– Алуа ханым, елге келгеніңізге қуаныштымыз. Әңгімемізді сіздің ғұмырбаяныңыздан бастайықшы.

– Мен ата-анамның студент кезінде Мәскеуде дүниеге келгенмін. 1-сыныпқа Қарағандыдағы жалғыз қазақ мектебіне бардым. Мектеп бітірген соң, қай жоғары оқу орнына тапсыру таңдауы тұрды. Шығыс әлемі мені бала күнімнен қызықтыратын. Мұхтар атам да, әкем Мұрат та Ленинград мемлекеттік университетін, яғни қазіргі Санкт-Петербург университетінің шығыстану бөлімінде оқыған.

– Сөйтіп, сіз де осы жолды таңдадыңыз…

– Иә, мен де ата жолын жалғамақ болып, сол жоғары оқу орнының шығыстану факультетін таңдадым. Әкем қарсы болмады. Шығысты тану – өзімізді тану деп есептеймін.

– Сіз арабша жақсы білесіз. Оны игеру қиынға соққан жоқ па?

– Арабша оқу, жазу ешқандай қиындық тудырған жоқ. Шын мәнісінде араб тілі Қытайдың иероглифтерінен оңай әрі қызық. Меніңше, араб тілі – логиканың тілі. Ол өзіне тән формаға, ерекше иірімдерге бағынады.

– Каллиграфиямен де шұғылданғаныңызды естідім…

– Шығыстануда оқитындарға, әсіресе арабтанушыларға, бұл өнер міндетті түрде үйретіледі. Каллиграфияда түрлі жолақтар арқылы өрнек салып қана қоймай, сол өрнекке мағына мен мән сыйдыруға болатыны ұнайды. Менің кандидаттық зерттеуімнің тақырыбы «Орта ғасырлардағы мақам жанрының дамуы» болды. Себебі мені сол кезеңдердегі пәлсапа, өлең-жырлар, ода-ғазалдар қызықтырды. Оларды араб тілінен аударып, ой елегінен өткізіп қана қоймай, өзіндік көзқарасымды қостым.

– Ғылыммен айналысуға отбасыңыз кедергі болмады ма?

– Жоқ. Себебі жолдасым Роберт те арабтанушы. Бір кездері Голландияға Орта Азиядан қоныс аударып көптеген оқымыстылар, ғалымдар барған екен. Робертті шығыстық сарын, шығыстық мәдениет қызықтырғаны сондай – өз бетінше түрік, қазақ тілдерін үйреніп алған. Роберт екеуміз Ленинградтағы халықаралық конференцияда таныстық. Жұмыс бабымен бірнеше жылдай араласып жүрдік.

– Елден жырақ кететініңізді естігенде жақындарыңыз қандай көзқараста болды?

– Мен түбегейлі ол жаққа кетіп қалғаным жоқ. Бірнеше жылдай екі елдің елшілігінде жұмыс істедім. Қазақстанда да тұрдық. Қазір ғана тұрғылықты қызмет бабымен сол жақтамыз. Жолдасым көңілін білдіріп, ұсыныс жасағанда үйдің үлкендерінің алдынан өту керектігін ескерттім. Бізде сырға салу, жеті атасын білу секілді салт-дәстүр, жоралғылар бар екенін де айтуды ұмытпадым. Ол кезде Мұхтар атам өмірден озып кеткен болатын. Роберт 83 жастағы нағашы атаммен танысуға келді. Үйдегілер оның қазақша қазақтан да артық көркем тілмен сөйлегенін көріп таңғалды. Ең қызығы, ол бірнеше ай жүріп, өзінің сегізінші атасына дейінгі құжаттарды жинап, папкаға салып, «Мұнда менің сегіз атам бар», – деді. Жеті атаны солай түсінсе керек. Ол бар ғұмырын шығыстың жұмбақ әлемін зерттеуге арнауға дайын. Біз бір-бірімізді толықтырып, өнімді еңбек етудеміз.

– Голландияда түріктер көп пе?

– Голландиялықтардың жергілікті халқы түріктерге ұқсап кеткен. Себебі түріктер өте көп, шамамен 400 мыңға жуық түрік өмір сүреді. Мешіттер де бар. Мұсылмандық жақсы сақталған.

– Қазақстанда сіздің М.Қашқаридың «Диуан лұғат ат-Түрк» атты шығармасын аударғаныңыз зор қызығушылық тудыруда…

– Иә. Мен бұл еңбекке бес жылымды арнадым. Қашқари ХІ ғасырда бірнеше аймаққа сапар шегіп жүріп, осы түсіндірмелік кітапты жазуға шешім қабылдайды. Ол өзінің осы түсіндірмелігі арқылы барлық халықтардың түркі әлеміне еркін енуін қамтамасыз етуді көздеген сияқты. Сөйтіп, «әлем халқы түркіге түбі бір бас иеді» деген және кез келген саналы адам түркілердің тілін білуі керек деп есептеген. Кеңестік кезеңде бұл кітапты аударуға қатаң тыйым салған. Отызыншы жылдары осы еңбекті аудармақ болғандар «пантюркист» аталып, жазықсыздан-жазықсыз қаза тапқан. Менің еңбегім – «Диуани лұғат ат-Түрктің» ең алғашқы толық аудармасы. Бұл еңбекті ұғыну үшін арабтанушы болуың керек. Сонда ғана құпияны ашасың. Мен өзімнің шығыстанушы болғаныма шын қуанамын.

– Бірнеше жылдан бері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тәлімгерлерімен және студенттерімен тығыз байланыста екенсіз…

– Мен Лейден университетінде лектормын. Жыл сайын қазақ студенттерін қысқа мерзімді бағдарламамен арнайы лекцияларға шақыртамын. Себебі мұнда олар өз іздегендерін таба алады. Мысалы, араб, парсы тілдеріндегі түпнұсқа қолжазбалар, Осман империясы кезіндегі түрік жазбалары, ең бастысы, Әл-Фарабидің XV ғасырдан бері сақталып келе жатқан қолжазбасы бар. Қазақ қандастарым осыларды көзбен көріп, болашақта ғылыми нысанаға айналдырса деген ниеттемін.

– Сіздің есіміңіздің мағынасы қандай?

– Мен дүниеге келгенде ат қоюшылар көбейіп кетіпті. Бәрі өз нұсқасын айта бастапты. Әкем жақтағылар есімімнің бір бөлігін, ал нағашыларым келесі бөлігін ұсыныпты. Сөйтіп, екі жақтың да айтқаны болып Зифа-Алуа атаныппын. Есімім өзіме ұнайды. Кейбіреулер Зифа десе, енді біреулер Алуа дейді.

– Сұхбатымыздың түйіні ретінде мынаны білгім келеді: айтыңызшы, дәл осы жаста, дәл осы деңгейде атаңызбен, яғни Мұхтар Омарханұлымен кездессеңіз, ол кісіге не айтар едіңіз?

– Ондай бақыт бұйырса, шын жүрегімнен мың алғыс айтар едім. Өз халқын ерекше сүйген бір адам болса, ол Мұхтар Әуезовтей болсын. Сонау қиын-қыстау кезеңнің өзінде қолынан қаламын тастамаған қайсар қаламгерге уақыт бағасын беріп жатыр.

– Әңгімеңізге рахмет.


Сұхбаттасқан Әлия Іңкәрбек