1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №44 (16230)   1 маусым, бейсенбі 2017
1 маусым 2017
250 млн доллар салымды жылап та қайтара алмайтын сияқтымыз

Әзірбайжан асқан ақшамыздың тағдыры таяу арада шешілмейтін секілді. Мұны біз апта басында үкіметте өткен жиын барысында аңғардық. Осы басқосуда қаржы министрі Бақыт Сұлтанов зейнетақы активінен алынған 250 млн доллар көлеміндегі салымды қайтарудың үш жолын атады.
Алғашқысы – 250 млн доллар қарызды 200 млн көлемінде (Әзірбайжанның құнды қағаздары түрінде) 5,125 пайызбен 12 жылда қайтару. Ұсынылған екінші нұсқада – қарызды Әзірбайжанның құнды қағаздары түрінде 3,5 пайызбен 15 жылда қайтару жайы айтылды. Соңғысы – салынған салымды дефолтқа ұшыраған Әзірбайжан халықаралық банкінің жаңа құнды қағаздары түрінде 3,5 пайызбен жеті жылда қайтару. Енді Ұлттық банк пен үкімет мүшелерінен құралған арнайы топ осы үш жолдың бірін таңдап, құрдымға кеткелі тұрған қарызды қайтарудың жолын қарастырады. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Бақыт Сұлтановқа осынау түйінді мәселені бақылауда ұстап, үкіметке жиі ақпар беріп отыруды сұрады.
Айтпақшы, осы жиында үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев зейнетақымен қамтамасыз ету туралы заңға сәйкес, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның құрылтайшысы мемлекет екенін атап өткен еді. Демек, сіз бен біздің жинағымыздың сақталып, көбеюіне мемлекет кепіл деген сөз. Ол өз сөзінде: «Мен әзірбайжандық әріптесіммен әңгімелестім. Премьер-министр қарызды қайтару үшін жан-жақты көмек беретінін айтты. 23 мамырда біз Лондонда шетелдік кредиторлармен кездесу кезінде қарызды қайтару жолдары нақтыланған-тын. Бұл жөнінде мен қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа тапсырма бергенмін», – деді. Қаржы министрі 2014 жылы БЖЗҚ активтерінен Әзірбайжанның халықаралық банкіне 10 жылға 8,25 пайызбен 250 млн доллар қарыз берілгенін баяндады. Сол кездегі теңгенің долларға шаққандағы бағамы бойынша бұл 45 млрд теңге көлеміндегі қаржы екен. Ұлттық банктің берген мәліметіне қарағанда, Әзірбайжан банкіне салынған салымнан күні кешеге дейін 15 млрд теңге мөлшерінде сыйақы төленіпті. «Әзірбайжанның ұлттық валютасы – манаттың құлдырауына байланысты Әзірбайжанның халықаралық банкі кредиторлар алдындағы міндетін орындамады. Бұл мәселе сол елдің қаржы министрінің бақылауында. Біздің ол жақтағы әріптестеріміз қарызды қайтару үшін қолдан келген көмекті аямайтынын айтты. Біздің міндетіміз – қарызды сол күйінде қалдыру. Бұл Қазақстан жағының ұстанымы», – деді қаржы министрі Бақыт Сұлтанов. Одан әрі Б.Сұлтановтың әңгімесінен зейнетақы активі есебінен алынған қаржының тағдыры жыл аяғына дейін шешіліп қалуы ықтимал екенін білдік. Енді осы ақшаны қайтару үшін «ұсынылып отырған үш жолдың қайсысы тиімді?» деген сауал оқырмандарымызды мазалайтыны анық. «Жас Алаш» бұл сауалды экономика ғылымының докторы, профессор Оразалы Сәбденовке қойған еді:
– Бұл мәселені ұзаққа созуға болмайды. Екі жақтың үкіметі бетпе-бет отырып шұғыл түрде шешуі тиіс. Себебі қазір аумалы-төкпелі заман. Ертең не болатынын ешкім білмейді. Оны экономист, мен де айта алмаймын. Сондықтан уақытты созбай, шама келсе жылдам шешіп тастау керек. Өйткені қазір әлемдік нарықта ақша тапшы. Ал ақша табу оңай шаруа емес. Демек, ол 3,5 пайыз бола ма, жоқ, одан да төмен көрсеткіш бола ма, қалай болғанда да 12-15 жылға созбай, аз уақыттың ішінде қайтарудың амалын қарастырған абзал. Біз күні ертең не болатынын білмей отырғанда, 15 жыл дегеніңіз тым көп, қаржы құнсызданса, 250 миллионыңнан дым да ала алмай қаламыз. Осының бәрі экономикалық басқару жүйесінің тиімсіздігінен болып отырған шаруа. Бәрі ұрлағысы келеді, бәрінің жегісі келеді. Мұндай шаруа қолға алынар кезде, яғни халықтың жиған-тергенін инвестициялайтын тұста Ұлттық банк пен қаржы министрлігі өз ұсыныстарын парламенттің, қоғамның, халықтың талқысына салуы тиіс. Өйткені ол – біздің ақшамыз, табан ақы, маңдай теріміз. Ертең зейнетке шыққанда соған сенім артып отырмыз. Мына түрімізбен жиған-тергенімізден айырылсақ, зейнетке шыққанда біз қалай өмір сүреміз? Шенеуніктер, міне, осыны ойлауы тиіс, – деген жауап алдық.
Ал Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі, қаржы сарапшысы Айдархан Құсайынов бізге берген түсініктемесінде зейнетақы қорының жинағы қандай жағдайда да сыртқы нарыққа инвестициялануы керек екенін айтты. «Ұлттық қордың немесе зейнетақы қорының активтері тек қана ішкі, отандық қаржы институттарына инвестицияланбауы тиіс. Неге? Өйткені біздің банктердің де банкротқа ұшырап жатқан жағдайы бар ғой. Демек, жұртшылықтың жиған жинағын сақтап, көбейту үшін оны түрлі қаржы құралдарына салып инвестициялайды. Бұдан ешқандай сөкеттік көрмейміз. Бұл – жинақты диверсификациялау», – дейді сарапшы.

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті