Осы күндері футболдан 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аяқталып жатыр. Еуропада негізгі іріктеу мәреге жетіп, мундиальға тікелей жолдама алған тоғыз құрама, қосымша іріктеуге қатысатын сегіз құрама анықталды.

Франция, Португалия, Германия, Сербия, Польша, Англия, Испания, Бельгия және Исландия құрамалары өз топтарында жеңімпаз атанды. Ал Швеция, Швейцария, Солтүстік Ирландия, Ирландия, Дания, Италия, Грекия, Хорватия құрамалары қараша айында тағы төрт жолдаманы сарапқа салады.

Рейтингтегі орны жоғары Швейцария, Дания, Италия және Хорватия құрамалары жеребе кезінде басымдыққа ие болады. Яғни осы төртеуі бір-бірімен кездеспейді, кейінгі төрттіктегілермен жолдаманы сарапқа салады. Қосымша іріктеу ойындарының жеребесі 17 қазан күні Цюрихте (Швейцария) өтеді. Алғашқы кездесулер 9-11 қарашаға, қарымта ойындар 12-14 қарашаға жоспарланған.

Басты жаңалық, әрине, Исландия құрамасының әлем чемпионатына тұңғыш рет жолдама алуы. Аралдықтар І тобында дара шықты. Қазірдің өзінде бұл команда әлемдік рекордқа қол жеткізді. Исландия – тұрғылықты халқы ең аз елден әлем чемпионатына жолдама алған команда. Бұл елде небары 330 мың адам тұрады. Бұған дейінгі рекорд Тринидад және Тобаго құрамасына (1,3 млн адам) тиесілі еді.

Голландия құрамасы А тобында үшінші орында қалып, қатарынан екінші ірі турнирден тыс қалды. Роббен бастаған жігіттер 2016 жылғы Еуропа біріншілігінің финалдық кезеңіне шыға алмай қалғаны да есімізде. Биылғы іріктеудің соңғы кездесуінде Швеция қақпасына қос доғып соғып, Роббен өзінің Голландия құрамасы сапындағы ғұмырын тұжырды.

Африка құрлығы бойынша іріктеуде Египет құрамасы зор табысқа жетті. Мысырлықтар соңғы рет әлемдік доданың финалдық кезеңінде 1990 жылы ойнаған екен. Египет құрамасы Е тобында бес ойыннан кейінгі қарсыластарынан алыстап кетті. Қара құрлықта жолдама әлі таратылып біткен жоқ. Мысырлықтармен бірге Нигерия құрамасы ғана әзірше жолдамаға ие.

КОНКАКАФ іріктеу аймағында да үлкен сенсация болды. АҚШ құрамасы өз алаңында Тринидад және Тобаго құрамасымен тең ойнаса да жеткілікті еді. Алайда 1:2 есебімен жеңіліп, 36 жылдан бері тұңғыш рет әлем чемпионатынан тыс қалып отыр. Орталық және Солтүстік Америкадан әлем чемпионатына Мексика, Коста-Рика командаларымен бірге Панама да доп додасына жолдама алды. Бұл осы құраманың тарихындағы ең алғашқы чемпионат болмақ.

Оңтүстік Америка, жалпы, бүкіл әлем іріктеу кезеңі аяқталғанда терең дем алды. Лионель Месси бастаған Аргентина құрамасы соңғы турға дейін мундиаль жолдамасынан айырылып қалудың аз-ақ алдында тұрды. Шешуші кездесуде Эквадордан алғашқы минуттарда гол жіберіп алса да, Аргентина жігерлі жеңіске жетті. Месси хет-трик жасап, Аргентина үшінші орын иеленді. Сөйтіп, Ресейде өтетін доп додасына тікелей жолдаманы қалтаға басты.

Есалы ӨСТЕМІР