1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
САУАЛНАМА
«10 жылдан кейiн әрбiр азамат мемлекеттiк тiлде сөйлеуi керек», — дейдi Кәрiм Мәсiмов. Қазақша үйрену үшiн ол неге он жыл қажет деп есептейдi?
Он жылда кiм бар, кiм жоқ деген арзан қулық мұнысы (65.4%)
Президент сексенге толғанда қазақша құттықтау үшiн (5.4%)
Қазақ қоғамын әлi шикi санағандықтан (21.8%)
Өзгелердiң тiл үйрену қабiлетiне күмәнданғандықтан (7.4%)
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Менiңше, ойлау қабiлетiң жақсы болуы үшiн басқа үнемi жұмыс iстету керек. Егер бас ойланбаса, басқа органдар да жұмыс iстемейдi. Физикалық дайындық та аса маңызды. Денсаулықты үнемi күту керек. Еркекке ләззат сыйлайтын жақсы нәрселер бар. Мен оларды атамаймын, сiздер бәрiн түсiнiп отырсыздар.  
ҚазҰУ 75 жылдығына орай студенттер алдында сөйлеген сөзінен
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №16 (15474) 25 ақпан, бейсенбі 2010
25 ақпан 2010
Мемлекет шұғыл шаралар қабылдасын
«АЗАТ» ЖСДП КЕДЕНДIК ОДАҚҚА КIРУГЕ БАЙЛАНЫСТЫ БИЛIКТЕН ОСЫНЫ ТАЛАП ЕТТI
Кедендiк одақтың құрылғанына небәрi екi‑ақ ай өтсе де, оның терiс нәтижесiне көз жеткiздiк. Үштiк одақтың ауыр салдарын ең алдымен қарапайым халық сезiндi. Тауар бағалары мен коммуналдық тарифтер­дiң күрт көтерiлуi онсыз да қалтасы жұқа халыққа ауыр соққы болып тидi. Осыған орай «Азат» ЖСДП жетекшiлерi арнайы баспасөз мәслихатын өткiзiп, Қазақстанның кедендiк одаққа кiруiне байланысты шұғыл мемлекеттiк шаралар қабылдау қажеттiгiн мәлiмдедi.
 
«Азат» ЖСДП‑ның тең төрағасы Жармахан Тұяқбайдың пiкi­рiнше, кедендiк одаққа қатысты шешiмнiң халықпен келiсiлмей, оңаша жағдайда қабылдануы — билiктiң ең басты қателiгi. «Басқасын былай қойғанда, кедендiк одақ пен бiрiккен экономикалық кеңiстiк ел егемен­дiгiне нұқсан келтiре ме, келтiрмей ме, билiктiң бұны ойлап, бас қатырғысы жоқ. Ал экономикалық, әлеу­меттiк жағынан алғанда, бұл одақ қаншалықты тиiмдi? Өндiрiс проблемасын шешпегендiк­тен, елiмiзде тауар өндiру дамымаған. Халық тұтынатын негiзгi тауарлардың кем дегенде 70-80 пайызы шетелден әкелiнедi. Көпшiлiгi — қытайдың арзанқол тауарлары. Сол тауарларға тосқауыл қойылса, құны жоғары ресейлiк өнiмдер бағаны шарықтататыны анық». «Азаттықтардың» айтуынша, мұндай одақтың құны халық үшiн тым қымбатқа түспек. Олардың дерегiне сенсек, кедендiк одақтың кесiрiнен нарықтағы тауар бағасы 40-50 пайызға қымбаттайтын көрiнедi. Сондай‑ақ ол кедендiк одақтың арқасында отандық өндiрiс жолға қойылады дегенге күмән келтiрдi. «Бiздiң ойымызша, өз өндiрiсiмiз болмағандықтан, Ресей мен Белоруссияның тауар өндiрушiлерi нарықты жаулап алады. Сөйтiп, беларусь пен ресейлiк тауар өндiрушiлерге тиiстi жағдай жасап беремiз. Осының салдарынан өз өндiрiсiмiздiң ахуалы мұнан бетер нашарлай түсе ме деген қауiп бар», — дейдi ол.
«Азат» ЖСДП‑ның тең төрағасы Болат Әбiлев билiктiң геосаяси ойындары елдiң экономи­ка­лық‑әлеуметтiк мүддесiне ғана емес, ұлттық қауiпсiздiкке де қатер төндiретiнiне баса назар аударды. «Кедендiк одақ шикiзат саласындағы алпауыттарға ғана тиiмдi. Түптеп келгенде, одаққа осы алпауыттардың мүддесi үшiн ғана кiргенi­мiз анық. Ал халық орта және шағын кәсiпкерлерге бұдан келiп‑кетер пайда шамалы. Әсi­ресе, одақтан қарапайым халық оңбай ұтылады», – дейдi ол. Сондықтан «азаттықтар» халықты кедендiк одақтың терiс салдарынан қорғайтын және орта және шағын бизнестiң дамуына жол ашатын нақ­тылы шараларды iске асыру қажет деп есептейдi. Және олар билiктiң бұл шұғыл шараларды кейiнге қалдырмай, тез қабылдауын талап еттi. Атап айтқанда, «азаттықтар» мынандай нақты ұсыныстарды көтердi: елдегi жалақы мен зейнетақыны кедендiк одақтан туындайтын себептерге және коммуналдық тарифтерге сәйкес индексациялау; шағын және орта бизнестi 5 жылға дейiн салықтан босату; шағын және орта бизнестi үстемесi 6 пайыздан аспайтын несиемен қамтамасыз ету; лицензияланатын тауарлар мен қызметтер тiзiмiн, сондай‑ақ халықтың қауiпсiздiгi мен денсаулығына қауiп төндiруi мүмкiн жағдайдан өзге шағын және орта бизнестi тексеруге қойылатын талаптар мен оларды тексеретiн мекемелер санын мейлiнше қысқарту; шағын және орта бизнестi коммуналдық және электр желiлерiне тегiн қосу. Бұл шараларды жүзеге асыру үшiн қаржы көзi қажет екенi өзiнен‑өзi түсiнiктi. Бiрақ «азаттықтар» мұның барлығын елеп‑екшеп, кесiп‑пiшiп қойыпты. Партияның тең төрағасы Болат Әбiлевтiң айтуынша, мұнай өндiрушi мен тау‑кен iстерi компанияларымен жасалған келiсiмшарт­тар­ды қайта қарап, оларға жасалатын алуан түрлi жеңiлдiктердi алып тастау арқылы жоғарыдағы ұсы­ныс­тарды оп‑оңай iске асыруға болады. Осының өзi бюджетке ондаған миллиард доллар қаржы түсiмiн қамтамасыз етедi. «Ақыры кедендiк одаққа мүше болған екенбiз, онда мұнай мен металға салынатын баж салығын Ресейдегi баж салығымен теңестiрген жөн. Өйткенi елiмiз­де мұнайға баж салығы салынбайтындықтан, бюджет жыл сайын 20 миллиард долларға жуық қаржыдан айырылады», — дейдi ол. Сонымен қатар «азаттықтар» Ұлттық қордың қаржысын тиiмдi бағыттаудың жолын тауыпты. Олардың ойынша, шағын және орта бизнестi жеңiлдiкпен несиелеу үшiн Ұлттық қордан жыл сайын 3 миллиард доллар бөлу қажет.
Өз кезегiнде партияның саяси кеңесiнiң мүшесi Петр Своик елiмiздiң тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының халi мүш­кiл екенiн, сондықтан оны кешендi түрде реформалау қажеттi­гiн мәлiмдедi. Сол себептi «Азат» ЖСДП осы саладағы мәселелермен айналысатын арнайы қоғамдық кеңес құруды ұйғарыпты. 
«Азат» ЖСДП жетекшiлерi 27 наурыз күнi Алматы мен елiмiздiң басқа да қалаларында жалпыхалықтық митингiлер мен пикеттер ұйымдастырып, халықты осы талаптарды қолдауға шақыратынын мәлiмдедi.
Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (5)
Қазақ | 25 ақпан 2010 15:49
Кедендік одаққа Мешкейвич пен Құлыбаевқа, Терещнка мен Кулагинге, Ким мен Митталға мол байлық істеп беру үшін ғана кіргеніміз әу бастан белгілі-тін. Енді тіліміз де, дін-діліміз де, ұлттық салт-дәстүріміз де түп тамырымен жойылады. Мына билік соны істемей тыным таппас.
ШОҒЫ | 25 ақпан 2010 22:45
"АЗАТ" ЖСДП тап осылай белсенділігін күннен күнге арттыру керек және де беталдына лағып жүрген өзге партияларды өзіне тартып, бастарын біріктіріп, жалған да болса биліктің қолдауымен күш алған болып жүрген өздеріне өздері сенбейтін "нұротанның" тамырына балта шабатын кез келді!! Жергілікті жерлердегі жұмысты жандандырып, ол үшін қөзі ашық-қарықты, көкірегі ояу азаматтарды тауып, күштерін үсті үстіне еселей түсіп халықты қозғалту керек!!
Көкбөрі Сұңғыла | 27 ақпан 2010 12:49
Ресейдің құшағына кірудің - зияны мен қауыпын - бажайлап алмай, күмп берудің сабағынан қортынды шығармаған Қазақ басшылары, сол 1732 жылы бодандықтың ноқтасын өзі сұрап алған Әбілқайырдың қателігін, Кеден одағы дейтін қақпанға түсіп, Тәуелсіздігіміз әлі орнықпай жатып, империяның құшағына ұмтылған Назарбаевтың аса ауыр қателіктерінің санын көбейтер сапалақ іс ?! Жиырма жылдық Тәуелсіздігімізде саудалау мен қорлауға түскен Ана тіліміз, бұрынғыдан бетер құрдымға кетпек. Бұл кедендік одақ Қазақ елі үшін не экономикалық, не рухани жетістік бермейді. Қазірдің өзінде терең ойлай білетіндер қауыптың күшті екенін дұрыс айтып отыр. Олай болса көрінгеннің етегіне оралуды қойып, өз жөнімізбен болған дұрыс. Ел басқарудың дұрыс жолын таба білмейтіндер, халықты апатқа айдамай, орындарын босатқандары жөн. Енді, алдау мен арбау, қисынсыз өтіріктердің жарға соқтырарына тұшыну керек. Ойлан, ойлан, ойлан…
Біржігіт.С | 28 ақпан 2010 12:05
Россиямен Белорусияда адам істету ақысы , тоқ энергиясы қытай еліне қарағанда 3 есеге қымбат , ал олар өндірген товардың қүны да өте қымбатқа түседі , бүл олар өндірген товардың қазақ шегарасынан өтпей ақ қымбат екендігін көрсетеді сондықтан қытай елінен товар кіргізу бізге өте қолайлы. ал 3 елдік одақтан біз үтылмасақ үтпаймыз , тек урандатып шуылдатып жірген саясатқа танғаласыз . одақа кіргенімізбен , әр жақтың кедендік тарифтері әлі белгіленбеген , қүр айқай , біздің экономистеріміз , үкіметіміз қайда қарап отыр ? масқара !
Жақсылық | 28 ақпан 2010 14:43
Мына қара халықты әбден қанап бітті ғой бұлар қашан араны тоядя екен бұларда нысап,ұят деген түсінік мүлде жоқ қой деймін!
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар