1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №24 (16210)   28 наурыз, сейсенбі 2017
28 наурыз 2017
FORBES-тегі қазақтың атақты 5 байы

ОТАНДЫҚ ЭКОНОМИКАҒА АҚША ҚҰЙЫП, НЕГЕ ӨЗГЕЛЕРГЕ ҮЛГІ-ӨНЕГЕ КӨРСЕТПЕЙДІ?
Forbes журналы 2017 жыл миллиардерлерінің тізімін жариялады. Атақты қазақстандық бестік бұл жолы да асқанбайлар арасынан шоқ жұлдызындай жарқырап шыға келді. Орыс халқында «бөтеннің ақшасын санамайды» деген мәтел бар. Әйтсе де біз одан аттап өтіп, асқанбайлардың тапқан табысын шотқа салып көрдік. Себебі халық жыл өткен сайын кедейленіп, жалақымызды инфляция деген «жалмауыз» жеп жатқанда, олардың қандай жолмен байып жатқаны қара орман қауымға қызық. Соңғы деректерге қарағанда, Қазақстан халқы тапқан табысының 50 пайызын азық-түлікке жұмсайды екен. Айлығымыздың тең жартысын ішер тамаққа жұмсасақ, қалғанын ай сайын болмаса да, тоқсан сайын қымбаттайтын коммуналдық-шаруашылық тарифтеріне, киімге, денсаулыққа, демалысқа қалай жеткіземіз? Осылай біздің айлығымыз шайлығымыздан аса алмай жатқанда... танымал бес байымыз бір жылда 1,2 млрд доллар табыс (жиынтық сома) тапқаны белгілі болды.
Бес байдың бірі де, бірегейі де Болат Өтемұратов екенін жақсы білесіздер. Оның бизнесі Қазақстаннан тыс жерде де (Ресей) қанат жайған. Ол 2,3 млрд доллар дәулетімен Forbes тізімінде 896-орынға жайғасты. Рейтинг түзушілер Өтемұратовтың байлығы бұрынғы деңгейде қалғанын, тіпті 125 позицияны жоғалтқаны жөнінде жазды. Дегенмен Өтемұратовтың бұған мұрты да қисайған жоқ. Әлемде дағдарыс дендеген тұста қолындағы байлығынан шашау шығармай ұстап қалу да – үлкен өнер. Міне, осы тұрғыдан алғанда оныкін «ерлік» десек те қателеспейміз. Өтемұратовтың етегін ала бере бір жылда 600 млн доллар тапқан Владимир Ким жортып келеді. 2016 жылы оның байлығы 1,5 млрд доллар болса, биыл кірісін 2,1 млрд долларға көтеріп алыпты. Бұл көрсеткіш оның Топ-1000-ға енуіне ықпал еткен. Сөйтіп, Ким мырзаңыз 1198-орыннан 973-ке қиналмай-ақ қарғыған. Банк бизнесінен береке тауып отырған Кимге Құлыбаевтардың қазынасы жетеқабыл екенін біреулер білсе, біреулер білмейді. Былтыр әрқайсысы 2 млрд долларлық дәулетпен 906-орында қатар тұрған Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаеваның биыл бағы қайтадан еселенгені байқалады. Олардың әрқайсысының байлығы 100 млн долларға молайыпты. Соңғы бір жылда 200 млн доллар пайда тапқан Құлыбаевтарды қалай мақтасақ та жарасады. Қол ұстасқан қос іскердің қазынасы 2,1 млрд долларға жеткен. Биыл Құдай қалап, құнды жобалардың бір-екеуі сәтті жүзеге асып кетсе, келер жылы Құлыбаевтардың байлығы бұдан да көбеюі ықтимал. Сөйткен қазақстандық танымал бестікті атақты металшы Әлиджан Ибрагимов жабады. Әлиджанның «құны» – 1,9 млрд доллар. Forbes тізімінде ол 1098-орында тұр. Былтыр оның 1,5 млрд долларлық байлығы болған. Соның арқасында тізімде 1198-орында болған еді. Енді, міне, айналасы бір жылда 400 млн доллар кіріс кіргізген Әлиджанға қызықпағанда, кімге қызығасың? Шіркін, ағыл-тегіл байлыққа малынып жүргенге не жетсін. Әлиджан күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырыла жұмыс істеген сияқты. Соның нәтижесінде ERG (бұрынғы ENRC) компаниясына бірігіп билік етуші Ә.Ибрагимовтың асығы алшысынан түсіп, айы оңынан туды. Аяғын алшаң басқан асқанбайлар, сөйтіп, Forbes-тің көшінде бізге төбемізден қасқая қарап тұр.
Біздікі байдың асын (ақшасын деп түсініңіз) қызғану емес, сол бай-манаптардың көл-көсір табысынан ел мен жерге «тамшыдай болса да, пайдасы тиіп қалар ма еді» деген есек дәме. Біздің елде белгілі-белгісіз себептермен сыртқа шығып кеткен ақшаға әлсін-әлсін амнистия жариялап қоятын әдет бар. «Ақшаларыңды елге әкеліңдер, экономикаға құйыңдар, заңдастырыңдар» дегенді мемлекет басшысы да үнемі айтады. Бірақ бұдан нәтиже аздау. Мүлік пен ақшаны заңдастыру бойынша жүргізілген соңғы іс-шара кезінде бюджетке бұдан небәрі 11 млрд теңге (ішкі-сыртқы заңдастыру) түсім түскен. Екі жылдың ішінде қазақстандықтардың 28 мемлекеттегі 375 нысаны ғана заңдастырылғаны айғақталған. Бұдан шығатын қорытынды: бай-манаптар сырттағы ақшасын да, мүлік-мүккәмалын да заңдастырып, туған ел мен жерге жемісін жегізуге құлықсыз. Осындайда ойлайсың, шіркін, әлгі Forbes-тің тізімінде жүрген асқанбайлар өзгелерге үлгі-өнеге көрсетсе ғой деп. Өздері бастап, қалғандары қоштап экономикаға 50-100 млн долларларын құйып кеп жіберсе, одан кедейленіп қалмайды ғой. Сонда оларға мол-мол сауаптан жазылар еді. Әрі отандық экономиканың ауыл шаруашылығы, жүн-тоқыма, туризм және т.б. тың салаларын жетілдіруге жол да ашылар еді. Әзірше бұл арман ғана. Біздің бай-манаптардан мұндай үлгі-өнеге көре алмай отырмыз.
Айтпақшы, Forbes сарапшылары әлемде бай-бағланның легі артқанын жазады. Бір жылда дәулеттілер саны 13 пайызға көбейіпті. Былтыр дүниежүзінде 1810 ауқатты адам болса, биыл олардың саны 2043-ке жеткен. Тарихта тұңғыш рет ауқаттылар 2 мыңнан биыл асыпты. Ал әлемдегі нөмір бірінші бай кім дегенге келер болсақ, оның атақты Билл Гейтс екенін атап өту орынды. Forbes тізімінде ол соңғы 23 жылдың 18-інде көш басында келеді. Әзірше оған жететін байдың (86 млрд доллар) қарасы көрінбейді.


Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті