1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №4-5 (15566-67) 20 қаңтар, бейсенбі 2011
СОНДА СМАҒҰЛ САДУАҚАСОВТЫҢ МӘЙIТ-КҮЛI ЖЕРЛЕУСIЗ ҚАЛМАҚ ПА...  
Құдай қаласа, 21 қаңтар күнi халқымыздың аяулы ұлы, аса көрнектi мемлекет қайраткерi Смағұл Садуақасовтың мәйiтiнiң күлi Астанаға жетпек. Бiрақ, өкiнiшке қарай, мәйiт күлiнiң жерлеусiз қалатын түрi бар... Кеңес өкiметiнiң қазаққа жасаған қиянатына қарсы шыққаны үшiн елден аласталып, жұмбақ жағдайда уланып, Кремль ауруханасында қайтыс болған С.Садуақасовтың денесi 1933 жылы 16 желтоқсанда арнайы пешке (крематорий) салынып, өртелiп, оның күлi содан берi 78 жыл бойы Мәскеу­дiң Дон қабiрстанында топыраққа көмiлмей, құмыра iшiнде тұр...
Тунистi 23 жыл бойы басқарған президент Зен әл-Әбидин Бен Әли өткен жұмада елiнен қашып кеттi. Тунисте желтоқсанда басталған халық наразылығы өткен аптада ушыға түсiп, жаппай тәртiпсiздiк пен бас көтерулерге ұласты. bҚарапайым халық ке­дейшiлiк қамытын киiп отырса, елдi 1989 жылдан берi басқарған Бен Әли мен оның туыстары үлде мен бүлдеге оранып, бай-бақуатты тұрмыс кешкен. Тунис халқының бас көте­руiне ең алдымен осындай әлеуметтiк қайшылықтар түрткi болды. Бiрақ әлеу­меттiк талаптардың арты саяси талапқа айналды. Шыдамы шегiне жеткен халық әуелi үкiмет отставкасын талап еттi. “Үкiмет, кет!” деп ұрандаған жұрт артынша президент те тақтан кетсiн деген талап қойды.

– Бұған қатысты айтылатын дүниенiң бәрi айтылды деу­ге болады. Түптеп келгенде, Н.На­зарбаевтың бүгiнгi “жа­уы”, “дұшпаны” – оппозиция, ұлттық күштер мен бiз емес, оның өзiнiң айналасы екенi айқын көрiндi! “Президент, тарих пен болашақ ұрпақ алдында ұятқа қалмаңыз!” деген үндеу тастады қоғамдық күштер. “Екiншi түрiкменбашыға” айналмаңыз!” деген сөз де айтылды. Бiрақ мұның бiрде-бiреуiне жоғары билiк өкiлi құлақ аспады. Айналасындағы жантық топтың сөзiне ердi, осылайша, тарихи қате шешiм қабылданды деуге болады. Референдумда “халықтың” 90-95 пайызы бүгiнгi басшыны “қолдап” дауыс берерi сөзсiз. Бiрақ бұл билiк­тiң кезектi өтiрiгi болары даусыз!

ЖОЛ ПОЛИЦЕЙЛЕРIН ДЕТЕКТОР АРҚЫЛЫ ҚЫЗМЕТКЕ ҚАБЫЛДАУ ҚАНШАЛЫҚТЫ ТИIМДI?
Дүйсенбi күнi президент Нұрсұлтан Назарбаев Iшкi iстер министрлiгiнiң кеңейтiлген алқа отырысына қатысты. Бiраз нәрсенiң басы шалынды бұл жиында. Мәселен, iшкi iстер органдарының заманауи техникамен және жаңа қару-жарақпен қамтамасыз етiлгенi айтылды. IIМ жүйесiн түбегейлi реформалау жайы сөз болды. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың азайғанын тiлге тиек еттi. Соңғы бес жылда Iшкi iстер министрлiгiне бө­лiнген қаржы бес есеге көбейiп, 2010 жылы ведомстваға бөлiнген қаржы 150 миллиард теңгеге жетiптi. Бұл да назардан қалыс қал­ған жоқ. Президент Н.Назарбаевтың айтуынша, қаржы жеткiлiктi бөлiнiп, қажеттi iс-шаралар уақтылы атқарылғанының нәтижесiнде бiрқатар жетiстiктерге қол жетiптi.
АЛ ШЕНЕУНIКТЕР ӘЛI ЖАҒА ЖЫРТЫСЫП ЖАТЫР
Бұл жолы премьер-министр К.Мәсiмовтiң кәрiне Қарағанды облысының шенеунiктерi iлiктi. Аймақтағы Приозерск қаласының әкiмi Қайрат Смағұлов қызметiнен қуылса, Қарағанды облысы әкiмiнiң орынбасары Бауыржан Смағұлов пен облыстық энергетика және коммуналдық қызмет басқармасының бастығы Мұрат Мадиевке қатаң сөгiс берiлдi. Нелiктен дейсiз ғой. Жергiлiктi шенеунiктер қысқы маусымға мүлдем дайындалмай, бiр түнде қала тұрғындарын қақаған суықта жылусыз қалдырғаны үшiн. “Приозерск қаласындағы жылу қазандықтары ескiргенiн, қолдану мерзiмi өтiп кеткенiн” дер кезiнде үкiметке мәлiмдемегенi үшiн.  
Құрметтi Сенек елдiмекенiнiң тұрғындары!
Сiздердiң осы жылғы, 3 қараша күнгi тәуелсiз “Ар” газетiнде жарияланған “Қымбатты маңғыстаулықтарға, барлық Қазақстан халқына”, “Жас Алаш” газетiнде жарық көрген “Зымыраннан келген ажал екенiн билiктегiлер бiле ме? Төлеп жерiн төпелеу тоқтатылсын” деген тақырыптағы үндеулерiңiздi оқып бейжай қала алмағандықтан қолымызға қалам алдық. Сiздердiң ашу-ызаларыңызды туғызып, бүкiл республика халқына Үндеу жолдауларыңызға себепкер бол­ған жағдайды бiз 21 қазан 2010 жыл­ғы “Жас Алаш” газетiнде жарияланған Сенек ауылының ақсақалы,
БIРАҚ КӨНЕ ТҮРКIСТАНДА БҰЛ РЕФОРМАДАН ҚАРЫҚ БОЛҒАН ХАЛЫҚТЫ КӨРЕ АЛМАДЫҚ
Түркiстан қаласында соңғы жылдары жер салығының дауы үдеп келедi. Оған бас­ты себеп – жергiлiктi әкiмқаралардың өз пиғылдарын iске асыру мақсатында Үкiмет қаулыларын “шебер пайдалануларында”. Мысалы, Үкiметтiң №131 “Сауда нарықтарын реттеу” туралы қаулысы мен ережелерi жетi жылдан берi жерден басын көтере алмаса, қалалық әкiмшiлiк пен мәслихат қызығушылық танытқан Үкiметтiң №446 қаулысының соңы – тағы да дауға айналды. Тек өз дегенiн орындап үйренген жергiлiктi билiк, халықтың орынды сауал тастап, тиiстi наразылық танытуларына өздерi түрткi болды.

Зейнетақы туралы қаулыларда үлкен кемшiлiк пен шикiлiк бар. ҚР Халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiндегiлер бұл мәселенi әлi күнге дейiн дұрыс шеше алмай келедi. Мүмкiн, сол зейнет­ақы туралы қаулыны шығарғандардың өздерi ауыр бейнеттi бастарынан кешпегендiктен зейнет­ақы туралы заңға қалай болса солай “үкiм” шығара салған шығар. Шындығын айтқанда, шөп ша­уып, мал бағып, егiн еккен, ауыр бейнеттi белшесiнен кешкен – ауыл адамдары. Ендi оларға зейнетақы белгiлегендер кiмдер дейсiң ғой? Қалада отырып, сиыр мен қойды теледидардан көргендер.

13 қаңтар (№2) күнгi “Оқырман хаттары” бетiнен шығысқазақстандық замандасым Қайырбек Әдiбаевтың “Баласын жақсы көрмейтiн адам жоқ” деген мақаласын оқыдым. Оқыдым да шошыдым. Менiң немерелерiмнiң жастары Қ.Әдiбаевтың немерелерiмен шамалас екен. Мен автордың пiкiрiне үзiлдi-кесiлдi қарсымын. Себебiн айтайын. Автор өз мақаласында “...Аюды циркте билету үшiн тәттi бередi, атты жұмыс iстету үшiн сұлы бередi. Тiрi организмге жұмыс iстету үшiн бiр қажеттiлiк керек” дейдi. Сонда бiз немерелерiмiздi, ұл-қыздарымызды жан-жануарға теңеуiмiз қалай болар екен? Менiң балаларымның, немерелерiмнiң түйсiгi аю мен аттан жоғары.
Ол Кеңес өкiметiне: “Мен халқымды ерекше сүйемiн, ал сендер менi ұлтшыл дейсiңдер...”, – деп хат жазған. Бұл – қазақтың тұңғыш темiржол инженерi, тарихшы-ғалым, қоғам қайраткерi, II Мемлекеттiк думаның депутаты, Қоқан автономиясының басшысы Мұхаммеджан Тынышпаевтың соңғы хаты болатын. Мұхаммеджан Тынышпаев 1879 жылы бұрынғы Жетiсу облысында (қазiргi Алматы облысы) дүниеге келген. Кiшкентайынан оқуға деген құлшынысының арқасында ол он жасында Верныйдағы (Алматы) ерлер гимназиясының екi жылдық дайындық сыныбына оқуға түседi. Ал бұл гимназияға кедейдiң баласы түгiлi, бай баласының өзi әрең iлiгетiн.
Ауылда iрiмшiк, құрт, сарысу, балқаймақ қайнатып жатқан үйге барып, бұзаушық яғни бiр сындырық қайнатпа алушы едiк. Әрине, қайнатпалар қазiр әуес ас болғанымен, ол кезде бiр үзiм нанға жетпейтiн. Сол бiр үзiм нан үшiн ауылдағы он шақты бала Ойға (Таушықтыой) кеткен үлкендердiң келер жолына телмiре, тесiле қарайтынбыз. Таушықтыойға кеткендердiң жолы болып, нан әкеле қалса, алдынан жүгiрiп шыққан балаларға бөлiп берiп, үйдегi ауру әке-шеше мен еңбектеген балаға қалдырушы едi. Ол да бiр өткен өз қызығы таусылмаған балалық шақтың күндерi болатын.

Менi тастанды балалар тағдыры көп толғандырып жүр. Бойжеткендердiң өз болашағына немқұрайдылығынан осындай өзектi мәселе туындап отыр деп ойлаймын. Аңсары ауған адамымен арадағы сезiмiне тоқтау сала алмай көңiл қосып қойып, артынан екiқабат болып қалғанда ағайын-туыстың, елдiң бетiне қарауға ұялғандықтан жарық дүние есiгiн жаңадан ашқан бейкүнә нәрестенi балалар үйiне апарып өткiзетiндерi өкiнiштi-ақ. Оны айтасыз, еш жазығы жоқ шарананы шырылдатып, күл-қоқысқа лақтырып кететiн ар-ұяттан безгендер де бар. Тұла бойыңды түршiктiретiн мұндай келеңсiздiктiң жолын кесу үшiн қазақ халқында ежелден берi қалыптасқан,

Кешкi шайымды алдыма ала бергенiм сол едi, көршi подъезде тұратын Тоқбай көзi алақтап кiрiп келдi де:
– Әй, сен газетке жақындау жүрмеушi ме едiң, ал қаламыңды! Жаз! “Бүгiн Тоқабай тiрiдей өлдi» деп жаз, – дедi ентiгiп.
– Өлмей-ақ отырсың ғой, қақсап, сарнап...
– Бұл қорлыққа шыдағанша, өлгенiм жақсы едi, өл-ге-е-нiм...
– Дұрыстап айтшы, не болды?
– Таңертеңгiсiн “Сайран – Көкбазар” бағытымен жүре­тiн автобусқа отырмаймын ба.
– Иә, отырдың...

Жол түсiп, жолдасымды iздеп Жамбыл облысы, Талас ауданы, Аққұм ауылына барған едiм. Осы сапарымда бес ауылдың тартқан тауқыметiн көрiп, қатты қынжылдым. Тас жолдары әбден тозған. Елiмiз тәуелсiздiк алғалы жөндеу көрмептi, ұялы телефон байланысы мүлдем жоқ. Үй телефоны бiрде бар, бiрде жоқ, оның өзi бес-алты ғана үйде.

“Жас Алаш” газетiнiң 2010 жылдың 17 маусымындағы №48 санында “Су дауы құм дауынан да мықты” атты мақала жарық көрiп, Жамбыл облысы, Талас ауданы, Үшарал ауылындағы ауызсу мәселесi айтылған-ды. Жақында облыстық прокуратура арнайы брифинг өткiзiп, Үшарал ауылына ауызсу жүйесiн жүргiзген “Нұрбах” ЖШС директорының үстiнен қылмыстық iс қозғалғанын жеткiздi. Бұл компания 16 миллион теңгеден астам қаржының жұмыстарын атқармаған көрiнедi. Нәтиже­сiнде облыстық прокуратура “Нұрбах” ЖШС директоры Б.Фазыловтың үстiнен ҚК-нiң 177-бабының 3-бөлiгi, “б” тармағы бойынша қабылдау комиссиясының мүшелерiне қатысты

Бiрде көшенiң шетiн­де мұңайып отырған кейуанаға жақындап барып, амандасуды жөн көрдiм. Менi көрiп қуарған жүзiне қан жүгiре бастаған ана аздан соң әңгiме айта бастады. “Менiң өмiр жолым, тағдырым өте қиын болды. Әкем соғысқа аттанғанда, анамның құрсағында екенмiн. Анам байғұс сүйген жарымен қимай қоштасып, жесiрдiң тонын киiп қала бередi. Әкем сол кеткеннен оралмады. Менi анам жалғыз өсiрiп, бағып-қақты...Ұлым былтыр қу арақтың салдарынан көз жұмды. Келiнiм жаңа заманға лайықты өмiр сүруiмiз керек деп, баламның қырқы өтпей жатып менi
Бұл сорақылықты қойыңыз?! Жақында ғана көпшiлiк көлiгiнде қазақтың бiр келiншегi жүргiзушiден: “Сiздер Абаямен барасыздар ма?” деп сұрағаны. Ой, сұмдық-ай! Сұрағына сай сорақы жауаптың шыға келгенi?! “Жоқ, Абаямен жүрмеймiз, Манасаға бұрыламыз” де-е-еп тұр жүргiзушi. Анау теледидардағы жүгiртпе жарнамадағы қазақ мәтiндерiндегi сорақы қателердi байқасаңыз, бас ауырып, қан қысымыңыз көтерiледi. Автокөлiк жүргiзудi үйренiп жүрген көлiкке “Оқу көлiк құралы” деп жазыпты. Дөрекi де мазақы жазудың неше атасын кезiктi­ресiз. “Бидай нан пiсiретiн ұны”, не болмаса “Жоғарғы сорттың наны бидай ұны” деген қазақша сөздерден көз сүрiнедi. Қазақ тiлiнiң осындай күйге
“Қазақмыс” корпорациясының Iле Алатауының төскейiндегi “Шымбұлақ” шатқалында орналасқан “Ақбұлақ” шипажайы Алматыдан таяқ тастам (13 шақырым) жерде, Талғарға апаратын жолдың бойында. Бұрын бұл шипажай сапардан оралған ғарышкерлер тынығып, салмақсыздық әлемiндегi тiрлiктен топырақ басып жүретiн тұрмысқа бейiмделетiн орталық болған көрiнедi. Нарықтық қатынастар қалыптаса бастаған тоқсаныншы жылдардағы теперiштi көрген “Ақбұлақты” екi мыңыншы жылдардың басында “Қазақмыс” корпорациясы сатып алып, күрделi жөндеуден өткiздi.

Атырау облысына қарасты Мақат ауданы тұрғындары өлген адамның денесiн керi алу үшiн сот медициналық сараптама орталығының Атыраудағы филиалы ақша талап еткенiне шағымданады. Алайда филиал басшысы бұл әңгiменi жоққа шығарып отыр. Көңiлсiз әңгiме, әрине. Бiрақ бұл ерте ме, кеш пе өзектi жан атаулының басына келетiн жай болған соң елеусiз қалдырғымыз келмедi. Өйткенi жақыныңды жерлеу – оның отбасы үшiн онсыз да   үлкен орны толмас қайғы және қаржылық шығын.

2008 жылы қараша айында қырдан бiр үйiр жылқымды ауылға айдап келгенiмде, бiр көк құнан бiрге ере келдi. Көк құнанды бөлiп айдап жiберiп едiм, менiң жылқыларымның үйiрiне үйренiп қалған ба, соңымыздан қалмай қойды. Оны маған жылқыларымды айдап келуге көмектескен көршiм Самат деген жiгiт те көрдi. Менiң жылқыларымнан басқа ол жерде мал болмағандықтан оны қасқыр жеп кете ме деген оймен жылқыларыма қосып алдым. Ауылға келген соң ауыл әкiмi мен учаскелiк полиция қызметкерiне хабарладым. Олар есеп кiтап­шаларына жазып алып «егер иесi табылса алар, әзiрге сiздiң жылқылардың iшiнде жүре берсiн» дедi.

(“Қырғыз Эвересi…” атты Ш.Айтматов туралы эсселер кiтабынан үзiндi)
Айтматов екеумiз мәшинемен алыс, жақын жол сапарларға жиi шығатынбыз. Кейде Бiшкектен Алматыға немесе Ташкентке қарай тартсақ, кейде қырғыз жерiндегi бiр-бiрiнен алыс орналасқан елдiмекендер, қалалар кездесуге шақыратын. Қаншама уақытымыздың жол үстiнде өткенiн кiм есептептi?! Бiрақ Шiкең мәшинедегi уақытының көбiн ұйқыға жеңдiредi. Алғашында бұл қылығына ренжiп те жүрдiм. Кейде бiр маңызды мәселенiң төңiрегiнде екеумiздiң арамызда пiкiрталас қанат жайып келе жатады. Әңгiме сәл бiркелкi

Зымырап өтiп жатқан уақыт көшiнен “баяғыдай көрiнiп”, “кезекпен қалып жат­қан” ұрпақ өкiлдерiнiң негiзiнен өз бастарынан өтiп, куә болған оқиға-құ­былыс­тарды қаузап, сол төңiректе ой тол­ғауға құмбылдығы табиғи құбылыс екенi түсiнiктi. Мiне, кешегi КСРО деп аталған алып мемлекеттiң де бар-жоғы бұлдыр тартып, санадан өшiп, сағымға айналып барады. Кейiнгi буын оның болмыс-келбетiн жөндi бiлмейдi де. Ол жайлы таным-түсiнiктерi, көп болса, кеңестiк кезеңде ғұмыр кешкен қауымның ХIХ ғасыр (одан бергi Октябрь революциясына дейiн) жөнiндегi ұғым-пайымдарының о жақ, бұ жағынан аспаса керек.

Бес күннен асты, Бикен үйден шыққан жоқ. Жұдырықтай жүрегi қатып-семiп қалғандай не сыздамайды, не уайымдамайды. Бикендi мұжып жатқан ми ғана. Салқынқанды, есепшiл, кекшiл ми түйсiгiн де, төзiмiн де тұқыртып, менмен көңiлiн, өрекпiген жүрегiн жаншып, “бәрi далбаса, ендi сен жалғызсың” деген ақиқатты мойындатып отыр. Жарылып кет, жанып кет, бiрақ шындық осы. Жанбалам, жанашырым деп жүрген ұлдан естиiн деген сөзi осы ма? “Мама, осы жасыңызда сiзге не керек?” дедi ғой шiрiк. Маған не керек екенiн бiлемiн, ұлым. Мен өз қадiрiмдi де бiлемiн. Бикен ызадан орнынан атып тұрды да, теңселiп отыра кеттi.
“ЖАС АЛАШТЫҢ” ТIЛШIСI САЙЛАУ БАЙБОСЫННЫҢ МАҚАЛАСЫН ҚҰПТАЙМЫН
Құрметтi Сайлау iнiм! “Жас Алаштағы” (09.12.10) “Атабаевтың ақиқаты” мен бiздiң ақиқат” атты мақалаңды оқып оған қолдау бiлдiргiм келедi. Өте жақсы жазыл­ған, бүгiнгi қазақ журналисi мен қазақ ақпарат кеңiстiгiнiң жағдайы мен тiрлiгiн жете түсiндiретiн, мәселенiң түбiне терең бойлаған мақала. Жүз пайыз қосыламын! Солтүстiктегi қазақтың бодандық санасын, тiлiнiң, қазақ ақпаратының, журналистерiнiң мүшкiл жағдайын айтыпсың, қазағы тұнып тұрған Сыр бойы­ның да жетiскен жерi аз.

Эмиграциядан Германияға қайтып келе жат­қан немiс ақыны, драматург Бертольд Брехтi немiс зиялылары қонақ үйде салтанатты түрде күтiп алмақ болып, әбден дайындалады. Бүкiл қонақтар жиналғанымен, Б.Брехт келмейдi. Ақыр аяғында қонақ үйдiң швейцарынан сұрауға тура келедi. Сөйтсе, Б.Брехт дәл уақытында келгенiмен, есiктегi швейцар оны iшке енгiзбептi. Ал швейцардан “оның не?” деп сұрағанда ол: “Шақыру қағазын көрсеткендердiң бәрiн де кiргiздiм. Тек жалғыз келген бiреуде ғана шақыру қағазы болмады, әрi өзi Брехтi қарсы алуға лайықты киiнбептi. Әрине, оны кiргiзбей қайтарып жiбердiм”, – десе керек.

“Нұрсұлтанның салған нұр­ланған қаласы нұрға шомып тұр екен!” Бұл менiң сөзiм емес, атамның сөзi.
Сарыарқа төсiндегi әсем қаланың көркiн тамашалауға немересiн ертiп, ауылдан атам келiптi. Қыстың қамын жазда ойла деген жаз бойы шөп тасып, мал қамын жайлаған соң, жол тартқан көрiнедi. Сақылдаған сары аяз, көшедегi ығы-жығы мәшинеден шаршаған соң, немересiнiң қыңқылына да қарамай “кетемiнге” басты.
– Ауыл деген жанның рахаты емес пе? Кезiнде той дегенiң көкпарсыз, бәйгесiз өтпеушi едi. Қымыз iшiп масайрап бiр жетiсiп қалушы едiк,– дейдi атам.
– Ата, ол ауылда ғой, – деймiн.
– Е, мынау Сарыарқаның сары даласы жоқ па екен, кеше Астана тойын дәстүрiмiзге сай тойласақ деп қояды.
Кiшкентай Әли су асты балықтарды көргенiн айтып мәре-сәре. Атамның қабағы қатыңқылау. “Ауылдағы бала бәйтерек көрем деп Астанаға қарай асығады.
Шәкимардан Мәжитұлы Абдықалықов
ҚР Мемлекеттiк Орталық музейiнде 2011 жылы 13 қаңтарда әуесқой фототүсiрушi Шәкимардан Мәжитұлы Абдықалықовтың “Тұран ойпатының өркениетi” атты фотокөрмесi ашылды. Фотокөрмеге фотошебердiң 86 жұмысы ұсынылды. Шәкимардан Мәжитұлы Абдықалықов Сыр өңiрiнде 1949 жылы 27 мамырда дүниеге келдi. Оның алғашқы “Тұран ойпатының өркениетi” атты фотокөрмесi 1999 жылы қазан айында Қорқыт атындағы Қызылорда педагогикалық университетiнiң ұйымдастыруымен ЮНЕСКО бағдарламасы аясында Парижде өткiзiлдi.
Жұмабай Несiпжанұлы Мұсабеков
1968 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Кеңсу ауылында дүниеге келген. Халықаралық мамандықтар институтының “Халықаралық құқық” факультетiн бiтiрген. Отан алдындағы әскери борышын өтеп келгеннен кейiн еңбек жолын қарапайым жұмыстан бастаған Жұмабай Несiпжанұлы Алматы облыстық “Жетiсу” газетiнде 2000 жылдың 1 тамызынан бастап еңбек етiп келедi. Облыс әкiмi жүлдесi үшiн жыл сайын дәстүрлi өтiп жүрген журналис­тер байқауында фототiлшi ретiнде бiрнеше дүркiн бас жүлденi иеленген.
Ырыстының оқуға ынтасы бiрiншi семестерде-ақ сыр бердi...  Қалтасы қалың оқу­ға қиналмайды екен...
Ол орта мектептi алыстағы ауылда аяқтады. “Орта” деген аты болмаса, бiр кезде алты жүзден астам бала оқыған мектептегi оқушылардың саны бүгiнде екi жүзге әрең жетiп жығылатын. Таза тоз-тозы шыға жаздаған ауыл қайта ендi-ендi есiн жиып келедi.  Осы орта мектептен түлеп ұшқан олар он үш едi. Оқуға бармаса басы ауыратындай, тегiс қотарыла қалаға аттанды. Тестке тiсi батпаса да, бәрi коммерциялық бөлiмге қойды да кеттi. Қысқасы, ауылда қалған ешқайсысы жоқ. “Қыздың қолы мұғалiмдiк” деген жанашыр жеңгелерiнiң кеңесiне құлақ асқан Ырысты университеттiң тарих факультетiне құжаттарын тапсырған. Қаланың ию-қию тiршiлiгiне бойы үйренбегендiктен бастапқыда базарда жүргендей басы айналатын.
Қазақстан Республикасының әйелдер еркiн күресi тарихына көз жүгiртер болсақ, көш басында “Халықаралық спорт шеберi” атағын ең алғашқы болып алған палуан қыздарымыз Жұлдыз Ишимова мен Елена Шалыгина екен. Бiр өкiнiштiсi, осы Қазақ елiнiң намысын жыртып жүрген екi палуанымыз да – өзге елдiң өкiлдерi. Дегенмен, Қазақстан азаматтығын алып, елiмiздiң намысын қорғап, көк байрағымызды көкке көтерiп жүрген осындай қыздарымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.  Бiз бүгiн оқырмандар назарына 2010 жылғы ел чемпионы, әлем бiрiншiлiгiнiң күмiс жүлдегерi Жұлдыз Ишимовамен болған сұхбатты ұсынып отырмыз.
Ендi тура он күннен кейiн Астанада қысқы Азия ойындарының алауы тұтанады. 1986 жылдан берi бастау алған құрлықтық дода биыл Алматы мен Астана қалаларында же­тiншi рет ұйымдастырылғалы отыр. 30 қаңтар күнi Астананың “Астана-Арена” стадионында тұсауы кесiлетiн жарысқа Азия­ның 27 елiнен 1134 спортшы қатысады. Азия ойындарында спорттың 11 түрi қамтылған. Осы аптаның басында Қазақстан Туризм және спорт министрлiгi, Спорт комитетiнiң басшылары Ақ Азиада ойындарында ел намысын қорғайтын спортшылардың тiзiмiн жариялады. Спорттық делегация құрамында барлығы 251 адам бар. Оның 168-i спорттың 11 түрiнен ел намысын қорғайтын саңлақтарымыз.

Қостанайдың “Тобыл” футбол клубы Ресейдiң Санкт-Петербор қаласында өтiп жатқан Достастық кубогы жолындағы жарысын тәмамдады. Топтық бәсекенiң 3-турында Риганың “Сконтосымен” жасыл алаңға шыққан қостанайлық футболшылар қарсыластарынан 0:3 есебiмен жеңiлiп қалды. “Тобылмен” бiр топқа түскен Арменияның “Микасы” мен Өзбекстанның “Бунедкоры” арасындағы кездесуде армян клубы 2:1 есебiмен жеңiске жеттi. Егер “Мика” мен “Бунедкор” арасындағы ойын тең аяқталғанда, “Тобыл” өз тобынан екiншi орын алса да шығатын едi. Алайда “Мика” “Бунедкордың” жас футболшыларынан айласын асырып, керектi ұпайына қол жеткiздi.