– Зәуреш Қабылбекқызы, еліміздегі оппозициялық көзқарастағы жалғыз партия –ЖСДП ұйымының жалпыхалықтық бейбіт шеруге дайындалып жатқанын естіп жатырмыз. Әңгімемізді осыдан бастасақ. Мұндай қадамға не итермелеп отыр?
– Бүгінде бәрімізге белгілі жайт, халықтың әлеуметтік жағдайы өте қиын болып тұр. Азық-түлік қымбатшылығы, жалақының төмендігі себепті ел тұрғындарының тұрмысы күннен-күнге төмендеп келеді. Дәрі-дәрмектің нарқын жақсы білесіз. Қарапайым халықтың басым бөлігінің күнделікті табысы киім-кешек, баспана, бір сәттік демалыс пен құнарлы тамақтануға жетпейді. Жылдар бойы жалақы өскен жоқ. Өсті деген күннің өзінде, инфляция «жеп» қойып отыр. Ол аздай, бұл қымбатшылыққа жанармай мен көмір тапшылығы қосылды.
Құдайға шүкір, мұнайлы елміз. Қойнауымыз толған байлық. Осының барлығын игеріп, 26 жылдың ішінде экономикамызды көтеруге толықтай мүмкіндігіміз бар еді. Өкінішке қарай, олай болмады. Қаншама реформалар жасалды. Бірақ ешқайсысы нәтиже берген жоқ. Ел үкіметі тек тарифтер мен салықты көтеру арқылы мемлекетті дамытамыз деп ойлайды. Мұндай ескі заманғы түсініктен арылатын кез болды ғой. Мемлекеттің дамуы үшін халықтың жағдайы жақсаруы керек. Онсыз болмайды. Үкімет халықтың қалтасына түскенді қойып, «Халықтың тапқан табысы өз басына жете ме? Өзін-өзі қамтамасыз етіп отыр ма?» деген сауалдарға жауап іздейтін уақыт жетті.
Бізді жалпыхалықтық шеруге итермелеп отырған осы жағдай. 21 қазан, яғни осы сенбі күні шеру өткізуге рұқсат сұрап отырмыз. Бұл шеруге партиямыздың 18 филиалы түгел қатысады дегенбіз. 14 қалалық, Астана мен Алматы қаласындағы екі филиал және Түркістан мен Семей қаласында тағы екі өкілетті бөлімшеміз бар. Жергілікті әкімшіліктен шеру үшін орталық алаңның өзін сұрап отырмыз. Шеру, әрине, бейбіт түрде өтеді. Ешкім заңды бұзғалы отырған жоқ. Бұл біздің конституциялық құқымыз. Үкіметтің алдында қоятын талаптарымыз бар.

– Бұл қадамдарыңызды ресми билік қалай қабылдады? Жауап келді ме?
– Жауап келді. Өкінішке қарай, Семей қаласынан басқа жердің бәрі шеру өткізуге рұқсат бермеді. Мұны билік шындықтан қорқып отыр деп түсіндік. Басқаша ойлау мүмкін емес. Халық қымбатшылықтан қажыды. Қиналған жұрт неге өз жағдайын айтпауы керек? Халық билікке талап қойып, өз шындығын айтқаннан ешкімнің басы жарылмайды ғой. Қайта бұқара мен билік ашық әңгімеге көшпей ме? Амал не, жергілікті жердегі, сондай-ақ сол жағалаудағы ақжағалылар елдің ащы сөзін тыңдағаннан гөрі мақтау-мадақ іздейтін болып тұр. Жалпыхалықтық шеру өткізуге рұқсат бермесе де, біз жұмысымызды тоқтатпаймыз. Осы айдың 26-сы күні жемқорлық мәселесіне қатысты арнайы дөңгелек үстел өткіземіз.

– Жемқорлық демекші, елімізде бармақ басты, көз қыстылыққа қарсы күрес жүргізіліп, небір лауазымды тұлғалар қамауға алынып жатыр. Алайда кейбір сарапшылар «бұл жемқорлықпен күрес емес, кланаралық қақтығыстар» деп жатады…
– Жалпы, жемқорлықтың екі түрі бар. Біріншісі – тұрмыстық, екіншісі – саяси жемқорлық. Тұрмыстық жемқорлықты қоғам болып жеңуге болады. Халықтың санасын өзгертіп, заң аясындағы мүмкіндіктерін пайдалануды үйретсек болды. Басқа ештеңенің керегі жоқ. Әкімшілік кедергілер мен қаптаған құжаттар азайса болды. Бұл салада, әрине, алғышарттар жасалып та жатыр. Мемлекеттік және әлеуметтік қызмет көрсетудің кейбір салалары электронды жүйеге көшіріле бастады. Бүгінде бұл көрсеткіш 47 пайыз болыпты. Көп кешіктірмей қалған 53 пайызын осы жүйеге көшіру керек. Олай болған жағдайда ол жерде бармақ басты, көз қыстылық болмайды. Барлығы электронды жүйе арқылы атқарылады.
Ең қауіптісі – саяси жемқорлықтың асқынуы. Бізде қаншама әкім, министр, керек болса премьер-министрлер ұсталды. Бұл елімізде саяси жемқорлықтың әбден асқынғанын көрсетеді. Мұны билікке талас нәтижесі деп біржақты айта салуға болмайды. Яғни күрес бар. Алайда нәтиже аз. Себебі бұл салада ашықтық жоқ. Біз биліктің не істеп отырғанын ашық біліп отыруымыз керек. Бізде шенеуніктер біреудің көмегінсіз ештеңе шешілмейтін жүйе жасап алған. Яғни бермесең ештеңе жоқ.

– Жемқорлықпен күрес нәтижесіне көңіліңіз тола ма?
– Бұл мәселемен күрес нәтижелі болу үшін билікте үлкен өзгеріс болуы керек. Көппартиялы жүйе, әділ сайлау керек. Жоғарыдан шыңғыртып тұрып есеп алатын парламент пен ешкімге жалтақтамайтын азаматтық ұстаным қажет. Өкінішке қарай, бізде ондай жүйе жоқ.
Жемқорлықпен күресте Грузия үлкен нәтижеге қол жеткізді. Нақты айтар болсақ, халықтың көмегі көп тиді. Халықтың жаңаруына, рухани оянуына мүмкіндік жасалды. Біздің партияның басты мақсаты да осы. Партияның негізгі мақсаты – билікке келу. Әділ сайлау жолымен парламент құрамынан орын алып, күн санап құлдырап бара жатқан мемлекетті қайта көтеру. Халықтың жағдайын жасау.

– Ол үшін қазақ билігіне Саакашвили секілді тұлғалар келуі керек дейсіз ғой?
– Дәл солай.Соған ұмтылуымыз керек. Халық болып атсалысуы тиіс. Өкінішке қарай, оғанеш мүмкіндік берілмей отыр. Биыл партиямыздың құрылғанына 10 жыл болыпты. Сол 10 жыл ішінде қаншама саяси оқиғалар орын алып, түрлі сайлаулар өтті. ЖСДП партиясы осының барлығына қатысты. Президент сайлауы, парламент сайлауы дейсіз бе – бәріне қатысты. Бірақ бір рет те орын алмады. Нәтижеміз жақсы бола тұра өте алмадық. Дауыстар нәтижесі қолдан бұрмаланды. Жергілікті мәслихаттардан да орын ала алмады. Керек болса, әртүрлі комиссиялар құрамына да кіре алған жоқ.
Бұл нені көрсетеді? Билік партиямыздың комиссия, мәслихат, парламент, үкімет құрамында болғанымызды қаламайды. Өздерінің айтқанынан шықпайтын, тек әмірін ғана орындайтын партияларды қалайды.
Бүгінде елімізде қағаз жүзінде алты партия бар. Соның бірі – оппозициялық бағыттағы ЖСДП. Басқа шынайы партия жоқ. Жаңа партия құру еш мүмкін емес. Керісінше, партиялар саны азайып барады. 2004 жылы қабылданған заң партиялардың тағдырын тіптен қиындатып жіберді. Тек қуыршақ партия ғана құруға болады.
Алайда қолдан келгенше осы кедергілер мен кертартпа жүйемен күресіп келеміз. Осы мақсатта бүгінде ұйымның ұстанымын өзгертіп, жұмысын жақсарту қадамдары жасалып жатыр. «Жаңа құрам – жаңа леп» деген қағидаға сүйенеміз. Ол үшін бізге халықтың сенімі ауадай қажет.

– Он жыл бойы ашық күресте келе жатырсыздар. Бірақ еш нәтиже шықпағанын өзіңіз де ашып айтып отырсыз. Ендігі болашақтан не үміт күтесіздер? Бәрібір ештеңе өзгермейтін секілді ғой…
– Жоқ, олай деуге болмайды. Бүгінде еліміз өтпелі кезеңде тұр. Жиырма алты жыл өзгеріссіз салтанат құрған биліктің миссиясы да аяқталды. Өзгеріс уақыты келе жатыр. Оның үстіне халық та оянды. Санасы серпіліп келеді. Биліктен ештеңе тілемеу керек. Биліктен сұрау керек, талап ету керек. Дәл қазір осы қағиданың заманы. Оны билік те түсініп отыр. Ескі жүйенің тозғанын, замана көшіне сәйкес жаңа идеяның, тың бағдарламаның керек екенін түйсіне бастады. Оны қазіргі айналымда жүрген ескі кадрлар шеше алмайды. Амалсыз жастарға орын беріп, өзгеріс жасауына тура келеді. Біз осыған дайын отыруымыз керек. Оған халықтың сенімі арқылы, нақты жұмыстар арқылы жетеміз. Түбінде биліктің оппоненті екенімізді дәлелдейміз.
Билік аз болса да өзгерістерге барып жатыр. Парламенттік жүйе, жергілікті өзін-өзі басқару секілді алғышарттар осының дәлелі. Бірақ бұларды нақты жүйелі өзгерістер деп айта алмаймын. Демократиялық принциптердің ауылы әлі алыс.

– Енді өткенге шегініс жасағым келіп тұр. Алты жыл қатарынан сенатор болдыңыз. Ол кездегі парламент пен қазіргі парламенттің айырмашылығы бар деп ойлайсыз ба?
– Ол кезде бәрі басқаша еді. Саяси партиялар мен депутаттар парламентке сайлау жолымен келетін. Қазіргідей тізім бойынша емес. Алты жыл сенатта болған 1999-2005 жылдар аралығындағы шақырылымда бес бірдей партия жұмыс жасады. Бұлардың барлығы сайлау жолымен келді. Кейін тағы екі партия келіп қосылды. Бірі – Қазақстанның демократиялық таңдау партиясы. Мен жалғыз өзім сенаттағы осы партияның өкілі болдым. Екіншісі Дариға Назарбаеваның «Асар» партиясы болды. Жеті партия үлкен күш еді. Ашық бәсеке. Осы партиялардың ішінде Серікболсын Әбділдин басқаратын оппозициялық бағыттағы коммунистер партиясы да бар еді.
Атам қазақ «жалғыздың үні шықпас» деген, бірақ шын күрессең жалғыздың да үні шығады екен. Сол жерде жалғыз болсам да, өте көп мәселе көтердім. Талай шенеуніктің шаңын қағып, жоғарыға халықтың мұңын жеткізіп отырдым. Сайлаушыларымнан келіп түскен хаттардың барлығын жарияладым. Ешқайсысын тартпада сақтаған жоқпын. Депутаттық сауал ретінде жолдадым. Сайлаушыларыма берген антыма адал болдым. Тек мен ғана емес, сол кездегі әріптестеріміздің дені осылай қызмет етті.
Ал қазір қалай? Жаңаөзен қырғыны болды. Парламентте үн жоқ. Халықтың қаны төгіліп, адамдар заңсыз сотталып кетті. Кәсіподақтар дауы туындап, жұмысы құлдырау үстінде. Басшылары сотталып, бірінен кейін бірі ашық қудалауға түсіп жатыр. «Жер сатылмасын!» деп халық көшеге шықты. Екі азамат түрмеге жабылды. Жұрт шулап жатыр «қымбатшылық қамытынан құтқарыңдар» деп… Ешқайсысына да парламент назар аудармайды. Құдды түк болмағандай сазарып отыр. Ондай үнсіз, қуыршақ партия кімге керек?!
Партиялар мен парламенттің міндеті – үкімет пен биліктің нақты кемшілігін көрсетіп, бақылауға алып, өзгеріс жасау. Партия мен қоғамдық ұйымдардың мақсаты мақұлданған заңдар негізінде үкімет қабылдаған қаулыларды бақылап, нәтижесін халыққа жария ету.
Іс жүзінде бәрі басқаша. Шырылдап жүрген тек біз ғана. Мәселен, осы жылдың ақпан айында білім және ғылым министрі Е.Сағадиев «ел ұстаздары өздерінің міндеттеріне жатпайтын жұмыстардан босатылады» деп мәлімдеме жасады. Содан бері сегіз ай өтті. Іске асырылып жатыр ма? Өз бақылауымызға алып, қорытындысын талап етіп министрлікке хат жібердік. Қыркүйекте Астана қалалық білім басқармасында арнайы кездесу өтуі тиіс болатын. Алайда еш жауап жоқ. Яғни қаулы әлі орындалмай отыр деген сөз. Мен айтып отырған ашықтық деген осы. Қателіктерін көрсеткісі келмейді. Арзан пиар ғана болып отыр.

– Замандасыңыз, экс-депутат Серікбай Әлібаевтың партия қатарынан шығарылуына не себеп болды?
– Серікбай Әлібаевтың партия қатарынан шығарылуының бірнеше себебі бар. Соның бірі – партияға жастардың келуі. Екінші себебі партиялық тәртіпке байланысты болып отыр. Тәртіп болмаған жерде ешқандай нәтиже болмайды. С.Әлібаев партия тәртібіне бағынбады. Партия ұстанымына сай келмейтін әрекеттерге барғаны анықталды. Осындай себеппен саяси кеңестің шешімі бойынша партия құрамынан екі адам шығарылды. Соның бірі – Әлібаев мырза. Мұндай талап әрбір партияда бар. Одан қорықпау керек. Партия мүшесі болған соң сырттан небір ғайбат дүниелер айтуға болмайды. Өзгерткісі келсе іште, кеңес отырысында айтуы тиіс. Ол партияның ұстанымына қайшы. Оның үстіне партия жұмысына да белсенді қатыспайды. Себеп – осы ғана. Әйтпесе өз басым Серікбай Әлібаевқа құрметім жоғары.
– Сіз көптен бері үлескер мәселесімен айналысып келесіз. Жалпы, осы даудың шеті көріне ме?
– Еліміздегі үлескер мәселесі сонау 2007 жылдан басталды. Қазір, қателеспесем, үшінші толқыны болып отыр. Алғашқы толқыны 2008 жылы шешімін тапты. Отыз шақты ұйыммен бірлесіп, шеру талап етіп жүріп әкімшілік тарапынан бұл мәселеге қатысты қаржы бөлдіруге мүмкіндік алған едік. Кейін бұл мәселе үкіметтің «әр отбасына – бір ғана баспана» деген даулы қаулысынан кейін қайта ушықты. Қазіргі таңда көптеген компаниялар 2009 жылы қабылданған «Үлескерлік туралы» заңын айналып өтіп, ЖСК арқылы салымшылар тартуға көшті. Бұл салымшылар да заң бойынша мемлекет тарапынан қорғауға алынуы тиіс. Сонымен қатар «Тұрғын үй қатынасы туралы» заңды арнайы кодекске айналдыру керек. Онсыз ештеңе шешілмейді.

– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен Бүркіт НҰРАСЫЛ
Астана