Қазақ халқы мен Қазақстан үшін аса күрделі, тарихи тағдыршешті болып табылатын Алаш оқиғасының 100 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралардың қорытынды кезеңінің жоғары мемлекеттік деңгейде өткізіліп жатқаны қуантады.
Алашордалықтар өткен ғасырдың бас кезеңінде Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде қайта өрлеу дәуірін жасады. Олар, біріншіден, өздерінің белсенді ғылыми-публицистикалық қызметімен халықтың сана-сезімін оятты, аяғына тұрғызды, ұлттық еркіндік пен ұлттық мемлекеттілікті қайта өркендетуге деген рух пен үмітті күшейтті. Екіншіден, олар өздерінің бүгінгі тілмен айтқандағы «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасын әзірлеп, халыққа және бүкіл әлемге жария етіп, ең бастысы бүкіл Қазақстанның аумағында іске асыра бастады.
100 жыл бұрын, 1917 жылғы 12 желтоқсанда Орынборда екінші Жалпықазақ съезінде (құрылтайында) құрылған «Алашорда» Үкіметі қазақ мемлекеттігін қайта дамытты. Сол кезде де, бүгін де құқық, саясаттану және әділдік тұрғысынан алғанда, бұл саяси шешім қазақ халқының еркі мен арманына сай және толығымен заңды болды. Алаш партиясы қозғалысының және аса көрнекті көшбасшыларының үлкен тарихи еңбегі осында. Қазақ халқының ұлттық мемлекеттілігін қайта дамытудағы осындай ұжымдық ерік-жігер (прецедент) алдын ала анықтай отырып, большевиктердің 1920 жылғы 26 тамызда Қазақ (Қырғыз) автономдық Республикасын (1936 жылдан бастап — Қазақ КССР) құруға мәжбүр етті және бұл ақырында 1991 жылы Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігіне алып келді.
«Алаш» көшбасшыларының ерен еңбегі сол – олар қазақ халқының ең жоғары білімді зиялылары ретінде, шекараларды әкімшілік бөлу кезінде жан-жақты әрі ғылыми-теориялық және саяси тұрғыдан негіздей отырып және Ленин басқарған Кеңестік билік басшылығының көзін жеткізіп, патшалық Ресей алып қойған, тарихи тұрғыдан қазақтарға тиесілі жерлердің қазақ халқына (оның автономдық республикасына) қайтарылуына қол жеткізген.
Алаштың айрықша еңбегі сол – оның көшбасшылары 20 ғасырдың бас кезіндегі тың үрдістер тұрғысынан алғанда Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін, жеріміздің тұтастығын сақтап қалу үшін ата-бабаларымыз жүргізген күресті жалғастыра отырып, бұл күресті шарықтау шегіне жеткізді, осы күрестің жаңа өркениетті нысандары мен тетіктерін, атап айтқанда: жалпыұлттық партияны құруды, біртұтас ұлттық мемлекеттілікті қайта өркендетуді, мемлекеттік билікті бөлу туралы ұсыныстар енгізуді, президентін лауазымын құруды және тағы басқаларды ұсынды.
Биыл наурыз айында Алматыда, Алаштың 100 жылдығы мен Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына арналған еске алу Асында сөйлеген сөзімде мен бастапқыда Алаштың жеті көрнекті көшбасшысына «Халық қаhарманы» атағын беруді ұсындым. Олар — Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатұлы, Жақанша Досмұхаметұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Халел Досмұхамедұлы. Оған дау тудырмайтын негіздер ретінде олардың қазақ халқы алдындағы жоғары рухани және азаматтық ерліктерін, туған халқы мен туған еліне деген риясыз әрі адал сүйіспеншіліктері мен жанқиярлықтарын, осы аса көрнекті тұлғалардың мемлекеттіліктің демократиялық, еуропалық және халықаралық стандарттар бойынша қайта өрлеуіне қосқан нақты үлестерін, бүкіл саналы өмірлерін отаны мен халқының еркіндігі мен тәуелсіздігіне арнап, сол үшін еш ойланбастан өз өмірлерін қиғандарын атап көрсеткен едім. Олардың ерлігі халқымыздың жадында әрдайым сақталады және өз халқына деген сүйіспеншіліктің, еркіндік пен тәуелсіздік үшін күресудің үлгісі, эталоны болып қала бермек.
Көрнекті қайраткерлеріміз сол кездегі алдыңғы қатарлы еуропалық және халықаралық, озық жетістіктер мен стандарттар деңгейінде өз Отанының қоғамдық-саяси және мемлекеттік дамуының теориялық негіздерін қалап, практикалық үлгілерін ұсынды. Жүз жыл өткеннен кейін олардың теориялық және саяси тұжырымдамаларының сол кездегі ресейлік танымал саяси қайраткерлердің солшыл-революциялық, монархиялық және басқа да бағдарламаларына қарағанда, объективті тұрғыдан алғанда және өмір үшін маңызды, көреген әрі халқымыз үшін пайдалы болғанына көз жеткізіп отырмыз. Олардың стратегиялық бағдарламалары, тактикалық іс-әрекеттері қазақ халқының мүдделерін терең әрі жан-жақты талдай отырып, ескере отырып туындаған негізде, сол кездегі даму үстіндегі саяси ахуалға сай болды.
«Алаш» ұлттық-азаттық қозғалысы іс жүзінде бүкіл өңірлерді, барша қазақ қоғамын қамтыды. Егер ғалымдардың ресми деректеріне және ресми статистикаға жүгінсек, 20-ғасырдың басында, яғни 1917 жылға қарай Қазақстандағы қазақтардың саны 6 миллионнан асатын. Сондықтан, «Алаш» қозғалысын қолдап, оның іс-шараларына миллиондаған қазақтар және басқа ұлттардың өкілдері қатысты деп айта аламыз. Барлық дерлік өңірлерде құрылған Қазақ комитеттері — «Алаш Орда» үкіметінің жергілікті жерлердегі атқарушы органдары (құрылымдық бөлімшелері). Олардың барлығы әртүрлі қуғын-сүргінге ұшыраған. Оларды ақтар да, қызылдар да қуғын-сүргінге ұшыратты, себебі, олардың жоспарында қазақ халқына тәуелсіздік сыйлау болған емес.
Алаштың көшбасшылары «Қазақстандағы шағын қазан» саясатына және Голощёкин басқарған Қазақ өңірлік комитетінің практикалық қызметіне мұқият талдау жасап, Қазақстан басшылығындағы өрескел қателіктерді атап көрсетіп, сондай-ақ халық қасіретінің – жасанды түрдегі жаппай ашаршылықтың туындайтынын болжай отырып (қазақ халқының жартысы қаза болған), байлардың шаруашылықтарын тәркілеп, құқығынан айыруға және жаппай ұжымдастыруға қарсы шықты және Голощёкинді Қазақстанның Бірінші басшысы қызметінен алуды ашық түрде талап етті. Кеңестік империяда бұл өте ауыр мемлекеттік қылмыс болып есептелген.
Алайда, төңірегіндегі халықтардың ұлттық мүдделерінен қол үзген, күш-қуат алған сталиндік-кеңестік қуғын-сүргін машинасы өзінің империялық мүддесінде «бөліп алып, билік ет» саясатын пайдалана отырып, Қазақстанның сол кездегі саяси элитасы мен зиялыларын ыдыратып, Алаш көшбасшылары мен белсенділерін жаппай қудалай бастады. Голощёкин Республика басшылығындағы өз жақтастарының — қазақтардың қолдауымен халқымыз әлі де зардабын сезініп отырған ғаламат қасіретке алып келген «Қазақстандағы шағын Қазан» бағдарламасын іске асырды.
«Алаш» партиясы және «Алаш Орда» үкіметі қозғалыстарына біріккен алдыңғы қатарлы, жоғары білімді қазақ элитасын күштеп қырып-жоюға ұласқан қуғын-сүргін Қазақстанның барлық өңірлерінде жүргізілгенін тағы да атап көрсету қажет. Партияның қатардағы мүшелері, облыстар мен үйездердегі филиалдардың қызметкерлері, «Алаш Орда» әскери бөлімдерінің сарбаздары негізінен әлі де ақталмаған. Мемлекеттік тәуелсіздігіміздің 25 жылын тойласақта бұл жұмысты мемлекеттік тәуелсіздігін алған басқа елдер сияқты жүйелі негізге қоя алмай отырмыз.
«Алаш» партиясы көшбасшыларының, белсенділерінің, мүшелерінің, олардың жергілікті жерлердегі белсенді жақтастарының Отанымыздың бостандығы үшін, қазақ халқының мүдделері мен болашағы үшін құрбан болғаны сөзсіз.
Әлемнің барлық дерлік мемлекеттері тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін бірінші кезекті мемлекеттік шара ретінде өз халқының азаттығы, өз жерінің біртұтастығы мен бүтіндігі, өз елінің тәуелсіздігі жолында күрескен ұл-қыздарының (қаза тапқан және көзі тірі) тағдыры, көрсеткен ерлігі жөнінде шешім қабылдады. Олар өз Отанын, өз жерін қорғаушыларды ұлттық батыр дәрежесіне көтеріп, ұлықтады. Бұл – әлемнің заңдылығы, әлемдік практика, жаңадан құрылған барлық мемлекеттер осы жолды ұстанады.
Қазақстанда да тәуелсіздік алғаннан кейін бірқатар маңызды мемлекеттік шешімдер қабылданғанын айту керек. Атап айтқанда, негізінен тарихи және мәдени ескерткіштерді қалпына келтіруге, қазақ тілін қайта дамытуға, сәулет құрылыстарын қайта өркендетуге бағытталған «Тарихи сананы қалпына келтіру тұжырымдамасы», «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды.
Жекелеген тарихи оқиғалар мен мадаққа ие болған тарихи тұлғаларға (негізінен жоңғарлармен соғыс кезінде) арналған ғылыми-практикалық конференциялар өткізілді, олардың құрметіне ескерткіштер қойылып, оларға көше атаулары берілді, олар жайлы мемлекет басшыларының баяндамаларында сөз етілді, кітаптар шығарылып, мақалалар жазылды, бірқатар көркем және деректі фильмдер түсірілді.
Бірақ олар көбіне академиялық және бір реттік сипатқа ие болды, жалпы тәсілдер мен ұсынымдарға, сондай-ақ мерейтойлық даталарға арналды, салтанатты шара — той түрінде өткізіледі.
Біз Қазақстанға күштеп көшірілген басқа халықтардың өкілдерін ақтап шығардық. Онымыз дұрыс-ақ. Ал басқа бұрынғы одақтас республикалардан бір ерекшелігіміз – біз әлі күнге дейін Қазақстанның азаттығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күрескендерге қатысты ешбір арнайы мемлекеттік акт қабылдамадық.
Бірнеше ғасыр бойы алуантүрлі мемлекеттік қудалауға ұшырап, жазалаушы жасақтар қырып-жойған, атажұрты Қазақстаннан қуылған, тұтас бір халықтың жартысын бір тістем нанға зар қылып, азапты ажал құштырған, қолдан жасалған зұлмат аштықтың құрбаны болған байырғы халық – қазақтардың өкілдеріне (халықтың өзіне де) қатысты бірде бір арнайы мемлекет арнайы саяси және зандылық баға беріліп, қажетті шаралар тәуелсіз мемелекетіміздің тарапынан қабылданбады.
Қазақстан бұрынғы КСРО-ның басқа одақтас республикаларына қарағанда отаршыл басқыншылыққа көбірек ұшырады. Қазақ халқы бұрынғы КСРО-ның басқа халықтарына қарағанда тоталитарлық сталиндік режимнен көбірек зардап шекті. Сондықтан да бізде қуғын-сүргін ауқымы мен құрбандар санатының жан басына шаққандағы саны басқа республикаларға қарағанда көбірек.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қалыптасқан жаңа мемлекеттер мен «социалистік лагерь» елдерінде де осындай практика орнықты. Шығыс Еуропа мемлекеттері, бұрынғы КСРО-ның одақтас республикаларының барлығы дерлік, өткен ғасырдың 1990 жылдарының басында, өздерінің нақты жағдайларын негізге ала отырып, қажетті мемлекеттік шешімдер қабылдады.
Егер бүгінгі таңда мемлекетіміз, үкіметіміз қандай да бір себептермен бұл жұмысты жүргізуге дайын болмаса немесе жүргізе алмаса, онда басқа елдердің оң тәжірибесін пайдалану: жұртшылыққа жол ашу, архивтерді ашу, ғалымдарға, өлкетанушыларға, ерікті зерттеушілер мен мамандарға ықтимал және қажетті көмек көрсету қажет.
Қазіргі кезде Қазақстанда қызметтері осы мәселелермен байланысты бірнеше үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істеуде, бірақ олардың барлығы дерлік мұқтаж және кіріптар күйде, игі әрі қасиетті іс үшін мемлекет пен бизнесмендерден көмек сұрап отыр. Мұндай ұйымдардың барлығына ұйымдық әрі насихаттық және материалдық тұрғыдан, тым болмағанда, жергілікті билік органдары тарапынан, бизнестік құрылымдар, меценаттар мен жұртшылық тарапынан ықылас пен көмек қажет.
Бұл мәселеде барлық деңгейдегі билік өкілдерінің түсінбестігі, патриоттық танытпауы және саяси болжамсыздығы үшін көңілің қалатын, өзіңді кінәсіз жазықты сезінетін жайттар, саяси партияларымыздың, депутаттық корпустың, зиялы қауымның халық алдындағы және қаһармандарымыздың рухы алдындағы енжарлығы мен жауапсыздығы үшін ұялуға тура келетін жайттар жиі орын алып жататындығы өкінішті. Мемлекеттің де, бизнес құрылымдардың да осы үкіметтік емес ұйымдарға жүйелі түрде қолдау көрсетпеуі қатты қынжылтады.
Біздегі проблема – бизнес құрылымдар да, жұртшылық та, жергілікті мемлекеттік құрылымдар да бұл мәселелерге жүйелі түрде араластырылмайды, өйткені олардың алдына үкіметтің, республикалық құрылымдардың тарапынан мұндай міндеттер қойылмайды, сол үшін қажетті заңдар мен басқа да арнайы нормативтік актілер қабылданбаған. Сондықтан жергілікті жерлерде Қазақстанның саяси және мемлекеттік билігі мұндай саясатты жүргізуге құлықсыз деп санайды. Қолданыстағы нормативтік актілер Ресейлік заңдардан көшіріп алынған, сол себепті де Қазақстанның еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін күрескерлердің барлық санаттарын қамтымайды және қамти да алмайды.
Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескерлердің ерліктерін толық ақтау және мәңгі есте сақтау – өзінің тәуелсіздігін жариялаған халқымыздың және Қазақстанның ардақты міндеті. Сондықтан да бұл мәселенің «Рухани жаңғыру» бағдарламасының темірқазығы, біріктіруші тетіктерінің бірі болуға тиіс екендігі – табиғи әрі заңды жайт.
Жалпы алғанда, халықаралық практикаға және саясаттану мен мемлекеттік құрылыс қағидаларына, сондай-ақ Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес – бұл мемлекеттік функция, оны әрине жауапты үкімет, мемлекеттік органдар немесе олардың тапсыруы бойынша үкіметтік емес ұйымдар іске асыруға тиіс.
Олай болмаса, әсіресе оны жергілікті жерлерде іске асыру процесі біздің басты құндылығымыз – Отанымыздың мемлекеттік тәуелсіздігі үшін күрескен ұлттық және өңірлік қаһармандарымыздың (батырларымыздың) есімдері мен ерліктерін паш ете отырып, халқына табыстамасақ, оларды мәңгі есте сақтамайтын болсақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шынайы және нақты рухани-адамгершілік толтырусыз, сана-сезімді жаңғыртуға бағытталған жай ғана насихат пен үндеу болып қалады. Қазіргі заманғы өскелең ұрпақ, болашақ ұрпақ бұл тәуелсіздіктің мән-мағынасын, қадір-қасиетін, халқымыздың оған қалай қол жеткізгенін түсінбейді-бағаламайды.
Өткен жылдың соңында энтузиастардың бастамасымен «Қаhармандар» «Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күресте қиянат көрген адамдарды ақтау және мәңгі есте сақтау жөніндегі республикалық қоғамдық қор» құрылды. Оның жарғысы мен тұжырымдамасына сәйкес Қор мемлекеттік органдармен, ғалымдармен, саяси партиялармен және басқа да қоғамдық ұйымдармен, демеушілермен өзара іс-қимыл жасай отырып, осы мәселелермен жүйелі түрде айналысуға нақты әрі кәсіби тұрғыдан ниет білдіріп отыр. Бұл құжаттарда табысты жұмыс істеуге қажетті тұстардың барлығы ескерілген. Тек мемлекеттік деңгейдегі қолдау ғана қажет.
Қор қызметінің негізгі міндеттері мен мақсаттары қатарында мыналарды атап көрсету керек:
— Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы күрес барысында зардап шеккен адамдардың әртүрлі (саяси, әскери, қызметтік, идеологиялық, шығармашылық, ғылыми, мәдени салалар мен басқа да салалардағы) санаттарының ғылыми тұжырымдамаларын әзірлеу;
— Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы күресте зардап шеккен құрбандардың барлық санаттарын ақтау және олардың есімі мен ерліктерін мәңгі есте қалдыру жөнінде заңнамалық, нормативтік және жеке-дара актілер әзірлеу мен қабылдауда, сондай-ақ атқарушы және өкілді билік органдарының, соттардың, прокуратура органдарының осындай шешімдер қабылдауына мүмкіндік беретін заңнамалық актілер қабылдауда заң шығару бастамасы және құқықтық бастама субъектілеріне көмек көрсету.
Мысалы, Ресейде федералдық және өңірлік деңгейде олардың отандары – Ресейді қорғаушыларды іздестіру жұмыстары жөніндегі, ақпараттарды іздестіру, архивтерді зерттеу, мәңгілікке есте сақтау жөніндегі көптеген қорлар құрылды. Бұл қорлар орталық биліктің нұсқауы мен қолдауы бойынша әртүрлі көздерден, соның ішінде өңірлік мемлекеттік қорлардан, бизнестік қоғамдастықтардан және тағы басқаларынан қаржыландырылады. Федерация субъектілерінің, мемлекеттік құрылымдардың идеологиялық және тәрбие қызметтерімен айналысатын басшылары бұл жұмыстарға бағыт беріп отырады және бақылау жасайды, бұл жұмыстарға қоғамдастықты және БАҚ-ты тартады. Мұндай жұмыстарды бізде де неге жолға қоймасқа?
Нақты айтатын болсақ: ғалымдар, осы мәселені зерттеушілер мен практиктер Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескерлерді ақтау және олардың ерліктерін мәңгі есте сақтау мәселелерін жүйелі әрі дәйекті түрде шешу үшін мынадай жұмыстарды атқару қажет деп санайды:
Бірінші. Өмірдің түрлі салаларындағы, сондай-ақ барлық өңірлердегі ұзақ және мақсатты түрде орын алған отарлау саясатына қарсы шынайы патриоттар күресінің және оның мемлекеттік деңгейде іске асырылуының негізгі нысандары мен әдістерін кешенді түрде нақтылау (зерделеу, талдау). Тиісінше, осы саясаттың құрбандары мен одан зардап шеккендердің санатының тізбесін объективті және түпкілікті түрде жинақтау, нақтылау және жасау. Материалдар бар, оларды жүйелеу қажет.
Екінші. Кәсіби мамандардың «Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы күрескерлер туралы» дербес заң жобасын әзірлеуі және оның қабылдануы (алдын ала жобалар бар). Шенеуніктер тарапынан белсенді түрде түсініспеушілік пен қарсылық болған жағдайда, бірқатар қолданыстағы Заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізумен шектелуге болады. Зерттеушілердің және мамандардың жарлықтардың, үкімет қаулыларының жобаларын әзірлеуі және олардың жобаларын қабылдауы. Бұлар еліміз бойынша өркениетті мемлекеттік саясатты дайындауға және оны жүргізуге құқықтық негіз жасайды.
Бүгінгі Қазақстанның ағартушы қауымы қызметі, діни сенімі, ғылымы, мәдениеті бойынша нақ осы еркіндік, тәуелсіздік пен Қазақстанның аумақтық біртұтастығы жолындағы күрескерлердің басқаларға қарағанда анағұрлым күштірек және қатаң түрде физикалық қысымға ұшырағанын, сотсыз және тергеусіз атылғанын, Отанынан шетке, түрмелер мен жер аударуларға қуғындалғанын, қудалауға және әшкерелеуге ұшырағанын жақсы біледі. Отарлаушы билік қарапайым қазақ жұртын ғана қуғынға ұшыратып, жойған жоқ. Ол ең үздік, ең батыл патриоттарды, ең ақылды және беделді адамдарды қуғындады және олардың көзін жойды.
Көптеген ғасырлар бойы шынайы патриоттарымыздың ерліктері әртүрлі өңірлерде, адам қызметінің түрлі салаларында толығымен бұрмаланды, қылмыс ретінде, Қазақстанға арнайы (жасанды түрде) қоныстанған басқа халықтарға қарсы дұшпандық әрекет ретінде, мемлекетке қарсы қылмыс ретінде бағаланды және көрсетілді.
Қазақстанның – біздің Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы күрескерлердің ерліктеріне тиісті бағасын беру және оны халыққа қайтару, әсіресе, қазіргі барлық әлемдегі, тіпті әлемнің ең жүйелі, өркениетті және демкоратиялық елдеріндегі мемлекеттік идеологияның басында патриотизм ресурстары және оның ұлттық мүдделерін қорғау тұрған кезде өзекті болып отыр. Ал өздерінің ұлттық мүдделерін қорғаудағы көрші мемлекеттердің озбыр идеологиясы мен насихаты көптеген мемлекеттік телеарналар бойынша Қазақстанның барлық аумағына кедергісіз трансляция жасалуда.
Сыртқы ықпалдардың нәтижесінде Қазақстанның иедологиялық және ақпараттық қауіпсіздігіне елеулі түрде қатер төніп тұр, Қазақстан қоғамы мен еліміздің азаматтарының тауы шағылып отыр. Біздің мемлекеттік идеологиялық қызметіміз, «зиялы қауым» өкілдері, саяси партияларымыз, қоғамдық ұйымдар еліміздің азаматтарын қорғауға қауқарсыз болып отыр. Сондықтан «Рухани жаңғыру» бағдарламасында Отанымыздың – Қазақстанның жолындағы ерлік пен патриотизмді мемлекеттік-қоғамдық бағалау мәселелері рухани жаңғырудың және қоғамдық сананы жаңғыртудың бір бөлігіне айналуы тиіс.
Көршілес мемлекеттердегі қазақ диаспорасының тарихы – барша қазақ халқы мен Қазақстанның тарихынан және тағдырынан ажыратылмайды. Ол оның ажырамас бөлігі. Шектес мемлекеттердің отаршылық жаулауы кезеңінде, сондай-ақ қазақтың тарихи жерлерін империялар арасында бөлісу кезінде еліміздің батырлары мен патриоттары өз еркіндігі, тәуеліздігі және жеріміз үшін ғасырлар бойы сырттан жаулап алушыларға қарсы кескілескен күрес жүргізді, халықты Отанымызды қорғауға біріктірді және көтеріп отырды. Отанымызды қорғаушылардың-батырлардың ерлігі патриотизмі қазіргі уақытта олардың ұрпақтары тұрып жатқан Қытайға да, Ресейге де, Өзбекстанға да, Қырғызстанға да керек емес. Оның үстіне қазақ қаһармандарының ерліктерін осы елдердің идеологтары мен ғалымдары тарапынан өздерінің ұлттық және саяси мүдделері тұрғысынан бағалануда. Қазақ халқының бірі ғана Отаны бар, бүгінде ол – Қазақстан Республикасы. Тек тәуелсіз Қазақстан ғана халықаралық стандарттардың, ғылыми қағидаттардың және доктриналардың негізінде Қазақ жерінің батырларына объективті баға бере алады және беруі тиіс.
Тәуелсіз Қазақстан Отанымыздың азаттығы мен тәуелсіздігі үшін шын күрескен, өз өмірлерін арнаған, күресте қаза тапқан адамдарды қайта тірілту, мәңгі есте сақтау проблемаларын шешуге кірісуі міндетті. Күрестің салдарына жан-жақты жүргізілген талдау нақ осы Қазақстанның еркіндігі мен тәуелсіздігі жолындағы күрескерлердің, сондай-ақ өз өмірлерін дербес қазақ мемлекеттігін қалпына келтіруге арнаған патриоттардың көбінесе физикалық жағынан жойылғанын, түрмелерге отырғызылғанын, шетке қуылғанын, түрлі қуғын-сүргін нысандарына ұшырағанын көрсетіп отыр.
Бүгінде осы адамдар санатының ішінен көптеген құрбандар мен зардап шеккендердің әлі де ақталмағанын нақты көрсетуге тура келеді. Біз негізінен, Ресейдің жолын көшіре отырып, 30-жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаумен шектелдік. Иә, ол да трагедия. Бірақ мұндай ондаған, тіпті жүздеген қазақтарға қатысты трагедиялар айуандықпен жасалған қуғын-сүргіндер болды. Бізде тіпті Орталық Ресейде болмаған және болуы мүмкін емес құрбандардың санаттары, сондай науқандар, сондай қуғын-сүргін әдістері орын алды. Сөйте тұра, сөзсіз ұқсастық та бар, әсіресе қуғын-сүргін саясатының негізінде ұлттық емес, таптық қағидат жатқан кеңес кезеңінде ұқсастық бар.
Орталықтағы, сондай-ақ жергілікті жерлердегі мемлекеттік органдар бұл мәселелермен арнайы түрде айналыспайды, өйткені олардың алдына мұндай міндет қойылмаған, бұл үшін қажетті заңдар қабылданбаған.
Қазақстанда орталық отаршыл-тоталитарлық билік секілді саясатқа, сондай-ақ олардың жергілікті қазақстандық қуыршақ құйыршықтарына қарсы күрескен, бірнеше ғасыр бойы жүйелі түрде қудалауға ұшыраған патриоттар басқа жерлерге қарағанда көбірек. Олар қоғамнан аластатылған адамдарға айналдырылып, ұлттық қана емес, азаматтық құқықтарынан да айырылды. Халқының азаттығы үшін күрескен қайсар жандардың бірнеше ұрпағы «қылмыскер», «бандит», «бандылық құралымға қатысушы», «халықтар достығының жауы», «буржуазиялық ұлтшыл», «кеңеске қарсы шықты», «пантүркист», «шетелдік шпион» деген және т.б. қара күйе жағылып, көз жұмды. Мысалы, 1929 жылы Торғайда орын алған Бетпаққара көтерілісіне қатысқан, «бандылық құралымның мүшелері» деп аталып, сотталған 500 адамның бар болғаны үшеуі ғана ақталды.
Осындай жантүршігерлік құрбандарға, мемлекеттік қудалау мен қуғын-сүргінге қарамастан, елімізде жер үшін, Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі жолында күрескен нағыз күрескерлер болған және бола береді. Қазақ халқының озық өкілдері 5-6 ғасыр бойы өңір, ауыл ауқымында бірігіп, кейде топтасып, кейде жеке жүріп, туған халқының мүддесі мен өз жерін қорғау жолында күресті.
Өкінішке орай, архивтер мен дамыған жазу-сызудың болмауы, сондай-ақ қуғын-сүргін, саяси режимдер салған тыйым салдарынан олардың ерлігі мен аты-жөні астыртын ғана айтылып, бірте-бірте тарих қойнауына сүңгіп, ұмытыла бастады. Сондықтан да олардың әрбір ерлігін, әрбір наразылығын әрекет немесе сөз арқылы қайта жаңғыртып, объективті түрде бағалау – біздің перзенттік, азаматтық
және моральдық борышымыз. Біз үшін және кейінгі ұрпақтар үшін баға жетпес ақпаратқа ие адамдар тірі тұрған кезде жоғарыда айтылған күрескерлер туралы мәліметтерді титімдей болса да тірнектеп жинау – аса маңызды әрі өте қажет іс.
Мысалы, тарихшылардың деректері бойынша, 1920-30 жылдардың өзінде кеңес билігінің Қазақстанда халыққа қарсы жүргізген саясатына наразы болған халықтың бас көтеруі 350-ден астам көтеріліс ұйымдастыру мен оған қатысудан көрініс тапты. Біздің бұқаралық ақпарат көздерінде олардың кейбірі ғана жазып-көрсетілді, көтерілістерге барлық қатысушылар жазалау шаралары мен қуғын-сүргінге ұшыратылғанына қарамастан, олардың басшылары ғана аталып жүр. Осы көтерілістердің себептерін, құрамын, мақсаттары мен ұрандарын біздің ғылыми мекемелер мен ғалымдарымыздың зерделеп, талдауы көңіл көншітпейді, өйткені мемлекет немесе демеушілер мұндай зерттеулерді қаржыландырмайды. Тек патриот ғалымдар ғана өз күшіне сүйеніп, өз уақытын, қаражаты мен денсаулығын жұмсап, мемлекеттік идеологиямыздағы осы олқылықтың орнын толтыруға тырысып жүр.
Еліміздің барлық өңірлерінде және еліміздегі адам өмірінің барлық салаларында Отанымыздың еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін күрескерлердің саяси қуғын-сүргіннің басқа құрбандарына қарағанда күштеп қырып-жоюға мейлінше көп ұшырағанын, олардың түрмелерге отырғызылып, Қазақстаннан қуып жіберілгенін, «халық жауы» атанып, өз жерінен аластатылғанын, оларға қатысты мемлекеттік қудалаудың басқа да тым қатал әрі ұзақ уақытқа созылатын түрлері мен тәсілдерінің қолданылғанын тағы да атап өткім келеді. Осыны біліп қана қоймай, бұл адамдарды ақтап алу жөнінде қажетті шаралар қабылдау қажет. Бұл оларға қажет емес. Бұл тәуелсіздігімізге қандай бағамен қол жеткізілгенін білу үшін бізге қажет әрі біз үшін маңызды.
Сонымен қатар, біз әлі Қазақстандағы қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарын құқықтық (қылмыстық, азаматтық, әкімшілік) тәртіппен ақтап алған жоқпыз. Кезінде Жоғарғы кеңес қабылданған «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» (1993) заң негізінен алғанда Ресейдің осыған ұқсас заңынан көшіріп алынды. Ол Ресейде жүргізілмеген және болуы да мүмкін емес әртүрлі жазалау және қуғын-сүргін науқандарынан Қазақстанда құрбан болғандар мен жапа шеккендердің барлық санаттарын түгелдей қамтымайды және оларға қолданылмайды.
Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік идеологиясы мен қоғамдық ғылымы мемлекеттік және қоғамдық патриотизмге берілетін анықтаманың ғылыми дәйектелген ұлттық тұжырымдамасын, моделі мен әмбебап өлшемшарттарын жасап шығаруға тиіс. Мысалы, біз патриот қазақтар жөнінде көп айтамыз, бірақ Қазақстанның басқа ұлттан шыққан патриоттары жөнінде ештеңе айтпаймыз не аз айтамыз. Бұл бүгінгі таңда мемлекеттің, бұқаралық ақпарат құралдары басшыларының идеологиялық, ақпараттық-насихат жұмысындағы әлсіз тұс болып отыр.
Біз өз тарихымыз бен көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстан халқының жадында басқа мемлекеттер мен халықтардың жаулап алушылары мен тирандарын, діни апостолдарын емес, қазақ халқының ұлт-азаттық күресін түсініп, қолдаған, қудалау мен қуғын-сүргіннің ауыр кезеңінде бізге көмек қолын созған ұлы демократтары мен гуманистерін мәңгі есте қалдыруға тиіспіз. Мысалы, Ресейдің прогресшіл және демократиялық күштері мен адамдары әрдайым өз азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен қазақтардың жағында болды. Олар билікке келген кезде Қазақстан өз азаттығын алды.
Орыс халқының көрнекті Григорий Потанин (Ресейдің құрылтай жиналысына «Алаш» партиясының атынан сайланған депутат), Тимофей Сидельников (Мемлекеттік думаның мүшесі), Орест Шкапский (Уақытша үкіметтің комиссары), Сергей Швецов (Петербургтік профессор-этнограф) және басқа да көптеген адамдар «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының идеяларын қолдап, қазақ халқының мемлекеттік автономиясын жақтап әрекет етті, қазақтардың мүддесі мен өз жерлерін сақтап қалуын қорғады.
Бұрынғы отаршыл-тоталитарлық режимдердің мақсатты түрде жүргізген мемлекеттік саясаты мен қасақана бұрмалап бағалауы, насихаттауы салдарынан біз олардың ерлігі мен патриотизмі туралы білу, халқымыздың мүддесі мен құқығын үшін күрескен, ерлік жасап, жеке басын құрбандыққа тігіп, Қазақстанның тәуелсіздігін жақындатқан, ұлан-байтақ аумағымызды қорғап қалған, нағыз әрі шынайы қаһарман-батырларымызды мақтан тұту құқығынан айырылдық.
Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескерлерді толық ақтау мен олардың ерлігін мәңгі есте сақтау – өзінің тәуелсіздігін жариялаған халқымыздың және Қазақстан Республикасының ардақты міндеті. Сондықтан да бұл мәселенің «Рухани жаңғыру» бағдарламасының темірқазығы, біріктіруші тетіктерінің бірі болуға тиіс екендігі – табиғи әрі заңды жайт.

Сабыр Қасымов,
«Қаhармандар» республикалық қоғамдық қорының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

2 ПІКІРЛЕР

  1. Амангелді Имановтың Алаштықтар қолынан қаза тапқанын ескерусіз қалдырамыз ба?
    … Автор Қазақ комитеттері барлық өңірде құрылды деп қателікке жол берген. Қазақ комитеттері Сырдария облысы мен Торғай облыстарында және Маңғыстауда құрылмаған.

  2. Бір Амангелдіні айта бермей бір бірін жүздеп мыңдап көрсетіп беріп атқызып жібергендерді айтайық

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз