1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Еш уақытта қазақ... қазақ мемлекет болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ».  --- «Қытай Халық Республикасы рапс пен соя секілді жемшөп дақылдарын егу үшін бізден 1 млн. га жер сұрап отыр».
«Азаттық» радиосы
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №14 (16200) 16 ақпан, бейсенбі 2017
16 ақпан 2017
Германия не теңiң?..

Осыдан бiр апта бұрын бензин қымбаттап, Алматыда АИ-92-нiң құны 139-141 теңгеге сатыла бастағанда, кейбiр ақпарат құралдары “Еуропамен салыстырғанда, аң арзан жанармай Қазақстанда (АИ-95, 145,4 теңге) деп” жарыса жазды. Мысалы, Нидерландта бiр литр бензиннiң бағасы – 547 теңге, Грецияда 541 теңге тұратынын айтып, “ең арзан бензин тұтынып отырғандарыңа шүкiршiлiк айтпайсыңдар ма?” дегендей кейiп танытқан-ды.

Сол кезде бiз “Қазақстанды Еуропамен салыстырғандары несi? Екi ел тұрғындарының әлеуметтiк жағдайы, тұрмыс-тiршiлiк деңгейi, жалақы айырмашылығы жер мен көктей емес пе? Салыстыратын елдi тапқан екен” дегенбiз. Айтқанымыз айдай келдi. Таяуда Eurostat Еуроодақ елдерiндегi төменгi (минималды) айлық жалақының мөлшерiне қатысты жасаған зерттеу қорытындысын жариялады. Осы зерттеу жұмысында Еуропа елдерi арасында ең үлкен жалақыны (1999 еуро) Люксембург халқының алатыны айтылған. Одан кейiнгi көрсеткiш Ирландияда (1563 еуро). Нидерландтар (1552 еуро) үшiншi орынға жайғасыпты. Бұл елдерден кейiнгi орындарда Бельгия (1532 еуро) мен Германияда (1498 еврo) екенi анықталған. Айтпақшы, бензин қымбаттағанда әлгi басылымдар “Нидерландымен салыстырғанда, Қазақстанда бензин бағасы төрт есе арзан” деп ескерте кетудi де ұмытпаған едi. Ендi мiне, арада аз уақыт өткенде Қазақстан мен Германиядағы орташа айлық айырмашылығы 20 есе екенi белгiлi болды. Сонда бiздiң алып отырған жалақымыз Алмания жұртшылығынан 21 есе кем деген сөз.
Отандық қаржыгер-сарапшылар Қазақстанда соңғы екi жылда жалақы тым төмендеп бара жатқанын жазады. Мысалы, өткен жылы айлығымыз 0,9 пайызға азайған. Есесiне, қымбатшылық қос өкпеден қысып, берекемiздi қашыруда. Шымкенттен шығатын “Madina” деген макарон бар. Сапасы шынымен де жақсы. Сол макароныңыздың екi келiсi көтерме дүкен желiсiнiң өзiнде 900 теңгеден асып кетiптi. Мұны көргенде өз көзiме өзiм сенбедiм. Сол секiлдi 30 жұмыртқаңыз да 1000 теңгеден асып жығылады. Күрiш, қарақұмық бағалары да барынша қымбаттаған. Ет туралы әңгiме тiптi бөлек. Өткенде төрт баланың әкесi ерiккеннен таксист болып жүрмегенiн жыламсырай айтты. “Келiншегiм жiңiшке дертiне шалдығып қалып, қиыншылыққа тап болдық. Балаларым жас, мектепке бармайтындары да бар. Құрт ауруымен ауырғандар ұзақ емделедi екен. Әйелiмнiң ауруханада жатқанына бес ай болды, балаларға қарайтын адам болмаған соң, жұмыстан шығуыма тура келдi. Мына астымдағы өзбектiң көлiгiн кредитке алып қойып ем, мұның да ақшасы зуылдап келiп қалады. Бәрiнен де балаларыма обал, екi ай бойы ет жеген жоқ”, – дедi. Мұны естiгенде менiң де көзiмнен жас шығып кеттi. Ауруханадағы аналарын жәудiреп күтiп жүрген бөбектерге үйден ет апарып бергiм келдi.
Ет арзан болса, әлгi төрт бүлдiршiннiң әкесi үйiне ет сатып алар едi ғой. Балаларын бiр тойғызар едi. Әттең, қолдың қысқасы-ай! – деп өкiнген таксиске жолай отырған бiр келiншек “балаларыңның несiбесi” деп 2000 теңге тастап кеттi. Әлгi жiгiт оған ет алды ма, әлде онысы полицияға бұйырды ма екен?
Айтпақшы, бiздiң елiмiздегi ең төменгi жалақы – 24 459 теңге. Бүгiнгi бағаммен есептегенде бұл шамамен – 71 еуро. Қайталап айтайық: Германиядағы ең төменгi айлық 1498 еуро – 512, 600 теңге.
Бiздiң айтқымыз келгенi – Германиямен салыстырғаның не теңiң?..

Г.Нұрмолдақызы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті