1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №59 (16245) 27 шілде, бейсенбі 2017
27 шілде 2017
«Нұрлы жердің» бағын Астана байлап тұрғандай...

Кей облыстар тиынға зар болып жыртығын жамауға ақша таппай безілдеп жатса, керісінше, миллиардтаған бюджет қаржысын игере алмай, халықты жөні түзу жол, сапалы су, азық-түлік, баспанамен қамтамасыз ете алмай жүрген өңірлер де бар. Өз аяғымен келіп тұрған қаржыны игере алмайтын мұндай өңірлердің көшін өзге емес, Астана қаласының өзі бастап тұр. Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұловтың айтуынша, жыл басынан бері республикалық бюджет шығындарына бөлінген 4 трлн 406,3 млрд теңгенің 30 млрд теңгесі әлі игерілмеген. Оның 15,5 млрд теңгесі өңірлерге тиесілі.Бұл қаржының тең жартысына жуығы, яғни 6,3 миллиарды Астана қаласының еншісінде. Кейінгі орындарда Алматы (3,6 млрд) мен Қызылорда облыстары (1,7 млрд) тұр. Сондай-ақ Ақмола және Жамбыл облыстары да 1,1 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаржысын жарата алмаған.
Астана әкімдігінің ақшаны игере алмауындағы салғырттығы күні кеше ғана беті ашылған «Нұрлы жер» бағдарламасының аяғына тұсау болып тұрғандай. Яғни жұртты жер мен баспанаға қарық қылады деп күтілген бағдарламаға бөлінген 4,5 млрд теңге қаржының 2,6 млрд теңгесі «қап» түбінде қалған. «Осының салдарынан 64 республикалық бюджеттік бағдарламаның болашағы бұлыңғыр болып тұр. Себебі осы бағдарламалар бойынша 119 келісім жасалмаған», – дейді қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов.
Бюджет тапшылығы, қаражаттың игерілмей қалуы сияқты кемшіліктер бұрыннан бар. Алдағы уақытта да бола беретін дүние. Турасын айтқанда, үкіметтің үйреншікті ауруына айналған құбылыс. Осындай кемшіліктен болашағынан үміт күттірген қаншама жоба аяқсыз қалып, алыстағы елді мекендерді айтпағанда, үлкен қалалардың тұрғындары дені дұрыс жолға, баспанаға, қала берді, отын мен суға жарымай келеді. Қаншама өндіріс орындары тұралап, жабылып жатыр. Мәселен, кезінде жарнамасы жер жарған индустриалды-инновациялық даму бағдарламасымен миллиардтаған қаржыға салынған 72 кәсіпорынның тек төрттен бірі, яғни 19-ы ғана жұмыс істеп тұр. Оның өзінде толық қуатта жұмыс істемейді. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бұл зауыттардың кейбіреуі жабылып қалуы да мүмкін.
Жөні түзу іске жарата алмайтын ақшамызбен, ашылуынан жабылуы тез кәсіпорындармен, нәтижесі жоқ бағдарламалармен нұрлы болашаққа, әйтеуір, ұрандап бара жатырмыз...
 

Бүркіт НҰРАСЫЛ
Астана

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті