Бауыржан Момышұлы!

Қайсар қазақтың қанына сіңген қаһармандықтың айқын үлгісіне айналып кеткен есім бұл! Бірақ бардың қадірін білмейтін атқарушы билік үшін тарихи тұлғаны қастерлеу маңызын жоғалта бастағандай. Есімінің өзі ерлік пен өрліктің өшпес бейнесіндей көрінетін батыр бабамызды ардақтаудың жайы қандай екенін Шығыстың екі қаласы – Өскемен мен Семейге жолыңыз түскенде бір-ақ көресіз. Көресіз де қарныңыз ашып, көңіліңіз қу даладай құлазып сала береді.

Өскеменде шолақ көше Бауыржан Момышұлы атында

Алдымен облыс орталығы Өскемен қаласына ат басын бұрайық. Қаланың шет жағындағы тауды бауырлай орналасқан Куленов кенті бар. Өркениеттің игіліктері – жарық пен тас жолға зар болып отырған осынау елдімекеннің ең шетіндегі шолақ көшеге Бауыржан Момышұлының аты берілгенін көргенде қазақтың намыс пен рухы қорланып жатқандай күй кешетініңіз анық. Көшедегі қара жолдың ойдым-ойдым шұңқыры аздай, айнала қоқысқа тола бастаған. Қала орталығынан қашықта жатқан Куленов кентінде Момышұлының аруағы күңіреніп жатқанынан қала билігі хабарсыз тәрізді! Көше тұрғындарын әңгімеге тартқанымызда батпандай тауқыметтің шеті көрініп сала берді.

— Халқымыздың біртуар тұлғасы, даңқты батырымыз Бауыржан Момышұлының есімінің жазғы жаңбырда су толы шұңқырдан, қыста күрелмеген қардан көрінбейтін мынадай көшеге берілгені ұлтымызға ұят. Жасыратын несі бар, қала билігі біздің кенттің әлеуметтік мәселесін шешуге асығар емес. Қыста балаларды мектептен алып қайтудың өзі бір машақат. Электр бағаны жоқ, жарық желісі тартылмаған. Балар үйге жеткенше үрейленіп өтеді. Қаланың ішін қардан тазалап жүрген техникалар бұл жаққа келмейтіндіктен амалсыз бірігіп ақша жинап, техника жалдауға мәжбүр боламыз,- дейді аты-жөнін ашық айтудан бас тартқан бір тұрғын.

Аты аңызға айналып, халықтың өзі «Батыр Бауыржан» атап кеткен ұлт тұлғасының атындағы көшенің адам аярлық мұндай халінен нені көруге болады? Әрине, жергілікті атқарушы билік өкілдерінің немқұрайдылығы мен әдейілеп әділетсіздікке жол беріп отырғанын. Сөзімізге дәлел қаланың орталығын аралай бастасаңыз табылады. Горький, Орджоникидзе, Киров, Карбышев көшелерінің алдыңыздан шығатыны өз алдына көппәтерлі тұрғын үй қорынан Братская, Лениногорская, Косарев, Октябрьская, Свобода мекенжайларын «таба аласыз». Ал заңды тұлғалар орналасқан ғимараттар Бажов, Бакинская, Белорусская, Западный, Казанская, Красных зорь, Новая Гавань, Совхозная, Элеваторная сияқты бірінен бірі өтетін атауларымен «менмұндалай» жөнеледі. Облыс орталығындағы көше атауларындағы мұндай сорақылықтарға қарап, қалалық ономастикалық комиссияның тарапынан мардымды жұмыс жүргізілмейтіндігін аңғаруға болады.

— Өскемен қаласындағы ономастикалық комиссия жұмысының ақсап жатқандығына мысал көп. Қала орталығында кеңестік дәуірде «дәурені жүрген», бүгінгі тәуелсіз еліміз үшін маңызын жойған атаулар міз бақпаған күйі әлі тұр. Бауыржан Момышұлындай Ұлы Отан соғысында Мәскеуді аман алып қалған тұлға арқылы қазақты күллі Кеңес Одағы қолбасшылары мойындады. Ұрпақты ержүректікке, отанын қорғауға тәрбиелейтін кітаптарын жасымыздан оқып, жадымызға тоқып өстік. Момышұлының қаһарман болмысын қадірлеудің орынына қала шетіне ығыстырып, атын күтімсіз жатқан көшеге бергенін қалай түсінуге болады? Мұны айтпағанның өзінде біздегі көше атауларының аудармасымен қоса жүретінін қайда қоярсыз?! Мысалы, «Тәуелсіздік даңғылы» деген қазақша атауы «Проспект Независимости» аудармасымен қоса жалғасып жүре береді. Көшенің екі тілде аталуы заңға сәйкес келе ме? Әрине, жоқ. Сонда мұндай өрескел қателікке қалай жол беріліп отыр? Түсіне алмаймын. Ономастикалық комиссия мүшелерін сөзге тартсақ, құзырлары шектеулі екендігін айтып құтылады, — дейді жергілікті журналист, «Менің өлкем» газетінің редакторы Зарина Әбілмәжінова.

Айта берсең бір мақаланың өзі аздық ететін облыс орталығындағы көше атауларына қатысты мысалдар мұнымен шектелмейді. Қазақтың Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова сияқты айтулы тұлғаларының атын қала шетіндегі көшелерге ысыра салғанына қысылмаған қала билігі бұл олқылықты қашан түзейтіні белгісіз. Жай уақытта тұрғындармен жүздесіп, қаланың кез-келген аймағына барып, көпшіліктің жайын ойлап жүрген істерін әлеуметтік желіде жариялатуға құмар қала әкімі Қуат Тұмабаевтың бұл мәселені шешуге келгенде неліктен кежегесі кейін тартатынын халық түсіне алмай дал. Орталықтағы көшелер қаланың айнасы болып табылатынын ескерсек, жаңашыл көзқарастағы жас әкімнің өзі басқарып отырған қаладағы кеңестік империяның «сірескен мұзын» ерітуге қауқары жетпей ме, әлде, ұлт тұлғаларын құрметтеуге құлқы жоқ па, бір Алла біледі.

Семей де жетісіп тұрған жоқ

Алаштың алтын бесігі, ұлылардың ізі қалған қала саналатын Семейдегі көше атауларының да Өскеменмен терезесі тең екенін жоққа шығара алмаймыз. Рас Интернационал Қайым Мұхамедханұлы, Дальняя Зәкәрия Белібаев көшесі болып өзгерді. Өткен айда қалалық мәслихаттың шешімімен орталықтағы Ленин көшесі «Мәңгілік ел» деген «заманауи» атқа ие болып, атқарушы билік халықтың көкейіндегі жоқты түгендеген кейіп танытты. Ал қала шетіндегі Комосомол кентіндегі Әлихан Бөкейханның атындағы не жарығы, не асфальты жоқ көшенің таз қалпында қалып бара жатқанына мәслихат депутаттары басын ауыртқан жоқ. Жұрт күткен «Әлихан есімі Ленин көшесінің орынына берілсе» деген ой орындалмас арман болып қала берді.

Мақаламыздың басында Өскемендегі Бауыржан Момышұлының есімі берілген көшенің қайда, қандай күйде жатқанын айттық. Ал Семейде… Рас, орталықтағы көшелердің қатарында. Бірақ бірер көшенің аты өзгертілгенін көңілге тоқ санайтын қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің көше атауларындағы қателерді түзетуге қауқарсыз екені қынжылтады. Мәселен, Қабанбай батыр көшесі мен Момышұлы көшесінің қиылысындағы тақташадағы атауда батыр бабамыздың тегі тасымалданып жазылған.

Анықтағанымыздай, адам есімі мен тегі жазылған тақташаны жасату қалалық ТҮКШ мекемесіне қарайды екен. Алайда, мекемелердің бір-біріне күні қарап, олқылық үшін бірін-бірі кінәлауы жалғасып тұрғанда көрген кемшілігіміздің жуық арада жойылар түрі көрінбейді. Қаланың қақ ортасындағы Шәкәрім даңғылының Уәлиханов көшесімен қиылысындағы бағдаршамның жоғары жағына ілінген қазақша нұсқаның «Шәкәрим данг» күйінде тұрғанын қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Аққожинаның назарына әлдеқашан ұсынған болатынбыз. Көше тақтайшаларын жасауды алдағы уақытта ТҮКШ құзырынан алып, өзі басқаратын мекеменің міндетіне өткізуді ойластырып жүргенін айтқан бөлім басшысы Шәкәрімнің де, Бауыржан Момышұлының тегіндегі қателікті де түзетуге уәде берген. Бірақ орталық көшелердегі осынау қателіктер Назерке Мәулітқызының емес, ерсілі-қарсылы өткендердің назарын аудартқан күйі әлі «менмұндалап» тұр. Айтпақшы, Семейден Ленин көшесі келмеске кеткенімен, оның өмірлік серігі болған Крупская мен большевик Фрунзенің атындағы көшелер орталықтың айналасында әлі де «айы оңынан туып тұрғанын» жасырудың қажеті болмас.

Тағатыңды тауысатын тағы бір жайт — көше атауларының ендігі жаңа нұсқасының қандай болатыны. Адам аттарын беруге мораторий жарияланғандықтан, енді отаншылдықты насихаттайтын атаулардың қолданысқа енетіндігінде. Яғни күндердің күнінде Орджоникидзе көшесі – «Нұрлы жол», Карбышев «Достық» болып өзгеріп жатса таңқалмаңыз. Өйткені ендігі өзгеріс осылай болады. Оның алғашқы мысалы Семейдегі Ленин көшесінің «Мәңгілік ел көшесі» болып өзгертілгенінен көрініс тапты.
«Айтақтай-айтақтай қасқырдан да ұят болды» дегеннің керімен бұл мәселе қаншама жазылып жатса да өзекті күйінен әлі өзгеретін емес. Ұлт тұлғаларын тұқыртудағы мұндай қолдан жасалып отырған қиянаттар қашанғы жалғаса бермек?! Медальдің екі беті тәрізденіп, елге қараған жағына «Рухани жаңғыруды» көлденең ұстап, ал ар жағына «ұлттар достастығын» қоса жасырып отыратын қала шенеуніктері атқарушы биліктің жергілікті орындаушылары деңгейінде ғана екенін өздері де жоққа шығармасы анық. Өйткені жоғарыдан пәрмен болмайынша, дәрменсіз күйде отыра беретін ел ішіндегі «ақ жағалылардың» жалтақтығын бұл күнде бес жасар бала да біледі.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,
Шығыс Қазақстан облысы

1 ПІКІР

  1. Соншама күңіретіндей не бар? Ауылда жалпы асфальт көше жоқ. Екі-үш көшесі бар ауылдың ең дұрыс көшесі осы. Соған Баукеңнің атын беріп отыр деп мақтамайсыз ба? Баяғыда көрінген мекенді аймақта Ленин көшесі болатын. Бүгін барлық ауылда Бауржан көшесі бар. Алматыда Бауыржан көшесі керемет үлкен көше. Соны неге айтпайсыз?

Comments are closed.