1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №96 (16178) 30 қараша, сәрсенбі 2016
30 қараша 2016
Үкiметтегiлер бәрiн де ауызбен өсiредi
ӘЛЕУМЕТТIҢ ӘЛЕУЕТIН КӨТЕРМЕЙТIН БАҒДАРЛАМАЛАР – АҚШАНЫҢ СОРЫ  
Үкiметтiң күнi бүгiнге дейiн қабылдаған бағдарламаларының қалай жұмыс iстеп жатқаны күнделiктi өмiрiмiзден-ақ көрiнедi. Естерiңiзде болар, осыдан 4-5 жыл бұрын “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” деген ауқымды әлеуметтiк бағдарлама қабылданған едi. Оған бюджеттен көл-көсiр, миллиардтаған қаржы бөлiндi. Ал ендi соның нәтижесi қандай? Осы бағдарламадан кейiн елiмiздегi жұмыссыздар саны азайды ма? Екi қолға бiр күрек табылды ма? Жоқ. Азайған да, табыл­ған да жоқ. Сонда бюджет қаржысы қайда кеттi? Әдеттегiдей “құмға сiңдi”, “желге ұшты”. Себебi, осыдан он жыл бұрын елiмiздегi жұмыссыздар легi 5,4 па­йыз болса, күнi бүгiнге дейiн осыған шамалас көрсеткiш көрсетiлiп келедi. Мұның өзiнде де бұл ресми тiркелгендерi ғана. Ал тiркелмей жан-жақта босып жүрген жұрт қаншама? Бұл – бiр. Екiншiден, егер үкiметтiң бағдарламалары жақсы жұмыс iстесе, өткен 25 жыл iшiнде ауыл атаулы гүлденiп, құлпырып кетпес пе едi? Егер жұмыссыздық азайса, ауылда тiршiлiк көзi – таза, тұнық су болса, менiң Алматыдан 2212 шақырым жердегi туған ауылым Үлгiде небәрi 20 түтiн қалмас едi... Ел жапа-тармағай басқа жаққа аумас едi...
 
ҮЛГI “ОРТАҚКӨЛДIҢ” КЕБIН КИЕДI 
Кiшкене кезiмде “Ортақкөл” деген атауды ылғы еститiнмiн. Кiндiк қаны сол жерге тамып, дәм-тұз басқа жақтан бұйырған тума-туыс, жекжаттарды кейiн қайтыс болғанда сол мекенге апарып қойып жататын. Есейе келе, “Ортақкөлде” адам тұр­майтынын бiлдiм. Бәрi жан-жаққа көшiп кеткен. Тек зират қана бар. Ендi бiр-екi жылда менiң қасиет қонған алтын бесiк ауылым осы “Ортақкөлдiң” кебiн киедi. Сонда бiз жан-жақта жүрген ұрпақ ауылға, әке-ше­шемiздiң басына барып, Құран оқып қана қайтамыз. Табан тiреп, ат басын бұратын шаңырақ та қалмайды. Жақында көр­шi ауылдардың бiрiнде тұратын Айнаш әпкем хабарласты: “Рә­зия апамыз да қалаға (Қызылжар­ға) кеттi. Ендi бiздiң көшеде 7-ақ үй қалды. Биыл қыстан аман шықса, қалғандары да көшетiн шығар”... Осыдан кейiн жүрегiң қалай сыздамайды.
Кезiнде даңқы аспандаған менiң терiскейдiң төрiндегi Үлгi деген ауылым осылай көз алдымызда құрып бара жатыр. Жұ­мыс болса, су болса ешкiм еш­қайда кетпес едi. Қыста қалың қардың астында қалатын, көк­темде саз балшыққа батып, жол азабын тартатын менiң алтын ауылдастырым... қара шаңыраққа қара құлып салып жатыр.
Тамыры туған топырақта көктеген ауыл жұрты лағнеттi сонда кiмге айтамыз? Ал сiздер “жаңа бағдарлама қабылдаймыз, ел-жұртқа қарыз, субсидия берiп жарылқаймыз” дейсiздер. Кiмдi жарылқайсыздар? Ауылда адам да қалған жоқ қой. Басқасы-басқа, кезiнде пайға тиген жерлерiн де “Атамекен” деген алпауыт тартып алған. Ендi алмаған нелерiң қалды?
Солай сүйiктi оқырман, Сол­түстiк Қазақстан облысының Жамбыл ауданында картадан бiр емес, бiрнеше ауыл жойылды. Ал iргеде... Ресей деген алып империя жатыр. Бiлуiмiзше, бұл аймақтағы бiраз жер Мәс­кеудiң бұрынғы мэрi Лужковқа (зайыбына) тиесiлi. Осыдан кейiн туған жердiң тағдырын кiмге сенiп тапсырарыңды да бiл­мейсiң?
 
МОБИЛЬДI... БАТПАНҚҰЙРЫҚ  
Сөйтiп, бұған дейiн қабыл­дан­ған өзектi әлеуметтiк бағдарламаларды жарытып жүзеге асыра алмаған үкiмет кеше тағы бiр iрi жоспарды қолға алғанын мәлiм еттi. Айтпақшы, премьер-министр Б.Сағынтаевтың бұрынғы саны барда сапасы жоқ бағдарламалардан хабары бар екен: “Егер бiз бұрын “Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020” бағдарламасы бойынша уақытша жұмыс орындарына ден қойсақ, ендi оқыту арқылы тек қана тұрақты жұмыс орындарына көңiл бөлiнедi. Ең бастысы, жұртшылыққа өз iстерiн ашуға және жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруға мүмкiндiк бе­ремiз”, – дедi. Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрi Тамара Дүйсенова: “Өнiмдi еңбекпен қамту және бұқаралық кәсiпкерлiк” бағдарламасы бо­йынша “15-24 жас аралығындағыларға техникалық және кәсiби бiлiм беру негiзiнде жұмысшы мамандығын алуға мүмкiндiк жасаймыз. ҰБТ-ны тапсыра алмаған 21 мың мектеп түлегiн және тұрмысы төмен отбасыларда өскен жастарды қамтимыз”, – дейдi. Сонда ҰБТ-дан өте алмаған 21 мың түлек қара жұмысшы боп шыға келе ме? Жастардың көбiнде жұмысшы боламын деген ой жоқ. Ең бастысы, жұмысшы бола қоятындай жұмыс табыла ма? Осы күнi механизатор, малшыға зәру шаруа қожалықтары 100-150 мың теңгеге адам келмейтiнiн айтып, зар қақсайды. Мүмкiн, жәрдемақы үшiн екi қалтаға қолын салып, ерiгiп жүрген азын-аулақ жiгiт барып-ақ қалар. Бiрақ мұнымен жұмысшы проблемасы шешiлмесi анық.
Мемлекет осы бағдарлама аясында оқып, жұмысшы мамандығын алғысы келгендерге 2,5 жыл бойы шәкiртақымен және бiр реттiк тамақпен қамтамасыз етпекшi. Сонысын алға тартып жатыр. Ал 25-44 жастағылар қашықтықтан қысқа мерзiмдi курстарға қатысып, кәсiпкер­лердiң ұлттық палатасындағы оқу орталықтарынан екiншi мамандық ала алады екен. Үкiмет тiптi шалғайдағы ауылдағыларға “мобильдi кәсiби училищелер” ашуға дайын көрiнедi. Мұндай қысқа мерзiмдi курстарға 26-56 мың адам қамтылады дейдi өздерi. Қиырдағы қыстаққа “мобильдi училищенiң” қажет­тiлiгi туындайтындай ол жақта кәсiпорын бар ма, өндiрiс ошағы бар ма, бұл жалпы не қылған батпанқұйрық? “Бұған табысы 60 мыңнан төмен 550 мың өзiн-өзi жұмыспен қамтушы және жұмыссыздар қамтылады. Қатысушылардың 84 пайызы ауыл жас­тары”, – дейдi министр. Бұл жұмыстардың бәрiне жергiлiктi әкiмшiлiк жауапты болмақ. 
  
ЖЕТI ЕСЕ ӨСКЕН СУБСИДИЯ КIМГЕ ЖЕТЕДI?  
29 қарашада өткен үкiмет отырысында ұлттық экономика министрi Қуандық Бишiмбаев осы бағдарламада кәсiпкерлер­ге шағын несие беру iсi қарастырылғанын айтты. Бағдарлама бойынша жыл сайын жұртшылыққа 2 500-ден астам қарыз беру көзделiптi. Оның 20 пайызы жаңадан ашылған жобаларға берiлсе, 15 мың адамды кәсiп­керлiкке баулиды екен. Бұдан басқа жаңа өндiрiс орындары мен жұмыс iстеп тұрған бизнес­тiң аясын кеңейтуге 6 пайыз мөлшерлемемен 16 млн теңгеге шағын несие берiлетiнiн жет­кiздi.
Ауыл шаруашылығы министрi Асқар Мырзахметовтiң амбиция­сы өзгелердiкiнен асып түспесе, бiр мысқал да кем емес: “2021 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң жалпы жиынын 30 пайызға көбейту жоспарлануда. Бұған қоса, еңбек өнiмдiлiгiн 50 пайызға арттыру көзделуде. Болашақта экспортты 17 пайызға арттырып, импортты 17 пайызға азайтамыз. Суармалы жердiң үлесiн 40 пайызға көбейтудi жоспарлап отырмыз. Нәтиже­сiнде табыс 30 пайызға өседi”, – деп мәлiмдеме жасады. Министрдiң пайымынша, негiзгi басымдық фермерлерге берi­летiн көрiнедi. Бағдарлама аясында субсидия алушылардың легi жетi есеге артады екен. Бұрын 1 теңгемен есептелетiн субсидиялар ендi 2 есе өседi. Сонда көрсеткiш 7,5 теңгеден 13 теңгеге артады. А.Мырзах­метовтiң айтуынша, жалпы өнiм өндiру үлесi елiмiзде 50 пайызға артады.
Сонда жетi есеге өскен субсидия кiмге жетедi? Елiмiзде шамамен 7 мыңға жуық елдi­мекен барын ескерсек, бұл теңiзге түскен тамшыдай ғана тiрлiк қой. Халықты өстiп те алдауға бола ма? Жетi есе өскен субсидия “көшедегi көк аттыға” бұйыратынына кепiл бар ма? Оны да әкiмқараның айналасында жүрген кәсiпкерлер алатынын алдын ала бiлiп отырмыз. Әйтпесе, “Сыбаға” бағдарламасы аясында несие алып, мал өсiргiсi келген талай жанды бiлемiн. Бiреуiне “жерiң жоқ” деп, ендi бiрiне “қораң тар екен” деген желеумен жанына көлденең бiр адамды жолатпады. Сөйте тұра, “жетi есе өскен субсидиямен” жарылқаймыз дейдi. Айналып келгенде, құнсызданған теңгемен берiлген субсидия кiмге дәрi болмақ?
Түйiн: Бiз бұған дейiн де мұндай уәденi мың сан рет естiгенбiз. Үкiмет “бәрiн қатырамыз, бәрiн қамтимыз” дегендi жағы талғанша қақсайды. Онысынан ештеңе өнбейдi. Осыдан екi жыл бұрын марқұм болған бiлгiр сарапшы, мықты экономист Қанат Берентаев бiзге берген бiр сұхбатында: “Үкiметтiң жап-жақсы бағдарламалары бар. Бiрақ оның бәрi аяқсыз қалады. Түбiне дейiн жеткiзiлмегендiктен, бақылау-тексерiс болмағандықтан орта жолда опырылып қалады” дегенi есiмде қалды. Бұл жолғы жаңа бағдарлама да солардың қатарына қосылмасына кiм кепiл? 
Гүлзат Нұрмолдақызы
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар