Жер кодексіне енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды қамтыған заң жобасы алдағы аптада парламенттің қарауына түседі екен. Бұл жаңалықты экономист, жер реформасы жөніндегі комиссия мүшесі Мұхтар Тайжан хабарлады. Елдің есінде болар, былтыр Жер кодексіне еніп кеткен кейбір баптарға халық қарсы болып, елдің бірнеше аймағында митингілер өткен-ді. Қоғам қарсылығынан кейін билік кодекстегі даулы баптарға мораторий жариялаған.

Іле-шала жер реформасы жөніндегі комиссия құрылып, оған Бақытжан Сағынтаев төрағалық етіп, құрамына қоғамдық тұлғалар, сарапшылар, қоғамдық ұйым өкілдері еніп, аймақтарды аралап, көшпелі мәжілістер өткізген. Сөйтіп, елдің талап-тілегі тыңдалып, Жер кодексіне өзгеріс енгізілген еді. Міне, сол заң жобасы енді депутаттардың талқысына ұсынылмақ. Жер қазақ халқы үшін қай кезде де аса маңызды мәселе болғандықтан, біз жер мәселесі жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Мұхтар Тайжанмен хабарласып, кодекске енген өзгерістерді сұрап білген едік.

Мұхтар ТАЙЖАН, экономист, жер реформасы жөніндегі комиссия мүшесі:

– Біріншіден, бес жылға дейін жер Қазақстан азаматтарына да, шетелдіктерге де – ешкімге сатылмайды. Бес жылдан кейін жер мәселесін тағы да қарастыруымыз керек. Екіншіден, жер шетелдіктерге жалға берілмейді. Сөйтіп, «жер сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін» деген халықтың талабы орындалды. Үшіншіден, әр ауылдың нақты радиусында белгіленген жайылымдық жерлер жалға берілмейді, сатылмайды. Яғни ауылдың ортақ жері болып қалады. Төртіншіден, егер қазақстандық компаниядағы қандай да бір шетелдік азаматтың, компанияның 1 пайыз да үлесі болса, ол компанияға жер жалға берілмейді. Әрі жер үшінші тарапқа жалға берілмейді.
Жер мәселесіндегі тағы бір үлкен мәселе – ірі жер иеленушілер, яғни латифундистер. Ірі көлемде жер алғанымен, жұмыс істемей отырған компаниялар бар. Солардың кесірінен қарапайым
халыққа жер тимей жатыр. Бұл проблеманы шешу үшін комиссия әр адамның, әр компанияның иелігіндегі жер көлеміне қатысты шектеу қойдық. Яғни жер жеке адамның, компанияның иелігінде ірі көлемде емес, белгілі бір мөлшерде ғана болуы шарт. Жер мөлшері әр аймақта қанша болуы керектігі әр өңірдегі халықтың тығыздығы мен орналасу аумағына қарай белгіленеді.
Жер кодексіне енгізілген келесі өзгеріс – жердің берілу нормалары. Бұрын жерді әкім-қаралар қалауынша беріп, жемқорлық жол алған жағдайлар болған. Ал жаңа заң жобасы бойынша жер беру ашық конкурс түрінде өтеді. Конкурс екі ай бұрын жарияланып, комиссия құрамына қоғам өкілдері міндетті түрде қатысады. Және жер беру жөніндегі келісімшарт бүкіл ел аумағында бірдей болады.
Тағы бір маңызды тұс – Қазақстанның мемлекеттік шекарасы аумағындағы жерлер мүлдем ешкімге жалға берілмейді, сатылмайды. Бірақ шешілмей тұрған проблема бар. Ол – ашық кадастр жасау. Егер кадастр ашық болмаса, онда біз заңға енгізілген нормаларды бақылай алмаймыз. Үкімет ашық кадастр жасау жеке бастың мәліметі туралы заңға қайшы келеді дейді. Алайда жер иеленушілер, негізінен, заңды тұлғалар. Демек, ашық кадастр жасау жеке бастың мәліметі туралы заңға қайшы емес. Мен осыны комиссия отырысында бірнеше рет айттым. Бірақ үкімет ашық кадастр жасаудан бас тартып отыр. Ал кадастр ашық болмаса, кімнің иелігінде қанша көлемде, қандай жер бар екенін біле алмаймыз.
Міне, Жер кодексіне енгізілген өзгертулер мен толықтырулар қамтылған заң жобасында жерге қатысты жоғарыдағыдай маңызды һәм өзекті мәселелер қамтылған 11 норма бар.