1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Циничное, жестокое, отвратительное,  преступление: убийство Алтынбека Сарсенбаева – человека, который был последние годы моим политическим оппонентом. С ним вместе убиты его помощники. Председатель КНБ генерал Дутбаев сразу же излагает главе государства свою версию: за преступлением стоит кто-то из членов семьи президента – либо Рахат Алиев, либо Тимур Кулибаев, либо Кайрат Сатыбалды.
"Караван" №10, 10.03.2006
Автор: Дарига Назарбаева
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №28 (16214)   11 сәуір, сейсенбі 2017
11 сәуір 2017
Алматы облысы Путиннің билігінде ме?

Қазақстанның қай түкпіріне барсаңыз да, алдыңыздан ойдым-ойдым жолдар шығады. Кімнен сұрамаңыз, көлік түгіл, жаяу адам жүргісіз жол азабын түңіліспен айтар еді. Көлікке емес, асауға мінгендей шоқалақ жолдарда мөңкіп кетіп бара жатқан машинада жыны ұстаған бақсыдай селкілдеп кетіп бара жатып, «экономиканың күретамыры – жол» дегенге екі дүниеде сенбейсің. Сонда «әй, осы біздің елдің экономикасы жерде емес, аспанда-ау, шамасы» деп еріксіз ойлайсыз.
Егер Қазақстанның «қарыштап» дамып жатқан экономикасы жерде болса, онда жол біткеннің бәрі тақтайдай түзу болар еді. Сөйтіп, ел ішіндегі сауда қызып, аймақаралық байланыстар адам сенгісіз деңгейге жетер еді. «Оны білетін бала қайда?» дегендей, тамырын буып тастағандай буылтық-буылтық болып жатқан жолдың жайын, жол жағалай қоныс тепкен елдің жайын білер шенді қайда?! Ал ел мен жол – егіз. Жолдың зарын айтпаққа шақырған елдің сөзін тыңдауға барған сапарымызда жолсыз жұрттың күні қараң екеніне тағы бір рет көз жеткіздік.
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Балтабай ауылдық округіне қарасты Бірлік ауылының бір топ тұрғынының шақыруымен жолға шықтық. Бұл ауыл мемлекеттік маңызы бар Алматы–Қорғас күре жолының бойында екен. Күре жолдан бұрылғанда-ақ, ауыл ішіндегі жолдың жайы белгілі болды. Ілбіп келе жатқанда ауылдың орта тұсынан төселген жаңа жолға шықтық. Тынысы ашылғандай машина да зу ете түсті. «Бұ қалай болды?» деп ойлап үлгергенше, тағы да күдір-күдір жол басталды. Көшенің басына тақау барып тоқтадық. Күртешесін жүре киіп, бір жастау келіншек бізге қарай жүрді. Артынша тағы бір жасамыс әйелдің төбесі көрінді.

700 МЕТР ЖОЛДЫҢ ЖЫРЫ
Тойға келмегенімізді о бастан білгендіктен, бірден әңгімеге көшіп, тұрғындардың сөзін тыңдадық. Оқырманға түсінікті болу үшін мәселені ретімен баяндайық.
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Балтабай ауылдық округіне қарасты төрт ауылдың бес көшесіне асфальт төсеп, жөндеу жұмыстарын жүргізуге 2016 жылы «Өңірді дамыту» және «Жол картасы–2020» бағдарламаларының аясында бюджеттен 25 миллион 575 мың теңге бөлінеді. Ал Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинәлі Ысқақтың халық алдында есеп беру жиналысында төрт ауылдың бес көшесіне асфальт төселіп, қазына қаржысы ел игілігіне жұмсалғаны айтылады. Әкімнің есебінде бәрі «чики-чики» болған көшенің бірі – Бірлік ауылындағы Абай көшесі. Бірақ ұзындығы 1800 метр көшенің 700 метріне асфальт былай тұрсын, ұсақ тас та төгілмеген. Баяғы ойдым-ойдым қалпында қала берген. Жолдың азабын әбден тартқан тұрғындардың бірі Надежда Арестархова 700 метрге жетпей қалған асфальттің мәнісін сұрап білмекке аудан әкімінің есептік кездесуіне барады.

Надежда АРЕСТАРХОВА, Бірлік ауылының тұрғыны:
– Жолдың мәселесін айтуға аудан әкімінің есеп беру жиналысына бардым. Онда ауыл әкімі Бақытгүл Дүйсебекова (Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Балтабай ауылдық округінің әкімі) «Абай көшесіне толық асфальт төселді» деді. Мен қолымды көтеріп сөйлемекші болып едім, дереу орныма отырғызып, «регламент сақтау керектігін, сөз берілгенде ғана сөйлеуге болатынын» ескертті. Регламенттің аяқталуын күттім. Баяндамалар, сөз сөйлеулер аяқталған соң, жиналғандардың бәрі бір кісідей орындарынан тұрып, тарап жатты. Жиналып жатқан билік өкілдерінің жанына барып: «Абай көшесі түгел асфальтталды» деп есеп бердіңіздер. Онда неге көше толық жөнделмейді?» – деп сұрап едім, ауыл әкімі: «Ол көшеде 300 метр ғана қалды емес пе?» – деді. «300 метр емес, 700 метр жол сол қалпы жөнделмеген. Біз машинамен жүріп өлшедік», – дедім. Сөйтіп, олар бізге «айқай-шу көтермеңдер, қаражат бітіп қалды, бірақ қалған жолды қосымша жасап береміз» деп уәде берді.
Есеп беру жиналысына қатысқандар тек мақтау сөздер ғана айтты. Өздерін толғандыратын мәселелерді көтермек болған бірлі-жарым тұрғындарға сөз бермеді.
Жергілікті биліктің халық алдындағы есептілігінің түрін көріп түңілген Надежда Арестархова әкімқаралардың берген уәдесін амалсыз алып үйіне қайтқан. Арада біраз уақыт өтеді. Уәде орындалмайды. Жол болса, «әкім қашан уәдесін орындап мені жөндейді?» дегендей ой-шұңқыры көктемнің лайсаң жаңбырына толып, батпаққа айналып жата береді.

«МАҒАН ДЕСЕҢ ПУТИНГЕ БАР»
Абай көшесінің жыры мұнымен бітпейді. Надежда Арестархованың сіңлісі Наталья Бояркина әкімнің әпкесіне берген уәдесінің ізімен ауыл әкімшілігіне барады.

Наталья БОЯРКИНА, Бірлік ауылының тұрғыны:
– Ауыл әкімі Бақытгүл Дүйсебековаға барып: «Күн жылынды. Уәде еткеніңіздей, жолдың жайын білуге келдім», – деп едім, ол: «Ақша жоқ. Қаражат болғанда асфальт төсейміз», – деді. «Онда, бәлкім, жоғары жаққа айтармын, мүмкін, сол жақтан бір нәрсе шешер», – дегенімде, әкім: «Маған десең Путинге бар», – деп менің құқымды таптады. Менің ұлтым орыс болғанмен, Қазақстан азаматымын. Бұл аз десеңіз, «сендер салық төлемегенсіңдер» деп шықты. «Салықтың бәрі төленген» деген сөзімді естіп, «онда жолды да өздерің салып алыңдар» деді. Өзінің берген уәдесіне орай, өтінішпен алдына барған тұрғынға әкімнің осындай қарым-қатынас көрсетуге қандай қақысы бар?! Керек десеңіздер, әкімнің маған не дегені телефонымда жазулы тұр.
Әкімнің жоғарыға берген есебі мен Абай көшесіндегі нақты жағдай – жергілікті билік пен жоғарғы биліктің арасындағы әрі қағаз жүзіндегі көзбояушылықтың бір көрінісі десек, кімді кім алдап отыр? Билік өзін-өзі алдап отыр. Зардабын халық тартып келеді. Ал Балтабай ауылдық округінің әкімі Бақытгүл Дүйсебекованың Наталья Бояркинаға айтқан сөзі мемлекеттік қызметкердің этикасын өрескел бұзу ғана емес, ұлт араздығын қоздыруға бағытталған сөз деуге негіз бола алатыны көзіқарақты адамға түсінікті нәрсе. Мұндай әкімнің ісін облыс басшысы Амандық Баталов та қараусыз қалдырмас деп ойлаймыз. Әлде «Маған десең Путинге бар» деп тым алысқа сілтеген ауыл әкімі Алматы облысы Путиннің билігінде деп ойлай ма екен?..
Айтпақшы, президент Н.Назарбаев үкіметтің өткендегі бір отырысында Алматы облысының әкімі Амандық Баталовты мақтап, өзгелерге үлгі еткен еді. Үлгілі әкімнің өңіріндегі бір ауылдың жайы мынандай болғанда, басқа аймақтарға бармақ түгіл, ойлауға қорқады екенсің...

Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар