнаның адамысың», – деп сенім артты. Содан бастап гастрольдік сапарларға шыға бастадық. Ән мен күй бүкіл Қазақстанды тербетті. Роза апай өз баласына жасағандай жақсылық жасап, қамқорлық көрсетті. Ол кісінің осындай адамгершілігін, өнерге адалдығын ешқашан ұмытқан емеспін. Қазір бір пайыз жетістігім болса, алдымен Алла, сосын Роза Қуанышқызының арқасы.

− Өнер жолын әншіліктен бастапсыз…
− Ж.Кәрменовке, Б.Тілеуханға еліктеп өстім. Сол кісілердің әндерін айттым. Бұл балалық еліктеу болар, кейіннен күй арнасына бұрылдым. Ауылда өстім. Абай атамның тікелей ұрпағымын. Әкем де, шешем де өнерден қаражаяу емес. Әнге маманданып жүргенімде Т.Рахимов күй әлеміне жетеледі. Содан бері күймен тыныстап келемін.

− Астанаға қайта оралуыңызға не себеп болды?
− Алматыда жүріп, таныла бастадым. Бір күні Еуразия ұлттық университетінің ректоры Е.Батташұлы хабарласып, Астанаға шақырды. Менің Алматыдан кеткім келмеді. Ерлан аға: «Астана – жастардың қаласы. ЕҰУ-дан вокалды-инструменталды ансамбль құрғанбыз, соны өзің қолға алсаң», − деген ұсыныс айтты. Өзімді сынап көргім келді. Роза апай екеуміздің ойымыз бір жерден шығып, Астанаға қоныс аудардым. Бастапқыда бөтенсіп жүргеніммен, мұнда келген соң бір жыл өтпей Конгресс-Холлда есеп беру концертім өтті. ЕҰУ-да ақсақалдардың басын қосып, күйге құштар жастарды жинап, 4-5 концерт бердім.

− Сіздің «Сарыжал», «Мәңгілік», «Айбарыс» атты күйлеріңіздің тағдыры, тарихы ерекше сияқты…
– Иә, бұл күйлердің әрқайсысы бір тарихи кезеңді көз алдыңызға әкелгендей әсер қалдыратыны рас.«Сарыжал» − Абай еліндегі полигон қасіретіне қатысты тағдырлы күй. Күйдің орта жағын Е.Құдайбергенов бауырым жыраулық сарынмен әрледі. «Мәңгілікті» қазақ даласына, қазақ тарихының өткені мен бүгініне арнадым. Н.Әбішұлы арнайы шақырып, төрт мәрте тыңдады. Ал «Айбарыс» күйі болса А.Нұғымаров «Қазақстан барысы» атанғанда шықты.

− Күйлеріңізден тарихи тақырыптарға жақындығыңыз байқалады.
− Жалпы, қай кезде де күйші өз дәуірін күйге қосқан. Бұл – заңды құбылыс. Құрманғазы, Диналардың кезеңінде де бұл үрдіс болды. Ел ағалары маған сенім артып, Алаш тақырыбына күй жазуды ұсынды. Мен жүрексіндім. Себебі алдыңғы буындағы күйші ағаларымыздың көзі тірі, оның үстіне бұл – өте ауқымды әрі ауыр тақырып. Бірақ ел ағалары: «Бұл – сенің міндетің. Сен сол Алаштың астанасы Семейденсің! Сенің осылай күй шертіп, кең даланы күйге бөлеп жүргенің алашордалықтардың арқасы», − деді. Содан бір жарым жыл көлемінде «Алаш» күйін жазып шықтым. Кейіннен «Елбасы толғауы» күйі дүниеге келді. Шілдеден бастап ұлттық арнаның эфирінен тұрақты түрде беріліп жүр.

− Т.Теменов те ағалық қамқорлығын аямаған екен…
– Талғат ағам маған «Айбек досым» дейді. Ол кісімен дос болу үлкен бақыт емес пе? Байқасам, Талғат аға өзінен кейінгі жастармен көп араласып, арасында тәжірибе алмасып отырады екен. Жастардың ой ұшқырлығын, жаңаға құштарлығын ұнататын көрінеді. Талғат ағаның бізден зор үміт күтетіні, сенім артатыны қанаттандырады.

− Елімізде тұңғыш рет болып жатқан «Мен қазақпын» мегажобасының тізгіні сіздің қолыңызда…
– Бұл жобаға келуімнің өзі қызық болды. Жай ғана кездейсоқтық десем де болады. «Мен қазақпынның» продюсері Қуаныш ағамыз хабарласып, жобаның мақсатын түсіндіріп, еліміздің әр түкпірінен таланттарды іздеп баратындарын айтты. Семейлік болғандықтан, Шығыс Қазақстанды қолдап, видеомен өз пікірімді айтуымды сұрады. Кейіннен ағам тағы бір хабарласып, «Сен кастингтен өттің»,− деді. Кастинг екенін ескертпеген, видеода мен тек өз тілектестігімді білдірген едім. Басында қалай болар екен деп қорқақтағаныммен, кейін ән мен күйдің әлеміне ену үшін сол әлемнің қыр-сырын білетін адам керектігін ұқтым. Ұлттық арнадағы осындай жобаны жүргізу – мен үшін үлкен абырой.

Әңгімелескен Әлия ІҢКӘРБЕК