1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш № 89 (16171) 8 қараша, сейсенбі 2016
8 қараша 2016
Ығайлар мен сығайлар жайғасқанұлттық компания құрдымға кетiп барады

ҚҰТҚАРУДЫҢ ЖОЛЫ ҚЫСҚАРТУ МЕН ТАРАТУ КӨРIНЕДI

30 көшбасшы қатарына 30 орынбасармен
 
Өткен аптада елдегi ең iрi ұлттық компанияның бiрi – “ҚазМұнайГаз” төңi­ре­гiн­де екi бiрдей елең етер­лiк жаңалық болды. Алдымен бiрқатар ақпарат құ­ралдарында “Қазмұнайгаз” ұлттық компаниясының бас­қарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың 30 бiр­дей орынбасары туралы ақпарат тарады.
Iшкi тексеру барысында «ҚазМұнайГазда» президент (басқарма төрағасы) Сауат Мыңбаевтың өзiнен бөлек, орынбасары, 3 атқарушы ви­це-пре­зидент, 11 аға вице-президент, 8 “жай” вице-президент пен 6 атқарушы директоры барлығы анықталыпты. Қаптаған қалың орынбасардың iшiнде би­лiк басындағылардың туыстары көп екен. Олардың қатарында бұ­рынғы бас прокурор Рашид Түсiпбе­ков­тiң ұлы, бұрынғы бiлiм және ғы­лым вице-министрi Такир Балықбаевтың ұлы, инвестициялар және даму жөнiн­дегi министр Жеңiс Қа­сым­бектiң туған бауыры бар. “Мистер Патамушта” деген атпен танылған бұ­рынғы еңбек және әлеу­мет­тiк қорғау вице-ми­нистрi Серiк Әбденов те Сауат Мыңбаевтың қанатының астында.
Кейiнiрек “ҚазМұнайГаз” Сауат Мыңбаевтың     4 қана орынбасары бары, қалған атқарушы директорлар жай вице-президенттер екенi туралы хабарлап ақпаратты терiске шығаруға тырысқанымен, мұнысы алдыңғы мәлiметтi растағанмен тең болды.
Ол аз болғандай өткен аптада екi жыл бұрын ком­­панияны тексерген Бас прокуратураның есе­бi кеш те болса жұртқа белгiлi болды. Бұл тексеруге сенсек, миллиондап айлық алатын “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясындағы топ-менеджерлер жұмыс уақытында алыстағы Араб Әмiрлiктерiнде қыдырып жүрiп те, айлық алған.
Бас прокуратура “Қаз­­МұнайГаздың” қыз­меттiк көлiктердi өзi­нiң ен­шiлес компаниясы – “ҚазМұнайГаз-Сервис” дейтiн серiк­тес­тiктен қымбатқа жалдап келгенiн анықтаған. Бiр көлiктiң жылдық жалдау ақысына дәл сондай су жаңа көлiк сатып алуға болса да, ұлттық ком­пания басшылығы қазынаның қаржысын шашуға келгенде ерекше “мырзашылық” танытыпты.
Осының алдында ғана “ҚазМұнайГаз” басшылығы компанияның топ-менеджментiнде қысқару болғаны жайлы хабарлаған едi. Кабинет санын азайтқаны осы болса, бұ­ған де­йiн қанша сансыз адам 8 сағат орынтақта отырғанына миллиондаған ай­лық алып келдi деген сұрақ туады. Оның се­бебi мынада секiлдi. ҚМГ өзiне қарасты компаниялардың басын бi­рiктiретiн холдинг құ­руға ұмтылады. Бұл үшiн не жергiлiктi ме­нед­жер­лердi, не бас кеңседегi адамдарды қысқарту қа­жет. Көрiп отырғанымыздай, ҚМГ басшылығы бi­рiн­шi нұс­қаны таңдаған секiлдi. Осылайша еншi­лес компаниялардың басшылығының үс­тiнен қарайтын орталық аппараттың штат саны ұлғайып шыға келедi. Бiрақ өмiрiнде сква­жинада жұмыс iс­теп көрмеген, ұңғыманың қа­лай жұмыс iс­тейтiнiнен хабарсыз қап­таған орынбасар, вице-президент, атқарушы директорлар мұ­най-газ өндiруден бастап, оны тасымалдау, өң­деу және сатуға байла­ныс­ты күнделiктi мәселе­лер­­дi қаншалықты тиiмдi ше­ше алады? Әрине, ше­ше алмайды. “Малшыға да жалшы керек” дегендей, “топ-менеджмент” аталатын бұл топ мойындарына жүк­телген мiндет­тi атқару үшiн қосымша мамандарды жұмысқа алады. Есе­сiне, қазынаның қаржысын тереңiрек бұрғылау жағынан бұл тұлғаларға тең келер кәсiп­қой табылмас. 
Нәтижесiнде ұлттық компанияда 1 басшыға 5 қосшыдан немесе 1 бұр­ғылаушыға 5 бастықтан айналады. Мұнай өндi­рiсi дағдарысқа ұшырап, өндi­рiс тоқтап жат­қан тұста қымбат кос­тюмдерiмен дәлiзде тең­селiп жүруден басқа жұмысы жоқтар бай футбол клубтарындағы ойнамаса да, миллиондаған доллар жалақы алатын қосалқы құрамдағы “жатып iшер” ойыншыларды еске түсiредi. “ҚазМұнайГаз” кез келген ұлттық компания секiлдi бұрынғы шенеу­нiктердiң, олардың туыс­тарының “де­малыс орнына” айналды.
 
Тақырыпқа қатысты әзiл-оспақ
Қазақстанға келген жа­пон делегациясының өкiлi зауыт директорымен әңгiмелесуде.
Жапон: “Бiз мұнай өндiру­мен айналысамыз”.
Қа­зақ: “Бiз де”.
Жапон: “Былтыр 300 мың тонна өндiрдiк”.
Қазақ: “Бiз де 300 мың тонна өндiр­дiк”.
Жапон: “Бiзде 3 мың жұмысшы бар”.
Қа­зақ: “Бiзде де 3 мың жұмысшы”.
Жапон: “Және 6 инженер iстейдi”.
Қазақ ойланып қа­лыпты: “Бiзде 200 инженер iстейдi десем, ыңғайсыз болар. 7 инженер бар деп айтайын” деп шешiп­тi.
Ертесiне кездесуге жа­пон көзi қып-қызыл болып келiптi. Қазақ жапон әрiптесiнен көзi неге қы­зарғанын сұраса,
жапон: “Түнi бойы ұйықтамадым. Ары ойлап берi ойлап, сiздердегi же­тiншi инже­нер­дiң немен айналысатынын таппай қойдым” деген екен.
Осыдан кейiн “ҚазМұнайГаздың” 18 млрд доллар қарыз екенi­не таңдануға бола ма? Өзi қарыз­ға белшесiнен батқан компания мұнай-газ өндiретiн, оны тасымалдайтын компанияларды тиiм­дi басқарады дегенге кiм сенедi?
Елiмiздегi үш бiрдей мұнай өңдеу зауыты сол күйi жаңартылмай отырғанда, еуропалық компаниялар тегiнге де алғысы келмеген Румыниядағы екi бiрдей ескi зауытты сатып алған “ҚазМұнайГазды” бiлiктi менеджмент немесе жемқорлықтан таза адамдар басқарады деп айта аламыз ба? “Дайын асқа тiк қасық” орынбасарлардың жалақысына елiмiзде қанша жаңа мұнай өңдейтiн зауыт салуға болар едi? ҚМГ бұл зауыттарды жөндеу жұмыстарына қанша ақшаны шашқанын бiр Құдай бiледi. Ендi “ҚазМұнайГаз” қа­рыздарынан құтылу үшiн осындай активтерiн сатқысы келедi. Бiрақ алушы жоқ. Көктемде сатып алуға ниет бiлдiрген қытайлар да румын кәсiпорнының төңiрегiн­дегi жемқорлық дауынан кейiн ойланып қалды.
Осыдан соң, мұнай арзандаса да бiзде бензин неге қымбаттайды деп таңдануға болмайды. “Эйр Астананың” ұшақ бағасын арзандатпауының да бiр себебi осы. Қарапайым халық ұшпаса да, түрлi iссапар, конференция, саммитке шұбырған менеджерлермен-ақ “Эйр Астана” ұшақтарын толтырады. Мұнай бағасы аспандап, елдегi барлық ұңғы­малар көмiрсутек сорып жатқан кезде ҚМГ бiр президент екi вице-президентпен ақ жұмыс iстеп, бәрiне үлгеретiн.
Басқа елде алдымен мақсат айқындалып, оған жетуге ыңғайлы құрылым, лауазымдар анықталып, тиiстi мамандар таңдалса, бiзде Абайша айтқанда “кiсiге қарап” лауазым, қызмет ашылады, содан кейiн барып мақсат пен тапсырмаларды ойлап табу басталады.
 
Қысқартудың артында не тұр?
“ҚазМұнайГазға” қатысты екiншi жаңалық та компаниядағы құрылымдық өзгерiстерге байланысты.
Сауат Мыңбаев алдағы 9 айда екi бiрдей iрi еншiлес компанияның қызметi тоқтайтынын хабарлады. “ҚазМұнайГаз - өң­деу және маркетинг” жыл аяғына дейiн жұмысын тоқтатпақ, ал “ҚазТрансГаз” алғашқы жартыжылдықта заңды тұлға ретiнде жойылады. Бiз осы екi компания­ның нақты немен айналысатындарына үңiлiп көрдiк.
“ҚазМұнайГаз - өңдеу және маркетинг” 2010 жылы бұрынғы “ҚазМұнайГаз Сауда үйi” АҚ-ның негiзiнде құрылған. Елдегi екi мұнай өңдеу зауыты, “ҚазМұнайГаз Өнiмдерi” (100%), “ҚазМұнайГаз - Аэро”  секiлдi кәсiп­орын­дарға басы бүтiн иелiк етедi. Одан бөлек “ПетроКазахстан Ойл Продактс”, “Caspi Bitum” секiлдi компанияларда үлесi бар. Компания басшысы Данияр Тиесов жақында ғана “ҚазМұнайГаз” басқарма кеңе­сiнiң мүшелiгiнен шығарылды. Бұл компанияның қаншалықты тиiмдi жұмыс iстеп жатқанына баға беру қиын. Бiрақ оның меншiгiндегi Атырау мен Павлодардағы мұнай өңдеу зауыттарының 25 жылда сол күйi жаң­ғыртудан өтпегенi оқырманды бiраз ойға жетелерi сөзсiз.
Компания сайтын ақтарып отырып, басшылық туралы тұ­шымды ақпарат таба алмағанымызбен, үлестес тұлғалар туралы қызық мәлiметке кезiктiк. Үлес­тес тұлға деп кәсiпкерлiк қыз­меттi жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаның қызметiне ықпал жасай алатын адамдарды немесе компанияларды атайды.   Сонымен компанияның 2016 жыл­ғы 1 сәуiрдегi соңғы есебi бойынша мемлекеттiк компанияның үлестес тұлғаларының iшiнде 376 жеке тұлға тiркелген. Олардың iшiнде зейнеткерден бастап, 2013 жылы туған балаға дейiн бар. 8 қытай азаматының да аты-жөнiн көзiмiз шалды. Үлестес заңды тұлғалардың iшiнде де China Kingho Energy Group дейтiн көршi елдiң компаниясы жүр. Яғни, мұнай өңдеу саласындағы ұлттық компанияның жұмысына 3 жастағы бала да, шет­елдiк азаматтар да ықпал жасай алатын болып шығады. 
Жойылатын келесi компания газ энергетикасы және газ тасымалы бойынша басты оператор - “ҚазТрансГазға” қатысты деректер бұдан да қызық. 16 жыл бұрын құрылған компания осы уақыт iшiнде 15 еншiлес компания құрып тастапты. Былтырғы жылды компания 26,68 млрд теңге таза шығынмен аяқтаған. Ұлттық компанияда басқарма мен директорлар кеңесiнiң мүше­лерiнен бөлек, бас директордың 5 бiрдей орынбасары бар. 
Дегенмен сарапшылар бұған да қарамастан компания “Қаз­МұнайГазсыз”да жеке жұмыс iстей алады деп санайды. Және кә­сiпқойлардың ортасында “ҚазМұнайГаз” басшылығы “Қаз­ТрансГазды” жою арқылы өз жұмысының тиiмсiздiгiн бүркемелеуге тырысады деген пiкiр бар. Және олардың сөзiнше, еншiлес компаниясын “жұтып қоюдан” түсе­тiн ақша қарызды өтеуге, басшылықты асырауға жұмсалмақ.
“ҚазТрансГазды” жоюдың артында саяси есеп айырысу да тұруы мүмкiн. Бұл компанияны Дариға Назарбаеваның күйеуi Қайрат Шәрiпбаевтың басқаратыны белгiлi. Сондықтан прези­денттiң күйеубаласын компаниясынан айыруға Сауат Мыңбаевтың дәтi жетпесi анық. Ал егер Қ.Шәрiпбаев пен президенттiң ортаншы күйеубаласы Т.Құлыбаев­тың аралары нашар екенi туралы әңгiменi назарға алсақ, мұн­дай бастаманың қайдан шыққанын бағамдай беруге болады. Оның үстiне компаниядағы былықтар мен ондағы жаңа қысқартулар туралы ақпараттардың бiр мезетте пайда болуы, қос тарап бiр-бiрiне ақпараттық соғыс бас­тады деген ойға жетелейдi. Яғни, бұл билiктегi президент отбасындағы топтар арасындағы мұнай-газ саласы үшiн кезектi талас жүрiп жатқандай әсер қалдырады.
Қалай десек те, қос жаңалық пен олардан туатын өзгерiс­тер мұнай-газ саласындағы ұлттық компанияға жақсылық әкеле қоймасы анық. Бұл алқымнан ала бас­таған дағдарыс мәжбүр еткен шығындарды азайту, жайлы орындарға сүлiкше қадалғандарды қысқарту шарасының оңайлықпен жүзеге аспайтынын көрсетедi. Түрлi ықпалды саяси тұлғалардың туыстары жем жеп отырған астауынан айырылып қалса, олардың миллиондаған қарапайым жұмыссыздар се­кiлдi шарасыздың күйiн кешпесi анық. Билiк қара халықтың әлеу­меттiк наразылығынан гөрi, осы топтың қарсылығынан көбiрек қорқатын секiлдi. Сондықтан “ҚазМұнайГаз” төңiрегiндегi бұл әңгiмелер алдағы үлкен даулардың басы ғана дей аламыз.
 
Әдiл ҰЗАҚБАЙ.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар