1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №94 (16176) 24 қараша, бейсенбі 2016
24 қараша 2016
Бiлiм үшiн қаржы жинақтау мәдениетiн қалыптастыру керек
Сарапшылар тарапынан жүргiзiлген бiрқатар зерттеулерге сүйенсек, Қазақстанда халықтың тұтыну мәдениетi жоғары. Бұны еш жоққа шығара алмасымыз анық. Алайда қазақ халқы болашаққа қаржы жинау мәдениетiнiң төмендiгiмен де ерекшеленедi. Осының өзiнен-ақ қарапа­йым халықтың келешек қажеттiлiктер үшiн қаржы жинақтаудың орнына, пайызы жоғары болса да дайын несиеге жүгiнетiнiн байқаймыз. Той-томалақтан бастап, көлiк мiну, қора салуға дейiн несиеге “кiретiндер”, дағдарысқа қарамастан мойнына банктiк қарыз алғандар азаймаған. Сондықтан да, оқырмандар алдында қаржы жинақтау мәдениетiне, соның iшiнде мемлекеттiк бiлiм беру жинақтау жүйесiне қатысты әңгiме қозғағанды жөн санаған едiк.
 
Әлбетте, бүгiнгiдей нарық заманында өскелең ұрпақ қаражаттың қалай келiп, қалай жұмсалатынын жақсы бiлуi шарт. Ал ата-ана бала болашағы үшiн жауапкершiлiктi сезiне отырып, оның лайықты келешекке сенiмiн қалыптастыратын қадамдарға баруы құп. Осы тұрғыдан алғанда қарапайым жұртшылықтың қаржы жинақтау мәдениетiне, сауаттылығына назар аударудың маңызы зор. Өйткенi баласының атына депозит ашу, сол депозит арқылы ұрпағының тұлғалық орнын айқындау – бұның бәрi де қаржы жинақтау мәде­ние­тiмен тығыз байланысты дүниелер. Әрi-берi­ден соң ондай қадам баланың өзiн де жақсы оқуға ынталандырып, жоғары нәтижеге деген ұмтылысын ұштайды. Ендеше, болашағын ойлаған ата-ана қазiрден бастап ыждаһаттылықпен қаражат жинауға кiрiсу керек. Көптеген сарапшылар осының дұрыс жол екенiн, әу бастан қаражат жинағандар жинақтау мәдениетiн меңге­рiп, өзiнiң жауапкершi­лiгiн түсiнетiнiн алға тартып отыр.
Шындығында, банктiк депозитте жинақ қаражаты бар адам басқаға қарағанда бай болмаса да қаржылық сауаттылықтан хабары барын бiл­дiредi. Тiптi бұл сол азаматтың қаржылық тәуелсiздiгiн де аңғартады. Өйткенi адам қа­ражатты депозиттерде жинақтап қана қоймайды, оны инвес­тициялап, қажеттi орнына жұмсайды, қорын еселеу үшiн басқарады. Әрине, дәл осы тұрғыдан алсақ Қазақстандағы қалың жұртшылықтың жинақтау мәдениетi де жоғары емес екенiн аңғарамыз. Дегенмен, бүгiнгi заман талабы дәл осы қадамның құтты болатынын алға тартады.
Жалпы, қаржы жинақтау мәдениетiнiң жеке азаматтар үшiн ғана емес, мемлекет үшiн де тиiмдiлiгi анық. Сондықтан да, Еуропа жұртшылығы жинақтау мәдениетiне ұқыпты қарайды, оған ресми билiк те жағдай жасап отырады. Тiптi бұны мемлекеттiк деңгейде көтерiп, қаржылық сауаттылықтың басты құралы ретiнде танығандар да бар болып отыр. Айталық, еуропалықтар, батыстың қаржы құралдары мен банктерi Дүниежүзiлiк қаржы жинақтау күнiне ерекше мән бередi. Тарихқа үңiлсек, Еуропада бұндай айтулы күн 1924 жылдың 31 қазанында пайда болған екен. Кейiннен, қаражатты банкте сақтауды насихаттау мақсатында әлемнiң 29 елiндегi 1925 банк мекемесi Дүниежүзiлiк қаржы жинақтау күнiн бекiткен. Сол жылдан берi қаржы жинақтау – жоғары өмiр сүру деңгейiнiң бiр көр­сеткiшi ретiнде қарастырылып келедi.
Германия үшiн бұл атаулы күн – аса маңызды оқиға ре­тiн­де де аталып өтiледi. Дәл осы күнi немiс банктерi түрлi нау­қандар ұйымдастырып, салымшыларға жинақтың ерекше түрлерiн, түрлi пакеттердi ұсынады, тiптi сыйлықтар да таратады. Әсiресе өскелең жастар мен балалар да банк­тiң назарынан тыс қалмайды. Тiптi, немiстер дәл осы жастар санатының құлағына қаржы жинақтаудың маңыздылығын сiңiре отырып, оның келешек­тегi армандарды орындаудың кепiлi екенiн жеткiзуге тырысып бағады. 
Түйiндей айтсақ, Еуропа елдерiнде азаматтардың қар­жы жинақтау жүйесiне қосылуы белсендi. Ал мемлекеттiң бұған мүдделi болатын себебi – бұл қаражат бiр жағынан шағын және орта бизнестi не­сиелендiруге жұмсалады. Сондықтан оның экономикалық тиiмдiлiгiне де жергiлiктi билiк аса маңыз бередi, салымдарға үкiметтiк қолдау да жасалған.
Қазақта “Ертеңiн ойлаған ел азбайды” деген сөз бар. Ендеше ертеңiн ойлаған кез келген азамат мемлекет тарапынан берiлетiн мүмкiндiктердi пайдаланып, келешегiн кемел етудiң құралдарын табуы керек. Сондай құралдардың бiрi – “Мемлекеттiк бiлiм беру жинақтау жүйесi”. Шындығында, несие алып, оның пайызын есе­леп қайтарғаннан гөрi болашағын бүгiннен ойлаған адамдар қазiрден табысының азғантай бөлiгiн болса да баласы үшiн жинақтайтын едi. Әлбетте, бiлiм беру жинақтау жүйесiне қатысып, оның тиiм­дiлiгiн түсiнiп отырған азаматтар да аз емес. Мәселен, осы жүйенiң негiзгi операторы Бiлiм және ғылым министрлiгiне қарасты “Қаржы орталығы” АҚ мәлiметiне сүйенсек, қазiргi таңда баласының болашағы үшiн он алты мыңға жуық ата-ана бiлiм беру депозиттерiн ашып, ақша салымдарын жасауға кiрiскен. Яғни, олар бiлiм депозитiн ашу арқылы бала болашағына инвестиция салып жатыр. 2013 жылы қабылдан­ған “Мемлекеттiк бiлiм беру жинақтау жүйесi туралы” Заң аясында жүзеге асып жатқан бағдарламаның негiзгi мақсаты – бiлiм алудың қолжетiм­дiлiгiн арттыру, яғни ата-аналардың аз мөлшерден жинап бастаған салымдарының кө­беюiне, ертеңгi күнi мектеп бiтiрушiлердiң жоғары оқу орындарына түсуiне жағдай жасау. Мемлекет осы жинақтау жүйесi арқылы баланың болашағына дұрыс бағдар жасап, жақсы бiлiм алып, кәсiби маман иесi атануына жол ашып отыр.
Айта кетерлiгi, бiлiм беру депозитiнiң салымдары 10 млн теңге мөлшерiне дейiн Қазақстанның депозиттерге кепiл­дiк беру қорымен сақтандырылған. Ал осы депозиттiң екiншi деңгейлi банктердегi басқа депозиттерден басты айырмашылығы – аталған жинақ салымына банктiң 14 пайызға дейiнгi жылдық сыйақысынан бөлек мемлекет тарапынан төленетiн 5-7 пайыздық сыйлықақыны атауға болады. Атап айтқанда, мемлекет тарапынан белгiленген жыл сайынғы 5 пайыз сыйлықақы елiмiздiң барлық санаттағы азаматтары үшiн, ал 7 пайыздық сыйлық­ақы жетiм балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оның iшiнде кәмелет жасқа толған балалар (23 жас­қа дейiн), мүгедектер, төрт немесе одан да көпбалалы отбасыдан шыққан балалар мен аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларға арналған. Осылайша, салымшының жинақтаған қаражаты жыл сайын банк пен мемлекет тарапынан қоса есеп­телетiн пайыздардың есе­бiнен 19-21 пайызға дейiн көбейiп отырады. Сонымен қатар, бағдарламаның қарапайым қазақстандықтар үшiн тиiмдiлiгi: “Мемлекеттiк бiлiм беру жинақтау жүйесi” қазақстандықтарға ақылы жоғары бiлiм алуда қаражатын 30-70 пайызға дейiн үнемдеуге мүм­кiндiк бередi. Бұның өзi сарапшылар тарапынан қаржылық үнемдiлiк жағынан әлеуметтiң әлеуетiн арттырып, адами капиталға инвестицияның құйылуына жасалатын тиiмдi тетiк ретiнде бағаланып отырғаны да анық.
Ендеше, ертеңiн ойлаған әрбiр азамат ұрпағының бiлiмi үшiн болашақ инвестицияға қаражатты бүгiннен жинақтағаны абзал.
Дәурен СӘДУАҚАСОВ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар