1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №87 (16169) 1 қараша, сейсенбі 2016
1 қараша 2016
Арзан бензин – арман

Өткен аптада әй-шай жоқ энергетика вице-министрi Мағзұм Мырзағалиев “ел iшiнде жанар-жағармай тапшылығы болмайды”, – деп мәлiмдедi. Баға удай қымбат тұрғанда қайдағы тапшылық? Жетiспеушiлiк туындамауы үшiн монополистер алдымен бағаны көтермей ме? Осыны бiле тұра, вице-министр “тапшылық болмайды” деп тұтынушыдан ұпай жинағысы келедi.

“Қазiр республика бойынша бензиннiң орташа бағасы (АИ-92, АИ-93) –125-127 теңге. Дизельдi отынға шамамен – 129 теңге. Осыдан үш апта бұрын дизельдi отын қоры 90 мың тонна көлемiнде болған. Қор көбейiп келедi. 25 қазандағы мәлiмет бойынша, мұнай бекеттерiнде бензин қоры – 133 мың тонна, дизельдi отын қоры – 126 мың тонна. Жылу маусымында мазуттан тапшылық көрмеймiз (342 мың т.). Ал бензиннiң бағасы сұраныс-ұсынысқа сай қалыптасады”, – дедi БАҚ-қа берген түсiнiктеме­сiнде вице-министр.
Шыны керек, жанар-жағармай саудасымен айналысатындардың, ортадағы делдалдардың арманы – Қазақстандағы бензин бағасын 150 теңгеге жеткiзу. Сұранысқа ие АИ-92 бензинiн 150 теңгеге пұлдаса, құдды бар мәселе, бар түйткiл шешiлетiндей көредi. “Егер бiз бензин бағасын 150 теңгеге көтерсек, онда шекаралық аудандардан өнiмдi сыртқа (Ресейге, Қырғызстан­ға, Өзбекстанға) тасымалдау азаяды. Қазiр Қазақстанның арзан бензинi тысқа тонналап кетуде”, – дейдi саудагер Талғат Кәрiм. Бiрақ бiз Талғат айтқандай, арзан бензин де, арзан дизельдi отын да көрiп тұрғанымыз жоқ.
Қазiр Алматының iрi жанар-жағармай бекеттерiнде АИ-92 бензинi 129-132 теңгеге сатылып жатыр. Бұл қарапайым тұтынушы үшiн арзан баға емес. Егер жанармай бағасы 150 теңгеге көтерiлетiн болса, тұтынушылардың да жалақысы өсуi керек. Әзiрше үкiмет бұл туралы жақ ашқан жоқ. Тек зейнетақыны 9 пайызға, жәрдемақыны 7 пайызға көтеремiз деп уәде еттi. 7-9 пайыз деген не тәйiрi? Есесiне, бензин құнын 150 теңгеге арттыруға әрекет жасап жатыр. Соңғы кездерi қит етсе, “бағаны көтеру керек” деген сөздi жиi еститiн болдық. Өткенде ғана Алматы қаласының жолаушы тасымалдаушылары: “Жолда жүру бағасын 200 теңгеге көтермесек, бiз шығынға батқан үстiне батамыз”, – деп Асанқайғының әңгi­ме­сiн айтып кеттi. Жолда жүру ақы­сын 80 теңгеден 200 теңгеге кө­теретiн болса, бiздiң шашымыз да шақ келмес. 80 теңгенiң өзiн ауырсынып жүрген жұрт удай бағадан ауыртпашылыққа батып қалмай ма?
Өздерiңiз бiлесiздер, күзгi жиын-терiн науқанында дизельдi отынның бағасы рекордтық деңгегейге жеттi. Бұрын-соңды оның құны 130-135 теңгеге өскенiн көрмеппiз. Ендi жылыту маусымы басталғалы дизельдiң литрi Алматыда 138 теңгеге сатылып жатыр. “ҚазМұнайГаз”, “Синойл” бекет­терiнде баға 126-128 теңге деп көрсетiлгенiмен, мұндай бағаға тауарды тек талонмен бередi. Бұлар талонмен сату жүйесiн нелiктен енгiзiп отыр? Ендi соған келейiк. Бiрiншiден, монополист-саудагерлер “ел iшiнде өнiм тапшы” деген түсiнiктi қалыптастырып жатыр. Бұл – бағаны өсiрудiң бiр амалы. Екiншiден, тапшылыққа тап болмас үшiн мемлекет осылай етуге мәжбүр. Қалай болғанда да, осының бәрi дизельдi отынның құнын өсiру мақсатында жасалып жатқан қитұрқы әрекеттер”, – дейдi сарапшы Алмас Әлтайыр. Қарап отырсаңыз, қазiр жанар-жағармай бекет­терiндегi баға бiр шамада. Демек, қалай болғанда да, бiзде саудагерлер арасында ымырашылдық, ауыз жаласу бар. Басқа қалаларды қайдам, Алматы сияқты iрi мегаполисте шынайы бәсеке жоқ. Кiшiгiрiм жанар-жағармай бекет­терiн алпауыттар әлдеқашан “жұтып қойған”. Монополия жүрген жерде даму да баяу, бәсекеге де бере­кесiз. Ендi осы жерде “шылқылдаған мұнай үстiнде отырған бiздiң елде бензин неге қымбат?” деген сауал кесе-көлденең туындайды. Мұнай сарапшысы Олег Егоров “Жас Алашқа” берген түсiнiкте­месiнде: “Бiрiн­шiден, “қара алтынның” құлағын ұстап отырғандар өнiмдi шикiдей экспортқа шығаруға мүдделi. Мұнайды өзiмiзде өңдеп, қайта өңдеп өнiм алғаннан гөрi экспорттың пайдасы мығым. Сондықтан олар iшкi нарықтың аужайын емес, сырттан түсетiн пайданы ойлайды. Екiншiден, елiмiздегi үш мұнай өңдеу зауыты алпауыт моно­полистердiң қолында. Олар нарыққа басқа бiреулердiң кiргенiн қаламайды. Тiптi оған жол да бермейдi. Сондықтан ел iшiнде шағын мұнай өңдеу зауыттарын салу жобалары құпталмайды. Үшiншi­ден, мұнай өңдеу зауыттарының басшылығы шығынды аз шығару мақсатында өнiм өндiруден гөрi сырттан дайын өнiм сатып алуды жөн санайды”, – дейдi сарапшы. Демек, бiздiң елiмiзде арзан бензинге қол жеткiзу әзiрше арман ғана. Халықаралық нарықта мұнай құны көтерiлмесе де, бiз әлi күнге дейiн қымбат өнiм тұтынуға мәжбүрмiз.
 Ал жақында ғана Astana Best Consulting Group компаниясының экономисi Арман Байғанов тосын мәлiмдеме жасады. Оның сөзiне қарағанда, бензин бағасы 150 теңгеге көтерiлуi мүмкiн. “150 теңге дұрыс баға”, – дейдi ол. “Рубль бағамы жоғары болған сайын екi ел арасындағы баға айырмашылығы ұлғая бередi. Осы диспропорцияның орнын толтыру үшiн қазақ үкiметiне ерте ме, кеш пе отын бағасын өсiруге тура келедi”, – дейдi ол баспасөзге берген сұхбатында. Үкiмет мүмкiн жолдың бәрiмен баға өсiмiн тежегiсi келедi, бiрақ бұл көп жағдайда оң нәтижесiн бере бермейдi. Инфляцияның өсiмiн болашақта базалық мөлшерлеменi төмендету мерзiмi тежеуi ықтимал, бiрақ мұның да экономикаға залалы басым”, – дейдi экономист Арман Байғанов.
Демек, бiзге арзан бензин арман. Себебi, арзан бензин тұтынуға мүмкiншiлiгiмiз бола тұра, оған монополистер, мүдделестер жол бермейдi. Сөзiмiз дәлелдi болуы үшiн айтайық, мұнай-газ нарығының сарапшысы Сергей Смирновтың пайымынша, бензин бағасы бiр­тiндеп өсе бередi. “Үкiмет күрт көтерiлуiне жол бермейдi. Бензин бағасы баяу, бiрақ өсетiнiн түсiну керек”, – дейдi сарапшы.
Гүлзат Нұрмолдақызы
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті