1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №98 (16180) 7 желтоқсан, сәрсенбі 2016
7 желтоқсан 2016
Төртiншi мұнай өңдеу зауыты керек
Қарашаның соңында Венада өткен саммитте ОПЕК елдерi 2017 жылы мұнай өндiрiсiн шектеуге келiскенi сол едi, халықаралық нарықта “қара алтын” бағасы көтерiле бастады. Бұйырса, келер жылдан бастап ОПЕК елдерi мұнай өндiрiсiн тәулiгiне 32,5 млн баррельден асырмайды. Бұған дейiн бiр емес, бiрнеше рет жиылып ортақ мәмiлеге келе алмай жүрген ОПЕК-тiң шешiмi бiреулердi қуант­ты, ендi бiреулердi қайғырт­ты.  
 
Сарапшылар бұған дейiн ОПЕК өнiмдi шектеу туралы шешiмдi соңғы рет 2008 жылы шығарғанын еске салып жатыр. Әрине, 8 жылдың iшiнде “қара алтын” құны сан құбылды. 140 долларға дейiн асқақтап, күнi кеше 40 долларға дейiн құлдырағанын да көз көрдi. Қазақстан, Ресей, Әзiрбайжан сынды шикiзатқа тәуелдi елдердiң экономикасы соңғы жылдары барынша азайған “қара алтын” экспортынан 20 млрд долларға дейiн табыстан қағылғаны жөнiнде әлемдiк БАҚ-та кезiнде ақпарат тараған. Венадағы саммитте “ОПЕК-ке мүше емес елдер де мұнай өндiрiсiн тәулiгiне 0,6 млн баррельге шектеуi тиiс” деген шешiмнiң шетi қылтиды. Бұл үкiмнiң бiздiң терiскейдегi қоңсымыз Ресейге де қатысы бар. Сарапшылар Ресей шамамен мұнай өндiрiсiн 0,4 млн “бөшкеге” шектейтiнiн жазып жатыр. Ендi мұның анық-қанығы 9-10 желтоқсанда өтетiн ОПЕК-тiң картельге кiрмейтiн елдермен арадағы кездесуiнде егжей-тегжей айтылуы ықтимал. Венада өтетiн саммитке Қазақстаннан энергетика министрi Қанат Бозым­баевтiң қатысатыны белгiлi болды. “Бiз ОПЕК-тегi мұнай алпауыттарының бiрi емеспiз, әйтсе де серiктестерiмiздiң ұстанымына назар аударамыз”, – дедi министр БАҚ-қа берген түсiнiктемесiнде. Бұған дейiн бiздiң экономика министрлiгi халықаралық мұнай қауымдастығының өнiм өндiрудi тоқтата тұру туралы шешiмiн қолдайтынын бiлдiрген едi.
Өткен жылы бiздiң ел 75 млн тонна мұнай өндiрдi. Бұрнағы жылы 80 млн тоннаға жетiп жығылған едi. Кезiнде, Сауат Мыңбаев министр болып тұрған кезде, қызды-қыздымен “Қашаған мұнайы құйылған тұста өнiм өндiру көлемiн жылына 150 млн тоннаға жет­кiземiз” дегенiн де естiгенбiз. Қазiр Құдайға шүкiр, мұндай мақтангөй болжам жоқ. Оның үстiне сан қуалайтын заман емес. 75-80 млн тоннамен де тәуiр өмiр сүруге болады.
ОПЕК-тiң шешiмiнен кейiн Қазақстанның экономикалық шаруашылығы қалай дамиды? Мұнай бағасының көтерiлуiнен ненi күтемiз? “Жас Алаш” газетi осы және басқа сауалдарды Экономика институтының бас ғылыми қызметкерi, мұнай сарапшысы Олег Егоровқа қойған едi.
     Әрине, ОПЕК шешiмi бiздiң елге оң ықпалын тигiзедi. Барлық елдер сияқты бiздiң Қазақстан да мұнай бағасының тұрақталуына мүдделi. Мiне, бүгiн “қара алтын” құны халықаралық нарықта 54 долларға көтерiлдi. Әрине, баға ұсыныс пен сұранысқа орай қалыптасады. Әйтсе де, қымбат құн бiздiң жыртығымызға жамау. Оның үстiне қазiр Қашағаннан да өнiм алына бастады. Көп мұнай өндiру және оны экспортқа жөнсiз жөнелтуге аса құштар болмаған абзал. Экспортқа көзсiз берiлу – жақсылық емес. Себебi, iшкi нарықты да ойлап естен шығармауға тиiспiз. Осы орайда қазiргi жағдайда Қашағаннан мол өнiм алу қисынды ма? – деген сауал туындамай қоймайды. Жалпы Қашаған жобасы тиiмдi ме, өзiн-өзi қашан ақтайды? Осы тақылеттес мәселелер бiздiң қоғамды алаңдатпайды емес, алаңдатады. Менiң жеке есебiм бойынша, егер “қара алтын” құны 70-80 доллар төңiрегiнде тұрақталатын болса, онда Қашағанға салынған инвестиция өзiн-өзi 15-16 жылда ақтайды. Әрине, өзiмiз мұнай өндiретiн ел бола тұра, жанар-жағармай бағасының үнемi қымбаттауы – халықтың тыныс-тiршiлiгiне керi әсерiн тигiзедi. Сондықтан бiзге төртiншi мұнай өңдеу зауыты керек.
– Лоббистер оған жол бермей жатыр ғой?..
– Бұл мәселенi бiз бұрыннан көтерiп келе жатырмыз. Ел iшiнде, әсiресе, мұнайлы өлке – Батыс өңiрден шағын мұнай өңдеу зауыттарын салған тиiмдi. Сөйтiп, шикi мұнайды экспорттағаннан гөрi дайын тауар саудалауға мойын бұрсақ, сол әлдеқайда тиiмдi. Бiз өндiрiстi дамытпай, жалаң экспортпен алысқа бара алмаймыз.
– Шикi мұнайды экспорттаймыз, сырттан тауар сатып аламыз. Мұндайда баға, әрине мiндеттi түрде қымбаттайды.
– Iшкi нарықтағы жанар-жағармай бағасы қалай қалыптасады, оған ешкiмнiң көзi анық жетпейдi. Себебi, бiзде мұндай ақпарат жоқ. Өндiрiсшiлер, саудагерлер, арадағы делдалдар мұның бәрiн құпия ұстайды. Зауыттан шыққан өнiм жанар-жағармай бекетiне жеткенде қандай бағаға сатылады әрi сол баға әдiл баға ма? Мұның да анық-қанығына жете алмайсың. Жатқан бiр тұңғиық.
– Жыл аяғына дейiн экономикада өзгеше жағдайдың кездесiп қалуы мүмкiн бе?
– Егер мұнай бағасы 60 доллар маңында тұрақталса, онда анау айтқандай шаруашылығымызда шалт қимылдар болмайды. Экономикада форс-мажор деген түсiнiк бар, сондай жағдай орын алмаса, осы қазiргi күйiмiзде қала беремiз. Теңгенiң де тағдыры “қара алтынға” қатысты қалыптасады. Ашығын айту керек, долларды нарықтан шығарып тастайтындай бiзде тегеурiн жоқ. Ұлттық банктiң долларға қарсы “күресi” пәлендей нәтиже бермейдi. Оның бәрi науқандық iс-шаралар.
 
Гүлзат нұрмолдақызы
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті