1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №102 (16184) 21 желтоқсан, сәрсенбі 2016
21 желтоқсан 2016
Миллиардтар игерiлмей қалды оның зардабы халыққа тидi
Күнi кеше мәлiм болған ресми ақпаратқа жүгiнсек, 11 ай­дың қорытындысы бойынша, бюджеттiк бағдарламалар әкiм­шiлерi 7,5 млрд теңгенi игермеген. Оның 1,2 миллиарды Денсаулық сақтау және әлеу­мет­тiк даму министрлiгiне, 1 миллиарды Iшкi iстер ми­нистр­лi­гiне тиесiлi. Қарап отырсақ, VI шақырылымдағы парламенттiң екiншi сессиясында сөйлеген сөзiнде президент Н.Назарбаев бюджет қаржысының игерiлуiн қатаң бақылауды мiндеттеген. Парламентарий­лердiң алдында тұрған мiндеттерге тоқтала келе, ол республиканың 2017-2019 жылдарға арналған үш жылдық бюджетi туралы заң жобасын қарауды және қа­былдауды тапсырған. Мұндағы мақсат – халыққа мемлекет тарапынан көрсе­тiлетiн әлеуметтiк пакет шығындарының көлемiн заңдық тұрғыда қамтамасыз ету. Бұл зейнетақы мен жәрдемақыға, шәкiрт­ақыға да қатысты екенiн тiлге тиек еткен президент “бюджет саясатын қандай жағдайда да қазақстандықтардың тұр­мы­сының төмендеуiне жол берiлмей­тiндей етiп құру маңызды” екендiгiн меңзеген. Сондай-ақ “Бюджет қарастырылып жатқанда келiп ақша сұрайды, ал ақыр соңында соны игермейдi. Үкiмет оған сел­қос қарайды. Ал қаржыны игере алмаса, оған дайын болмаса, жобасы жоқ болса, ақшаны не үшiн беру керек? Кiм дайын, кiм игере алады, кiмнен қайыр болады, соған беру керек. Бөлiнген қаржы экономиканы дамытуға, халықты жұмыспен қамтуға, елдiң әл-ауқатын жақсартуға жұмыс iстеуi тиiс” екендiгiн айтқан.
 
Жалпы, бұл – өте орынды талап. Мемлекет қаржысының тиiмдi жұмсалуы мен халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталуын қадағалау – заң шығарушы және атқарушы органдардың тiкелей мiндетi. Ал әуел баста қандай да бiр мұқтаждық үшiн бөлiнген қаржының игерiлмей қалуы – мәселенiң түйiнi шешiл­медi, белгiлi бiр мақсат жүзеге аспады деген сөз. Денсаулық саласына қатысты айтсақ, мәселен, қант диабетi, қатерлi iсiк, туберкулез сияқты басқа да созылмалы сырқаттарға шалдыққан қаншама науқас бүгiнде мемлекет тарапынан берiлетiн тегiн дәрi-дәрмекке мұқтаж! Түрлi ем-дом алу, ота жасату үшiн айлап-жылдап кезек күтсе де, квотаға қол жеткiзе алмай, дiңкесi құрып жүрген дерттi жандар тағы жетiп-артылады. Жоғарыдан бөлiнген қаржы тиiстi жерiне дер кезiнде жетсе, соған зәру адамдардың қажет­тiлiгiн өтеуге жұмсалар едi ғой. Өкiнiшке қарай, бiзде олай емес. Оның себебiн әркiм iштей бiледi, бiрақ ашық айтпайды.
Атын айтудан тартынған бiр бас дәрiгер мұның сырын қа­жеттi қаржының сағыздай созылып, бөлiмшелерге жыл соңына таман ғана берiлетiнiмен және өздерiнiң қысқа мерзiмде оны қайда жұмсарын бiлмей әлекке түсетiндерiмен түсiндiредi. Неге тым кеш берiледi дегендегi болжам сан түрлi. Соның бiр парасы – “жоғарыдағылар ақшаны үнемдегiсi келiп, төмендегiлердi шөмiштен қысып бағады. Қаржының шамадан тыс артылып қалатынын кеш түсiнiп, артынша қомақты бөлiгiн бiрден лақ еткiзедi” немесе “өкiлеттi адамдар бөлiнген ақшаны бiрден қағып алып, депозиттерге салып тастайды. Бiраз айналдырып, пайыздық үлесiн алғаннан кейiн ғана тиiстi жерiне жiбередi” дегенге саяды. Қалай болғанда да, бюджет қаржысын кiмнiң қалай пайдаланып, қайда жұмсап жат­қанын алақандағыдай көрiп отырған ешкiм жоқ. Сондықтан да көпшiлiк: “мәлiметтер толықтай жария түрде болса ғана жағдай өзгередi”, – дейдi.
 
Әрине, ақша болса, оны жұм­сайтын жер қашанда табылады. Мәселе онда емес. Бюджет қаржысының тиiмдi жұмсалмауы Қазақстан үшiн бүгiнде қалыпты жайтқа айналған. Мамандардың айтуынша, бұл – бұрыннан келе жатқан мәселе. Тек ол кезде кiрiс пен жоғары баға конъюнктурасының есебiнен бұл байқалмаған. Ал қазiр бюджеттiк қаржыландыру жүйесiндегi олқылықтарды ерен санамау мүмкiн емес. Мұның бiр себебi, халықтың тұрмыс деңгейi күн сайын төмендеп бара жатқан қазiргi­дей уақытта бюджеттi талан-таражға салуға жол беруге болмайтындығында.
Дегенмен, сарапшылар бұл мәселенi қаржылық тәртiптi күшейту арқылы шешудiң мүмкiн еместiгiн айтады. Игерiлмеген қаржының әкiмшiлерден алынып қойылатыны, кiнәлiлердiң жазаланатыны қанша айтылып жүрсе де, бәрiбiр нәтиже жоқ. “Өйткенi мәселенiң түйiнi – қаржылық тәртiпте емес, стратегия­лық жоспарлау тұрғысындағы қателiктерде”, – дейдi мамандар. Олардың пiкiрiнше, ендiгi жерде қаржының игерiлмеуiн мәселе етудi қою керек. Бұл арада ең маңыздысы, көп жағдайда өз беттерiмен ауа жайылатын жергiлiктi органдардың талабына ғана емес, экономикалық және маркетингтiк нақты зерттеулерге негiзделген жоспарлау болуы тиiс. Әрине, мұндай iс-шараларды атқару үшiн айтарлықтай уақыт керек. Бiрақ жоспарлау тәртiбiнiң жоқтығы мен мемлекеттiк инвестиция­ларды басқару сапасының төмендiгiнен жоғалтатынымыз әлдеқайда көп.
Ж.СЕРIКБАЙ
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар