Президенттің «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» атты мақаласының жарияланғанына жеті айдан астам уақыт өтті. Содан бері еліміздің көптеген аймақтарында болып, біраз іс-шараларға, жиындарға қатысып, сөз сөйлеуге тура келді. Осы аралықта талқыға түскен, жиындарда айтылған кейбір ой-ұсыныстарды тағы бір рет ортаға салуды жөн санап отырмын.

  1. Шенеуніктер президенттің ойын түсіне алды ма?

Өз ойым, еліміздегі шенеуніктер табының біраз бөлігі президенттің бағдарламалық мақаласын «жылдағы жолдау» есебінде қабылдап жүр. Мәселенің мәніне, тереңіне барудың орнына формалды, үстірт көзқарастар мен пайымдар басым сияқты. Бұл да өтеді-кетеді, бастысы, «жұмысты көрсету қажет» деген философия жеңіп жатыр. Жұмыстардың басым көпшілігі ұйымдастырушылық жұмыстарға, жиын-жиналыс, форум-конференция өткізуге бағытталған сыңайлы әсер тудырады. Жылдан-жылға жалғасып келе жатқан жұмыстардың барлығын дерлік «руханиландырып», ұлттық жобаның эмблемасын жапсырып өткізе беру модаға айналып кетті.

Тіпті «рухани жаңғыру» мәселелерін дәстүрлі түрде әкімдіктерге емес, аймақтық дәрежеде жасақталған «жобалық кеңселерге» табысталуы да көп нәрсені аңғартатын сияқты. Алайда осы аймақтық «кеңселерді» шенеуніктер жасақтағандықтан, олардың жұмысы сол әкімдіктердегі шенеуніктердің айтқанынан шыға алмай жатқаны айқын көрініп отыр. Жақында бір жиында «жобаның аясында осыншама ардагерге көмек көрсетілді, осыншама мүгедекке қолдау жасалды» деп есеп беріп жатқан кеңсе басшысын амалсыз тоқтатып, «Кешіріңіз, егер президенттің мақаласы жазылмаса, сіздер ардагер мен мүгедектерге қолдау көрсетпес пе едіңіздер?» дегендей уәж айтып, сынға алуға мәжбүр болған жағдайымыз бар. Кейбір кеңселердің жұмыс жоспарлары аймақта жалпы мәдениет-ақпарат саласында жасалып жатқан меморгандардың барша шарасын ішіне қосып алғаны бірден көрініп отырады.

Мұндай жағдаят «рухани жаңғыру», «модернизация» деген ұғымдарды девальвацияға ұшыратып, қадір-қасиетінен айырады.

Ұсыныс: егер осы жобаны маңызды, ұлтқа қажет дегеніміз рас болса, онда республикалық, аймақтық «жобалық кеңселердің» жобаларын қайта қарап, онда тек шынымен маңызды, меморгандардың жұмысынан тыс, қаржы көздері мен іске асыру тетіктері айқындалған іс-шараларды ғана қалдырып, бақылауға алу қажет сияқты. Тіпті сол «кеңселердің» басшыларының біразын жұмыстан алып, олардың орнына тың ойы, өзіндік позициясы, тұғыры бар адамдарды конкурс арқылы жұмысқа алу қажет секілді.

  1. Рухани жаңғыру, ұлттық модернизация дегеніміз не?

Әрине, адам жаны мен қоғам табиғатына қатысты дүниелер болғандықтан, «жаңғыру», «модернизация» деген нәрселерді нақты өлшеу, олардың пайдалы коэффициентін анықтау қиынның қиыны. Руханият, сана дегендеріміз бөшкелеп сатылатын мұнай немесе вагондап тасылатын көмір емес. Бір анығы бар: ешбір мемлекет, ешбір қоғам модернизацияны жақсылықтан жасамайды. Егер барлығы біздің телеарналарымыз айтқандай керемет болса, ангус сиырдың  үстіне страустар жұмыртқалаған заман болса, жаңарудың, жаңғырудың қандай қажеті бар? Алтын ғасырымызға жеттік, кемелдендік деп шаттанып неге ғұмыр кешпеске?! Модернизация кеңсенің ішін сырлап, ішіндегі жиһаздарды ауыстыра салу да емес. Тіпті бүгінгі күнде модаға айналған ребрендинг те емес. Модернизация – бір сападан бір сапаға өту, бір сападан түңіліп, жиреніп, басқа сапаға өтуге ынтық болу деген нәрсе. Яғни модернизация іске асу үшін елдегі кемшіліктер мен олқылықтарды айқын мойындауымыз қажет. Бұл – кез келген модернизацияның алғышарты. Дұрыс диагноз қою, ауруды мойындау, оны емдеуге деген қажыр-қайрат, шынайы ниет осы модернизация атаулының бастауы. Бізде осының бірі де жоқ.

Ұлттық модернизация, ұлттық жаңғыру дейміз. Жақсы, солай-ақ болсын. Бірақ нені жаңартып, нені жаңғыртуымыз қажет? Неден жиреніп, нені тарихтың еншісінде қалдырғанымыз абзал? Тіпті бойымыздағы қандай қасиеттер біздің өркендеп дамуымызға кедергі болып отыр, ал қайсысы, керісінше, дамытуды, өсіруді талап етеді? Біздегі білімге, ғылымға, еңбекке деген көзқарас қаншалықты дұрыс? Біздің балаларымыздың барлығы дерлік шетінен бастық, прокурор болғысы болып, инженер немесе жұмысшы болуға тырыспауына не себеп? Осы сұрақтарға философия, социология, психология сияқты ғалымдар жауап іздеуі тиіс. Ал осы ғалымдардың ортақ іске қосып отырған үлесі бүгінде шамалы, айқын емес. Жалпылама мақала мен «жолдауды қолдау» сыңайлы дүниелер емес, терең зерттеулер, терең талдаулар жоқтың қасы. Мұндай зерттеулерге нақты сұраныс, нақты қаржы көздері анықталған бюджеттік бағдарламалар әлі де көзге түскен емес.

Ұсыныс: бүгінде жалпы қоғам болмаса да, қоғамның негізгі бастаушы топтары, зиялы қауым өкілдері «рухани жаңғыру» жобасының маңызы мен қажеттілігін айқын түсінген сияқты. Оларды қосымша үгіттеудің асқан қажеті жоқ. Тіпті, керісінше, егер үгіт-насихатты нақты арнаға бұрмасақ, олардың ынта-ықыласын өлтіріп, жобаларды бюрократтандырып, «тірі өлікке» айналдырып алуымыз ықтимал. Бүгінде үгіт-насихат жұмыстарын шектеп, жобаны таяздан тереңге бұру міндет. Жалпылама әңгімелерді нақты ғылыми, кәсіби деңгейге шығару парыз.

  1. Рухани модернизацияның қызығын кім көрмек, оны іске асыруға кім мүдделі?

Әрбір үлкен жобаның, әсіресе модернизация сияқты аса күрделі үдерістің қолдаушы, қозғаушы топтары  болуы шарт. Біздің жағдайда ұлттық модернизацияны бастап отырған – атқарушы билік, нақтылап айтсақ президентіміз. Бұл үлкен жауапкершілік пен терең ойдан туындаған жоба екені анық. Алайда барша атқарушы билік өкілдерін модернизацияның қозғаушы, қолдаушы күші, тобы деп санай аламыз ба? Менің ойымша, жоқ. Себебі шынайы модернизация өтетін болса, бүгінгі шенеуніктердің біразы мүлдем жұмыссыз қалуы мүмкін. Олардың бүгінгі әләуләйі мен хәләуләйі ерте ме, кеш пе, аяқталатыны айқын. Сондықтан да бүгінгі шенеуніктер табының басым көпшілігі президент мақаласын жүрегімен, жанымен қабылдады, қолдады дегенге өз басым сене бермеймін.

Бұның екінші жағы да бар. Қарапайым халық, қалың бұқара осы рухани жаңғыру дегеннің мәнін терең ұғына алмай келеді. Және де ең қиыны осы үлкен жоба бізге қатысты, әрқайсымыздың мүддеміз үшін жұмыс істеп жатыр деген түсінікке жете алмай келеді. Экономикалық тілмен айтсақ: осы жобаның бенефициары, яғни қызығын көрушісі боламыз деген сенімі жоқ. Бұл жоба сол Астана мен Алматыдағы ат төбеліндей топтың айқай-шуы, солардың қызығы мен ермегі деген ойда жүр. Қарапайым ауыл, аудан тұрғынының көбісі «осы жоба іске асатын болса, шынайы модернизация жүретін болса, біздің әл-ауқатымыз, болашаққа деген сеніміміз артады» деп ойлап жүрген жоқ. Сол ауыл-аудан тұрғынының бойында «осы жоба іске асса, менің ауыл-ауданымның тұрмысы өзгереді, жақсарады» деген ойы қалыптаспаған. Жақында президентіміз «модернизация – аса ауыр үдеріс, шынайы модернизацияға жұртшылық қарсыласуы да, қарсы шығуы да ықтимал» деген еді. Біздің жағдайда ең қатерлі үдеріс тіпті қарсыласу да емес, халықтың, басым көпшіліктің немқұрайдылығы, жайбарақаттығы болмақ. Не істесең де істей бер, екі қойың бір тиын, сен тимесең мен тимен деген философия кез келген модернизацияны тумай жатып тұншықтыруы мүмкін.

Бүгінде «ұлттық жаңғыру» жобасының нақты бенефициары тек билік органдары мен биліктің айналасын торып жүрген кәсіби топтар мен мемлекеттік емес ұйымдар болып отыр. Егер халық санына шағатын болсақ, бұлардың үлес салмағы аса аз, мардымсыз болмақ. Бұл үлес салмақ модернизациялық жобаның дүлей күшке, алғадай күшке айналуына жол бермейді.

Ұсыныс: үгіт-насихат жұмыстарының жолдары, негізгі ұрандары мен тәпсірі ой елегінен өткізіліп, қайта қаралуы қажет. Қоғамның әрбір мүшесі осы жобаға мүдделі болмай, осы жобаның берер нақты пайдасын көрмей, сезбей, оның шынайы жақтасына, қозғаушы-қолдаушысына айнала алмайды.

«Рухани жаңғыру» жобасының аясында ұлтқа шынымен қажетті, аймақ-аймақтағы жұртқа болашақта пайдасын тигізер жобалар жеткілікті. Сол жобаларға қатысты мынадай ұсыныстар айтуға болар еді.

Мысалы, бүгінгі күні осы жоба бойынша тарихи, табиғи, басқа да объектілердің санын анықтау жұмысы аяқталып келеді. Олардың санын анықтау, картасын жасау, оларды туризм нысанасына айналдыру, инфрақұрылымын жасау ұзақ мерзімді жұмыс. Бұл жұмыстар рет-ретімен жүзеге асатын болса, болашақта жаңа жұмыс орындары ашылып, нақты аймақтар мен елді мекендерде табыс көзі жасақталады.

Алайда осы жоба аясында айқын байқалған дүниелер бар. Мысалы, біздің санамызда «қазақтар әлмисақтан тек көшпелі ел болған» деген көзқарастарды қайтеміз? Сол «Қасиетті география» тізіміне енген қалаларымыз қайдан шықты? Яғни бұл көзқарастарды қайта қарау, жаңа тарихи-философиялық концепцияларды жасау міндет емес пе? Егер жаңа дәуірде урбанизация үдерісін маңызды санасақ, жаңа қазақ қаласының келбетін жасағымыз келсе, тағы да тарихқа жүгінеміз. Ал қазақтың қаласы өз заманы үшін ғаламат феномен болғанын ғалымдар мен археологтар паш етуде.

Қазақ жеріндегі қалалар өз заманында еуропалық қалалардан да озып түскен, онда су құбырлары, моншасы, канализациясы болған, инженерлік-инновациялық дәрежесі биік болған. Олай болса біздің Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Алматы облыстарындағы тарихи қалаларымызды жаңа тұрғыдан көрсете білу міндет. Шынын айту керек, бұл облыстардағы музейлеріміздің сапасы сын көтермейді. Бұларымыздың экспозициялық философиясы жаңармаған, кейбіріндегі экспозициялар  кеңес заманынан бері жаңармаған. Бізге керегі сол ортағасырлық қалалардағы теңгелер мен құмыраларды ғана көрсету емес, сол қалалардың тыныс-тіршілігін ашатын, әрбір келушіге сол қалалардағы жоғары мәдениет пен техниканың болғанын көрсете білу. Біздің қалаларымыздағы инженерлік шешімдерді, ғылым жетістіктерін көрсету, оны көруге, қолмен ұстауға, тіпті араласып көруге болатын патриципаторлық тетіктерді іске қосу. Кез келген музейге келген бала біздің бабаларымыздың суды қалай тартқанын, қағазды қалай жасағанын, теңгені қалай құйғанын көзімен көріп, өзі араласатындай жолы болғаны шарт. Тек осындай қызығушылық арқылы балаларымыздың тарихқа, техникаға, инновацияға деген қызығушылығын арттыра аламыз. Тек осындай жолмен ғана «қазақта қала болмаған» дегенге саятын отаршылардың жалған ұрандарын жоя аламыз.

«100 жаңа есім»  жобасының аясында 100-ден аса азаматтың атын анықтадық делік. Бұл жобаның өзін ғаламат жарысқа айналдырып тастадық. Тұлғадан тағылым алудың орнына бюджет жасадық. Онымен әрі қарай не істей аламыз? Жүз кино түсіріледі делік, жүз мақала жазылсын делік. Ол да қажет жұмыс. Ал әрі қарай не істемек керек? Менің ойымша, қоғамның өзі, әрбір саласы өз бағыттары бойынша сол жүздіктерді анықтау индустриясына айналуы тиіс еді. Яғни әдеби, мәдени, ғылыми, бизнес, спорт рейтингтерінің индустриясы пайда болғаны шарт. Бір-бірімен жарысатын, бір-бірімен бәсекеге түсетін, болашақ дарындарды бала кезінен анықтайтын жүйе болуы шарт. Біз аумалы-төкпелі, бүгін бар, ертең жоқ ақпараттық заманда ғұмыр кешіп жатырмыз. Олай болса мәселе тек әуре болып, терлеп-тепшіп бір тізім жасау міндет емес. Тіпті мұнымыз билік органдары анықтайтын шаруа да емес. Ең бастысы, жұрт сенетін сан алуан, әртараптанған рейтингтер жүйесін жасау. Онымен айналысып жатқан адамдар мен ұйымдар жеткілікті. Соларға кедергі жасамай, дұрыс жұмыс жасауына жағдай жасау қажет секілді.

Немесе басқа да мысал келтіруге болады. Қасиетті география дегеніміз не? Мысалы, Сыр елі деген кезде ойымызға ең алдымен Сығанақ пен Қорқыт ата емес, Сырдария келетіні анық. Орал, Атырау десек Еділ мен Жайық, Ақтау десек қарт Каспий еске түседі. Олар да қазақ пайымындағы қасиетті география объектілері. Осы орайда, бір топ азамат болып «Өзендер – өркениет өзегі» деген мега-жобаны ұсынып отырмыз. Ондағы мақсат – қазақ қауымы үшін «судың да сұрауы бар» деген қағидатты санаға қазық қылып қағу, су шаруашылығының күрделі ағза екендігін паш ету, сол өзен-көлдердің бойындағы жұртшылықтың тыныс-тіршілігімен танысу, еліміздің өлкетануы мен экологиясын насихаттау экспедициясын ұйымдастыру. Осы өзен-көлдерді бастауынан бастап аралап өту халықаралық дипломатия үшін де пайда тигізері анық, әсіресе Орталық Азия елдерін бір-біріне таныстыру, жақындастыруға әсерін тигізеді деп санаймыз. Болашақтағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жобалардың саны осындай тың іс-шаралармен толықса құба-құп болар еді. Ондай ұсыныстар қоғам ішінде жеткілікті. Тек осы жобаны жүргізіп отырған азаматтардың сергектігі, жаңаша ойлау қабілеті ауадай қажет.

Айдос Сарым,

саясаттанушы, қоғам қайраткері,

«Жас Алаш» газетінің тұрақты авторы

4 ПІКІРЛЕР

  1. Жартасқа бардым.
    Күнде айға салды.
    Одан да жаңғырық.
    Естіп үнің.
    Білсем деп жөнін
    Көп іздедім қанғырып.
    Баяғы жартас бір жартас
    Қанық етер, түкті байқамас

  2. Осы руханый жаңғыру деп шулап жатырсыңдар ал халық екі қолға бір кұрек жұмыс болса болды деп есі шығып жүр,бағдарламаларың аңыз ертегідей бізге тұсініксіз

  3. Айдостың пікірі өте дұрыс орынды Ондай пікір айту құқығын халыққа беру керек. Халық қорқып бітті, балалры үшін биліктен қорқады, әр топта, ұжыцмда сексоттар отырса. Интернетті ҰҚК алу керек? демократия Балтық елдерінде сияқты болу керек; Президент билікке араласпауы керек Англияның королевасы сияқты, Балтық елдерінің приезиденттері сияқты. Студенттердің, магистранттардың мұғалімдердің мардымсыз жалақысын дамыған 30 елдердегі ұстаздардың жалақысына жеткізсін. Оған негіз бар: ЮНЕСКО-ның зерттеуі бойынша мұғалімдір қауымы ВВП-нің 12% пайызын береді екен. Ондай болмаса байлар өздері «жаңғыра» берсін оған АЛЛА куә болсын.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз