1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №19 (16205) 7 наурыз, сейсенбі 2017
7 наурыз 2017
Ұлттық қор болмағанда банктер «өлгендей» екен

1 трлн 92 млрд 941 млн 288 мың теңге қаржы институттарын қолдауға бөлінеді

Шынын айту керек, Ұлттық қорға жылма-жыл қанша кіріс кірді, қанша шығын шықты, оны шотқа салып отырғандар қоғамға ашық, нақты ақпарат бермейді. Әйтсе де, кейбір деректерге қарағанда, осыдан үш жыл бұрын қорымыздағы қаржы 77 млрд АҚШ долларына жеткені жөніндегі ақпарды кездестіріп қаласыз. Былтыр табыс 17 пайызға азайып, шамамен 64 млрд доллар қалғанда, кейбір тәуелсіз сарапшылар «мына түрімізбен қордағы қаржыны 6-7 жылда тауысамыз» деп дабыл қаққан еді. Президенттің өзі шикізаттан түскен пайданы «қара күнге» қалдырып отырғанымызды айтады. Бұдан бөлек, Ұлттық қордан еліміздегі әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларға да қаражат берілетінін білеміз. Мысалы, 2015-2017 жылдары «Нұрлы жол» бағдарламасына 3 млрд доллар көлемінде қаржы бөлінді. Бұған ЭКСПО құрылысына тартылған ақшаны т.б. қосыңыз. Халықаралық құнды қағаздарға салынған түсімнің де пайдасы азайғанын ескерсек, шынында да, «Ұлттық қордың қазынасы түгесілуге таяу ма?» деген ой мазаламай қоймайды. Сөйтіп жүргенде... «Ұлттық қордан 1 трлн 92 млрд 941 млн 288 мың теңге банктерді сауықтыруға бөлінеді» деген ақпарат тарады. Мемлекет басшысы қаулыға 14 ақпанда қол қойған. Сонда бұл ақша қандай банктерге беріледі?
...Өткен жылдың соңында президент Н.Назарбаев «Блумберг» агенттігіне берген сұхбатында жүйе құраушы банктердің көш басында тұрған Қазкоммерцбанкте түйткіл барын, қолдан келгенше мемлекет қолдау көрсететінін айтқан. Сол кезде жұртшылық «егер еліміздегі №1 банк осындай күйде болса, қалғандарына не зорық» деп алаңдағаны есімізде. Ал «Қазкоммерцбанк пен Халық банк бірігеді екен» деген ақпар тарағанда көпшілік аң-таң болғаны рас. Себебі «екі қошқардың басы бір қазанға сыя ма?» деген алаңдаушылық болмады емес, болды. Сөйтсек, «№1 жүйе құраушы банктің» қордаланған түйткілі көп екен. Солай бола тұра, өткен жылы жазда бұл банк даму стратегиясын өзгертіп, «Парасатты ұлт – парасатты банк» деген жарнама кампаниясын жүргізген еді. «Біз енді мойнымызды клиентке, шағын және орта бизнеске бұрамыз» деп мәлімдеген-тін. Ребрендинг жасағаны да есімізде. Мұның бәрін Қазком не үшін жасады? «Жас Алаш» бұл сауалды Стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, қаржы сарапшысы Вячеслав Додоновқа қойған еді:
– Мемлекет жүйе құраушы банктерді бұған дейін де бірнеше рет қолдады. 2007-2008 жылдардағы қаржы дағдарысы кезінде көмек қолын созған еді, сонысы бүгінге дейін жалғасып келеді. Рас, қалың көпшілікті «мемлекет жекеменшік банктерге неге жәрдем береді?» деген мәселе үнемі мазалайды. Менің айтатыным, мемлекет мұндай қадамға амалсыздан барады.
Егер елімізде жүйе құраушы бір банк құлайтын болса, оның экономикаға зардабы үлкен. Жеке тұлғалардың депозитінен басқа, заңды тұлғалардың толып жатқан қаржылық операциялары, одан басқа барлық шаруалары осы банк ісі арқылы жүзеге асырылады. Былайша айтқанда, банк – экономиканың стратегиялық саласы. Сондықтан қаржы институты жекеменшік болсын, басқасы болсын мемлекет оны қолдауға мәжбүр.
– Мүмкін, олар мемлекеттің қолдауына әбден сеніп алған шығар?
– Мұны жоққа шығара алмаймын. Әйтсе де бұл бір күннің мәселесі емес қой. Талай жылдан бері қордаланған түйткіл. Әрине, қаржы институттары өз мәселесін өзі шешкенге не жетсін. Олар тығырыққа тірелгеннен кейін мемлекет басшысы осындай қадамға барып отыр. Қаржы институттарының басындағы қазіргі жағдай бір ғана түйткілден шыққан жоқ. Оған мың сан фактор әсер етті. Банктердің қызметін қадағалайтын, реттейтін орган бар. Демек, олардың қызметінде де кілтипан бар деген сөз.
– Мемлекеттің бұған дейін банктерге берген қолдау қаржысы толық қайтты ма, жоқ па?
– Бұл жағын толық бақылап отырмағаннан кейін толыққанды жауап бере алмаймын. Дегенмен әлгі қолдау қаржысының тегін беріліп жатпағанын ескеру керек. Қандай мерзімге, қандай шартпен берілетінін реттеуші орган бақылауда ұстайды.
Десек те, отандық банктердің бір кемшілігі (мүмкін, қателігі) – бұлар экономиканың нақты салаларын қаржыландырмайды. Өндіріске, шағын және орта бизнестің дамуына инвестиция құюға құлықсыз. Олардың көздейтіні табыс болғандықтан, тұтынушыға қымбат кредит беруге құштар. Дағдарысты жағдайда несие алған тұтынушы оны қайтара алмай, әлекке түседі. Сөйтіп, банк қоржынында жұмыс істемейтін түйткілді кредиттер көбейіп, қаржы институттарының ырғақты жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Қаржы сарапшысы Мағбат Спановтың айтуынша, түйткілді несиелер несие қоржынының 15 пайызынан аспауы керек. Ал біздің қаржы институттарында оның көлемі 70-75 пайызға жетіп жығылады екен. Мұндай жағдайда банктердің қызметі тұралайды. Сонда біздің банкирлер банктерді осындай жағдайға дейін жеткізіп, өздері ай қарап жүрген бе? Бұл сауалға сарапшы Меруерт Махмұтова былай деп жауап береді:
– Банктердегі жұмыс істемейтін күмәнді кредиттердің қордалануына әкеп соғатын жүйелі түйткілдің бірі – несиелеу бойынша жоғары пайыздық мөлшерлеме. Бұл көрсеткіш (жылдық 20 пайыз) сауда жобаларынан басқасының табыс әкелуіне жағдай жасамайды. Мөлшерлемені түсірмей тұрып компанияларды несие алуға үгіттемеу керек. Өйткені бұл да жұмыс істемейтін несиелердің қарасын көбейтіп, санын арттырады. Базель ІІІ аясында банктердің қызметін реттеу талаптарын күшейту де бұл түйткілдің шешімі емес. Өйткені қазіргі бетпе-бет келіп отырған жағдай тұтас экономиканың мәселесі. Сондықтан оны жүйелі түрде, кейінге қалдырмай шешу керек.
Айтпақшы, өткен апта соңында Қазкоммерцбанк өзінің бақылау пакет акциясын Халық банкіне сату туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы Қазкоммерцбанктің баспасөз қызметі хабарлады. Құжатқа үкімет, Ұлттық банк, Халық банкі, Қазком және оның негізгі акционері Кеңес Рақышев қол қойған. Сөйтіп, қос қаржы ұйымының қосылуына алғашқы қадам жасалды. Бұған дейін Халық банкінің басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова БАҚ-қа берген түсініктемесінде нақты келісімге келу үшін бұрынғы БТА банкінің Қазком алдындағы қарыздары толық өтелуі тиіс екенін айтқан. Сол қарыздың көзі құртылған соң ғана Қазком мен Халық банкінің активтері біріктірілуі мүмкін.
 

Гүлзат Нұрмолдақызы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті