Билік – апиын. Апиын болғанда да өте күштісі. Егер билік апиын болмаса, Атамбаев кеше қазақты шауып алардай болып тепсініп, өз адамы сайлаудан оза шауып келген соң, мүләйімсіп «эмоцияға беріліппін» дер ме еді?!. Деді. Дегізген – сол билік-апиын.

Біз бұл жерде қазақтың билігін ақтап, жақтап, үфілеп-сүфілеп алайық деген ойда емеспіз. Атамбаев екінші рет аузын ашқанда сөз қасиетті ханымыз Кенекеңе тигенде «әй, анау оңбайды» дестік. Айтып ауыз жиғанша болған жоқ, бүгін Атамбаев өзінің Орталық Азия саяси сахнасындағы «әртістік өнерін» тағы бір рет көрсетіп бүй деді: «Көңіл күйдің ауанымен Қазақстан президенті туралы айтқаным дұрыс болмаған секілді. Осы күндері соны ойлап жүрмін». Мұнысы, «өз адамым өтпей қала ма деп жаным шығып кете жаздап, не айтып, не қойғанымды білмей қалдым. Әйтеуір, біздің адам өтті. Енді ойласам, артық кетіппін» деген сөздің ресмилеу түрі ғой. Атамбаевтың олай дейтін жөні бар, біздің сарапшылар Қырғыз сайлауының қорытындысын талдай келе, Сооронбай Жээнбеков Атамбаевтың адамы, оң қолы екенін айтысқан. Сол Сооронбай сайлаудан озып келіп: «Әр мемлекет – тәуелсіз ел. Біз олардың бәріне құрметпен қараймыз. Әсіресе көршілерімізге», – деген еді. Ал Атамбаевтың бүгінгі «өнері» «Сооронбайды сорлатып алмайын» деген ойдан туған таяз қулық.
Атамбаевты айтқанда «біздің сүйікті көсемдеріміздің де» әрекетін айтпасқа болмас. Қазақстанның билігі өзі өлердей еліктейтін Ресейдің саяси жолымен Қырғыздағы сайлау алдында Бабановты қабылдады. Жұрт көрді. Кезінде Атамбаевты Путин қабылдаған. Бірақ ол кезде ешкім шала бүлініп, ер-тоқымын бауырына алып туламап еді. Назарбаев Бабановты қабылдағаны сол еді, Атамбаев «ақырып» шықты. Біздің кейбір әсіредемократияшыл ағайын «Атамбаев айтып-айтып тастады» десіп, қақпағын ашқан қазандай буы шығып, бір босап қалды. Босап қалғанын қайтейін, қазақтың шындығын шыңғыртып айтқыш Атамбаев әлгі айтқыштығының ізін ала Кенекеңе тілі тиіп кете жаздады. Тигенді қойып, «бізге қылышпен келгендердің басы шабылған» деп тура айтты. Оған намыстанған қазақ болмады: бәрі толерантты, көпвекторлы, көпұлтты, тыныштықтың сақшылары. Сондықтан Кенекем-ай деп көтеріліп, Атамбаевқа қарсы бір ауыз сөз айтқан я зиялы, я оқымысты, я сарапшы, я ұлтшыл көрмедік. Атаның намысы кетіп жатқанда қозғалмаған ағайын демократия үшін күреседі дегенге енді сеніп көріңіз.

Атамбаев қанша албаты сөйледі дегенмен, айтқандарының ішінде біздегі мызғымастай, тәкаппар биліктің құйрығын басып кететіндей нәрселер бар. Ол – президенттің айналасындағы қазақстандық олигархтар. «Олар Қазақстанды емес, өздерінің батыс банктеріндегі есепшоттары мен жеке бастарын ғана ойлайды. Назарбаев мен секілді аңқау адам, мұны тіпті де білмесе керек» дейді. Назарбаев Атамбаев секілді аңқау дегенге сенетін адам сирек болар… Дегенмен біздің биліктің айналасындағы элита деп әспеттелетін бай-бағландар туралы Атамбаевтың айтқанының жаны бар. Кезінде «Панама ісінде» қазіргі вице-премьер Ерболат Досаев, я бизнесмен, я мемқызметкер екені белгісіз бай Болат Өтемұратовпен байланысы бар адамдардың, компаниялардың аты аталып шу болған. Бірақ жоғарыдағы мырзалардың мұрты да қисайған жоқ, керісінше, табыстары еселеп артып жатыр. Атамбаевтың айтып отырған олигархтары, бәлкім, солар болар… Мұның екінші бір жағы бар. Атамбаев президенттің айналасындағы «елді емес, өзін және байлығын ғана ойлайтындарды» айту арқылы Қазақстанда іштей қызып тұрған биліктің ауысу процесіне өзінше май құймақ болып отыруы да ғажап емес. Май қайдан келді десеңіз, ол майды Кремль тегін беріп отырмасына ешкім кепіл бола алмайды. Олай дейтініміз, Атамбаев: «…Кириллицадан латынға өту Ресейден іргені аулақ салу; ал Ресейдің шекарасында Қазақстан әскерилері мен АҚШ-тың жаяу әскерінің оқу-жаттығу өткізуі; соңғы жылдар бедерінде Қазақстанның әрекеті Еуразия экономикалық одағын күйретуге бағытталып келеді». Бұл сөздер Қырғыздың қамын ойлаған адамның сөзіне ұқсамайды. Керісінше, президент боларда Путиннің батасын алған кандидаттың «адалдығын» еске салады. Қысымнан көз ашпай, ұрынарға қара таппай отырған Ресейге Қазақстанмен араға от салатын, орай тудыратын адамның ауадай қажет екені Атамбаевтың сөзінің астарынан аңдалатындай. Әңгіме осы қалыппен жалғасса, Сооронбай екі елдің сорына айналмасына ешкім кепіл болмайды. Өйткені ақылшысы Атамбаев болса, Сооронбай қайда барып оңады?! Атамбаевты бурадай бақыртып, есектей ақыртып отырған Кремльдің билік қорғаны болса тіптен… Өзі де билікті не қыларын білмей, амалсыз уақыт созып отырған Қазақстан үшін бұл жағдай, бейнелеп айтқанда, «Бабановтың Өмірбегінде нең бар еді, құлынымның» кері болмаса игі. Бәрін қойшы, Қытайдан және өзге де көршілерден ұят болды. Орталық Азия, көрші-қолаң былай тұрсын, әлемдік саясатта зор ықпалға ие біздің көсемдеріміздің іргедегі туысқан елдің тұтқасы Атамбаевқа әлі келмей қалды деген сөз «сүйекке таңба» ғой. Осы бір Атамбаев пен Назарбаев «шайқасын» сырттай бақылап отырған елдердің кім туралы, қандай ой түйгені көп ұзамай саяси тақтаның жүрісінде белгілі бола бастайды. Қызықтың көкесі сонда болады… Атамбаевты қойшы, айта береді, кетіп бара жатқан адам не демейді дерсіз… Бірақ Сооронбайдың кілті Атамбаевтың қолында. Демек, Атамбаев аттан түскен жоқ, әлі талай қылық шығарар, «өнері» енді ашылды ғой…

Таңатар ТАҒАН

2 ПІКІРЛЕР

  1. Міне , мыналарыңыз енді тамаша болды! Жазылған пікірдің бірден жарияланатыны ұтымды әдіс болары сөзсіз. Істеріңізге сәттілік тілеймін!

Comments are closed.