1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.
Автор: Бекболат ТІЛЕУХАН
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №103 (16185) 26 желтоқсан, дүйсенбі 2016
27 желтоқсан 2016
Банктерге тiл тидi ме, әлде көз өттi ме?

Осы айдың басында БАҚ-қа берген кезектi бiр сұхбатында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев “келер жылы кейбiр банктер жұмысын тоқтатуы да мүмкiн, бiр-бiрiмен қосылуы да ықтимал” деп болжам жасаған едi. Сонысы шындыққа айнала бастағандай.

“ҚАЗИНВЕСТБАНК” БАСЫНДАҒЫ ҚАРА БҰЛТ
Өткен апта соңындағы үш оқиға елдi елең еткiздi. Соның бiрi – Қазинвестбанктiң банктiк операциялардың барлық түрiн тоқтатуы болды. Бiрақ сол кезде бұл банктiң топ-менеджментi ешқандай түсiнiктеме берген жоқ. Бар-жоғы ақпарат порталдары банктiң колл-орталығына сiлтеме жасап, “Техникалық дефолт туындады. Осыған орай дүйсенбiге дейiн операцияның барлық түрi тоқтатылды. Ресми мәлiмдеме сол кезде жасалады”, – деп хабар таратты.
Дүйсенбi күнi де бұл банкке қатысты нақты ақпарат шыққан жоқ. Ұлттық банк ресми хабар таратпады.
Биыл қараша айының бiрiнен Ұлттық банк “Қазинвестбанк” АҚ мен “Delta bank” АҚ-ның жеке тұлғалардан жаңа депозит қабылдауға, сондай-ақ жеке тұлғаларға банктiк есеп-шот ашу лицензияларын 3 айға тоқтатып қойғанын бәрiмiз бiлемiз. Сол кезде таратылған ақпараттарда “Лицензияны аты аталған банктер тарапынан кейбiр заң бұзушылықтарға және iшкi бақылау жүйесiн жақсартуға байланысты тоқтатылғаны” айтылған-тұғын. Ұлттық банктiң шешiмi шыққаннан кейiн аталған екi банктiң басшылығы “лицензияны тоқтату жұмыс iстеп тұрған депозиттерге, клиенттерiмiзге қызмет көрсетуге әрi заңды тұлғалардан депозиттер тартуға әсер етпейдi” деп мәлiмдегенiмен, қалың жұртшылық бұл банктердiң қызметiнде бiр шикiлiктiң барын аңғарған едi. Өйткенi, Ұлттық банк жеңiл-желпi заң бұзушылықтарға бола лиценцияны тоқтатып тастамайтыны белгiлi.
Жалпы, Қазинвестбанк күнi кешеге дейiн “ортанқол” банк болып келгенi құпия емес. Жүйеқұраушы банк болмағандықтан қалың көпшiлiк оның бар-жоғын бiле де бермейтiн. Кейбiр деректерге қарағанда, активi жөнiнен елiмiздегi 34 банктiң арасынан 17-орынды қанағат тұтып келiптi. Бiлетiнiмiз, акционерлерi iшiнде ең көп акция Гауһар Қаппарованың (9,98 пайыз) иелiгiндегiсi едi. Гауһар Қаппарова “Қазатомөнеркәсiбi” АҚ-ның бұрынғы басшысы, марқұм Нұрлан Қаппаровтың зайыбы. Одан басқа 8 акционердiң әрқайсысында 9,3 пайыздан акция болған. Тағы бiр акционер Белла Чершновец 7,1 пайыз акцияның қожайыны.
Өздерiңiз бiлетiндей, Ұлттық банк екiншi деңгейлi банктерге капиталды көбейту жөнiнде талаптар қоюда. Бас банк бұл талапты осыдан 5-6 жыл бұрын қолға алған едi. Екiншi деңгейлi банктер кезең-кезеңiмен капитал көлемiн көтеруi тиiс болған. Бiздiң жорамалымызша, Қазинвестбанк осы үдеден шыға алмай қалуы ықтимал. Екiншi бiр болжам, қазiр барлық қаржы институттарында жұмыс iстемейтiн несиелер өсiмi өте үлкен. Осы өсiм банктiң қалыпты қызметiне кедергi келтiруi бек мүмкiн.

ЕЛ-ЖҰРТТЫҢ НАЗАРЫ QAZKOM-ДА
Екiншi бiр елеулi оқиға Qazkom-ның Ұлттық банктен 400 миллиардтан астам несие алуы едi. Бұған дейiн Блумберг ақпарат агенттiгi “Qazkom мен Халық банк бiрiгедi”, – деп хабар таратып, жұртты бiр дүрлiктiрiп қойғаны бар-тын. Ендi мiне, “Ұлттық банктен 400 млрд-дан астам несие алып, құтқару шараларын бастап кеттi” дегенге саятын ақпар берiп, ел-жұртты тағы бiр елеңдеттi.
Әрине, екiншi деңгейлi банктiң Ұлттық банктен кезектi несие алғаны қоғамды дүрлiктiрмеуi керек едi. Халықтың ұлардай шулауы, әсiресе әлеуметтiк желiде қызу талқыға түсуiне бiздiңше, осыдан бiрер апта бұрын мемлекет басшысының: “Бiз Qazkom-ның құлауына жол бермеймiз. Үкiмет қолдап-қуаттайды” деген бiрауыз сөзi түрткi болды. Ақпарат порталдары арқылы қаржы институтының 400 млрд-дан астам несие алғаны туралы хабардың тарауы мұң екен, қалың көпшiлiктi: “банк неге несие алды, жағдайы шынымен нашар ма?” деген ойлар мазалай бастады. Qazkom-ның дер кезiнде түсiнiктеме бермеуi де отқа май құя түстi. Оның үстiне БАҚ-та: “Банк пен үкiмет арасында келiссөздер жүрiп жатыр” деген де хабар тараған едi.
Кеше осы оқиғаға орай Qazkom да, Ұлттық банк те ресми түсiнiктеме бердi. Бас банктiң берген түсiнiктемесiнде былай делiнедi: “Қазкоммерцбанк” АҚ-ға банктiң жүйелiк маңыздылығын ескере отырып 400,8 млрд теңге сомаға қысқамерзiмдi қаржыландыру беру туралы шешiм қабылдаған болатын. Қарыз банкке клиенттерiнiң алдындағы мiндеттемелердi орындау үшiн өтiмдiлiктiң қосымша қорын қамтамасыз ету мақсатында берiлдi. Қарыз банк клиенттерiнiң алдындағы мiндеттемелердi орындау үшiн өтiмдiлiктiң қосымша қорын қамтамасыз ету мақсатында берiлдi. Бүгiнгi күнi банк өтiмдi активтердiң жеткiлiктi көлемiне ие. Бұл оған қарызды iшiнара мерзiмiнен бұрын өтеуге мүмкiндiк бердi. “Қазкоммерцбанк” АҚ Ұлттық Банкке бұрын бөлiнген қаражаттың жартысын қайтарды. Қазiргi уақытта банктердi капиталдандыруды ұлғайту банк секторының бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттырудың басым бағыттарының бiрi. Осыған байланысты Ұлттық Банк ағымдағы қадағалау процесi шеңберiнде акционерлермен, оның iшiнде “Қазкоммерцбанк” АҚ-ның акционерлерiмен капиталдандыру деңгейiн арттыру жөнiнде келiссөздер жүргiзуде”. Ал Qazkom өз түсiнiктемесiнде былай дейдi: “Банк ресми түрде мәлiмдейдi: мұндай жәрдем алу туралы Ұлттық банкпен де, үкiметпен де келiссөз жүргiзiп жатқан жоқ. 14 желтоқсан күнi екiншi деңгейлi банктерге қысқа мерзiмдi өтiмдiлiк беру жөнiндегi әдеттегi процедуралар аясында Ұлттық банктен қысқамерзiмге 400 миллиард теңгеден астам сома алынды. Қарыз ақылы және қайтарымдық негiзде нарықтық жағдайда байланысты берiлген”, – делiнген мәлiмдемеде.
Қалай болғанда да, ел iшiнде жүйе құраушы банк туралы әңгiме көп. Бiрi “жағдай шынында да қиын екен” десе, екiншiлерi банкке “үлкен кiсiлердiң көзi түсiптi” дегендi айтады. Ал банктiң топ-менеджментi әдеттегiдей оптимистiк пиғылда. “Соңғы алты айдың iшiнде активтер бойынша бiрiншi орынға шықтық және көшбасшылық позициямызды ешкiмге бермеймiз” дегендi журналистермен соңғы кездесуiнде банктiң басқарма төрағасының орынбасары Абай Искандиров айтқан едi. Бұл банк шынымен де Халық банкiмен қосыла ма, жоқ әлде, құлдырай ма, “құлпыра ма” оны ендi уақыт көрсетедi.

БЖЗҚ-НЫ ЗЕЙНЕТКЕРЛЕРДIҢ КӨЗ ЖАСЫ ЖIБЕРМЕЙДI
Осы аптаның тағы бiр “тың” жаңалығы – Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” АҚ-ны Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң тексеруi едi. Бұл не қылған тексерiс? Бұған дейiн “БЖЗҚ қызметiн ҰҚК тексерiптi” дегендi естiмеппiз. Бұл оқиғаға дейiн де БАҚ-та “БЖЗҚ 95 млрд теңгенiң басына су құйды” деген ақпар тарады. Зейнетақы қоры кезiнде күмәндi компаниялардың бағалы қағаздарын оңды-солды сатып алып, аяғында әлгi алаяқ компанияларды өздерi де таппай қалғаны жалпақ жұртқа жария болған едi. Бұл кезде де БЖЗҚ мiз баққан жоқ, “бұл екi жыл бұрынғы жағдай” деп бет қаратпады. Обалы не керек, кезiнде жекеменшiк зейнетақы қорларын бiрыңғай қорға бiрiктiруге кейбiр қаржыгерлер қарсы болды. “Бәсеке болмаса, бұл сала дамымайды. Оның үстiне барлық жинақты бiр жерден басқару ешкiмге абырой әпермейдi”, – деп шырылдап баққан сарапшылар да кездестi. Өкiнiшке қарай, бiздiң билiк қалың бұқараның өтiнiшiн елеп-ескермейдi, пiкiрiне құлақ аспайды. Мiне, араға екi жыл салмай-ақ БЖЗҚ өзiнiң қауқарын сездiрiп қойды. Өмiр бойы жиған-тергенiн сенiп тапсырған зейнеткерлердiң көз жасы оларды жiбере қояр ма екен? Әй қайдам?
Кеше осы оқиғаға орай Ұлттық банк мынадай мәлiмдеме жасады:
2016 жылғы 21 желтоқсаннан бастап Ұлттық Банкiнiң қатысуымен “Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” АҚ қызметiне тексеру жүргiзiлуде. Тексеру БЖЗҚ акционерлiк қоғамының меншiктi активтердi инвестициялауға қатысты жасалған операциялары бойынша жүзеге асырылуда. “БЖЗҚ” АҚ-ның меншiктi активтерi оның капиталы және шаруашылық қызметiнiң нәтижелерi есебiнен қалыптастырылады. “БЖЗҚ” АҚ меншiктi активтердi дербес басқарады. Азаматтардың зейнетақы жинақтары “БЖЗҚ” АҚ-ның балансынан бөлiнген және бөлек ескерiледi. Ұлттық Банк зейнетақы жинақтарын инвестициялауды Ұлттық қорын басқару жөнiндегi кеңес мақұлдаған 2016 жылға арналған бағыттар бойынша ғана жүзеге асырады. Бұл ретте 2016 жылы зейнетақы активтерiн экономиканың нақты секторының жеке компанияларының қаржы құралдарына инвестициялау көзделмейдi. Ұлттық Банк құқық қорғау органдарының iс-әрекеттерiне түсiнiк беруге құқылы емес. Ахуалға тексеру аяқталған соң және тиiстi процессуалдық шешiмдер шығарылғаннан кейiн берiледi”.

ТҮЙIН: Шынында да, қазiргi қаржы нарығындағы ахуал тұрақты емес. Банктерде түйткiлдi мәселе аз болмай тұр. Мұны қаржы институттары мойындамаса да, ел-жұрт байқап, сезедi. Халық банкiнiң бас-қарма төрайымы Үмiт Шаяхметова жыл соңындғы баспасөз мәслихатында: “Қазiр Ұлттық банктiң беретiн несиесiнiң мөлшерлемесi айтарлықтай жоғары. Бұл бiздiң несиелендiруге деген ынтамызды басады. Бiзге несие бергеннен гөрi оны бағалы қағаздарға салу – әрi тиiмдi, әрi қызығырақ” дегенi бар едi. Осының өзiнен-ақ екiншi деңгейлi банктердiң несиеге, әсiресе өтiмдiлiкке зәру екенiн байқатады. 
                                                                                                                                                                                              Г.ҚАПАН.
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті