1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №43 (16229)   30 мамыр, сейсенбі 2017
30 мамыр 2017
Ресей мұнай бағасын өсіргісі, АҚШ оны түсіргісі келеді

Мамырдың 25-інде мұнай тасымалдаушы елдердің ұйымы – ОПЕК және Ресей тәулігіне өндірілетін қара алтын көлемін тоғыз ай қысқарта тұруға келісті. Әлемдік мұнай нарығының 60 пайызын бақылайтын 24 мемлекет мүше картель 2018 жылғы наурыздың соңына дейін тәулігіне алынатын мұнай көлемін 1,8 млн баррельге азайтуға уағдаласты. Қазақстанның энергетика министрлігі де бұл шешімді құптайтынын айтып, елде тәулігіне өндірілетін мұнай көлемін 20 мың баррельге дейін азайтатынын мәлімдеді.
Әлемдегі мұнай саясатында соңғы кездері ОПЕК ұйымына мүше елдер мен Ресей мұнай өндіруді азайтып, сол арқылы бағаны қымбаттатуға барын салып жатыр. Мәселен, 2016 жылдың қарашасында әлем бойынша бір тәулікте 33,45 млн баррель мұнай алынса, 2017 жылдың сәуірінде бұл көрсеткіш 31,78 млн баррельге төмендеген. Қазір мұнай баррелі – 52 доллар. Ал 2016 жылдың басында мұнай бағасы 30 долларға дейін түскен.
Биылғы 25 мамырдағы келісім күшіне енгеннен бері мұнай бағасы көтерілген жоқ, керісінше, түсті. Мысалы, 26 маусымда Brent маркалы мұнайы – 3,8 пайызға, WTI 4 пайызға арзандады. Сауд Арабиясының энергетика министрі әл-Фалих баға келесі жылдың басында 55-60 долларға өсетінін айтып, асықпауға шақырды. Бірақ баға өссе, АҚШ-тағы тақтатас (сланцты) мұнай өндірушілері жұмыстарын қайтадан жандандыра ма деп алаңдайды. Financial Times басылымы министрдің бұл ойын нақтылай түседі. Газеттің жазуынша, АҚШ-қа мұнай бағасының өскені жақсы: себебі әлемдегі мұнай бағасы 55-60 доллар болса, өзіндік құны барреліне 30-35 доллар болатын тақтатас мұнайын өндіру қайтадан қолға алынады.
АҚШ-тың энергетикалық ақпарат басқармасының дерегінше, қазір елдегі 720 мұнай бұрғылау қондырғысынан күніне 9,3 млн баррель мұнай алынады. Бұл мұнай өндіретін құрылғы саны рекордтық көрсеткішке жеткен 2014 жылмен салыстырғанда 8,9 млн баррельге көп. Осылайша АҚШ қара алтынның құны құлдырай бастаған жылдан бері тақтатас мұнай өндірісін 2,5 есе көп өндірген. Экономист Расул Рысмамбетовтің айтуынша, мұнай бағасының барреліне 55-60 долларға қымбаттауы АҚШ-тағы тақтатас мұнайын өндіруді көбейтіп, ол өз кезегінде қайтадан әлемдегі мұнай бағасын құлдыратады.
Сарапшылар ОПЕК ұйымы мен Ресейде әлемдегі мұнай бағасын қадағалайтын қауқар қалмағанын айтады. Мұнай бағасының арзандағаны араб елдері мен Ресейге тиімсіз. Ал оның бағасын көтеруге шамалары жетпейді. Себебі мұнай бағасы көтерілген сәттен-ақ АҚШ өзіндегі тақтатас мұнайын өндіріп, сұранысты азайтып жібереді.
Экономикасы шикізатқа тәуелді Қазақстанның ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов «2017 жылы экономикадағы өсім мұнай бағасының көтерілуінен болады» деген еді. ОПЕК пен Сүлейменовтің арманына АҚШ кедергі келтіріп тұрғандай.

Аян ҚАЛМҰРАТ
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті