1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Хабар» телеарнасын көріп, «Казахстанская правда» газетін оқысақ, сыпыра мақтану мен лепірме сөздерден басың айналады. Осы айтылып жатқанның барлығын өмірде неге байқамайтындығыңа қайран қаласың. Олардың айтуларына қарағанда Қазақстанның керемет табыстарға жеткендігі сондай, америкалықтар, жапондар мен шведтерге бізге қызыға да қызғана қарайтын уақыт болып қалыпты. Ал, азиялықтар, латынамерикасы мен африкалықтар қызғаныштан жарылып өлсе де болады.
www.azattyq.org
Автор: Герольд Бельгер, жазушы, аудармашы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №44 (16230)   1 маусым, бейсенбі 2017
1 маусым 2017
Статистика мен саудагердің есебі екі бөлек...

Статистика дегеніңізге соңғы уақытта жұрт сенуден қалды. Оңтүстік Қазақстан облысындағы өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов ауданда орташа жалақы 118 мың теңгеге жеткенін мәлім етті. Журналистер жағы осы мәліметтің қаншалықты шындыққа жанасатындығына қызығып, тереңірек қазбалап сұрап көрді.
– Мұндай мәлімет жылына бір рет жарияланады. Облыста жалақысы ең жоғары Созақ пен Отырар аудандары. Бұл сұрақты маған емес, статистика мекемесіне қойыңыздар. Орташа жалақының қалай есептелетінін, қандай әдістердің қолданылатынын мен білмеймін. Статистика бізге қарамайды. Бұл біздің құзырымыздан тыс нәрсе, – деді аудан әкімі жалтармай ашығын айтып.
Облыста жалақысы ең жоғары аудандардың көшін Созақ пен Отырардың бастауын немен түсіндіруге болады? Мұны аталған екі ауданда «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясына қарасты уран кеніштерінің орналасқандығымен, аудан халқының осы кәсіпорындарда жұмыс істейтіндігімен түсіндіруге болатын шығар. Бұл Созақ пен Отырарда халық санының аздығымен байланысты болуы да мүмкін. Дегенмен бәрібір ауылдағы халықтың айлығының қақ ортасы 118 мың теңге, бұдан екі есе көп жалақы алатындар да бар деген мәліметке күмәнданушылар көп.
Енді мына бір дерекке назар аударыңыз. Осы аптаның басында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы жүйесі» АҚ төрайымы Нұрбибі Наурызбаевамен кездесіп, ынтымақтастық және өзара әрекеттестік туралы меморандумға қол қойды. Осы шарадан кейін ресми сайтында ақпарат таратқан қордың мәліметіне қарағанда, 3 миллион тұрғыны бар Оңтүстік Қазақстан облысындағы 1,2 миллион адам экономикалық тұрғыдан белсенді деген санатта. Олардың 79 пайызында міндетті зейнетақы шоттары бар.
2017 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша облыс тұрғындарының міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарының жалпы көлемі 453,5 миллиард теңгені немесе жалпы елдегі зейнетақы жинақтарының 6,6 пайызын құраған. Оңтүстік Қазақстан облысы республика халқының15 пайыздан астамын құрайтынын ескерсек, бұл өте төмен көрсеткіш. Былтыр облыс бойынша орташа зейнетақы жинақтарының көлемі 486 мың теңге болды. Яғни орта есеппен алғанда өңірдегі жұмысшының зейнетақы шотындағы жинаған қаражаты жарты миллионға да жетпейді деген сөз. Ең қызығы, 2016 жылы облыс тұрғындарының жасаған орташа нақты міндетті зейнетақы жарналарының сомасы 6478 теңгені құраған (республикада бұл көрсеткіш – 9471 теңге). Осы жағы қисынға келіңкіремейтін сияқты. Себебі ресми мәлімет бойынша, облыста орташа жалақы 107 мың теңге деп белгіленген.
Зейнетақы шоттарына аударымдар жұмысшының тапқан жалақысының 10 пайызы көлемінде жасалатынын ескерсек, 107 мың теңге алатын жұмысшы зейнетақысына ай сайын 10 700 теңге аударып тұруы тиіс емес пе? Сонда орташа жалақы (107 мың теңге) мен орташа зейнетақы жарнасының (6478 теңге) бір-бірімен қабыспайтынын немен түсіндіруге болады? Бұл қандай әдіс-тәсілмен есептеледі? Ең бастысы, қай мәлімет шынайы? Қалай десек те, бұл өңірде мардымсыз және тұрақсыз жалақымен жұмыс істейтіндердің көп екендігін аңғартатын сияқты.
Облыста азық-түлік өнімдерінің бағасы шарықтап барады. Басқаны былай қойғанда, былтыр 50-60 теңге тұрған картоптың бағасы биыл төрт есеге жуық көтеріліп, келісі 200 теңгеден асып кетті. Саудагерлердің айтуынша, облысқа картоп былтыр негізінен Қырғызстаннан келген. Биыл қырғыздар оны Қазақстанға емес, шекарасын ашқан Өзбекстанға тасымалдап жатыр. Шымкенттің базарларында қой еті соңғы айларда 50 пайызға қымбаттады. Мұны саудагерлер еттің Иранға экспортталып жатқандығымен байланыстырады. Жалпы, халықтың әл-ауқатын базар саудагерінен артық білетін адамды табу қиын шығар. Базар қазір экономиканың барометрі болып тұр ғой. Оны алдай алмайсың. Сол базардағы саудагерлердің айтуынша, соңғы уақытта тұтынушылардың сатып алу қабілеті күрт төмендеген. Өйткені халықта ақша жоқ.
Ресми мәліметке сенген күннің өзінде, қымбатшылық қысқан мына заманда 107 мың теңгемен отбасыны асырауға бола ма? Ресми мәліметке имандай сенетін шенеуніктердің өздері 107 мың теңгеге бір ай өмір сүре ала ма?

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы

 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті