Биылғы тамыз, қыркүйек айлары сапармен өтіп, Алматы, Талдықорған, Шығыс Қазақстан (Өскемен, Семей), Астана, Солтүстік Қазақстан облыстарын аралап қайттым. Дүниеге жар салып, ел жүрегін дүбірлеткен ЭКСПО-ны да аралап көруді Алла бізге нәсіп қылған екен. Соңғы күндеріне дәл келіппіз. ЭКСПО жыры өз алдына бір дүние. Біз сапарымыз жайлы, яғни солтүстіктің қыры мен сырын мақаламыздың арқауы етуді жөн көрдік.

Себебі бұл сапарымыздың басты мақсаты Солтүстік Қазақстанға оңтүстік аймақтардан қоныс аударған бауырларымыздың жай-күйімен танысу, құр танысу ғана емес, түбінде өзіміздің де осы жаққа қоныс аудару ойымызда бар еді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қытайдан Қазақстанның оңтүстік өңіріне Шөпек әулетінен бірнеше отбасы қоныс тепкен еді. Олардың жергілікті қандастарымен құда болған жайлары да бар… Сөйтіп, осы әулеттің үлкені Мекке бастап, інілері Бақаш, Сейдолла, Мұқият, Шаһидолла болып алты кісі солтүстік өңіріне қарай жолға шықтық.

Петропавлдың автовокзалынан бізді Аралбай Қожамсейітұлы күтіп алды. Жасы алпысқа келсе де, денесі баладай жеңіл, елпілдеп тұратын кісі. Ол кісі Аққайың ауданына қоныс аударған. Үйі облыс орталығынан 40 шақырымдай қашықтықта, күре жолдың бойында екен. Есіл және Аққайың аудандарының тіршілікке қолайлы екені туралы Арекең сілекейімізді шұбыртып әңгімелеп берді. Аралбай ақсақалдың елді, жерді жеріне жеткізе мақтағаны соншалық – бізбен бірге барғандар әжептеуір қопақтап қалды. Ертеңінде Аққайың аудандық мәслихатының депутаты Қизат Құрманбаев, аудандық жұмыспен қамту мекемесінің директоры Қанат Садықовпен әңгіме-дүкен құрдық. Олар біздің сапарымыздың мазмұнымен танысқан соң, бізге арнайы көлік бөлді.

Қанат пен Қизат ағаның бастауымен біраз елді мекендермен таныстық. Солардың алғашқысы, Черкас ауылына жаңадан тағайындалған әкім Ләззат Темірханқызы ағынан жарылып қарсы алды. Дереу бос үйлерді көрсете бастады.

– Бірнеше үй бос тұр. Иелері Ресейге, Астанаға, Петропавлға қоныс аударған. Қанша отбасы көшіп келесіздер? – деп сұрады Ләззат ханым.

– Біз қазір елмен, жермен танысып жүрміз, – деді Аралбай ақсақал.

Одан кейін Ленин ауылына бардық. Ауыл әкімі Бабақов жұмыстарымен аудан орталығында жүр екен. Ол кісінің кабинетін аштырып, Қизат аға осы ауыл әкімшілігінде істейтін жігіттермен таныстырды. Олардың сөзінен ұққанымыз: ауылда қолға бірер сиыр, аз-маз ұсақ мал ұстауға болады. Табын-табын сиыр, қора-қора қой бағатын өрісті жер бұл ауылда жоқ екен. Ондай жерлер кезінде дөкейлердің қолына өтіп кеткен… Ал Аралағаш күре жолдың бойында қаладан небәрі 70 шақырым қашықтықтағы ауыл екен. 100-ден аса отбасы, орта мектебі бар. Бұл ауылға Өзбекстаннан – бес, Қытайдан бір қазақ отбасы көшіп келіпті. Қытайдың қазіргі саяси қыспағынан әзер шыққан Серік Қабыл мырзамен көрші болған өзбекстандық бес отбасы бір атаның баласындай бір-біріне бауырмал, тату-тәтті өмір сүріп жатқан жайы бар. Берік Раушанов қазіргі таңда 80 га егістік және 13 га жайылымдық жерді жалға алған. Жеті-сегіз жылқы, 12 сиыр бағып отыр. Ал Жолбарыс Юсіпековтің сиырының саны 30 шақты. Қыстың қамын жаз ойлаған бұл жігіттер қысқа алдын ала дайындалып, жем-шөбін толығымен қамдап алған.

Осы ауылдың бөлімшесі Амангелдіге де жолымыз түсті. Бұрын 100-ден астам үйі, бар жағдайы жасалған ауыл болған екен. Тұрғындары жан-жаққа көшіп, бүгінде 12-ақ түтін қалыпты. Өзі қалада тұрса да, ауылдағы кәсібінен қол үзгісі келмейтін Төлеген ақсақал мен Мархаба апайдың ақкөңіл, ыстық ықыласына бөлендік. Дастарханын жайып, қымызын құйып, қонақжайлылық танытты.

Сол күні Шымкенттен келген бес жігіт кері қайтты. Маған «Бір ауданмен ғана таныстым. Қалған аудан, ауылдардың жай-жапсарымен неге таныспасқа?»деген ой келді. Сонымен, жолсеріктерімнен бөлініп қала бердім. Алдымен қаладан 15 шақырым қашықтықтағы Бәйтерек ауылына ат басын бұрдым. Бәйтеректе сегіз мемлекеттен көшіп келген 376 отбасы тұрады екен. Бірен-сарандары ауа райын сылтауратып бұрынғы келген жерлеріне кері көшіп кеткен. Олардың орнын жергілікті отбасылар толықтырыпты. Зәулім мектебі, медпункті бар. Ауыл деген – аты, әйтпесе шағын қалашыққа ұқсайды.

Осы сапар барысында облыс әкімінің орынбасары, ұзақ жылдар жұмыспен қамту орталығын басқарған Асқар Сақыпкереевпен әңгімелесудің сәті түсті. Облыстық жұмыспен қамту орталығы бастығының орынбасары Алмаз Темірболатов және Алма Тілегенқызы ақылдаса келе, облыстағы барлық аудандарды (13 аудан) аралап, оңтүстік аймақтардан көшіп келген қандастарымызға қандай жағдай жасалып жатқанын және олардың тыныс-тіршілігімен танысу үшін арнайы көлікпен алып жүретін болды.
Бұл өңірге көшіп келушілер көбінесе М.Жұмабаев ауданына қоныс тебеді екен. Аудан әкімі Асқар Бегманов оңтүстіктің тумасы, бұған дейін Астанада және басқа аудандарда қызмет атқарған. Өзі арнайы қабылдап, ашық-жарқын әңгіме-дүкен құрды. 39 отбасын баспанамен, жұмыспен қамтамасыз етіпті. Қытайдан келген бауырларымыздың кейбір құжаттары дұрыс болмай қалып, солардың шаруасымен Астанаға дейін ізденіп барғанын естігенде тіптен сүйсініп қалдық. Қай әкім осындай қанжілік болып халқы үшін шапқылап жүр?!.
Адамның жанына батып, жігеріңді құм қылып, жүрегіңді ауыртатын ауыр жайт – ауылдардағы мектептерде бала санының күрт азаюы. Соның бірнеше мысалы: Мамлют ауданы Бостандық ауылының көпқабатты мектебі жайнап тұр. 1991 жылы 300 оқушыға арнап салынған мектепте қазір 60 бала ғана оқиды. Ұлттық тестілеуде облыс бойынша үздік 10 мектептің, республика бойынша 100 мектептің бірі атанған. Мектеп директоры Айгүл Сарбасова қала мектептерінде бола бермейтін білім берудің жаңа жүйелерін енгізгенін айтып қалды. Бірақ осындай керемет білім ордасы көшкен жұрттай қаңырап бос тұр. Қаңырап бос қалған мектептің бірі – Ғ.Мүсірепов ауданындағы Сарыбұлақ мектебі. Ауылда 40-қа жуық отбасы бар. Мектепте үш-ақ бала, бір мұғалім, бір директор. Осылайша Жамбыл ауданында төрт мектеп, Есіл ауданында бес мектеп жабылған. Біз көрмеген ауылдарда қаншама мектептердің жабылып жатқаны бір құдайдың өзіне аян.

Ауыл – қазақтың қан тамыры, көз нұры, көкірек айнасы. Амал қанша, адамдардың тіршілігі қалаға байланды. Сол себепті ауылда кәрі-құртаңдар ғана қалды. Қаныңды мұздатып, жаныңды сыздататын мұндай мысалдардың әлденешеуін келтіруге болады. Енді осындай ауылдарға өң беріп, мектепке бала санын асырып, ауыл тіршілігіне ажар берген ағайындар туралы айта кетсек. Осынау еңбексүйгіш жандарға таңғалмай тұра алмайсың. Есіл ауданындағы Бірлік елді мекеніне Қытайдан 12 отбасы көшіп келген. Соның бірі Азамат Армияұлы жұбайы екеуі қалада өскеніне қарамастан, білек сыбанып, еңбек етуде. Он екі сиыр алып, оған сегіз мая шөп, жем түсіріп, қыс қамына кіріскен Азаматтың келіншегі қазақтың ақжарма құртын жасап, шыптасын жайып отыр. Келгеніне әлі жарты жыл бола қоймаған бауырымыздың талпынысы тамаша-ақ.

Айыртау ауданының Кирловка ауылына Қызылорда облысы Шиелі ауданынан көшіп келген Бақытжан Бекжановтың отбасы да еңбек етуден еш жалыққан емес. 100 гектар жерді 10 жылға жалға алған. Және 6 пайыз жеңілдікпен 2 миллион теңге несие алып, 24 бас сиыр түлігін өсіріп, 300 қаз бағып, ауласын құсқа да толтырып отыр. Қаздың етін, мамығын Астанадан тапсырыспен алып кетіп жатыр екен. «Кейде 100 келіге дейін тапсырыс аламыз, ерінбей еңбек еткенге бұл жерде мүмкіндік мол. Күйеуім мектепте шаруашылық меңгерушісі болып жұмыс істейді. Қайным Мұқағали Бекжанов малдәрігерлік жұмысын атқаруда», – дейді отанасы Мархабат. «Ойбай, солтүстігі құрысын, аяз, қар-бұрқақтан көз ашпайсың» дейтіндерге Өзбекстаннан көшіп келіп, көсіліп өмір сүріп жатқандардың тіршілігін мысал етуге әбден болатындай… Өзбекстанның қысы солтүстіктің күз бен көктеміндей ғана ғой. Мәселе ынта-ықыласта. Тайынша ауданына көшіп келген Аққұловтар әулеті тоғыз жолдың торабынан «Нұр-Арай» кафесін ашқан. Күндіз-түні адамның қарасы үзілмейді. Оңтүстік өңірінен бірге келген қарт анасы да осы жерге үйрене бастапты. Сондай-ақ Ақжар ауданындағы Кеңашы, Байтөс деген ауылдарды көргенде көзіміз шырадай жанып, көңілімізге нұр құйылғандай сезімде болдық. Бұл ауылдардың білім ұялары жайнап тұр. Алланың үйі – мешіт екі ауылда да бар. Ауыл адамдарын ұйымдастырып, осы мешіттерді ауыл әкімі Амантай өзі бас болып салғызған екен. Ш.Уәлиханов ауданы да оңтүстіктен қоныс аударушыларды жақсы қабылдап, көңіл бөліп отыр. Ауданда 17 мың халық тұрады. Аудан тұрғындарының 90 пайызы өзіміздің қаракөз қандастар. Адамның адамдығын жасаған ортасы, алған тәрбиесі әйгілеп тұратыны сияқты көп адамдарға әкім-қаралардың есігі тарс жабық тұратыны көпшілікке мәлім. Ал аудан әкімі Медет Оспанов «Жас келсе іске…» дегендей, біраз жұмыстардың басын қайырып, халқына адал қызмет етіп жүрген азаматтардың бірі екен. Әсіресе үлкендерге деген ілтипаты ерекше. Ал оңтүстік өңірдің Сарыағаш ауданы Абай ауылынан келіп қоныстанған Махамбет ағамыз еңбегін жерден тауып жүр екен. Үш жылға 22 гектар жерді жалға алып, осы аумақтағы көлдің суын тазартып, балық шаруашылығымен де айналысу туралы ойын әңгімелеп берді.

Осы сапар барысында бізді таңғалдырған тағы бір жайт – Ғ.Мүсірепов ауданына Алматы облысы Сарқант ауылынан көшіп келген Мұса Жұмақабылұлының шаңырағында болған шаттық-қуаныш. Мұсаның келіншегі саз өнерінің жетік маманы. Бес бала тәрбиелеп отырған отбасы. Бұлар аудан орталығында үш-ақ күн пәтер жалдап тұрыпты. Төртінші күні облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қолынан үш бөлмелі пәтердің кілтіне ие болады. Әкімдік Мұсаның келіншегіне мамандығы бойынша екі жерден жұмыс ұсыныпты. Ал Мұсаның өзі үй жиһаздарын жасайтын шеберханаға жұмысқа тұрмақ.

Жасыратыны жоқ, бізде кейбір адамдар көзбен көрмей, естіген әңгімесіне сенеді. «солтүстіктің жері де, адамдары да тоңмінез» деп айтады. Сапар барысында ондай келеңсіздікті байқамадық. Ел болған соң жақсысы да, жаманы да болады. Тұтас елге тіл тигізу тіптен дұрыс емес. Алғашында біз жетеу едік деп жоғарыда айттым ғой. Аққайың ауданы Аралағаш ауылына барғанымызда, Қырғыз деген ауыл қариясы: «Асу асып келгенсіңдер ме?» – деді. Біз «иә» дедік. Қоналқаға жай таба алмай жүрген жағдайымызды түсінген соң, «Жетеуің де қонақ болыңдар, үй кең. Алланың берген дән-рыздығы жетеді», – деп қонақжайлылық танытқанын қалай ұмытамыз?!
Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылына көшіп келген Серімұхаммед Оралұлы ағаштан неше түрлі түйін түйетін ұста екен. Және осы өңірді отынмен де қамтамасыз етеді. Хас шебердің қолынан шыққан дүниелер көздің жауын алады. Сол сияқты Асқар Мәдиев, Жомарт Омаров, Төлеубай қажы Молдахметұлы (Ақжар ауданының тұрғыны), Біржан есімді қос азамат кәсіпкерлік саласы бойынша іскерлік танытып жүр.
Соңғы жылдары жоғары білімі бар, әртүрлі мамандықтарды игерген жастар легінің (жас отаулардың) қалаларға жұмыс іздеп сабылуы тоқтамай тұр. Бәріне бірдей жұмыс қайдан табылсын? Содан барып күзетші, көлік жуушы, жанармай құюшы сияқты табысы аз жұмыстарға жегіледі. Одан алған еңбекақылары басына тартса аяғына жетпей, жан күйзелісі мен тән күйзелісіне қатар ұшырайды. Құлдық психология жастарымыздың еңсесін басып, жан дүниелері езгіге ұшырап келеді. Өздері осылай табиғи түрде құлға айналған жастардан дүние есігін ашқан ұрпақ «мен құлдан туған құлмын!» деп шырылдап өмірге келгенде, ол ертең кімге опа, кімге жақсылық, қай қоғамға пайда әкеледі? Меніңше, «Оңтүстіктен солтүстікке жұмыс бағдарламасы» жастарымызды, жас отауларымызды құлдық апанынан құтқарар еді. Олар солтүстік аймақтарда баспаналы болып, еліне, жеріне аянбай қызмет қылар еді.

Осы сапарымызда президенттің шекаралы аймақтарды қазақтандырудың қағидасын тағы да бір қырынан түсінгендей болдық. Тағы бір айта кететін жайт, қоныс аударушылар аудан, ауыл басшыларын ығыр етіп жіберген. Көшіп келушілерді кейбір аудандар малын сойып, қонақжайлықпен қол қусырып қарсы алған. Ал олар ауданды аралап-аралап, ақырында бай жақпаған кәрі қыздай кері қайтқан. Тіпті алдап-сулап, үкіметтің жеңілдіктерін пайдаланып, артынша тайып тұрғандары да бар екен. Меніңше, солтүстікке тек еңбек етемін деген адамдар ғана келе алады. Дайынға тап боламын дегендер көпке бармайды. Өйткені бұл өңір жатыпішер масылдардың мекені емес.
Өлең өмірден туады ғой. Мақаламды «Ауылым көшіп келсе екен Қызылжарға…» деген өлеңіммен аяқтағым келіп отыр.

Адалдап дәмің менен тұзыңды Алла,
Ауылым көшіп келсе екен Қызылжарға.
Сырлы аяқ сыры өшсе де, сыны кетпес,
Ел едік қой бақ дарып, қыдыр қонған.
Ауылым көшіп келсе екен Қызылжарға,
Ақ аязы айғыздап мұзын жарған.
Азия, Еуропаны ендей өттік,
Қанды соқпақ бабамның ізі қалған.
Шапағат-нұр шашып тұр дала таңнан,
Ұшырып сағым көңіл сан апарған.
Ауылым көшіп келсе екен аққан судай,
Ағылып Қаратау мен Алатаудан.
Келсе екен ұлан-ғайыр далам көшіп,
Ұлан-асыр той жасап алам несіп.
Ат мінгізсең ұсынам нар атанды,
Ағайын ойлап жүр ме сараң десіп…
Ауылым көшіп келеді Қызылжарға,
Сары алтындай сыйласын күзіңді алдан.
Абылай хан, Бұхар менен Қожаберген,
Алты Алашым солардың ізін жалға.
Еліме ел қосылып жиылған ес,
Белестер біз алатын бұйым емес.
Есіл бойын думанға бөлесе бір,
Сыр менен Қазығұрттан құйылған көш.
Ауылым көшіп келсе екен Қызылжарға…

Нұрхан СҰЛТАНБАЙҰЛЫ, ақын, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері