1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекет болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ».  --- «Қытай Халық Республикасы рапс пен соя секілді жемшөп дақылдарын егу үшін бізден 1 млн. га жер сұрап отыр».
«Азаттық» радиосы
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №97 (16179) 5 желтоқсан, дүйсенбі 2016
5 желтоқсан 2016
Айыппұлдан аяқ сүрiнедi
Келер жылдан бастап зей­неткерлердiң зейнетақысы 9 пайызға өседi. 9 пайыз деге­нiң түк те көп ақша болмаса да оны бiздiң үкiмет қомпайтып көрсетедi. “Зейнетақыларыңды өсiрiп, жалақыларыңды арт­тырып жатырмыз” деген қандай жақсы. Жүрекке жылы тиедi. Әрi “Үкiметтiң арқасында” өмiр сүрiп отырғандарға “ауыздарыңды жабыңдар” деуге де ыңғайлы. Әйтпесе, бюджеттiң бүйiрi тесiлiп, сетiнеуге шақ тұрғанынан ел-жұрт хабардар.
 
 Министрлер кабинетi қара қазанның түбiн жабуға бел­сендi түрде кiрiсiп кеттi. Таяуда парламентке келiп, есеп берiп кеткен iшкi iстер ми­нистрi Қ.Қасымов жолда жүру ережесiн бұзғандарға салынатын iрi айыппұлдарды азайтпайтынын айтты. Мұны министр “айыппұл өскеннен кейiн ереженi өрескел бұзатындар легiнiң кемуiмен” түсiндiрдi. Негiзi айыппұл атау­лы тәртiптi күшейту үшiн, қауiпсiздiктi арттыру мақсатында салынады. Ал бiздiкiлер әу бастан бюджеттiң бүйiрiн шығару үшiн осындай береке­сiз тiрлiкке барады. Мысалы, қазiр әр үйде бiр-бiр көлiк бар. Сол бiр көлiктiң “басында” екi-үш айыппұлдан жатыр. Бiрi “камерадан” келсе, екiншiсi жарықты жақпағаны үшiн, тағы бiрi қауiпсiздiк бел­беуiн тақпағаны үшiн. Әйтеуiр, толып жатқан айыппұл.
Бiздiң үйге де сот орындау­шысы жиi хабарласады: “Пәлен күнге дейiн төлеме­сеңiздер, сотқа келесiздер” дейдi. “Төлеймiз, төлеймiз” деп бәрiмiз жамыраймыз. Бiрақ әлi күнге дейiн төлеме­генiмiз анық. Неге бұлай? Айып­пұлдар аяқасты қалайша көбейiп кеттi? “Бұл – бюджет­тiң жыртығын жамап-жасқау үшiн қолдан жасалған әрекет. Жуырда күре жолдың бойында жарығым жанбай қалғаны үшiн 10 605 теңге айыппұл жазып бердi. Жолға шыққанымда бәрi дұрыс болған едi. Ұзақ жүргендiктен бе, бiл­меймiн әйтеуiр күйiп кетiптi. Оны мен байқамай қалдым. Бiрақ жол сақшысына оны дәлелдей алмадым. Сөйтiп, аяқ астынан айыппұл арқалап шыға кел­дiм”, – дейдi жүргiзу­шi Мәр­лен Т. Одан әрi ол: “Негiзi бұрындары мұндай жағдайда алдымен ескерту жасайтын едi. Қазiр жол сақшылары бiрден айыппұл салып, құжат толтыруға жүгiредi. Бұл да дұрыс әрекет емес”, – деген ойымен бөлiстi.
Бюджеттiң түбi тесiк екенi билiктiң әрбiр iс-әрекетiнен анық көрiнедi. Биыл ЭКСПО құрылысына ақша жетпей аласұрғанда бiздiң зейнетақымызға жармасты. “Отандық инвестиция” деген желеумен бiрыңғай зейнетақы қорынан қомақты қаражат ЭКСПО-ның сәулеттi де, зәулiм ғимараттарына құйылды. “Сiздердiң жиған-тергендерiңiздi пайдаланайық па?” – деп сұраған да жоқ. Тiптi көпшiлiктiң көңiлi үшiн “пәленше табыс табасыздар” дегендей де ишара жасаған жоқ. Алды да салды. Ал өркениеттi елдердiң билiгi осындай әрекет жасаса, хал­қы дүр етiп көтерiлер едi. Талап-арызын айтып, бейбiт шеруге шығар едi. Ал бiздiң қоғамның ұстанымы “аш құлақтан, тыныш құлақ”. “Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз”. 
70 мың теңге зейнетақы алатындарға ендi 6300 теңге қосылады. Күн санап өсiп жат­қан азық-түлiк пен керек-жарақтың бағасының жанында бұл қайыршыға ұстатқан тиынмен тең. Айыппұлдың “табыстары” қайда кетiп жатыр осы? Егер оны зейнетақыны көбейтуге жұмсадық десе, ойланар едiк. Соның бәрi Қасымовтардың “командасындағылардың” айлығы мен шайлығын өсiруге бөлiнбей ме? Неге ашығын айт­пайды? Iшкi iстер министрiнiң айлығы, жылдық табысы қан­ша? Осыны жария етсе.
 Г.Қапан
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар