1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
САУАЛНАМА
«10 жылдан кейiн әрбiр азамат мемлекеттiк тiлде сөйлеуi керек», — дейдi Кәрiм Мәсiмов. Қазақша үйрену үшiн ол неге он жыл қажет деп есептейдi?
Он жылда кiм бар, кiм жоқ деген арзан қулық мұнысы (65.4%)
Президент сексенге толғанда қазақша құттықтау үшiн (5.4%)
Қазақ қоғамын әлi шикi санағандықтан (21.8%)
Өзгелердiң тiл үйрену қабiлетiне күмәнданғандықтан (7.4%)
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №17 (15475) 2 наурыз, сейсенбі 2010
2 наурыз 2010
Жалпыға бiрдей табысты жариялау жемқорлықты ауыздықтай ма?

2013 жылы жалпыға бiрдей табысты жариялау жүйесi ендiрiлмек. Осылайша ендi үш жылдан соң бүкiл қазақстандықтар табысын жария етуге мiндеттеледi. Үкiмет жетекшiсi Кәрiм Мәсiмов те, Салық комитетiнiң басшысы Дәулет Ерғожин де бұл жүйе тиiмдi әрi нәтижелi болатынына нық сенiмдi. К.Мәсiмовтiң айтуына қарағанда, шетелдерде салықтың 60 пайызы жеке тұлғалардан жиналатын көрiнедi. Ал Қазақстандағы бұл көрсеткiш небәрi он пайыз ғана. Сондай-ақ Мәсiмовке сенсек, елiмiздегi көлеңкелi табыс көлемi 1 триллион теңгеден асып түседi. Сондықтан жалпыға бiрдей табысты жариялау салық төлеуден жалтару мен көлеңкелi табысқа тұсау салады. “Қазiр 1 миллионға жуық салық төлеушiнiң есебiн қабылдап жүрмiз. Ал жалпыға бiрдей табысты жариялау енгiзiлген соң бұл көрсеткiш 8 миллионға жетпек”, – дейдi Дәулет Ерғожин.

Жалпыға бiрдей табысты жариялаудың бiрiншi кезеңi келесi жылы бастау алмақ. Сөйтiп, ұлттық компания, мемлекеттiк кәсiпорындар, әлеуметтiк саладағы, банктер мен өзге де қаржылық ұйым қызметкерлерi табысын жария етуге мiндеттеледi. 2012 жылы ЖШС мен АҚ жетекшiлерi мен олардың жұбайлары табысын жария етедi деп жоспарлануда. Ал 2013 жылы елiмiз жалпыға бiрдей табысты жариялауға түбегейлi көшпек.
Сарапшылар билiктiң бұл қадамын бiрауыздан құптайды. Десек те, бұл жүйенi ендiруде бiраз мәселелер туындауы мүмкiн екенiн де жасырмайды. Айталық, Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры Олжас Құдайбергеновтiң ойынша, бұл жүйенiң оң тұсы – ол заңсыз табысқа тұсау салады. Сондай-ақ экономист табысты жариялау қарапайым халыққа емес, шенеунiктерге соққы болып тимек деген пiкiрде. “Егер техникалық тұрғыдан бәрi сауатты түрде iске асырылса, жемқорлық ауыздықталады. Мәселен, қазiр шенеунiктердiң туыстары ешкiмнiң алдында есеп бермейдi. Сондықтан мүлiктiң барлығы солардың атына көшiрiлген. Ал жалпыға бiрдей табысты жариялау ендiрiлген соң бұл мүмкiн болмай қалады”, – дейдi ол. Алайда, сарапшы бұл жүйенi ендiрерде елеп-екшейтiн тұстар өте көп деген пiкiрде. “Процестi автоматтандыру қажет болғандықтан, табысты жариялау­дың формасы мен оны тексерудiң әдiс-тәсiлдерiн ретке келтiрген жөн. Қысқасы, бүкiл экономиканы есепке қою қажет”. Экономист халықтың көпшiлiгiнде төлем карталарының болмауы да бiраз қиындық тудырады деп есептейдi. Төлем карталары арқылы салық органдары барлық заңды-заңсыз операцияларды оңай анықтай алады. Ал карта ұстамайтын халық қалай тексерiлмек? Бұл жағы түсiнiксiз. Сонымен қатар экономистiң айтуынша, кәдуiлгi қара базарда да бiрқатар мәселе туындайтын көрiнедi. Өйткенi ондағы бүкiл есеп-қисап кассалық аппаратсыз жүргiзiледi. Ђз кезегiнде саудагерлер сатып алушылар жайлы ақпарат беруi тиiс. Мiне, осылардың барлығын ретке келтiру үшiн бiрталай уақыт қажет.
Ал Орталық Азия стратегиялық зерттеулер институтының кеңесшiсi Бақыт Қайрақбай табысты жариялау жүйесiн таңсық емес деп есептейдi. “Шенеунiктер табысын жариялауға осыдан 3-4 жыл бұрын мiндеттелген-дi. Осы жолғы жүйенiң айырмасы, – дейдi ол, – Бұрындары халықтың бiр бөлiгi ғана табысын жарияласа, ендi бұл бүкiл қазақстандықтарды қамтымақ. Ал ендi бұл жүйенi қашан ендiрген дұрыс дегенге келсек, мұны бiрден емес, бiртiндеп ендiрген жөн”. Б.Қайрақбайдың ойынша, ең басты қиындық механизмдерге емес, оны халықтың қабылдауына барып тiреледi. “Табысты жариялау неғұрлым ашық болу үшiн оған халықты алдын ала дайындап, түсiндiру қажет. Әйтпегенде, қолға алынған жап-жақсы бастамалар керiсiнше, терiс әсер беретiн мысалдар жетерлiк бiзде. Сондықтан жүйе сауатты түрде ендiрiлгенi жөн. Ал әзiрге бұл түсiнбеушiлiкке апарып соқтыруы мүмкiн екенi анық”. “Қазiрдiң өзiнде табысын жариялауға құлықсыз шенеунiктер жетiп айырылады. Жаңа жүйе енгiзiлгеннен соң жағдай түзеле ме?” – деген сұраққа Б.Қайрақбай былай деп жауап бердi: “Шенеунiктердiң бұдан бас тартуға құқы жоқ. Ал егер кiмде-кiм табысын жариялаудан үзiлдi-кесiлдi бас тартса, оны тиiстi органдар тексеруi қажет. Сондай-ақ бұлардың нақты ақпарат беру-бермеуiн анықтау да тексеру органдарының мiндетi. Егер әлдебiреу табысын жасырып қалса, тексеру органдары оған тиiстi шара қолдана алады”. 
Дамыған елдерде жалпыға бiрдей табысты жариялау бұрыннан бар. Бiрақ бұл елдер әлгiндей жүйенi бiрнеше жыл iшiнде ендiрмеген. Барлығын елеп-екшеп, қоғамды дайындау үшiн бас-аяғы 10-15 жыл жұмсаған. Түптеп келгенде, жалпыға бiрдей табысты жариялауды қоғам қабылдай ма, қабылдамай ма, бар мәселе осыған келiп тiрелетiнi түсiнiктi. Не де болса бұл осыған дейiнгi мүлiктi жария ету тәрiздi бос әурешiлiк пен даурығудың кебiн киiп жүрмесе.
Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар