1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №20 (16206)   10 наурыз, жұма 2017
10 наурыз 2017
Еңбек нарығы «қартайды»

Үш жыл Қарағанды политехникалық колледжінде автотехник мамандығы бойынша білім алған Ерасыл Дәулетұлы Алматыға оралғанда өзіне лайықты жұмыс таба алмай, жолаушылар таситын көлікке кондуктор болып орналасты. Қолында дипломы болғанымен, тәжірибесі жоқ жас маманды ешқандай кәсіпорын жұмысқа алмады.
Finprom.kz агенттігінің мәліметінше, елімізде еңбекке қабілетті азаматтардың жасы жыл сайын ұлғайып барады. Себебі бір жыл ішінде еңбек нарығындағы жастар үлесі 27 пайыздан 24,6 пайызға дейін төмендеген.
Дегенмен бұл жастардың еңбек қабілеті төмендеді деген сөз емес. Тек жұмыссыздардың саны көбейген. Яғни қолына диплом тигендердің ішінде бірден жұмысқа араласып кететіндері аз. Демек, жұмыс таба алмай сандалған жас мамандар әр істің басын бір шалып, көбіне жалдамалы жұмысқа орналасады дегенді білдіреді. Мысалы, соңғы бес жылда 15-28 жастағы жалдамалы қызметкерлер саны 21 пайызға өссе (278 мың адам), жеке кәсіппен айналысатындар, керісінше, 40 пайызға қысқарыпты (331 мың адам).
Қазіргі кезде жас мамандардың көпшілігі қаржы және сақтандыру салаларында (31%), кәсіби-ғылыми қызметте (30%) және телекомда (29,9%) жұмыс істейді. Бір өкінішті жағдай, денсаулық сақтау ұйымдарында, шикізат секторы мен сумен қамтамасыз ету салаларында қызмет еткісі келетіндердің қарасы шамамен 16-19 пайыз ғана.
Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекованың пікірінше, еңбек нарығында жастардың іскерлік белсенділігінің төмендеуіне оларға деген сұраныстың азаюы басты себеп. «Соңғы бес жылда қаржылық-экономикалық дағдарыстың салдарынан көптеген компаниялар, жұмыс берушілер жастарға арнап жұмыс орындарын ашуды азайтқан. Жұмыс орнын ашудың орнына компаниялар өздерінің қызметін оңтайландыра бастады. Яғни олар жастарды жұмысқа алмас бұрын, өздерінде бар ресурсты пайдалануға тырысады. Тіпті қызметкерлерді қысқарта бастады», – дейді сарапшы. Сондықтан мұны тек жастарға ғана қатысты мәселе деп қарауға болмайды. Бұл – еңбек нарығындағы үрдіс.
Нарықтың «қартаюына» себеп болып отырған келесі мәселе – жастардың алған білімінің сұранысқа сәйкес келмеуі. Яғни сұранысқа жауап бермейтін мамандықты таңдаған жастар көп. Мамандығы сәйкес келген күннің өзінде, жастардың кәсіби біліктілігі саяз. Әлеуметтанушының пайымынша, біздегі жоғары білімде теория бар, тәжірибе жоқ. Осының салдарынан жастардың дені жұмысқа тұрған кезде қабілетсіз болып қалады. Сондықтан нарықта жасы 28-ден асқан адамның қабілеті ескеріледі де, жасы 20-23-тен асқандар көбіне жалдамалы жұмыс істеуге бейім келеді. Мысалы, базарға барады, сауда-саттық орындарында сатушы болады, шынын айтқанда, табылған жұмысты істеп кетуге мәжбүр.
Сондай-ақ жастардың еңбек нарығында белсенділігінің азаюының үшінші себебі – жоғары оқу орнындағы оқу ақысының қымбат болуы. Соңғы бес жылда ЖОО-ның оқу ақысы 50 пайызға дейін өскен. Осының салдарынан жоғары білім алушы жастар саны да азайған. Яғни қазір білім алу қолжетімді емес. Осыған байланысты қыз-жігіттердің көпшілігі арзан оқу орындарына түседі немесе тек диплом үшін сұраныс төмен мамандықты оқып шығады. Кейін қолына диплом алған жас маман табылған жұмысқа орналаса салады.


Маржан Нүсіпбек

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті