1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақ» деген мемлекет болмаған, «қазақта шекара болмаған» деген сыңар-езу дүниелер біз үшін өте-мөте қиын мәселе болып отыр. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар халық үшін өте ауыр жала. Еліміз, жеріміз, шекарамыз болмаса, бұл жерге қайдан келдік? Бізге ұлан-ғайыр бұл даланы кім әкеліп берді? Бұл жердің өз иесі бар, аумағы бар. Оның иесі – қазақ.
Автор: Бекболат ТІЛЕУХАН
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш № 11-12 (16197-198) 9 ақпан, бейсенбі 2017
9 ақпан 2017
Бозымбаевтың “әдiл бағасы” – 150 теңге

БЕНЗИН БАҒАСЫ НЕГЕ КӨТЕРIЛДI?

2015 жылдың қыркүйегiнен үкiмет жанар-жағармай бағасын реттеуге араласпайды. Шендi-шекпендiлер “бағаны нарық реттейдi” деген шешiмге келген. Сол кезде ең өтiмдi АИ-92 бензинiнiң құны 126 теңге едi. Одан кейiн баға бiр емес, бiрнеше мәрте өстi. Ең соңғы өсiм апта басында орын алды. “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясының бекеттерiнде АИ-92 бензинiнiң құны екi теңгеге көтерiлiп, 139 теңгеден сатыла бастады. Iле-шала өзге де компаниялар отын бағасын көтере бастады. Ресейдiң “Газпромнефтiсi” қазақстандық компаниялардың баға саясатына пәлендей назар аудармайды, өздерi қандай бағаны ұтымды санайды, тауарларын соған сай пұлдайды. Қазiр Алматыда олар АИ-92 бензинiн 141 теңгеге сатып жатыр. Құдай оңдап, жағармай құны әзiрше өзгерген жоқ. Алматы бекеттерiнде оның литрi 127-128 теңгеге пұлдануда. Әйтсе де, жағармайдың қысқы түрiнiң құны тым қымбат. Оның литрi – 175 теңге. Қазiр қыстың көзi қырауда отын бағасының тым асқақтап кетуi қарапайым халыққа оңай соғып жатқан жоқ. Себебi, қос өкпеден қысқан қымбатшылық жұртшылықтың қалтасын қағуда.
Жыл басында зейнетақы мен жәрдемақыға аздап тиын-тебен (9 пайыз) қосылғанын қайтейiк, есесiне азық-түлiк, тарифтер, қызмет көрсету құны шарықтап шыға келдi. Қараңыздар, өткен жылдың қаңтар-желтоқсанында отандық тамақ өндiрушiлер тауар құнын 17 пайызға қымбаттатқан. Бұл көрсеткiштi 2015 жылмен салыстырар болсақ, бұрнағы жылы бұл салада баға өсiмi небәрi 4,6 пайыз болған. Мамандар былтыр тағам өнеркәсiбiнiң шикiзаты мен жабдығы 33 пайызға өскенiн жазады. Халық басқадан ақша үнемдесе де, iшiп-жемнен қысқарта алмайды. Тамақ жемесек, аштан қырыламыз. Халықаралық ұйымдардың жасаған зерттеулерiне қарағанда, қазақстандықтар өздерiнiң табысының 50 пайызын азық-түлiкке жұмсайды екен. Тамақ табудың қамымен жүргенде жұртшылық денсаулық, демалыс дегендi ұмытады. Жалақыңның тең жарымы азық-түлiкке кетсе, денiңнiң саулығына жұмсайтын ақша қайда? Соның салдарынан қазiр ел iшiнде ана мен бала өлiмiнiң деңгейi жоғары. (Әдеттегiдей Денсаулық сақтау министрлiгi мәлiметтi төмендетiп көрсетедi). Жүрек-қан тамырлары аурулары алдыңғы шепке шықты. Обыр дегенiңiз екi күннiң бiрiнде жас демей, кәрi демей жалмап жатыр. Халықтың жалпы өсiмi өте төмен. 25 жылдың iшiнде бала туу көрсеткiшi 2-ақ есе өскен. Осының бәрi халықтың әлеуметтiк тұрмысының төмендiгiнен. Мiне, бүгiн бензин қымбаттаса, ертең тамақ, одан кейiн жылу, жарық... осылай тiзбектелiп кете бередi. Басқасы-басқа мұнайдың үстiнде шылқып отырып, сырттан әсiресе, Ресейден жоғары октанды бензиндi (40 пайыз) сатып алатынымызға қанымыз қараяды. Өзбекстан мен Қырғызстанда “қара алтын” қасқалдақтың қанындай қат, сөйте тұра бензиндерi дәл бiздiкiдей қымбат емес. Мұнай өндiрiсiнде “ғасыр жобасын” (Қашаған) игерiп жатырмыз деп айдай әлемге жар салғанымызды қайтейiк, 25 жылдың iшiнде мұнай өңдейтiн шағын бiр зауыт та сала алмадық. Нақтырақ айтқанда, салғысы келгендер болды, лоббистер бұған жол бермедi. Ендi “Кеден одағы”, “Еуразиялық экономикалық одақ” деп Ресей бiздi кiндiгiмiзден шарт түйiп тастады. Осыдан кейiн бұлқынып көр, қамыт-доғамды сыпырамын деп көр. Тырп ете алмайсың. “Ләббай, тақсыр” деп өмiр сүруге тура келедi.
Ресей бензинiн қымбатқа сатса, рубльiн әлсiн-әлсiн құнсыздандырса, оған бiздiң қандай қатысымыз бар? Энергетика министрi Қанат Бозымбаев бензиннiң қымбаттауын терiскейдегi көршiмiздiң төл ақшасын екi апта бұрын девальвациялауымен байланыстырады. “Өздерiнде баға өсiмi қатты байқалмағанымен, бiздiң теңгеге шаққанда, айырмасы әжептеуiр. Рубльге шаққанда теңге айтарлықтай құнсызданды. Соның салдарынан бiзде бензин бағасы өстi”, – дедi ол БАҚ өкiлдерiне берген сұхбатында. Бұдан кейiн министр “бензин тапшылығы болмайды” деп мәлiмдедi жаңалық ашқандай. Тағы халық үшiн алаңдайтындай кейiп танытты. О заман да, бұ заман қымбат дүние қат болушы ма едi? Ақшаң болса ал да, жөнiңе зырылдап кете бер. Кiм қой дептi. Мәселе әлеуметтiң әмиянына келiп тiрелiп тұр емес пе? Осы Бозымбаев былтыр жазда “бензиннiң шынайы, әдiл бағасы 150 теңге” дегенi бар едi. “Жас Алаш” сол кездiң өзiнде-ақ, “түбi АИ-92 150 теңгеге жетедi” деп жазған едi. Өкiнiшке қарай, айтқанымыздың айдай келетiн түрi бар. Бiртiндеп сол межеге жақындап келемiз. Көктемгi егiс науқанында, күзгi жиын-терiмде қайтемiз? Қымбатшылықтың басы саналатын жанармайдың бағасының өсiмi түбiнде халықты көшеге шығарып тынар. Наразы жұрт сонда билiктi кетiру талабын қоятын шығар. Қазiргi ахуал соған жақындап келедi.

К.Мұстапа

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар