1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір қоғамда біз білетін байлықтың екі түрі бар: Бірі – адами байлық адам капиталы, екінші – табиғи байлық. Қарасаңыз, мұнайымыздың 80 пайызы шикізат ретінде шетел асып жатыр. Демек, қазақ байлығының 80 пайызын шетелдіктер көріп жатыр. Қазаққа бұйырып отырғаны – сарқыт, тіпті шелек түбіндегі жуынды десе де болады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №45 (16231)   6 маусым, сейсенбі 2017
6 маусым 2017
Халық кедейленген сайын тез алданады

Алматылық студент Сәбит Қылышбек төрт жыл бойы жұмыс істеп жинаған 1 миллион теңгесін өз туыстарынан қалмай Questra Holdings Inc компаниясына салған. Сәбит бұл әрекетін «инвесторлық» деп түсіндіреді.
– Компанияның қызметі туралы туыстарым мен достарымнан естіп, төрт ай бұрын тіркелгенмін. Жүйе жұмысы қарапайым, инвестор ретінде ақша саласың, ал олар кәсіптерінен пайда тапқан соң, қаржыңды екі еселеп қайтарып береді. Салған ақшамның жартысын алдым. Қалғанын күтіп жүрмін, – дейді ол. Алайда студент Сәбит пен оның туыстары мен достары «инвестор» болып салған қаржыларын енді қайта көрмеуі мүмкін.
Себебі Сәбит «инвестор» болған компания қызметіне қатысты қаржылық пирамида құру мен басшылық жасау бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мемлекеттік кіріс комитетінің мәлімдеуінше, Questra Holdings Inc компаниясына Ресей, Украина мен Қазақстан азаматтары салымшы болған. Қазақстандық ресми орын аталған үш мемлекетте Questra Holdings Inc-тің 40-қа жуық кеңсесі мен бейресми жарнамалаушылары бар екенін айтады. Бұл компанияның Астана мен Алматыда өткізген жиындарына 500-ден астам азамат қатысқан. Ал Қызылорда қаласындағы бір кеңсенің өзіне тіркеліп, ақша құйған тұрғындар саны 90-ға жуықтаған. Құзырлы орындар осындай ресми ақпарат таратқанымен, Questra Holdings Inc қаржы пирамидасына нақты қанша қазақстандық ақша салғанын және компанияның бас пәтері қай мемлекетте орналасқанын әзірге анықтай алмаған. Бас прокуратура да соңғы жылдары елде қаржы пирамидалары көбейіп бара жатқанын айтып, қарапайым тұрғындарға алданып қалмауға тегін кеңес таратып жатыр. Мәселен, қаржы пирамидасын құруға қатысты 2015 жылы бес қылмыстық іс қозғалса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 16-ға жеткен. Ал 2017 жылдың 1-тоқсанында қаржы пирамидасына қатысты 11 іс қозғалған. 2016 жылы алданған азаматтар қаржы пирамидаларына 307,7 млн теңгені ұстатып жіберсе, осы жылдың басынан бері салымшылар 2,3 млн теңгенің орнын сипап қалған. Бұл тек тіркеуге алынған деректер. Тиісті орындарға шағым түсірмей, «салған теңгем көбейіп бір келер» деп үміттеніп жүргендердің қарасы белгісіз.
Сарапшылар қарапайым азаматтардың оңай табысқа жүгіріп, сан соғып қалуын дағдарыстағы экономикадағы әлеуметтік заңдылық деп біледі.
– Экономикадағы дағдарыс Қазақстанды 1990 жылдардағы қиыншылыққа қайтып алып келгендей. Қаржы пирамидаларының соңғы жылдары күрт көбеюі сөзімізге дәлел. Қарапайым халық кедейленіп, табыс көздері азайып, жұмыс құны құнсызданған соң және мойнындағы қарызын төлеуге шамасы жетпей қалғаннан бір мезетте, тезірек ақша табудың амалдарын іздеп кетті. Қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар осы жағдайды ұтымды пайдаланып отыр. Мәселен, өткен жылы 350 қаржы пирамидасы анықталса, биыл алғашқы төрт айдың ішінде 351 заңсыз компания белгілі болды, – дейді экономист Марат Шибұтов. Маман ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің «ел азаматтарының таза табысы 2,4 пайызға өсті» деген бағасына күдікпен қарайды. Шибұтовтың сөзінше, халық табысы өсіп кеткен инфляцияның ширегіне де көтерілмеген. Ал Finprom сараптама агенттігінің зерттеуінше, қазақстандықтардың нақты табысы соңғы екі жылдан бері тұрақты түрде төмендеп, 2015 жылғымен салыстырғанда 2,7 пайызға құнсызданған.
Мамандар қаржылық сауаты төмен, банктерден алған несиесін төлемей қашып жүрген 1,5 миллион борышкері бар ортада, экономикасы дағдарыстағы қоғамда қаржы пирамидалары жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай жылдам бой көтере беретінін айтады. Ал Қазақстан заңында қаржы пирамидасы қызметіне тыйым салынған. Мұндай компания құрғандар 7-12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі.
Қылмыстық іс қозғалған Questra Holdings Inc-қа 1 миллион теңгесін салып тастап, оның жартысын қайтара алмай жүрген Сәбит бұл компания қаржы пирамидасы, яғни тұрғындарға өтірік уәде беріп, ақшаларын жинап алу екеніне сенгісі келмейді. Құзырлы орындар мен сарапшылардың болжауынша, Сәбит сияқты қаржы пирамидасына ақша салып, сан соғып қалғандардың саны 10 мыңға жуық.

ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫМЕН АЙНАЛЫСАТЫН КОМПАНИЯНЫ ҚАЛАЙ БІЛУГЕ БОЛАДЫ?
Біріншіден, олар тұрғындарға зор пайда береміз деп уәде беріп, өздеріне тартады. Шындығында, зор пайданы ешбір банк, ешбір ұйым бере алмайды.
Екіншіден, қаржы пирамидалық компаниялар шетелде тіркеледі. Құрылтайшылары белгісіз. Ақша шетелге шығарылады. Өкілдері ақшаны қалай табатындарын және алынған қаражатты қайда салатындарын нақты, анық түсіндірмейді. Сіз олардан тек маңызды серіктес пен пайдалы жобалар туралы алдын ала дайындалған әңгімелерді естисіз, әдемі жоспарларды ғана көресіз.
Үшіншіден, жаңа клиент әкелсеңіз, қосымша табыс алатыныңызды айтып сізді үнемі ынталандырып отырады. Егер осындай белгілері бар компания табалдырығын аттасаңыз, қалтаңыздағы ақшаны санап беруге асықпаңыз. Он ойланып, жүз толғанбай, ол жерден дереу тайып тұрғаныңыз дұрыс.

Аян ҚАЛМҰРАТ

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті