1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №20 (16206)   10 наурыз, жұма 2017
10 наурыз 2017
Ұлттық қордың сауықтыру қаржысы: ҚАРҒА ҚАЙ БАНКТІҢ «АЛАҚАНЫНА» САҢҒЫТАДЫ?

Естеріңізде болар, 2008 жылы Үкімет пен Ұлттық банк дағдарысқа қарсы жоспар құрды. Осы жоспар аясында келер жылы жүйеқұраушы банктер, оның ішінде Қазком, Халық банкі, БТА мен Альянс банктер бар, мемлекеттен 476 млрд теңге алған еді. Мұны сол кездегі бағаммен АҚШ долларына шаққанда 14 млрд доллар екеніне көз жеткіземіз.
Әсілінде, бұл банктерге тегін берілген ақша емес. Ол кезде мемлекет аты аталған банктердің акциясының бір мөлшерін уақытша сатып алып, үлеске кірген. Кейін есін жиған қаржы институттары мемлекеттен өз акцияларын қайыра сатып алды. Сол жылдардан есте қалғаны, Халық банкі басшылығының: «Үлесімізді белгіленген мерзімнен бұрын сатып алып жатырмыз», – деп БАҚ-қа ақпар таратқанын әлі ұмыта қойғанымыз жоқ.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков парламенттегі бір жиында қаржы институттарын сауықтыру үшін сұраған 2 трлн қаржының Түйткілді (проблемалы) кредиттер қорын капиталдандыруға жұмсалатынын баяндаған. «Бұл жердегі әңгіме, яғни қорды капиталдандыру мәселесі күмәнді, жұмыс істемейтін несиелерді сатып алу арқылы жүзеге асатынын ескерген абзал», – дейді бас банкирдің орынбасары. Олег Смоляковтың хабарлауына қарағанда, бұл қор қазір түрлі бағыт бойынша жұмыс істеуде. Оның нормативтік-құқықтық базасы айқындалған. Баланстық, нарықтық бағалармен активтерді сатып ала алады.
Бірақ банктердегі нашар активтерді сатып алумен шаруа біте ме? Жағдай түзеле ме?
Ұлттық банктің мәліметінше, алған несиесін төлеу уақытынан 90 күн асып кеткен несиелердің ұзын-ырғасы 1 трлн теңгеге жетіп жығылады. (Бұл – ресми статистика. Статистиканың қалай жасалатынын сіздер, әлбетте, білесіздер). Бұған провизия жасағанда, оның мөлшері 1,6-1,8 трлн-ға жететінін мамандар жазып та, айтып та жүр. «Бізде проблемалық кредиттерді көбіне жеңілдікпен сатып алатынын білеміз. Банк жүйесіндегі нашар несие көрсеткіші 50 пайыз немесе одан жоғары деп жүрміз. Сонда қаржы институттарындағы жұмыс істемейтін, күмәнді несиелердің легі 4 трлн теңге болып шыға келеді. Ұлттық банк жұмыс істемейтін несиелердің легін 1 трлн деп көрсетіп, неге 2 трлн сұрап отырғаны түсініксіз», – дейді «Жас Алашпен» өз ойын бөліскен қаржыгер Ернар Оразаев.
Ал сарапшы Анар Айтжанова: «Түйткілді кредитті сатып алу мәселені түбегейлі шешпейді. Бұл жолы да 2009 жылдағыдай мемлекет банктерден үлес сатып алуы керек еді», – деген ойын жеткізді.
Мамандар түйткілді, күмәнді кредиттер Қазкомда шектен тыс көп екенін жазады. Өйткені онда БТА-дан қалған «мұра» бар. Ал Халық банктің жағдайы анау айтқандай ауыр емес. Сөйте тұра, сарапшылар Ұлттық қордан бөлінетін қаржы негізінен Қазкомға берілетінін айтады. «Егер Үкімет банк саласын толық сауықтыруды ойласа, онда неге БанкЦентрКредитке көмектеспеді? Бұл банктің құрылтайшылары акциясының бір бөлігін сатуға мәжбүр болды ғой. ҚазИнвестБанктің жағдайы анау. Мемлекет банк секторын сауықтыруды көздесе, өйтіп алаламасын», – дейді Ернар Оразаев. Шынында да, кезінде 2008 жылы мемлекет банктерге көмек қолын созғанда «біз банктерді құлатпай, банкроттықтан сақтап қалдық» деп жар салған еді. Енді арада 8-9 жыл өткенде сол кездегі мәселелердің толық, түбіне жеткізе шешілмегені айғақталды. Содан бері қордаланған түйін қаржы институттарының дұрыс, ырғақты жұмыс істеуіне кедергі келтіріп, бүгінгідей жағдайға алып келді. Негізі, мәселені жан-жақты, терең зерттеуден қашып, атүсті шешім шығару жақсылыққа апармайды. «Бізде бәрі жақсы» деген көзқарас, ұстаным түбі орға жығады. Қоғамда бар проблеманы жасырып-жабудың арты тірлігіміздің шикі екенінен хабар береді.

Ілияс Исаев, сарапшы-қаржыгер: «АВАНТЮРАЛЫҚ МЕНЕДЖМЕНТТІҢ» БЕЛЕҢ АЛҒАНЫ РАС
– Мемлекет 2009 жылы банктердің қызметін сауықтыруға алдымен 14 млрд доллар, одан кейін тағы 5 млрд доллар берді. Биыл 2 трлн теңге, бұл шамамен 6 млрд доллар қаржы Ұлттық қордан бөлуді көздеп отыр. Бұл ақша (1,9 трлн теңге) тікелей банктердің «қолына» берілмейді. Ұлттық банктің жанында Түйткілді проблемалар қоры бар, соған құйылады. Мемлекет, сөйтіп, коммерциялық банктердің қоржынындағы нашар активтерді тазалауды қолға алып жатыр. Оның түрлі амалдары бар. Реабилитация деген ұғым банк саласына да қатысты айтылады. Бұл жерде баса айтатыны, сіздер, журналистер, «банктер Ұлттық қордың қаржысын оңды-солды шашып жатыр» деп байбалам саласыздар. Ал шын мәнінде Үкімет сіздердің депозиттеріңізді аман сақтап қалу мақсатында осындай әрекетке баруда. Егер бір банк құлайтын болса, сіз бен біздің салымымыз «суға» кетеді. Сондықтан сондай келеңсіз жағдайға тап болмас үшін Үкімет Ұлттық қордан көмек ақша бөлуде. Бұл – бір мәселе. Өзіміздің ішкі мәселеміз. Екіншіден, сыртқы түйткіл туралы айтпай кетуге болмайды. Біз қазір ДСҰ-ға мүшеміз. Егер банктер бірікпесе, капиталдарын ірілендірмесе, халықаралық банктерге жұтылып кетеді. Осы тұрғыдан алғанда, мен Қазком мен Халық банктің бірігуін құптаймын. БанкЦентрКредит пен Цеснабанктің қосылатыны жөнінде де әңгіме жүр. Мысалы, әлемдегі ірі 24 банктің бірі саналатын немістің Deutsche Bankінің біздің банктік саланы ғана емес, бүкіл экономикамызды жұтып қоятындай шамасы бар. Сондықтан банктер өзара бәсекелестікті нығайтуы тиіс. Дәл бүгінгідей деңгейде жұмыс істеуге болмайды. Ұлттық банк өткенде базалық мөлшерлемені 11 пайызға түсірді. Осыдан кейін коммерциялық банктер экономиканы несиелендіргенде пайыздық мөлшерлемені төмендетуі қажет. Проблемалық несиеден сауыққан банктер экономиканың нақты секторын, атап айтқанда өндіріс пен шағын және орта бизнесті қаржыландыруға жұмыс істеуі шарт. Сонда ғана шаруашылық атаулының бойына қан жүгіреді.
– Біздің банктер тек табыс табуды ойлайтын сияқты. Әлде біз қателесеміз бе?
– Мұны жоққа шығара алмайсың. Экономикада «авантюралық менеджмент» деген ұғым бар. Міне, осы ұғым бізде белең алып кеткені шындық. Қазір банктердің өзі сонымен күресіп жатыр. Қаржы институттары проблемалық несиелерден айығып тазаратын болса, одан кейін өздерінің дәстүрлі қызметін, яғни өндірісті қаржыландыратын болса, жағдай түзеледі. Түбінде ақшаны өндіріске жеткізетін бір-ақ сала қалады. Ол – банк саласы. Себебі, қараңыздар, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры өзінің миссиясын толық орындады деуге негіз жоқ емес. Қазір бұл қорда трансформация жүріп жатыр. Сол секілді «Бәйтерек» қоры да күні бүгін болмаса да, алдағы уақытта өзінің алға қойған мақсатын толық орындайды. Сол кезде оның қызметі де аяқталады. Қазіргі экономикада жасалып жатқан шаруалардың бәрі мемлекеттің нарықтан кетуі үшін жасалып жатқан амал-әрекеттер. «Самұрық-Қазына» қорына қарайтын ірілі-ұсақты компаниялардың жекеменшікке сатылуы да соның айғағы. Қазір Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын да қайтадан жекеменшікке беру көзделуде. Демек, экономикадағы өзгерістерден үрікпеген абзал.
Гүлзат Нұрмолдақызы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті